Бейбіт Қойшыбаев. Зиялы ой үстемдігін аңсау немесе жаңа заманғы саяси мәдениетіміз хақында
Еліміздің азаматтарының, соның ішінде қалам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың қоғамдық-саяси белсенділігі мен ұстанатын саяси мәдениетінің ерекшеліктері жайында бірер ой тілге оралады...
Әрине, саяси мәдениетті жалпыұлттық мәдениетіміздің құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жөн. Жалпыұлттық мәдениет халқымыздың ғасырлар бойғы дамуы барысында қалыптасқан болса, саяси мәдениетіміз де сонымен бірге дамып, бірге көрініс тауып отырды. Бұл дау тудырмайды.
Алыс замандардағы елдік мәселелерді шешу реті, түрлі пікірсайыстарда сөз тыңдай білу, жөн сөзге тоқтау, жалпы, парасатқа жүгіну, әділ сөзге жығылу сынды тамаша қасиеттер - халқымыз бастан кешкен көшпенді өмір мәдениетінің бойына тоқылғаны белгілі. Демек, көшпенділік саяси мәдениет дегеніміз, жоғарыдағы тізбені бүгінгі тілге түсіріп айтқанда, - сіңірілген еңбекке, танытылған ақылмандыққа негізделген биліктің мазмұнын тұжырымдайтын «меритократия» терминімен айқындалуы ықтимал құбылыстың алыс уақыттардағы таза, табиғи көрінісі болар деп ойлаймын.
Еліміздің азаматтарының, соның ішінде қалам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың қоғамдық-саяси белсенділігі мен ұстанатын саяси мәдениетінің ерекшеліктері жайында бірер ой тілге оралады...
Әрине, саяси мәдениетті жалпыұлттық мәдениетіміздің құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жөн. Жалпыұлттық мәдениет халқымыздың ғасырлар бойғы дамуы барысында қалыптасқан болса, саяси мәдениетіміз де сонымен бірге дамып, бірге көрініс тауып отырды. Бұл дау тудырмайды.
Алыс замандардағы елдік мәселелерді шешу реті, түрлі пікірсайыстарда сөз тыңдай білу, жөн сөзге тоқтау, жалпы, парасатқа жүгіну, әділ сөзге жығылу сынды тамаша қасиеттер - халқымыз бастан кешкен көшпенді өмір мәдениетінің бойына тоқылғаны белгілі. Демек, көшпенділік саяси мәдениет дегеніміз, жоғарыдағы тізбені бүгінгі тілге түсіріп айтқанда, - сіңірілген еңбекке, танытылған ақылмандыққа негізделген биліктің мазмұнын тұжырымдайтын «меритократия» терминімен айқындалуы ықтимал құбылыстың алыс уақыттардағы таза, табиғи көрінісі болар деп ойлаймын.
Ойлап қарасақ, ұлттық құндылықтарды уағыздайтын өнер-білім қайраткерлерінің ел басқаруға араласуын және олардың үніне билік тұтқасын ұстағандардың құлақ асуын көрсететін «меритократия» ұғымы қолданыстағы «демократия» ұғымына қайшылау келетін тәрізді. Сондықтан да шығар, біз оны, тіршілігіміздің мазмұнына, ажарын ашуға сұранып тұрғанымен, күнделікті өмірде қолданбаймыз.
Қоғамның әлеуметтік құрылымын жіктеп қара болсақ, оның басқарушылар мен басқарылатындарға бөлінетінін аңғарамыз. Одан әрі зерделей келе, басқарушыларды элитаға жатқызып, қалған бұқараны басқарылатындар санатына қосарымыз анық. Онымыз қоғамның құрамдас бөліктері адамдар арасындағы аз ғана элита мен қалың бұқарадан тұратынын айтатын қазіргі әлеуметтік-пәлсафалық тұжырымдамаға сәйкес келеді. Осы арадағы бір қатты ескерілуге тиіс жәйт сол, басқарылатындар арасында ел мүддесіне көбірек жаны ашитындар және соның қорғалу жолын дәл білетіндер көп болуы ықтимал. Олар санасы, иланымы, ұстанымы жағынан басқарушыларға қарағанда, тіпті, едәуір жоғары тұруы мүмкін.
