Жұма, 22 Маусым 2018
Алаң 3341 18 пікір 9 Қаңтар, 2018 сағат 12:22

Парасатқа сенім немесе  “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сериалына қатысты ой  

Мен қазақ телевизиясындағы өзгерістер мен үрдістерді “Қазақстан” Ұлттық арнасы арқылы бағамдаймын, “Қазақстан” Ұлттық арнасы арқылы бағалаймын. “Қазақстан” Ұлттық арнасы, әлбетте, үйіміздің төрінен көк жәшік орын тепкен, өткен ғасырдан бері таралып, өрістеген сан телеарнаның атасы, бастау-бұлағы, ұшар биігі іспетті. Әрине, биіктіктің көзге бұрын шалынатыны секілді, “Қазақстан” Ұлттық арнасындағы қит еткен қимыл да назардан тыс қалмайды бүгінде.

“Ғалымның хаты өлмейді” - дейді айналайын қазағым! “Рукописи не горят”- дейді М.Булгаковтың бір кейіпкері “Мастер и Маргарита” деген атақты шығармасында... Сол мәңгілік хаттай, өртенбес қолжазбадай жарқырап, дәуірден-дәуірге көшкен рухани қазынамыз, өшпес жаухар жырымыз бар біздің де. Соның бірі де, бірегейі –  “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”. Оны бағзы заманда жыршылар таңды-таңға ұрып жырлаған-тын. Бертін келе түрлі мәтіндері хатқа түсіріліп, тасқа басылды. Жиырмадан астам нұсқасы бар екені анықталды. Әдебиеттегі алыбымыз Ғабең – Ғабит Мүсіреповтың қаламынан түлеп шығып, пьесаға айналып, қазақ сахнасында да дүркін-дүркін қойылып келеді. Бұл классикалық дүниені қайырып қоймаған қазақ театр режиссерлері жоқ шығар тегінде: М.Насонов, Ә.Мәмбетов, Ж.Хаджиев, Қ.Сүгірбеков... Әркім әрқилы қойды, өзгертіп қойды, түрлендіріп қойды, атын жасырып, атауын жаңалап қойды... Жұрт жапырлап барып, жабылып тамашалап жатты. “Анау анадай екен, мынау мынадай екен,”-деген жоқ тек. Рас, сын болар. Рас, тосырқау болар, бірақ әр қоюшы-режиссердің шығарманы зерделеу ракурсы әр қилы екенін жұрт сезбеді деп айта алмаймыз. Шығарманы сиқына қарап сынаған жоқ, көркемдік көркіне қараған еді онда. Шығарманы кім, қайда сахналағанына қараған жоқ, талғамның талқысында ғана таразылаған еді онда.

Кейін, анығында 1954 жылы Ғабеңнің сценарийі негізінде Ш. Айманов “Махаббат туралы аңыз” атты фильм түсірді. 1992 жылы А. Әшімов та жыр аттас көркем фильм жасаған.

Сол жаухар жырымыз жақында телесериалға айналып көрермендерге ұсынылған еді. Алты бөлімнен тұрады екен. Алпыс бөлімнен тұрса да жақсы дүние болса жаттық жоқ, халық бірден бас қойған. Алғашы күнгі көрсетілімнен кейін-ақ, лайлы судан бас тартқан тарпаңдай осқырынған біраз жұрт “фейсбук” атты қырға шығып тоқайласқан. Содан дай-дай аламан айтыс пен сан пікір  әлеуметтік желіде сеңдей соқтығысты. “Хас сұлу деген Баянымыз тәмпіш қара болғаны ма сонда,”- дедік. “Баянымыз неткен дөрекі еді, әнебір айтқан сөзін қарашы,”-дедік. “Тілін қара, тап бір тас жолда өскен мына жастардікіндей жадағай,”-дедік. “Қарап тұрған жігітке қыз артылғаны несі,”-дедік. Пікірлердің жөні де, кері де бар еді. Алды-артына қаратқан жоқпыз, қара есекке теріс отырғызып, жан-жақтан қаумалай қуып, ала жөнелдік. Телехикаяның көрсетілімі бел ортасынан ауа бере дауды тіптен үдеттік. “Баянға “Баянды” қорлаттық-ау,”- дедік.  Тіпті, телесериалдың продюсері режиссері емес екенін, продюсердің шығарма көркемдігіне толық жауапты емес екендігін де естен шығарып алдық. Қызды-қыздымен Баян Мақсатқызының жеке өміріне ауыз салып, жыр кейіпкерлерімен байланыстырып, бөліп, жұптастырып тастадық. Қызды-қыздымен “Баян сериалға бөлінген қаржыны қайтарсын,”-деп, о Баяннан бұ Баянға оп-оңай ауысып, төпеп бердік. Телесериал “Баяннан” гөрі өмірі көріктен шыққан темірдей қызып тұрған продюсер Баянды тұқырту қызығырақ болды көбімізге. Бұл аламанда біреу біліп шапса, көбіміз бос далақтадық. Ежелгі Рим саяси қайраткері Ю.Цезарьдың “Люди охотно верят тому, чему желают верить”-деген қанатты сөзі еске түседі мұндайда.

