Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Енді қайттік?.. 5690 16 пікір 3 Қаңтар, 2018 сағат 17:37

Әншілер енді қара сөзге көшпесін...

(Мұны жазғанымда туған бала биыл мектеп бітіреді. Еш өзгермейтін боп тұрмыз ғой. Бүгінгі "бешір", "құдағи", "қоңыраулар"-дан соң еске түсті)
Ұйпа-ұйпа ұйқасы бар мәнсіз мәтінді әндер бүкіл телерадиоэфирді жаулап алғаны қашан. Әндері әп-әдемі болғанымен, сөздері тым қарабайыр туындыларды орындау көбіне шамасына қарамай шайыр болғысы келетіндерге немесе өлеңнің парқын біле бермейтін талғамсыздау жастарға ғана тән бе деп жүрсек, ондай кінәрат жылдар бойы сахнада жүрген танымал тарландардан да табылады екен.

Мұндай сорақылықтың әсіресе Ақжол Мейірбековтей әншінің репертуарында кездесуі таңқаларлықтай. Оның «Елім менің» атты әнінің сөзіне зер салып байқадыңыздар ма? Мәселен, қайырмасы мынадай:
– Елім, елім, елім!
Дастарханын көп ұлтқа жайған елім.
Елім, елім, елім!
Кең байтақ дала, қырларым менің.
Елім, елім, елім!
Ыстық пен суыққа төзген менің елім.
Елім, елім, елім!
Даналарға бесік болған жерім.
Ал қалай екен? «Жыр жазуға енді-енді әуестене бастаған баланың шатпағы да мұндай болмас, сірә» дейсіз бе? Сіз бүйтіп бірден талапшылдық танытуға асықпаңыз. Аталмыш әннің негізгі шумақтарына көз жүгіртсеңіз, бұл қайырмамен «ой, бауырымдап» жылап көрісесіз әлі.
– Жер-Анашым жүрек сөзін айтқандай,
Ашуынан Анаға тән қайтқандай, – деп келетін жолдар – мәтіннің ең бір ойлы да терең тұстары. Тіпті:
– Жан дүниесі құлазыған Жер-Ана,
Жасаурайды жанарынан жас аға, – дейтін жерлері де, ұйқасы онша «ұйымшылдық» танытпай тұр демесеңіз, өлеңнің өте сорлы тармағы емес. Әрине, қайырмасы «...дастарханын көп ұлтқа жайып, даналарға бесік боп, ыстық пен суыққа қатар төзіп...» жүрген кең байтақ елді еміне жырлап жатқанда, куплеті құрғырдың сол дастарханың жиылмағыр дархан жұртқа мойын да бұрмастан, ғаламдық масштабтағы мәселелермен «айналысып» кететіні сәл түсініксіздеу енді... Бірақ соңғы шумақпен танысқан соң, сіздің оны ойлап, бас қатыруға мұршаңыз да болмай қалады:
– Туған жерім, ыстық болдың маған неге?
Алыс кетсем, сағынамын жиі мен де.
Алланың құлымын мен, шүкір, тәуба,
Атам қазақ, болсын саған жаным пида!
Көрдіңіз бе? Мұндағы төрт жол үш түрлі тақырыпты қаузап тұр: әуелгі екеуі туған жер туралы, үшіншісі Құдайға құлшылық хақында, ал соңғы жол отаншылдықты «жырлайды». Ой тұтастығы деген категорияның тұтас жиып қойылғаны аз болғандай, өлімтік шумаққа өлеңдік өң берерліктей оңды ұйқас та бұйырмапты.
Түптеп келгенде, белгілі бір айтылу ырғағымен тармақталып, соңғы бірер буынының шала-жансар сәйкесуі арқылы «жан сақтап» тұрғаны болмаса, бұл ән сөзінің кәдімгі қара сөзден айырмашылығы шамалы.
Ал «қазақ әншілерінің әнұраны болады!» деп Р.Рымбаевадан бастап, бәрі әлдеқандай ғып әспеттеген «Қазақ елі» әнінің сөзін белгілі ақын Шөмішбай Сариев жазса да, сапасы сын көтермейді. Мінеки, өзіңіз салмақтап көріңіз:
– Қазағым – сенсің, қазақ, ұлы елім,
Дүрсілдеп сен деп соққан жүрегім.
Мақтанам, қазағым, мақтанышым,
Тәуелсіздік таңы атқаны үшін!
...Жер бетінде сенен басқа жер жоқ,
Жер бетінде сенен басқа ел жоқ.
Арманым, тағдырым – қазақ жері,
Әнұраным, туым – қазақ елі.
Қазақ жері, бұл – Қазақстан,
Жаса мәңгі, гүл-Қазақстан!
Келешекке туған елім менің
Қолын беріп тұр Қазақстан!
Осы да патриоттық туынды ма? «Қазақ», «қазағым», «Қазақстан» деген сөздер айналдырған он екі жолда тоғыз (!) рет қайталанып тұр («туған жерім», «туған елім», «ұлы елім» сияқты «жүрек тебірентер» өзге сөздерді қоспағанда), сонда ұлт пен мемлекеттің атын қайта-қайта айта бергеннен отаншылдық сезім оянып кете ме? Әрі-беріден соң, ар жағынан жүректі шым еткізер шынайы көңіл-күй сезілмейтін жалаң мақтан, жадағай ұранның біреуге әсер етуі мүмкін бе?
Егер жолма-жол талдар болсақ, онсыз да түте-түтесі шығып, әрең тұрған жоғарыдағы үш шумақты жүндей түту – түк те емес. Бірінші жолды-ақ алайықшы: «Қазағым – сенсің, қазақ...». Ал бұл не сөз? Басқаны білмесек те, қазағымыздың қарақалпақ емес, қазақ екенін өзіміз де білмейміз бе? «...Ұлы елімінің» де ұсқыны келісіп тұрған жоқ, өйткені, ол қазақ ұлтының қазіргі рухымен, хал-ахуалымен қабыса қоймайды. Ал екінші шумақтың алғашқы екі жолын Шөкеңнің жағырафияға енгізген жаңалығы демеске лаж жоқ. Әншілеріміз де «...Жер бетінде сенен басқа жер жоқ, Жер бетінде сенен басқа ел жоқ» деп аспанға қарап тербеледі (басқа елді көрмейтіні де сондықтан болуы керек).
Әрине, осы мақаладан соң, сыналғандар өз істеріне бірден басқаша көзбен қарап, жарыса жақсы өлең жазуға кірісіп кетеді деп ойлау – аңғалдық. Біздікі – көрер көз бен естір құлаққа құйттай болса да ой тастау, әсер етуге тырысу ғана...
(2000 жыл. "ДІЛДІҢ ДЕРТІ" кітабынан)

Сәкен Сыбанбай

Редакциядан: Авторымыз айтып отырған қазақ әніндегі талғамсыздық, әсіресе, мәтіндегі мән-мағынасыздық бүгін өзінің шырқау шегіне жетіп, қарыштап дамып барады. Жұрт қазір эфирлерден ән емес, әуендетіп әңгіме айтатындарды көріп таң тамаша болуда.

Сондай "әншінің" бірі Дана Кентай деген бойжеткен жуырда еліміздегі бас арналардың бірінен: «Маған қоңырау шалған кезінде,Телефоным сөніп қалды.Әлемде жарық сөнгендей. Сезім пайда болды-ау. Жаяу көшенің бойымен мен жүріп келем. Күтпеші, жаным, тек қоңырау менен», - деп "әндетті".

Ал, өз есімін Әйгерім емес, Айгерім деп айтуды ұнататын әншіміз:

"Əкеме айтшы, мама,
Жіберсін вечерге!
Жас емеспін мен енді,
Қорқады несіне?" - деді.

Сонымен, несін айтасыз, "Бірлік болсын әлемде, бірлік болсын елімізде", - деп жартыкеш "жыр жолымен" сағатқа жуық сарнайтын Кенталдардың қатары көбейіп келеді. Ау, телеарна басшылары, талап, талғам дегенді қайда тығып қойдыңыздар?!.

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1534
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3314
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6007