Меритократия мойындалған қоғамда ондайлар билеушілер қатарын табиғи түрде жаңғыртып жатар еді. Біздің демократиялық қоғамда да сол екі топ арасын саяси мәдениет делінетіннің үйлестіріп тұруы ғажап емес. Ендеше осыны мойындай отырып, бүгінгі, жаңа заманғы саяси мәдениетті түсінуге тырысайық...
Қазақтың саяси күресінің европалық өркениетке сай бағыт алып айрықша дамыған кезеңі ХХ ғасырдан басталды. Сонау 1902 жылы қазақ мүддесін талқылауды көздеп, рұқсат етілмеген жиын өткізуге талпыныс орын алған еді. Сол әрекет - ұлт мәселесін тұңғыш ортаға салуға ниеттенгендер қатарындағы медресе мұғалімі Шаһмардан Қосшығұлов пен жергілікті дінбасы Науан хазіреттің қамалып, әкімшілік жолмен жер аударылуымен аяқталды. Одан, оқығандары бас болған қазақтардың айрықша саяси белсенділігін 1905 жылғы орыс революциясының дүмпуімен рұқсат етілген петициялар беру науқаны туғызды. Тиісінше рәсімделген талап-тілектер жер-жерден үкіметке толассыз ағылды. Ерекше белгілісі - Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған петиция. Онда тұжырымдалған саяси ой қазақ қайраткерлерінің саясаттағы күрестің мүлдем тың белесіне шыққанын көрсетеді. Жазбаша петиция жолдау өз алдына, заңгер Бақытжан Қаратаев бастаған қазақ делегациясы императордың қабылдауына арнайы кіріп, талап-тілектерін патшаға тікелей білдірді. Мұндай әрекеттердің алғашқы кезде белгілі дәрежеде саяси эффекті болды: қазақ Мемлекеттік Думаның алғашқы екі шақырылымына депутат сайлай алды, яғни күрестің парламенттік жолына да түсіп байқады. Бұл кездерде қазақ - элитасы да, бұқарасы да - толығымен өзгелер тарапынан басқарылатын, яғни жетектегі халықтардың қатарында еді.
Монархия құлап, ұлт мәселесін шешуге саяси мүмкіндіктер кеңінен ашылған кезде барлық көзі ашық азаматтар, әсіресе қаламгерлер айрықша белсенді әрекеттер жасады. Сонда бой көрсеткен саяси іс-дағды мен қалыптасқан тәжірибелер бүгінгі біздер үшін аса тағлымды. Содан бері жинақталған саяси тәжірибенің түрі көп, сан-алуан. Маңызды саяси дәстүрлер бар. Өздерін ұлттық күрес жолына арнаған аға ұрпақтың әлденеше буыны оларды тәп-тәуір қалыптастырып, бізге мұра етті.
Халық ішіндегі түрлі әлеуметтік қауым мен көптеген ірілі-ұсақты әлеуметтік топтың қилы әрекеті барысында уақытына қарай әр түрлі саяси және мемлекеттік құрылымдар бой көрсеткен. Ақпан революциясынан және Қазан төңкерісінен бергі күрестер өмірге әкелген тәжірибе түрлері бар. Ұзақ жылдар бойы rоммунистік билікпен даму барысында, билікке араласатын элитаны қалыптастыру жолында және жаңа саяси элитаның қызметі орайында жинақталған саяси тәжірибе түрлері бар. Солар біздің бүгінгі жаңа тұрпатты ұлттық қозғалысымызда көрініс табатын саяси мәдениеттің дамуына негіз болып отыр.
