Рушылдық дерті Керей мен Жәнібекті елеусіз қалдырмақ па?
Кеше Талдықорғанда қалалық Онамастика комиссиясының отырысы өтті. Негізгі мәселе - Жалайыр Қадырғали атын Талдықорған қаласына Алматы жақтан келіп кіретін көшеге беру. Таңданбаңыз, тап солай. Жиналысқа бірнеше жалайырдың арнайы дайындалып келгені, комиссияның жұмысына барынша қысым жасалатыны әу дегеннен көрінді. Қала басшылығы мен облыс әкімінің орынбасарын ерік бермеуге, сөйлетпеуге тырысты.
Міне, Талдықорғандағы трайбализмнің бүгінгі көрінісі. Өткен жылы қаланың бір топ ақсақалдары Талдықорғанға Алматы жақтан келіп кіретін осы даулы көшені Қазақ мемлекетінің алғашқы хандары, Қазақ мемлекетін құрған Керей және Жәнібек хандар атымен атау жөнінде облыс әкіміне хат жазған еді. Өкініштісі, облыс әкімі тарапынан тырс етіп үн шыққан жоқ.
Қазақтың алғашқы шаңырағын, ұлттық рухын көтерген хандарды мақтан еткісі келген ақсақалдарды қолдар адам табылмай тұр. Рулық деңгейден аса алмай, жалайырлық сатыда қалған аз топқа да «мыналарың не?» дейтін адам табылмады.
Жиналыстан екі ойлы шықтық. Керей мен Жәнібек хандардың аты аталған соң, көше атауы соларға берілсін деген соң, түбін Көк Түріктен алатын, өзін қазақпын деп санайтын әр азамат қос қолын көтеруге міндетті емес пе? Екі ханнан асқан кім бар қазақта? Астанадағы Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш орнатуға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзі бас болғанын, қаланың қақ ортасына көше ататқанын өткен жылы оқыдық. Президентімізден үлгі ала алмасақ кім болдық? Жалайырлардың мұнысы несі? Керей мен Жәнібекке сұралған көшеге неге жабыса қалды? Талдықорғанда ескерткіші бар Жалайыр Қыдырғали секілді тұлғаға басқа көше табылар еді ғой.
Келесі нәрсе, Талдықорған қаласында Қазақ Мемлекетінің соңғы ханы Кенсарыға арналған бір атау кездеспейді. Бұл да өткен жылы арнаулы сөз болған. Оған да не облыс, не қала әкімі жауап қатпады.
Бұл Талдықорғанды рушылдық дертің жайлай бастағанын көрсетпей ме?
Жемісбек Әміренов
Abai.kz