Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8495 27 пікір 29 Желтоқсан, 2017 сағат 09:05

Мұраттас, мұңдас дос едік

(Ақселеу Сейдімбектің 75 жылдығына )   

Ақселеу екeуміз, әрі жерлес, әрі құрдас, әрі әріптес-журналист ретінде ғана емес, біздің әуелден жан сала кіріскен екінші кәсібіміз, ақысыз-пұлсыз арқалаған бейнетіміз - Қазақ тарихының  мәселелері болғандықтан, қан жақындығынан гөрі де, рухани туыстығымыз қымбат болатын. Біз, әділін айтқанда, қазақ тәуелсіздігін аңсаған аздардың  қатарынан болатынбыз. Кезінде «ұлтшыл» деп қара таңба  басатынын, басқандығын, кезегіңді  шегеріп, өрісіңді тарылтатынын білсек те, түкпірдегі бір құпия  күш, жасырын сезім, бойды  еріксіз билеп, сыртқы шығуға тебінетін, кейде сыртқа шығып та кететін.

Бұл енді, асыл азамат туралы естелігімнің әлқисса, толғауы болсын. Толғауы ғана емес, ұстанатын құбылам, есіме алып, қағазға түсіретіндерімнің мазмұнына да осы ретте. Алайда, сауатымыз бар, бір кісідей біліміміз, қазақы һәм советтік тәрбиеміз бар ғой, ашық ұлтшылдыққа барып, басын жарып, көзін шығарғанымыз және жоқ. Бұл жағынан Ақаң менен  де сақ еді, білмеймін неге екенін, тоқсаныншы жылдары жаза тартты. Тұла бойы таланттың қайнары, қай жағынан қарасаң да, өнердің кені болған Азаматты көре алмаушылар жала жапты. Және сол жала іске асып, оың тағдырын өзгертіп жіберді. Бір есептен, орыстар айтпақшы, «нет  добра без худа», деген сияқты, Ақаңды шар болаттай ширатты. Ғылымның әліппесінен қайта бастап, құзар басына дейін өрмелетті, табысты етті, талай пенделерге өзінің кім екенін көрсете білді. Қазіргі жұрт білетін Ақселеу Сыланұлы Сейдімбеков етіп қалыптастырды.

Кезінде, «Жалын» журналының 1987 жылғ  7,8-сандарында  шыққан Темірболат Ахметов деген автордың жазғандары туралы өзінен сұрағанымда, Ақаң: «Ондайларға назар аудара берсең, кәртайып қаласың» деп әзілдей салып еді. Қажырлы, қайратты адамның сөзі.

Тіпті, газет бетінде Ақселеуді көпе-көрнеу қаралап, шындықты бұра жазған шаруалар да бір кезде өршіп берген. Сондай шақтың бірінде, мен өзім төсек тартып жатсам да, Қызылжардан телефон соғып, «Ақа, мен сені қорғап, жақтап материал жазайын», деп ынта да білдірдім. «Жоқ, деді ол. –Саспа, мен таза болмаған соң, ұйымдастырып жатыр деп ойлайды. Жаза берсін. Менің қандай кінәм бары-жоғы әлі-ақ дәлелденеді», деп маған тиым салды. Бір-екі рет оқтанып,  жазбай қалдым. Жетпіс бестен асып отырғанда, өтірік айтып, маған не болыпты. Міне, дәл қазір жанымда сол әңгімелерді естіген әйелім Гүлнәр Балтабекқызы отыр.

Ақаң Қарағандыдан өсіп, Алматыға барған бетте-ақ, оңтүстіктікі емес болғандықтан, оның   «Социалистік Қазақстан»  сияқты  журналист біткеннің арманы болған газеттің әдебиет бөлімі сияқты үлкен қызметке келуін қызғанып, бірден тітіркенгендер тіс қайрады. Сол кезде Алматыда, тағылыққа бергісіз осындай бір өте жайсыз жағдай  орын алған. «Биографияң келсе де, географияң келмейді» деген  жетесіз сөздің таралуы тегін емес. Оны да білемін. Бірақ, Ақаң тіс жарып айтқан емес, ондайдан биік еді ғой. Мейлінше таза жүріп-тұруға ұмтылды, сақтанды. Тіпті, жылы жақтың мінез-ғұрпына  еріксіз бейімделіп,  Арқадан дарыған  арынын тежеп ұстады. Әлгі, «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» дейтін әзілдің шындығы да болғанын айта кетейін. Бірде,  сол музыкалық  телехабар Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналды. Жәнібек «Көкшолақты» айтқаннан кейін, Ақаң қостап: «Қандай  ғажап, болмысы бөлек ән! Тұнып тұрған сезім, әсер... Енді Кенекең де тумайды, мұндай ән де тумайды» десін. Шынында, «Көкшолақ» жақсы ән болса, болған шығар. Бірақ, «Енді мұндай ән тумайды» деп, күйзеле күңіренуді  артық көріп,  Ақаңа  телефон соқтым.  Әзіл-шыны аралас: «Ей, Ақам-ау, мен сені бірдеңе біледі деп жүруші едім, мынауың не? Енді «Кенен тумайды» деп көз жасыңды төгіп жібергенің. Кенен тумаса, бүкіл қазақ өнері құрып қала ма?» деп зекідім. «Ұрпаққа осылай тәрбие бересіңдер, ақиқаттан аттап», деп қосып қойдым.  Ертеңіне Ақаң маған қайта телефон соғып, « Қарағандыда жатырсың. Бұл –Алматы. Сен біле бермейсің ғой» дегенін неге ұмытайын. Міне, біздің ұрпақ осындай  баспақ тірлік, көріксіз кезеңді де бастан кешкен.