Ұлттық бірлікті ту еткен «Алаш» партиясы мен оған қарсы келіп, социалистік тұғырнама ұстанған «Үш жүз» партиясы қатарында да, таптық ұранымен бәрін жеңген коммунистік партия қатарында да елін сүйетін, қазақтың ұзақ жылдарғы ұлттық қозғалысының мұраттарын көздейтін талай азамат жан-тәнімен еңбек етті. Іштерінде қалам қайраткерлері мол болды. Олар ұлт мүддесін күйттеді. Өздерінің саяси ұстанымдары негізінде отаршылдықпен де, әсіре большевизммен де, өзара да ұзақ және табанды түрде күресті. Соларды білу, яғни әркімнің өзін-өзі өткен күрестер тарихымен тәрбиелеуі біздің саяси мәдениетіміздің дәрежесін айқындайды. Басқаша айтқанда, кім-кімге де тарихи таным қажет. Соның негізінде саяси санамыз қалыптасады, қоғамымыздың, әрқайсымыздың әлеуметтік зердеміз жүйеленіп, саяси бағдарымыз айқындалады, саяси тәртібіміздің үлгілері көрініс табады.
Қазіргі таңдағы саяси сананың мазмұны - тарихтан екшеп алынған саясат жайындағы білімдер, иланымдар, тәжірибелер мен құндылықтардан тұрады. Солар өзара тоғысып-қосыла келе - санамыздың идеологиялық сипатын құрайды. Ал саясатпен нәрленген санамыздың идеологиялық сипаты және сол саяси сана қалыптастырған көзқарас пен ұстанымымыз - бойымыздағы барша білім-білігімізді өмірдегі, іс жүзіндегі саяси жүйемен салғастыра келгенде, - саяси бағдарымызды айқындауға жол салады. Саяси үдеріске қатысуға сол жетелейді.
Жоқ, дұрысында, бағдар айқындау - саяси сананың саяси мәдениеттегі мінез-құлықтық, әсершілдік құрамдас бөлігі ғана. Осылардың бәрі құйылыса келе, адамдардың саяси мінез-құлқының тәртібін айқындайды. Әркімді саясаттағы үдеріске қатысуға бастайтын сол. Яғни, адамдардың саясаттағы тәртібі саяси қызметінде көрініс табады, күнделікті іс-дағдыдағы саяси мәдениетінің деңгейін көрсетеді.
Баршамызға белгілі, қазақ арасында жаңа ұлттық қозғалыстар қайта құру саясаты арайымен туа бастады. Ұлттық мүддені қорғауға бағытталған күрес мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін де тоқтамай, әр сипатта жүрді, бірде өрістеп, бірде бәсеңсіді, бірақ тоқталған жоқ. Себебі, халықаралық ережелер тұрғысынан бізде ұлттық мемлекет шаңырақ көтерді деп есептелгенімен, іс жүзінде, олай болмаған-ды. Мұны ұлттық күштер дер кезінде-ақ көріп-біліп тұрса да, өз уақытында ұйымдасқан наразылық білдіре алмады.
Баршаға мәлім, қазіргі оппозициялық қозғалыс 1995 жылғы Конституция негізінде қалыптасқан билік тұрпатына қарсылық түрінде өрістеген. Соған дейін тұншығыңқырап келе жатқан ұлттық қозғалыс та, ақыры, сол жылдардан бастап, қайта түлеу әрекеттерін жасады.
Мұның көтерілуі заңды еді, өйткені ғасырлар ауысып жатқан шақтағы биліктің ұлттық мүддені қорғау дәрежесі қарын аштыратын. Қазақтың ұлттық мүддесін оппозиция да ойлай қоймаған-ды. Олай дейтініміз, екі тараптың да жетекші рөлдерінде негізінен жалпыадамзаттық, тіпті түсініктірек айтқанда, орысшылдық ұстанымдағы азаматтар жүрген-ді. Ал «әлем азаматтарында», яғни космополиттерде отан болмайды, оларға қазақ мүддесі жан ауыртарлық шаруа емес. Мәселен, қаламгерлер еміне қарап, көп үміт артатын биліктің жоғарғы буынындағы бір сандуғаштың қоғам тіршілігінен ұлттық белгіні іздеушілікті, қазақтың ұлттық мемлекеті болуын көксеуді өткен ғасырдың сарқыншағына балайтын сәуегейлігін күні бүгінге дейін аузынан тастамай жүргені қазір ешкімге құпия емес...