Менің білуімше, еліміздегі телевизия өрісінде телесериалдар тоқсаныншы жылдардың ортасында қылаң беріп, екі мыңыншы жылдардан бері қарқын алған екен. Күні кешеге дейін көрермен ретінде сан сериалдың “ыстығына күйдік, суығына тоңдық”. Кейінгі жыл сериалдар тіпті, жауып кетті. Бірақ кемшіліктері жыртылып айырылатын. Техникалық тұрғыдан сапасы түзелгенімен, мазмұны бәз баяғы қалпында қалып қойды. Басты кемшілігі, негізгі кемшілігі, кешірілмес кемшілігі: ұлттық рухының жоқтығында еді. Бар болса, таяздығында еді. Сериалдар сценарийлері орысша жазылып, қазақша қасаң аударылып түсіріле беретін. Актерлердің ойынында, тілінде, тұрмысында орыс жұртына тән акцент пен ишара тұнып тұратын. Қазақтың тұрмысы мен тілінен махрұм режиссер түсірілім алаңындағы балаң редактордың көмегімен өнер тудыра беретін. Сериал шығарса болды оған. Тілі қазақша болса болғаны, жаны турасында бас қатырып жатпақ емес. Кешіріңіздер, кино туындының ұлттық болмысын аударма тіл шешпейді. Сізді тілді аударуыңыз мүмкін, бірақ сценаридегі жоқ қазақтың жанын үрлеп жаға алмайсыз. Егер олай болса, Ф.Достоевскийдің “Идиотын” қазақша аударайық та, қазақ шығармасы деп жариялайық? Болмаса, Ф.Кафканың “Замокын” қазақшаға қотарып, қазақтың постмодернист жазушыларының қатарын неге көбейтпеске? Э.Золяның “Творчествосын” аударсақ, тағы бір қазақ реалист жазушысы мен ұлы шығармасы дүниеге келер мүмкін? Жоқ, әрине! Мүмкін емес! Фильм сценарийі де сол сияқты. Қазақ болмысы әу баста сценарий негізіне салынбаған соң, қазақшаға алты қайтара аударсаң да өздігінен ұлттық шығармаға айналып кетпейді! Ал, өзге тілдегі сценарий тіпті ұлы дүние болып шығып, аудармасқа болмайтын жай туса, оны қазақ тіліне тәжімалау жеткіліксіз, оны адаптация[бейімдеу]жасау керек!

Хош, осындай шалажансар сериалдар көп еді ғой былтырлар? Сериал жобалары ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп еді ғой өткен жылдары? Бұрнағы жылы? Сол кезде неге байбалам салмадық? Тіпті, бес-алты жылдай сентиментализммен суарылған еш қисын-қалыбы жоқ, сағыздай созылған үнді сериалы “Анандиді” егіліп отырып тамашалап едік қой? Бала шаға түгелімен шәйі орамал жабылып, үйіріліп билеп, уілдеп өлең айтып, үндіге айналып кете жаздаған жоқ па еді?  Қыңқ етпеп едік қой сонда? Енді бұл не көтеріліс?

Себебі түсінікті, арна басшылығы ауысып, төрағалыққа Ерлан Қарин келгелі  әужай өзгерген-тын. Ерлан Тынымбайұлы арнаның жұмысын ашық жүргізе бастаған. Әп дегенде жас журналистер мен басылымдарда белсенділігі мен ұтымды ойларымен көрініп жүрген біраз жастарды [Б.Мүрсәлім, Қ. Аманжолұлы, Қ. Тілеухан, Ж. Әбілдақызы, К. Тасболат, Б.Сарыбай т.с.с.]жинап, ақылдасып, ұлттық арнаға керекті дүниелерді талқыға салды. Ұлттық арнаны өркендету, мазмұнын байыту жолында сан басқосу, сан кездесу жасап жүргенін құлағымыз шалатын. Сол басқосуларда алаштың рухын жаңғыртар “Алашорда” алыптары жөнінде көркем туынды жасауды ұсыныс қылған еді. Сол басқосулардың нәтижесінде Ұлттық арнада “Мен – қазақпын” мега жобасы дүниеге келді. Парасат өлшемідей Д. Әбдік жүргізетін “Парасат майданы” шықты эфирге. Б.Уәлидің “Бірінші студия” додасы, М. Түменбайдың “Апта” сараптау бағдарламалары көрерменмен қауышты. Елеулі өзгерістер еді бұлар. Ерлан Тынымбайұлы “Фейсбук” әлеуметтік желі кеңістігінде де болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды ашық жариялап, пікір жинап отырды. Кез-келген уақытта байланысқа даяр еді. Сынды да, сырғыманы да естуге әзір болатын. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сериалы шыққандағы шудың зор болуының бір себебі – осы. Аталған сериалға байланысты әлеуметтік желідегі пікірлерге Ерлан Тынымбайұлы байсалды түрде жауап беріп отырды. Байсалды түрде шешімін білдірді. Кеткен кемшілікті де айтты, жоқ емес жақсылықтарды да айтты...

Негізі, бұл тамаша диалог еді. Бұл – жетістік еді. Бұл парасат иесінің ізгі әрекеттері еді. Есігінің түбіне барып айқаласаң, дауысыңның жаңғырығы естілмейтін өткен кезеңмен салыстыра жасаған байламым бұл. Енді көзжұмбайлықтың болмайтынын, арна жанынан “көркемдік кеңес” құрылып жатқанын бұрын да айтқан, қазір де еске салып жатыр Ерлан Тынымбайұлы. Соған кәміл сенеміз. Келер жыл қазақтың жаны кестелеген көркем сериалдар дүниеге келеріне риясыз сенем. Бүгінгі күн “Қазақстан” Ұлттық арнасы үнемі назарда, көрермендері көбейгені тайға таңба басқандай анық байқалады. Алаштың рухын іздеген азамат, халқынын жанын түсінетініне де, керегін беретініне де шүбәміз жоқ.

Данияр Саламат, драматург, кинорежиссер

Abai.kz

 

 

18 пікір