Ақаңның «Лениншіл жас» сияқты шығармашылық мектептен тәлім алып, өртеңдегі көктей,  қаптай өсіп келе жатқан, құрдас, замандас, біріне бірі жедеғабыл, үзеңгі қағысып өрлеген   өңшең талапты жастың бәсекесі ортасында пісіп-жетілуі үлкен бақыт еді. Осы бақыт өзімізге бұйырмағанына іштей өкінетінбіз.

Әр санын асыға күтіп, Сейдімбеков, Сегізбаев, Бодаубаев, Нұрғалиев, Құрманғалиев, Сарбалаев, т.б. өзімізге көзтаныс әріптестеріміздің  жазғандарын «Лениншіл жастан» оқып, қуанып отыратынбыз. Әлі есімде, Оралхан Бөкеевтің, ұмытпасам,  «Жұлдыз жауған түндер-ай» деген тақырыппен басылған ақ өлең сипатты толғауын екі-үш қайталап оқығанбыз. «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі ретінде Ақаң Қарағандыдан, Ақмола, Қостанай  өңірінен көп материал жазды. Бір ғажабы, сол көптің екеуінің бірі  – очерк.  Тіпті, ұмытқам жоқ, Қостанайдың бір механизаторы, аты Баязит  Жақсылық-ау деймін, сол туралы тізбекті үш очерк жазды. Үшеуі де әдемі.

Сұңғыла жаратылған азамат, көп жер аралап, көп адамдармен кездесіп, көп оқып, өзін-өзі қайрап, ой-өрісті  салқар жазушы Сейдімбеков болып қалыптасты.

Ақселеу, әсіресе Теміртау сияқты өндіріс ошағындағы қазақ жігіттері мен қыздарын іздеп тауып, соларды дәріптеді. Мысалы, домна пешінің горновойы Нұрсұлтан Назарбаев, мартен пешінің конвертері Арғын Жүнісов,  Алтынбек Дәрібаев, Төлеген Адам-Юсупов сияқты болашақ қайраткерлерді ашқан журналист Ақселеу Сейдімбеков деуге құқым бар-ау деймін.

Мен Қарағанды облыстық «Орталық  Қазақстан» газетіне 1973 жылы келгеннен кейін, екі жылдан кейін газет редакциясының жауапты хатшылығына  «Лениншіл жастан» Ақселеу келді. Аз уақыт бір ұжымда болдық. Ақселеу марқұмның кісілік қасиетін ашады-ау деп, бір жағдайға тоқталмақпын.

Қарағандының газетінде Ақаңмен бірге КазГУ-де оқыған Шайхан Жандаев деген азамат болды. Бізден үш жастай кіші, бәкене бойлы, қолтоқпақтай ғана, мінзі жуас жігіт болатын. Нағашы атасының қолында тәрбиеленген, шалдың баласы екені көрініп тұратын.  Ақкөңіл, аңқау, оңы-солына сақ қарауға дағдыланбаған, баламінезді еді. Жап-жақсы ақындығы да бар. Ол кезде редакция аппаратындағылар кілең 50 мен 60-тың арасындағы «қу мүйіздер»,  тіс қаққан, 20-30 жылдан істейтіндер. Кемшілік болмаса да,  табады, мақалаңды ебін тауып, түкке алғысыз етіп тастайды. Жастарға жол бере қоймайды. Сол жастардың  қатарында 25-тегі Шайхан мен 31-дегі мен бармын. Маған құрдас керек, Шайхан досымды айналдырамын. Албырттық па, кейде батырыңқырап жіберсем керек. Сонда, Ақаң: «Менің Шайханыма тиме, ол асыл жігіт», деп қоятын. Бір емес, бірнеше мәрте солай дегені бар. Қазір ойлап отырсам, жасыңнан бірге өскендерге сыйластық қана керек екен ғой. Тіпті, кейін Ақаң өзі Алматыға, «Социалистік Қазақстанға» қызметке кетіп бара жатып, әдейі бұрылып: «Зақа, Шайханымды саған тапсырдым» деп қиыла сұрағаны әлі есімде.

Ақаңның сырт тұлғасы «Қазақ болса,осындай-ақ болсын», дейтіндей қалай көркем болса, мінезге де бай еді. Анық келіспей, айқаса кеткелі тұрған бізге: «Сабыр. Сабыр. Кішкене күт,  уақыт өтсін, содан соң, қайта бастайық», деп, жаңағы шиеленіскелі тұрған түйінді тарқатып, әдемі әзілмен әдіптеп жіберетін.