Бірақ бұдан оппозицияда, немесе үкіметте ұлт мүддесін ойлайтын азаматтар жоқ деген ұғым тумауға керек. Екі жақта да ондай қайраткерлер жеткілікті. Тек олардың іс-әрекеттері тұсаулы, көзге көрінбейді. Сол себепті де ұлттық қозғалыс жаңаша жаңғырған-ды.
Алайда, өкініштісі, ұлт отаншылдары қатарында қаламгерлер жоққа тән. Бәлкім, солардың жеке-дара да, ұйым ретінде де атсалыспауынан шығар, ұлт отаншылдары әр басқосуын көбіне ырың-жырыңға айналдырумен келеді. Дегенмен, негізгі себеп - тілге тиек еткен саяси мәдениетіміздің ұлт отаншылдары бойындағы кемшіндігінен бе деймін. Толеранттылық, яғни өзге көзқарасқа төзіммен қарау, пікір алуандығын мойындау, сондай-ақ ұстамдылық, ата-бабалардың сөзге тоқтау қасиетін игеру ұлттық қозғалыстағы азаматтарға, қаламгерлерге, тіпті, қай-қайсымызға да қажет-ақ.
Бір сөзбен айтқанда, әрқайсымызға өз-өзімізді тарихпен тәрбиелеу ләзім. Әсіресе қалам қайраткерлеріне. Биліктің, түрлі қозғалыстардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың қазақ мәселесіне көзқарасы дұрыс бағытта және қажет деңгейде болуына әсер ету үшін де солай ету ләзім. Бұл ретте ақын-жазушылар ұлтымыздың елдік мәселелерін өздерінің ұйымында қарастырып, қажетті ой-түйіндер қорытып тұрса абзал болар еді. Сөйтіп, «ұжымдық Бұқар жырау» пікірін өкімет пен қоғам назарына ұсынып отырса - ортақ іске көп пайдасы тиері сөзсіз. Сонда еліміздегі күллі ағымның мұндай құбылыспен санасуы мүмкін-ау, әрі ондай әдеттің бүгінгі саяси мәдениетіміздің тініне тоқылып, дәстүрге айналып кетуі ғажап емес-ау деген де ой келеді.
Шынтуайтында, мұнымның орындалуы екіталай қиял екенін ұғамын, өйткені ұлттық қозғалыстың жай-күйі осы уақытқа дейін қаламгерлер ұйымын толғантқан емес, бұл анық. Сөйте тұра, бұл ұйымды басқарушылар өздеріне заман талабы тұрғысынан қарағысы келмейді. Ал бұған көз жұма беруге болмайды. Менің ойымша, қоғамның өзекті проблемаларынан бойды аулақ салушылық, оның буырқанған тыныс-тіршілігінен бұлайша тым бейтарап, тым тыс қала берушілік жалғана беруге тиіс емес. Кейбір қаламдастарымыздың «саясаттан тыс тұрмақ» көзқарасы, турасын айтқанда, билік ығына көзсіз жығылушылық тұрпаттағы ұстанымы - мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге атсалысу тұрғысынан қарағанда - бұрыс та залалды ғой деп ойлаймын. Бірақ, түптің түбінде, бүгін бұғып жүріп, ертең «дайын асқа тік қасық» боп келетін солардың ұтысқа шығатыны да әбден мүмкін екені де ойға келеді...
Дегенмен оң өзгерістен үміттенем: өйткені ұлт мүддесін қорғаушылар мен ұлт намысын жыртушылар ішінен зиялы ойдың үстемдігіне негізделген меритократияны орнықтыруға қызмет ететін «ұжымдық Бұқар жырау» даусының естілмеуі мүлдем бейтабиғи және оғаш жәйт болар еді...
«Абай-ақпарат»