Құқық қорғаушы Ширин Эбади ирандықтарды ереуілді жалғастыра беруге шақырды
Ирандық құқық қорғаушы, Нобель сыйлығының иесі Ширин Эбади ирандықтарды үкіметке қарсы наразылық акцияларын елдің барлық аймағында жалғастыра беруге шақырды.
Эбадидің сөздерінше, Иран конституциясы елдің азаматтарына наразылық білдіруге құқық береді, сол үшін олар көшеде қала берулері керек. Ол сонымен бірге ирандықтарды салықты, коммуналдық төлемдерді төлемеуге, мемлекеттік банктерден ақшаларын қайтарып алуға шақырды. "Егер билік 38 жыл бойында халқын тыңдамай келсе, үкіметті де елемеуге уақыт келді", – дейді Эбади.
Осыған дейін немістің Die Welt басылымына сұхбат берген Эбади Ирандағы коррупция көлемін "сұмдық жағдайға" теңеген. Оның айтуынша, акцияға қатысып жатқандардың дені - жұмыссыз жүрген жастар.
Ирандағы демонстрация бір аптадан бері жалғасып жатыр. Олар үкіметке алдымен экономикалық үндеулер тастаған, кейін биліктің кетуін талап ете бастады. Ереуіл барысында 20-дан астам адам қаза тауып, жүздеген адам ұсталды. Сәрсенбі күні елдің бірқатар қалаларында үкіметті қолдаған ереуіл болды.
Abai.kz