Ақаңның Жайық аға Бектұровпен достығы, Евіней Бөкетовпен шығармашылық ынтымағы туралы  бірталай шаруаға куә болдым. Мысалы, Бөкетовтың  «Человек, родившийся на верблюде» деп қойған тақырыбын қазақшалаған Ақселеу еді. «Атан қомында туған адам». Сол кітаптың қолжазбасы түгелдей Ақаңның қолынан өтті. Қазақ тарихы  мен этнографиясына жасынан қанық болып, оларды кейін ғылыми біліммен байытқан Ақамыз, алпысқа жетпей-ақ қазақтың абыз ақсақалындай толысты. Әлдеқалай, қазақ тұрмысына қатысты материалды , өзі айтқандай «сақал-мұртын басып», «перне-тиегін түзеп», «ішектерін күйіне келтіріп», сыңғырлатып жөндеп отырғанын көргенмін.  Өзі авторы болмаса да, үстінен қарағанның өзінде, қолжазбаны құлпырта өңдейтін адалдығына куәмін.  Ақселеудің қолтаңбасы танылып тұрған  эссе сипатты әсем ширатылған мақала ма, очерк пе, басқа біреудің қолымен жарыққа шыға беретін. Оның мұндай редакторлығын байқаған жалғыз мен ғана емес шығармын. Осымен тоқтайын.

Біз ұсақ-түйек көретін болмашының өзін шежірелетіп бастап, шешен  тарататын. Сонысымен-ақ  замандастарынан оқ бойы озып отыратын.

Жақсының атына өзін қосақтамаса, қазақтың аузының дәмі кіре ме, әуелде айтқанымдай, мен де қазақтың өткеніне, ескі тұрмысына, хандары мен би шешендеріне ықыласты болдым. Осыны білетін Ақаң: «Сен архивті көп қарайсың ғой,  қазақтың ұлттық спортын байқай жүрші», деді бірде. «Қазақ әндері мен күйлерінің тарихы – тұнып тұрған тағдырлы тарих», деді бірде. «Абылай хан мен батырларының арасы қандай болды екен?» деді бірде. Әрқайсысы бір-бір кесек тақырып. Сонда, ғалым Ақаңның сергек жүрегі осындай қазақ мәселелері төңірегінде толқиды екен ғой.

Тағы бір ұмытылып бара жатқан тамаша үрдіс – қазақ тілді баспасөздің тілі мен стилі «Лениншіл жастың» ықпалымен еркін көсіліп, көркемдікке қарай құлап бара жатқан кез болған. Осыны байқадық, ептеп еліктедік. Бұл  1963 жылдардан бастап, 1975 жылдардың ортасына қарай өрістеген үрдіс.  Өзіміз де солайлап, «партиялық» сірескен тіркестер мен, саясат үйірінен шыға алмай кісінеген тай-құлындай, әрілі-берілі ойнақтап,  көбіне сызылып қалып жүретіне сөйлемдерге жуық болдық. Сонда, шығармашылық жиындардың өзінде, «көкмүйіз»  ағаларымыз облыстағы бізге: «бұл саған «Лениншіл жас емес», оған да тоқтау болар. Бетіңмен лақпа. Партияның, оның насихатының өз тілі бар»,  деп тізгін тартқызатын. Мұны  менің замандастарым, кейбір ізбасар інілеріміз  ұмытқан жоқ шығар. Сол мектептен келген Ақселеуді қорған тұтып, кейде көсіліңкіреп, шешіліңкіреп  кеткен кез де болған. Мен кірме сөздерді қазақы киіндіріп, құлаққа жағымды болсын деп, «станцияны» - станса, «поезды» -пойыз, «ведроны» -бедіре деп жаза бастадым. Бірақ, газетке шыққанда, орысшасы өзгермей қалады. Сөйтсем, редактор түзейді екен,  байқамаған болар деп, маған ескертпейді екен.  Бір күні Ақаң, кабинетке келіп, есікті жауып, жан-жағына қарап, «редактор сенің стансаң мен пойызыңды түзетем деп қажыдым, дейді. Сенікі теріс емес, бірақ, соны қайтесің, бұрынғысынша бола берсін» деп қарап тұр. Редактор өзіме неге айтпаған десем, «редактор сенікі қате емес екенін білмейді дейсің бе, ана жақтағылардан қорқады ғой», деді. Шынында менің «нағыз қазақшам» «Ақ үйдегі білгіштерге» ұнамаған болса керек. Қазақ тілінің тағдыры туралы сол жерде біраз сыр шерттік...

1980 жылы Ақселеу Сейдімбековтің «Күмбір-күмбір күмбездер» деген тамаша кітабы шықты. Сырт пішімі жұқалтаң ғана, бірінші бетінде «Жоғары класс оқушыларына арналған» деген нұсқамасы  бар. «Мектеп» баспасынан шығарудың амалы екен ғой. Оқып шығып, қатты ырза болдым. Тұнып тұрған тарих. Және Ақселеудің күміс шапқан қақшасындай көрікті, тіл өрнегі де зередей жарқырайды. Тақырып өзіме жақын. Қазақ даласындағы көне тарихи,табиғи ескерткіштер жайында. Отыра қалып, пікір жазбақ болдым. «Дайын асқа сыншы көп», алаулатып-жалаулатып, мақтай бермей, «алайда...» деп алып, күмілжуім де керек қой. Кемшілігін теруім... Оным таза библиография  қылмай, рецензияға ұқсатайын дегенім. Жан қиыспас достың аяғынан шалғандай болмайын дедім де, өзім байқадым деген артық-кемін  торкөзді шәкірт дәптеріне, (орысша!)  жеке жазып қойдым. (Кейін марқұмның қолына тигіздім, архивінде болуға тиіс) . Ал, мына жазғаным – жадағай мақтау көрінгенімен, еңбекті қызықтыра түспек деп ойладым.

