Елбасыдан "кешірім сұрауды" үйрен, шенеунік!
Осыған дейін парақорлықпен һәм қызметін асыра пайдаланып істі болған қаншама шенеунік Елбасыдан кешірім сұрады. Олардың талайы бостандыққа шықты. Кейбірі тіпті, артқан сенімді де ақтамады. Кеше ғана "шетелде оқыды деп әспеттеген", "Болашақпен" оқып келіп, болашағын абақтыға күрмеп қойған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтен кешірім сұрады. "Бұқаға туған күн бұзауға да туарын" ескеріп, кешірім сұрағыштардың бірқатарының сөздерін осында жариялауды жөн санадық. Майлы креслода отырған әр ағайын, сөздерін жұптап, дайындық жасай жүрсін!
Қуандық Бишімбаев, Бұрынғы Ұлттық экономика министрі:
– Барлық жетістіктерім мемлекет басшысының арқасында. "Самұрықта", "Бәйтеректе", министрлікте, қайда жұмыс істесем де мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауға тырыстым. Мен сияқты жас азаматқа сеніп, оған және елге қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін президентке шексіз алғыс айтамын. Президенттің алдында кінәлі екенімді білемін. Өзім жұмысқа шақырған Жақсыбаев, Жақыпов және басқалар маған кесірін тигізді. Кадрларды таңдау кезінде қатты қателестім. Адамдарды өзіме жақындаттым. Олар сеніміме кіріп, мені пайдаланып кетті. Президенттен кешірім сұраймын, халықтан осы үшін кешірім сұраймын.
Серік Ахметов, бұрынғы үкіметбасы:
– Назарбаевтың үмітін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Қарағанды облысындағы қазіргі уақытта қалыптасқан ахуалға бірден-бір жауапты екенімді жақсы түсінемін. Осы үшін де Мемлекет басшысы көп ойланды және көп уайымдады.
Егер сот және Мемлекет басшысы маған қатарға қосылуға мүмкіндік берсе, өз тарапымнан мемлекет мүддесі үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсауға әзірмін және осы арқылы өзімнің адал атымды қайтарғым келеді. Қалай болған күннің өзінде мен мемлекетіме, халқыма және ұлт лидеріне адал болып қаламын.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысыныңэкс-әкімі:
– Өмір бойы адал қызмет еттім. Көпбалалы отбасында өмірге келдім. Әке-шешем қарапайым жұмысшылар-тын. Отбасымыздағы басты құндылықтың аты – еңбек еді. Осының арқасында өстім. Елбасының арқасында жауапты мемлекеттік істі атқардым. Уақыт өте халық мен атқарған жұмыстың әділ бағасын бере жатар. Ешқашан өз мүддемді ойлаған емеспін. Облыстың мәселесін шешерде заң жүзінде әрекет еттім. Одан аттағам жоқ…
Қарағанды облысын басқару – үлкен жауапкершілік. Президент өзінің саяси және еңбек жолын дәл осы өңірден бастаған. Мұны ешқашан ұмытқан емеспін. Қылмыстық жоспар құру, қызметімді асыра пайдалану, кәсіпкерлерге кедергі келтіру менің ойымда да жоқ еді. Мен Президенттің адал сарбазымын. Президентке және халыққа адал қызмет еттім. Маған біреулер әдейі қастандық жасады, осы себепті де Назарбаевтен кешірім сұраймын.
Ерлан Арын, Павлодар облысының экс-әкімі:
– Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіргем жоқ, осы себепті қазір осы арада отыру маған өте ауыр. Еліміздегі ең ірі өңірдің біріне басшылық еткен мені айыпты санауда. Мен Президенттің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді адамымын.
Президенттің үмітін ақтай алмадым. Дәл осы арада Мемлекет басшысынан кешірім сұрағым келеді. 1991 жылдан мен Президенттің барлық реформасын қолдап келемін және әрдайым соның командасында болдым. Мемлекет басшысының сенімді адамдарының қатарында болу әншейін ол қойып кеткен қызметте отыру емес. Кәсіби маман болу, еліңді сүю, адал қызмет атқару. Бұл тұрғыда мен тағдырымның қалай шешілеріне қарамай, өзімді әлі де болса Елбасының командасындағы адаммын деп санаймын.
Мұрат Оспанов, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы:
– Мен ешқашан пара алған емеспін. Тарифті көтеруі үшін «Атырау Жарық» кәсіпорнынан 300 мың доллар талап еткенім өтірік. Сондықтан маған тағылған кінәні мойындамаймын. Тек тым сенгішпін, соған өкінемін. Қызымның тойы өтетін еді. Соған әлгі ақшаны қарызға сұрағанмын… Мұның бәрі менің бет-беделіме дақ түсірді. Ел мені «жемқор» деп ойлайды. Одан бұрын маған үлкен үміт артқан Президенттің сенімін ақтай алмадым. Өкінемін. Қатты өкінемін».
Түйін
Елбасыдан кешірім сұраған шенеуніктер бұлармен шектелмейді. Кедендік бақылау комитетінің төрағасы болған Серік Баймағанбетов, Энергетика, индустрия және сауда министрі болған Мұхтар Әблязов, Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысы Жақсылық Досқалиев, т.б шенділер Елбасының алдында бас иіп, қол қусырған-ды. Оның бірі де елден, қазақ халқынан кешеуіл өтінген жоқ.
Халық – Құдайдың бір аты. Осыны да ұмытпаса екен шенеуніктер!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz