Жұма, 22 Қараша 2024
Сатира 5664 4 пікір 5 Қаңтар, 2018 сағат 07:55

Итімнен қатты ұялдым...

Ішінде 40 градустық «от» ойнап, тәлтіректеп, әндетіп келе жатқан Қисық үйінің ауласындағы скамейкаға отыра кетті. Сол сәтте- ақ бос жүрген иті шапқылап жетіп келіп, құйрығын бұлғаңдатып, «еркелеп», қолын жалай бастады.

- Бұл кім, әй? - деді қараңғыда шошып кеткен Қисық. - "Ә, сен бе едің, Ақтөспісің? Өй, Ақтөстай, ассалаумағалейкүм! Аман-сау шапқылап жүрсің бе? Денсаулық қалай? Туған күніңмен, тойс туған жылыңмен, түу не деп кеттім, ит жылыңмен! Келші, беттен бір сүйейін. Кілең «иттер» кездесіп, саған денсаулық тілеп, сені құрметтеп, келген жылыңды керемет тойладық қой. Сен итекем сол жақсылықты да білмейсің. Үргеннен басқа не білесің, сен. Анау үйдегі «хозяйкаң» да жақсылықты білмейді. Қазір үйге кірсем ғой, «Тағы ішіп келдің бе, алқаш», «Тағы массың ба, алқаш» деп, сен сияқты «үріп» шыға келеді. О, құдай сақтасын, ол бір үрмесін деңіз, бір үрсе тоқтамайды ғой, тоқтамайды.

«Елу мың теңге жалақыңмен қай бетіңмен ішесің, алқаш? Анау садиктегі балаң пьеса қоятын болып, аяғына мәсі сатып алу керек екен. Ол ақшаны қайдан аламыз,алқаш? Ал анау мектепте оқитын балаң жаңа жыл қарсаңындағы интермедияда иттің рөлін ойнау үшін иттің «киімін» сатып алу керек депті. Ол киімді қалай сатып аламыз, алқаш? Әлде осындай «тәртіпке» жол беріп отырған Білім және ғылым министрі Сағадиевтен ақша сұраймыз ба? Ол берсе жақсы ғой, бермесе не істейміз, алқаш? Осындай сантүрлі сұрақтар қойып, миыңды шірітеді ғой.

Ақтөсжан, сенің адам болып жаратылмағаның қандай бақыт. Адам болғаныңда ғой, анаған да, мынаған да ақшаңды жеткізе алмай басың дал болар еді. Әйелің де  күнде иттеріңді басыңа қаптар еді. Жұмыс беруші қожайынымның жалақыға жарытпай қойғанына мен кінәлімін бе? Жұмыс орындарын ашуға қажетті миллиондаған, миллиардтаған қаржыны қолында әйдік билігі бар шенеуніктердің, жемқорлардың жымқырып, шет елдерге офшорларға зытырып жатқанына мен жазықтымын ба? Біздің шенуніктер қашан тояды? Бұлардың «түбі» бар ма, жоқ па? Қаншама миллиардтаған долларды офшорларға жасырып, ақша жоқ деп ана елден де,мына елден де алақан жайып, қайыр сұрап жүргеніміз қалай? Сол ақшаларға  неге зауыт-фабрикалар салмайды? Салса ғой, мен де зауытта істеп, көп ақша табар едім. Менің де, сенің де қарнымыз тоқ болар еді. Әйел де бұрқылдамас еді.

Ақтөсжан, біздің қоғамда неге әділдік жоқ? Мен иттей болып жүріп, елу мың теңгені әзер табамын. Ал анау депутаттар, министрлер жып-жылы жерде отырып, миллион теңге жалақы алады екен. О, құдай! Неткен әділетсіздік! Түсінесің бе, депутаттың не министрдің бір айлығын алуым үшін мен көзім алақтап, тілім салақтап, суықтан бүрісіп, шекем тырысып, үйде әйелмен ұрыссып, жиырма ай бойы жұмыс істеуім керек екен. Түсінесің бе, жиырма ай бойы. Сонда олар не қарық қылып отыр? Түземей ме мына заманды.

Құртпай ма ұрлықты, парақорлықты. Қайтартпай ма офшордағы ақшаларды. Көбейтпей ме жұмыс орындарын. Ашпай ма қаптатып зауыт-фабрикаларды. Қыздарымыз қартайғанша байсыз, жігіттеріміз қатынсыз жүр. Неге? Өйткені, үйі жоқ, күйі жоқ. Сондықтан үйленетін бет жоқ. Анадай жалақы алып отырған депутат, министрлер осыларды неге ойламайды? Жоқ әлде бұларды елу мың теңге жалақы алып, күнімді әзер көріп жүрген мен ойлауым керек пе?  Біз қазір ет жеуді де қойдық. Ақтөсжан, сенен де ұят болды. Дұрыс сорпа-су да істеп бере алмай жүрміз. Кешір, итім! Міне, қазір де қыңсылап, қолымды жалап, бірдеңе дәметіп тұрсың. Мен де өзіңнен қатты ұялып тұрмын. Немді берем саған. Кешір, Ақтөстай!

Осы сәт Ақтөс біреуді көрді ме кім білсін, үш-төрт рет арсылдап, үріп жіберді.

- Әй, Ақтөс, - деді Қисық. - Осы сен неге өз «тіліңде» үре бересің?  Неге  үш тілде «сөйлемейсің»? Қазір біздің қазақтар өз тілінде сөйлеуді қойды. Анау Үкімет мәжілісінде бірыңғай қазақтар отырып, бірыңғай орысша сөйлеседі. Өйткені, қазақша сөйлеуге ұялады. Біз өзі өте ұялшақ халықпыз ғой. Мүмкін қазақ болып жаратылғанымызға да ұялатын шығармыз. Біз біраз жыл орыс болдық. Енді ағылшын болайық деп жатырмыз. Әнеки, заман қалай өзгеріп жатыр, әнеки, қазақ қалай өзгеріп жатыр. Ал сен болсаң әлі сол жалғыз «тілде сөйлейсің». Немене, националистсің бе? Интернационалист болу керек қой, қазақ сияқты.  Давай, үш тілді үйрен. А то, ертең ағылшын болған кезімізде мен сені қалай ұялмай-қызармай қазақша шақырам. Давай, жарты жылдың ішінде орысша және ағылшынша үретін бол. Қазақша үрмесең де болады. Ол тілді архивке тапсырайық деп жатырмыз.

Осы сәт ауланың шамы жағылып, үйден Қисықтың әйелі шықты.

- Жыныңмен сөйлесіп отырсың ба, әй, - деді ол Қисыққа қарап. Ойбай, мынау итті құшақтап алыпты ғой. Итпен сүйісіп отырсың ба, алқаш? О, құдай, өмірімде бір есі дұрыс байға жарымайтын болдым-ау!

Дамир Әбішев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333