Кітап туралы осы жария пікірімді «Күмбірлеген күй кітап» деп айдар қойып, «Орталығыма» бердім. Сөйтсек, Ақаңның осы еңбегі жөнінде өзінің туып-өскен газеті білдірген мақтау –мадақ , республикадағы бірінші сөз екен.

Осы мақаладан біраз үзінді берейін. Бұл да естелік. Біздің өміріміз. Жастығымыз. Жазу өнерінің «қансонарындағы» алғашқы іздеріміз. Немере-шөберелеріміз көп  сөйлеп кетті деп, ұрыспасын. Мақала  былай басталады:

«Алғысөзі аты мәлім ғұлама Әлкей Марғұландікі... «сан ғасырды көктей өтіп, сабақтасып жатқан осы байтақ мәдениет қалдығын, көркем мұраларды жүйрік біліп түсінуге, оларға тарихи, ғылыми мән беріп, зерттеуге көп шеберлік керек», депті. Тарих атты тұнған тылсымның таңғажайып сырларын сырбаз кестелеп, шымыр деректермен ширақ баяндау - әркімнің қолынан келе бере ме? Және де етті-кетті, көшті-қонды демей, құбыласына мәдени мұра, дәстүр сабақтастығы деген шоқ жұлдызды қойып алып, тәуекел деп тартқан екен автор. Берісі он, әрісі он мың жылдық адамзат сапарының іздерін оймен шолып, ғылыми деректерге шұқшиып, өзінше пікір топшыламақ. Бүгінгі ұрпаққа қызық-ау,  деген көненің кілкіген қаймағын сүзіп алып, алдына қоймақ.

Осы бір ізгі ниетті мақсұт етіп, ақселеу мініп, ақ берен тағып, ақ тілеумен аттанған екен. Автор сол жолдан қоржыны тоқ, олжалы қайтыпты. Күмбездер күмбірінің сырын ұғып, көкейге түйгені мен көргенін сыпайы ғана кітап етіп бастырыпты.

Иә, ғылым жолы шырғалаң, күрделі де қиын соқпақ. Ол кейде даңғыл көрінгенімен, қиырға салып, адастырып та кетеді. Немесе, тамсану-таңдану үстінде қиялды қияға шарықтатып әкетеді. Бас айналдырып, құздан құлдырамаға құлатады. Әлібін дәл басып, байыпты байламға жеткізгенше, көз қарықтырып, бел талдырады. Осы үміт жолында, ұмтылыс үстінде ұшырасқан әр зерттеуге кіріскен бойда  ат басындай алтын тап, десек қиянат болар. Сонда да, өзіннен бұрынғы-соңғы жазған-сызғанды сынай қарап, солармен сырласа отырып, өзінше толғаса несі айып?

 Ой-хой, Сарыарқа! Сан ғасыр сарытап болып сақталған сырына сан сарбаз ұлың үңілді ғой. Ай бетінің ақырларына ат қойып, жұлдыздарды жіліктеп жатқан көзіміз ашық кемел шағымызда да сен бір ашылмаған планета ма едің? Жоқ, Геродот сынды жиһанкезден бастап, бүгінге дейін менің туған жерім туралы жазылған, айтылған мағлұмат көп-ақ, көп. Құладын ұшқас құба түз болса да, ата-бабамызға ана болған алтын бесік мекеніміз ғой. Әр кезеңде дәуіріне сай адамы, санасына сай мәдениеті, жазылмаса да, әдебиеті болған...» деп әрі қарай кете береді.

Бәлкім Ақаңа арналған тағы бір жинақтан осы мақаланың толық нұсқасы көрініп қалар...

Мақаланың соңғы  сөйлемдері былай сырғиды:

«Күңгір-күңгір күмбездердің» тұрмыстану тарауын оқып көріңізші. Немесе, аңыз-әңгімелердің халықтың дәстүр-салтын ашатыны тұсына тоқтаңыз.  Бізге тосырқау көрінгенімен, көнерген салт пен ескірген ертегінің желісі көрсоқырлық, кері кеткендік куәсі емес, қайта өрге жүзген өршіл ойдың, өмір үшін күрестің жемісі екенін аңғарасыз. Табиғат және адам. Немесе керісінше, екеуінің арасындағы егіздікті ет жүректі пенде кейде біле бере ме? Ол үшін сол табиғаттың өзімен ғана тағдырлас болып көріңіз. Сонда, әлгі өзіміз күлетін «бар тәуіріңізді ұзын сарыға сақта» дейтін мәтелдің шындығына жетесіз. Осы кітапта келтірілген «Кетпен шоңы сайлы болсын, кер өгізің майлы болсын, жер ананың тоң кеудесі жібитін, тас емшегі иійтін шақ келді», деген дана сөздерді төркіндетіп көріңіз.

Жазушы Сейдімбеков «Күмбез күңгірінен» ән тапса, шомбал тастан сән тапса  - үлкен олжалы екен. Сонысына қарай, дәл осы кітап әсемдік туралы тұнып тұрған поэзия болған да шыққан... Тарих-абыздың қай тамырын басса да, омыраулап келіп, өнерге табынады. Марксистік ғылыми метедологияны шамшырақ етіп ұстанған автор өнер туындыларын таптық тұрғыдан таниды. Оның эстетикалық көзқарасының темірқазығы тиянақты. Көз жұмбай әсіре мадақтау жоқ, өз биігіне шығып алып, басқаның шыңын көрмеушіліктен де ада.

