Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Апат 4892 2 пікір 11 Қаңтар, 2018 сағат 22:46

Тағы да боран болуы мүмкін

Бүгін әлеуметтік желіден маза кетті. Астана қаласындағы бұрқасындаған боран бүкіл елді әбігерге салып қойды.

Ақмола облысындағы бірқатар ауданда сабақтар тоқтатылған. Білім басқармасының сайтында ертең де сабақ болмауы мүмкін екені жарияланды. Ертең қандай жағдай сабақ болмайды?

«Білім беру мекемелерінде сабақ келесі жағдайда кейінге шегеріледі. Ауа температурасы 25 градустан төмен және желдің жылдамдығы секудына 2 метр немесе одан жоғары болған жағдайда 1-4 сыныптарға. 27 градустан төмен және желдің жылдамдығы секундына 2 метр немесе одан жоғары болған жағдайда 1-9 сыныптарға, 30 градустан төмен және желдің жылдамдығы секундына 2 метр немесе одан жоғары болған жағдайда 1-11 (12) сыныптарға, кәсіби мектептер (лицей), колледждің 1-курс студенттеріне, сондай-ақ желдің жылдамдығы секундына 2 метрден асып, ауа температурасының көрсеткіші 5 градустан төмен түссе кейінге шегеріледі».

Боран кезінде 100-ден аса көлік апаты орын алған. Сол себепті Ақмола облысында республикалық маңызы бар  бірқатар жолдар жабылды.

 

Әлеуметтік желілерде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас кеңсесінде түсірілген видео тарап кетті. Аталған видеоның ғимараттың 28-ші қабатында орналасқан дәлізде түсірілгенін байқауға болады. Ол дәліз екі мұнараны қосып тұр. Сол жерде қатты желдің салдарынан нысанның қалайша теңселіп тұрғанын анық байқауға болады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше сондайлық алаңдауға негіз жоқ көрінеді.

Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 12 қаңтар күні Қазақстанның басым бөлігіне циклонның ықпалы сақталады. Кей жерлерде қар жауып, тұман, көктайғақ болады, желдің күшеюі, бұрқасын күтіледі, - деп хабарлады «Қазгидромет».  Атап айтқанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Түнде Ақмола облысында оның екпіні 25 м/с жетеді. Жекелеген аумақтарда бұрқасын соғады, Қостанай облысында кей жерлерде тұман күтіледі.  Түнде Қарағанды облысының басым бөлігінде, күндіз кей жерлерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с артады, бұрқасын болжанады.  Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген жерлерінде желдің күші 15-20 м/с жетеді, тұман, көктайғақ, бұрқасын күтіледі.   Алматы, Маңғыстау облыстарының кей аумақтарында тұман, көктайғақ және 15-20 м/с екпіндегі жел болжанады.  Қызылорда облысының кей жерлерін тұман басып, көктайғақ болуы ықтимал.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

2 пікір