Ойымызша, оқушысын табатын, оқылатын, рухани нәр беретін кітаптардың бірі осы...

Сейдімбековтің сары атандай желісті, төрт құбылысы келісті әуезді әңгіме-хикаяларын бұрын да білетінбіз. Дәл осы жолы мынадай жауапты жұмыс үстінде сол сүмбідей түзу, сүйріктей сұлу сөз сипаты бұрынғысынша, сырнайдай сыңғырлап ашыла түскендей.

       «Ордалы тарихтың ортасынан ойып алып, көне мәдениет жөнінде ойларымды ортаға салдым. Оқы. Сен де ойлан. Бұйдасын қолыңа бердім, жетеле де жүріп көр оқушы» деп жол сілтеген тілек таныдық осы кітаптан»

Тақырыбы тың, зерттеудің  әдіс-тәсілдері де қызық, танымдық құны қымбат еңбек ретінде «Күмбір-күмбір күмбездер»  зиялы қауымның назарына бірден ілікті. Мақталды.

Келесі жылы Қарағанды облыстық  «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы осы кітапты Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Протоколынан бастап, қағаздарын орысша-қазақша мен даярладым. Үкімет талабына сай рәсімдеп, Алматыға, Ақаңның үйіне апарып бердім. Ұмытпасам, қабылдау мерзіміне бір апта ғана қалған екен. Ақаңның үйіне бір күн қонып, ертеңіне қайттым. Кітап жаппай талқылауға ұсынылды.

Әлі есімде, Ақаң: «Бұл кітапқа сыйлық бермейді. Оны білемін. Бірақ, бәйгеге кейін тағы қосылсам, бұл керек болады» деген еді. «Бермесе, неге арамтер болдық», деп мен қалжыңдадым. «Жоқ, сендердің газеттеріңнің атына да жақсы болады. Мемлекеттік сыйлыққа шығарма ұсынып жатқан мұндай облыстық газеттің редакциясы жоқ», деді. Осы жайды, Ақаңның өмірдеректерін түгендеу мақсатында   еске алып отырмын. Яғни, Қазақстанның ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлығын профессор Ақселеу Сейдімбек екінші рет, басқа еңбегімен ұсынылып, алған болатын. Марқұмның көп адам біле бермейтін жағдайының бірі осы.

Ақселеу Сейдімбектің кәсіпқой журналистік қызметтен 1987 жылы аяқ астынан қол үзуіне тура келеді. Қазақстандық жастар баспасөзінің тамаша үлгісі болып үлгерген "Білім және еңбек" журналының тектес басылымдар арасында Одақ бойынша бірінші орын алғанына қарамастан және бас редактор ретінде БЛКЖО-ның ең жоғары марапаты — Құрмет грамотасымен марапатталғанына қарамастан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты "Қазақ ұлтшылдығын дайындаушылар" санатында комсомолдың Орталық Комитетінің бюросында ол бас редакторлық қызметтен босатылды», дегеніміз екі ауыз ғана қарасөзге жүк болған  өңсіз ақпарат қой. Сол ақпараттың алды мен соңында, басталуы мен нәтижесінде Ақселеу Сейдімбеков сынды Азаматтың қанша жүйке-сезімі, денсаулығы мен арман- тілегі, жоспар-мұраты кетті десеңізші! Ет-сүйектен жаратылған пендені тірідей көрге көмумен бірдей, сол бір күндер мен апталар, айлар өтіп, жылдарға созылған қиянатқа  Ақаң   душар болды.

1986 жылғы дүрбелең – қазақ тарихында бедері  қалған тарихи оқиға ғана емес, сонысымен де, «қазақпын» деген әрбір саналы азаматқа сын болғанын замандастарым ғана біледі. Кімнің кім екені бір ғана сәтте ашылып қалды. Иә...Кейінгі ұрпаққа түсініксіз қалған, әрқайсымыздың жүрек түкпірімізде, о дүниеге бірге кететін сыры бар, жақсы-жаманы аралас құбылыстың жұмбақ жағы көп болған. Шетін пікірге қимайтын, өзім қатты сыйлайтын талай азаматтың сол сәттерде сыр беріп қалғандығын көрдік, кейідік. Тіршілік үшін күресуге тиіс жәндіктің әрекетіндей, ғылымдағы «өзін-өзі сақтау инстинкті» деген мақұлық сезімге бой алдырған дос-туыстарымыз туралы Ақаң екеуміз кейін өкінішпен еске алатынбыз. Бірақ, арым таза, шынымды айтайын, солардың әрқайсысын ақтайтын дәлел тауып, «енді қайтсын, байғұс. Онікі де дұрыс, әйтпесе...» деп кешірім бердік.

«Білім және еңбекке» сәтті тағайындалды-ау, деп күткен Ақамыз сегіз қырынан бірдей жарқырап шыға келді. Мүмкіндігі газеттен де көп басылым бетінде  құлаш сермеп көсілуге, тақырып таңдауға өзі де лайық редактор, әрине, бірінші кезекте, қазақ мүддесі, қазақ тарихы мен қазақы тәрбие дегенде еркінсіп бара жатқанын  қырағы көздер қиырдан шалып, бақылауға алды. Енді қарап отырсам: «Ой, арманда кеткен Ақам-ау, қазақта нең бар еді! Сені жанып жатсаң да,  оттан суырып алатын қай қазағың бар еді, өңшең құлқынның құлы, қарынға билеткен мансапқор емес пе еді айналаң!» деп күйзелемін қазір. Елде қаптап келе жатқан «аралас мектеп» дегендерге Ақаң соғыс ашты. Жер бетіндегі қазақты түгендеген Мақаш Тәтімовтің зерттеу-саралау мақаласын 1986 жылдың соңғы номерлеріне екі бөліп басып жіберді. «...Осы бетімен өсе берсе, алдағы уақытта Қазақстан амандық болса, 40 миллиондық ұлты бар, көпұлтты республикаға арналады. Қазақтың үлес салмағы алпыстан асып, жетпіс процентке жуықтайды...», деп қуанды. Таралымы, сол кезде 73 мыңдай, журнал «Білім жыне еңбек» қазақ балаларының іздеп тауып, жастанып жатып оқиытын білім кеніне, ұлттық намыс, жігер тәрбиесіне айналып еді.

Кейін естідік қой: «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ( КГБ) Чугаев деген  бөлім бастығы "Көшпелілер" ("Кочевники") деген атпен Шона Смаханұлының, Ақселеу Сейдімбектің, Мұрат Әуезовтің, Олжас Сүлейменовтің сырттарынан іс жүргізіп, қылмысты  деректер жинапты...» дегенді...

Ақселеу Сейдімбектің сағын сындырып, саяси айып тағып, қаңғытып жібермек болғандар, оның кім екенін әлі де білмеген екен.  Өртеп жібергенде,  өз күлінен қайта тіріліп шыға келген  аңыздағы нағыз  Феникс екенін Ақаң  қазаққа танытып кетті.  Бағына қарай, арайлап Тәуелсіздік таңы атты, сағынған Сарарқасына Астанам келді, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді...

...Алматыдан поезбен келе жатырмыз. Купеде өнерпаз жастармен көрші болдық. Домбыра бар екен. Біздің Күлекеңді (менің жұбайым –Гүлнәр) танитын тағы біреу кездесті. «Өлең айтыңыз», деп қинады. Дастархан жайылды. Гүлекең «Арман-айды» бастап жіберді. Бұл әнді ол белгілі  әншілерден бөлегірек орындайтын. Бір уақытта, купе есігінен күлімсіреп Ақаң қарап тұр. «Әй, Шаншарларым-ай! Мәдидің тұқымдары қайда жүрсе, ән айтады». Сөйтсек, шеткі купеде дем алып жатып, «Аоман-айды» естіп келіп тұр екен. «-Гүлнәрдің жаңағы «Арман-айы» -нағыз түпнұсқа деуге болады. Жасымда, өз шешемнен осылай естіп өскенмін.  Бесік тербеткендей, бірқалыпты, баяу шайқап отыру керек. Қазіргілер  осы әнді құбылтып, мына жерін соза тартып, бұралаңдатып  жіберетін әдет пайда болды», деп қынжылыс білдірді. Жастар тарап кетті, үшеуміз қазақтың әні мен күйшілік дәстүрі  туралы  әрі қарай сөз еттік. «Қазақтың халық музыкасының өз дәмі бар,ол - атаңның асындай.  Дәмдегіш қосып, заманға қарай құбылтудың керегі жоқ-, деді Ақаң.-Ол әндер мен күйлер өз заманының ескерткіштері, сол кезде-ақ толысып, пісіп, қырналып, жөнделіп қойған. Енді біздің өңдеп,  сән қосуымызды тілемейді...» деп, біраз ой айтты. Оның музыкалық сауаты, құлақпен естіп қана емес, жүрекпен тыңдап, қабылдайтын  сезімтал талғамын көбіміз білетінбіз.  «Сарарқасы» мен «Дәурен-айын»  ұмытпасын деп бізге қалдырды ғой. Рухынды қанаттандыратын   әндер.   Ақаң домбыра шертіп, күй тартса,  сарғылт жүзі  күреңіте құлпырып кететін. Басқаны айтпағанда, «Қазақтың күй өнері» кітабының өзі неге тұрады.

2004 жылы, шілденің басында Көкшетауда, Бурабай алаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Абылай ханға арнап аспанға тіке шаншылған  биік тұғырлы ескерткішті ашты. Кеудемізді қуаныш кернеп, Қазақтың рухы жалындап, кең далаға симай кетті. Нұрекең бір сәт қағаздағы мәтінді доғарып қойып: «...Былтырғы жылды тарих жылы деп жарияладым. Абай мен Абылайды ЖЗЛ сериясымен шығаруға Ресеймен келісіп отырмын. Осы Абылай аңыз ба, шынында болған адам ба? Соны анықтап беріңдер, деп тапсырып едім, әлі ешкім берген жоқ», деді. Осы сөздің мазмұны ертеңіне  «Егеменге» де шықты. Нұрекеңнің айтқаны   рас еді. Ащы да болса, шындық. Бүкіл ақын-жыршы, жазушылырымыз, ақсақал-қарасақалдарымыз «Абылай, Абылай!» деп жүргенде ол туралы нақты деректер де жиналмаған, қазақша кітап болып шықпаған еді ғой. Өңшең бір  гу-гу аңыз, ертегі, қайталау, «Бұқар жырау былай депті, Бұқар жырау олай депті». «Уа, Абылай ханым сондай болған, Нұрсұлтаным да сондай!» деген сияқты жел сөз кернеп тұрған шақ.

Екі-үш күннен кейін Ақселеуге телефон соқтым. «Гүлнәр екеуміз ақылдасып отырмыз, жинаған біраз архивіміз бар, ішіндегі жетпісі  таза құжат. Бұрын жарыққа шықпаған. Орысша басылған ескі жинақтар бар ғой. Оларды адам түсінбейді, ескі орыстың тілінде, стилистикасы қиын, тыныс белгілері жоқ... соларды екшеп, қорытып, қазақшалап шығармақ ойымыз бар», деп ақылдастым. Қолдады. Деректану тұрғысында ақыл-кеңесін айтты. Бір жылдың мұғдарында 500 беттік кітап дайындадық. Бірақ, бастыратын ақша жоқ. Әуелі университеттің баспаханасынан газет қағазына, жұқа мұқабамен бір елу данасын  бастырып алдым. Сол кезде Білім министрлігі Астанада кітап көрмесін ұйымдастырып, біздің университет менің  осы кітабымның екі-үш данасын қойыпты. Бір көруге  көрнекті, сырты қызыл, оюлы,  түрі тартымды. Ақселеу сол көрмеге барыпты. «Абылай хан» деген атының өзі айғайлап тұрған менің кітабымның бір данасын көрме бастықтарынан сұрап алыпты. Түн ішінде телефон соқты.

«-Әй, батырым-ай! Жарайсың! Сенің қолыңнан келіпті. Кітабыңды бас алмай оқып жатырмын. Міне, тарих қайда, Абылай қайда, құтты болсын,» деп тағы біраз мақтау айтты. Көп ұзамай «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 5 наурыздағы санында профессор Ақселеу Сейдімбектің «Абылай хан: көне шындыққа жаңа көзқарас» деген көлемді мақаласы шықты.

Ақаң    жаза алады ғой. Оның бер жағында өзі де үлкен ғалым, ғылыми еңбектер жазып төселген, қисынын тауып, қиыстыра біледі.  Менің еңбегімнің қазақтың тарих ғылымы үшін, Абылай бейнесін танып-білу үшін  қандай орны бар екенін көрсете келіп:

«Міне, Президент аузымен айтылған халық аманатының орындала бастағанына куә болып отырмыз. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік универсиитетінің баспаханасынан «Абылай хан. Өмірі мен қызметіне байланысты құжаттар мен материалдар» деген бес жүз беттік кітап қазақ  тілінде жарық көрді», деп қуана хабарлаған.

Ақаңның  мақаласынан бірнеше үзінді берсек артық болмас:

«Кітаптың атынан көрініп тұрғандай, мұнда ұлы ханның өмірінің маңызды-маңызды кезеңдерін қамтитын 300 құжат қамтылған. Олардың біразы әр кезде орыс тілінде жарық көрген, дәйек, сілтеме ретінде үзіп-жұлып әркім пайдаланып жүрген болатын. Ал, жетпіс құжат ғылыми айналымға тұңғыш рет енгізіліп отырған, мүлде жаңа деректер. Осылайша, 1718 жылдан басталып, 1780 жылды қосып  аяқталған бұл құжаттар Қазақ хандығының бір ғасырлық тарихын көз алдыңызға әкеледі, сол ғасырдың қаһарманы Абылай ханның ерен тұлғасын бүкіл болмысымен көрсетеді», деп көсілген. Одан әрі: «Зарқын Тайшыбай - қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің әр кездерін зерттеп, қазақ баспасөзі мен әдебиетінің, мәдениетінің тарихынан бірнеше құнды еңбектер жазған ғалым, халқына шын мәнінде үлкен олжа сыйлаған екен. Кітапты оқып танысқан адам мұндай еңбектің тек жанкешті, «жалаңтөс» зерттеушінің қолынан ғана келгеніне көз жеткізеді. Оның мәнісі  - тұтас бір ғылыми-зерттеу институты әлденеше жылда орындалып шығатын еңбекті бір ғана зерттеушінің сәтімен тындырып, қолымызға бергендігіне деуіміз керек».

«Дәл осы күйінде, түсіндірмей, ой қоспай оқып отырсаңыз, сол заманның бейнесі қаз-қалпында көз алдыңызға келе қалғандай. Абылай ханның кісілік бейнесі, мінез-құлқы, қайраткерлігі, көсемдігі-шешендігі, осыдан үш ғасыр бұрынғы ата-бабаларымыздың іс-әрекеттері... Абылай замандығы батырлар мен билер, жораға жүрген елшілер, іргелес елдердің хандары мен патшалары, олардың қазақ жеріне сілекейі шұбырып қызығуы... Солтүстіктегі Ресей патшалығының, шығыстағы Қытай империясының, оңтүстіктегі Парсы, Ауған, Қоқан, Бұхара, Хиуа билеушілерінің, батыстығы құба қалмақтың қыспағы қандай болғанын да осы кітаптың табасыз. Абылай ханның төңірегіне дейін жақын еніп кеткен жат жұрттық барлаушы-тыңшылардың айтқан-жазғандары тұңғыш рет ана тілімізде қолға тиіп отыр. Аңыздан ақиқатты айырып алуға болатын шынайы шындық осында».

«Кітаптың соңында берілген есім көрсеткіште 800-ден  аса адамның аты аталады. Олардың ішінде Тәуке, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке хандардан бастап, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Ақтайлақ билер, Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Баян, Қожаберген, Көкжал Барақ, Жауғаш... батырлар туралы да нақты деректер осында».

«Ең бастысы – елімізде абылайтанудың жаңа кезеңі басталды, іске жарататын, терең қаузап, кең қамтитын деректер жүйеленіп, қолымызға тиді. Әлбетте, құрастырушының өзі атап көрсеткендей, қазақтың ұлы ханы Абылайдың  өмірі мен қызметіне қатысты жазба деректер осы кітаппен ғана шектелмес. Зарқын Тайшыбай бастаған мұндай игілікті іс мемлекеттік деңгейде одан әрі жалғасын табуға тиіс. Көркем етіп, көбейтіп басып шығарса, әр қазақтың төрінен орын алатын жәдігер кітап осындай болсын десек, асыра айтпағандығымыз шығар», деп игі тілекпен аяқтаған.

Содан кейін, 2007 жылы  жұлын дертіне ұшырап, екі аяқтан баса алмай қалған кезім болған.  Астанаға барған жолы сағынып, сәлем бермекке, Ақселеудің үйіне телефон шалдым. Адресін сұрап алып, таксимен бардым. Бір қолтығымда  балдақ, екінші қолымда таяқ, өңім күйзелген.  Есігін қақтым. Өзі ашты. Ашты да, мына түрімді көріп, аңырай көрісті: «Не болды саған, не сорға ұшырадың, бауырым-ау!»   Екі-үш сағаттай әңгімелестік. Қолымдағы таяқтың қысқа екенін көріп, өзінің бір қоңыр түсті ұзынша, имек сапты таяғын берді. «Осыны ұста және еңсеңді көтеріп жүр, әлдекімдерше бүкіреймей», деп әзілдеді. Ақселеудің сол сырлы таяғы әлі күнге кіре берістегі киім ілгіште ілулі тұр. Кейде ұстаймын. Сұраған жанға әңгімелеп айтып беремін

Қанаттас достың шығармашылығына осындай қуанышы мен ақ тілегін арнап, насихат жазып, елге жайған  бауырым, мен бастаған  абылайтанудың келешегін көре алмай кетті. 2008 жылдың күзінде Ақаңа телефон соқтым. Соның алдында  «Ғылым туралы» заң шығып, ғылыми  зерттеулерді қаржыландырудың жаңа тәртібі белгіленген. Сол тәртіп бойынша  «Абылай ханның өмірі мен қызметі» деген тақырып тиянақтап,  республикалық конкурсқа қатысып, бағымды сынап көрмек ниетімді Ақаң қуана құптады. «Екі мыңдай жұмыстың арасында  жеңіске жетіп, үш жылға грант алып, Гүлнәр екеуміз Мәскеуге архивтерге кетіп барамыз», деп екінші хабарласқанымда, қуана қоштап: «Міне, қазағыңның алдындағы борышыңды ақтаудың оң жолын енді тауыпсың, Абылай бабамыздың әруағы жар болсын!», деп  батасын бергені әлі құлағымда.

Әттең,  тілектес, ниеттес туысым «Абылайтанудың тарихнамалық және тарихи проблемалары» деген тақырыпта сол конкурсқа екінші рет  тағы қатысып, грант жеңіп алғанымды, Президенттік «Мәдени мүра» бағдарламасы бойынша  әрқайсысы 640 беттен тұратын «Қазақтың ханы – Абылай» деген  екі томдық ғылыми еңбегімнің жарық көргенін, Абылай ханның 300 жылдығына арналған кітап көрмесінде сол кітаптарымның жарқырап тұрғанын көре алмай кетті.  Өзінің артында соңғы  мөр таңбасы басылған ескерткіштей,  А. Сейдімбек. «Қазақтың ауызша  тарихы» қалды...

Содан үш күн бұрын, түнде Ақаң Петропавлдағы үйімізге телефон соқты. Аман-саулық сұрастық, арнайы хабарласа қоятындай, бәлендей шұғыл себебі жоқ екен, көңіл-күйі жақсы, шадыман сөйлесті. «Қызылжардың атын өзгерткен тойыңа шақыруды ұмытпа. Қазақ үшін ол да бір арман», деп қалды. Жақсы тілекпен қоштастық. Төртінші күні таңғы сегіз жарымда, әлі сағат 9 бола қойған жоқ, телефон қоңыраулады. «Папамыз Ақселеу қайтыс болды», дегеннен басқа сөз есімде қалмапты. «Қашан, қалай?» деуге шама келмеді. Сол күні Астанаға жеткенде білгеніміз: Ақаң таза қағазға  бірқатар адамның тізімін, телефон номерін таза көшіріп, тізіп,  бұрыштағы телефонның қасына  қойыпты. Сол арқылы алғашқылардың бірі болып, асыл досымыз турал қаралы  хабар қиырда жатқан бізге де елден бұрын жетіпті. Топырақ салуға үлгергеніме тәуба, дегеннен басқа ештеңе қалмады. Жаназасында болдық, қол жайдық...

Үш-ақ күн бұрын телефон арқылы тілдесіп, шер тарқатқанымыз қас қағымда  тарихқа айналып, естелік болып шыға келді. Өмір деген осы...

Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай, профессор

Abai.kz

 

 

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345