Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 7853 16 пікір 24 Қаңтар, 2018 сағат 12:51

Бізге қазір академиялық әліппе емес, халықтық әліппе керек!

Латын жазуына көшу мәселесі соңғы рет 2012 жылдың 12 желтоқсанында көтерілген болатын. Біздің қазақ кирилл әліппесі компьютерге мүлдем бейімделмеген. Қиын болса да өзіміз икемге келтіріп, қазақша жұмыс істеткен болып жатырмыз. Елбасының латын әліппесіне көшуді 2025 жылға дейін ұсынғаны – қоғамның ойын білгісі келгені. Қоғам бұған аса мән бере қоймаған соң, жарлық беру түрінде іске асыруды жөн көрді. Енді бұл іс тек сәтті болсын дейміз.

Қазір кез-келген мекеме, кез-келген кәсіпорын желі арқылы жұмыс істейді. Электронды төлем жүйесі болсын, өзгесі болсын – бәрі де желіде. Көптеген үлкен компа­нияның бөлімшелері әр түрлі мемлекетте орналасқан. Олар да бір-бірімен желі арқылы жұмыс істейді. Осындайда кім арнайы қазақ кирилл әліпбиін компьютер баспасынан іздеп жатады? Бұл біздің тіліміздің қолданысын тарылтады. Біз латын әліпбиіне көшеміз деп жүргенде желілердің бәрі орысша жасалып кетті. Енді бізге нағыз әмбебап  құрал  керек болады. Әрине, латын әліпбиіне көшуді қолда­майтын адамдар да бар,  тіпті өз қазағымызда да көп шығар. Алайда, оларға назар аударатын уақыт жоқ.

1993 жылы Щучинск қаласының «Тұран» банкісінде жұмыс істеп жүріп, «Операционный день банка» бағдарламасын қазақшаға  аударғаным бар.  Аударғанның нәтижесінде бағдарлама қазақша жұмыс істеп, ал орысша тек синхрондық аударма ретінде қызмет атқарды. Мен оны бүкіл елімізге үлгі ретінде таратқым келді. Бірақ бұл бағдарламада құжаттарды принтерге шығарар кезде, принтер атша шапшып, тыңдамады. Зерттей келе, біздің қазақ кирилл әліппесінің драйвері (подпрограмма) мүлдем жүйеге келмейтінін анықтадым. Оны жөнге қою уақытты талап етті. Негізгі жұмысымнан ауытқығаным бастықтарға ұнамады. Бастығым: «Пускай казахским языком занимается Назарбаев» деп, жұмыстан қуды.

Сол сияқты, авторлық куәлікті алуым да күш болды. Патент беретін компьютер зерттеушілері қазақша білмесе де, АВСnet  әліппесінің қажеттілігін түсініп, құжаттарымды жоғалтып жіберді. Әйтеуір бір жылдан кейін мен оны қайтадан көтеріп, патент алуға тырыстым. Қолыма тиісімен сол кездегі Тіл комитетінің төрағасы Сұлтан Оразалинов мырзаға ойымды жеткіздім.

1997 жылы АВСnet  әліппесінің бірінші нұсқасына ұқсас әліппе Өзбекстанда қолданыс тапты. Бірақ  әліппені қолдану көп кедергілер тудырды.  АВСnet  әліппесінің шикілігіндей, ол әліппеде де сондай тиімсіз жақтары болды. Өзбек ағайындарымыз әліппеге өзгерістер енгізеді деп сенемін, қазір олар оған тиісті дәрежеде көңіл аудармай отырған тәрізді.

Елбасының латын графикасындағы қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасына қол қоюы көп ой-пікір тудырып отыр. Бұл әліппе Интернет саласына  мүлдем тиімсіз, оған тиісінше түзетулер жасап, реформаны жеделдету керек.

АВСnet жобасы бойынша бұл жұмыс білім жүйесінде тез арада басталуы керек.  Оған қоса, әсіресе, жаңа технологияларды жедел түрде қолға алуымыз қажет. Қағаз жағына байланып, тағы да қағазбастылыққа салынып кетуге болмайды. Бәрі интернет технологиялары, веб-сайттар арқылы электрондық түрде жүзеге асуы керек.

Ең тиімді жолы – кітаптарды латынша басудан бұрын, біз білім жүйесіне мемлекеттік қордан әр оқушыға іTab (планшет) сатып әпергеніміз жөн. Бұл жаңалық емес, себебі бұл іс сонау дамыған мемлекеттерден басталған. Бұл істі Грузия мен Балтық мемлекеттері білім жүйесінде қайталады. Сол сияқты, газет-журналдардың веб-сайттарын латынша жаза бастау керек, ал латынша қосымша қағаз нұсқасының 50 пайызын латын әріпінде шығара беруге болады. Мемлекеттік басылымдар жедел түрде латынға көше бергені дұрыс.

Ұсынып отырған нұсқаның атын «желі әліппесі» деп қойдым. Неге десеңіз, Енглишшеден аударғанда net – желі, ал  АВС – әліппе дегенді білдіреді. Бүгінгі күніміз, бір өміріміздің өзі «желіге» айналып барады. Тіпті, қазірден бастап жұмыс істей беруге болады. Ең бірінші  бізге  екі әріптік qz домен мен үш әріптік qaz домені қажет. Бұл Қазақстан интернет аумағын айрықша көрсететін домендер, олар қазір бос. Бірақ оған алдымен біз Қазақстанды Qazaqstan деп Біріккен Ұлттар Ұйымында өзгертуіміз қажет. Ал  операциялық жүйелеріне қабылданатын әліппеге  қазақ код парағын кіргізуіміз керек.

1995 жылы латын жазуын үйрету туралы Бурабайда орыс тіліндегі мектепте эксперимент жасаған болатынмын. Сонда үш-ақ сағат ішінде балалар үйреніп алды. Байқаған болсаңыз, бірнеше айда, бір айда, тіпті бір апта ішінде «шет тілін үйретеміз» дейтін курстардың жарнамалары шығып жатады. Оның қасында өз тіліңдегі тек өзгеріске түскен бейнелеу таңбасын үйрену қиын болмайды.

Бұл жерде Google translatіon секілді ауқымды бағдарламаларды жедел түрде қазақшалауға тура келеді. Себебі, оларды қолдану кең тараған. Оларды қолданатын қазақ жастарының бәрі орысша әріптерді қолданады. Бұны өзгертпей болмайды. Операциялық жүйелер ағылшын тілінде болуы керек. Бізде керісінше Wіndows жүйесі  Қазақстанда  орыс тілінде. Сонда оның орыс тілінде жұмыс істеуін кім бекітіп қойған?..

Бүгінде ел арасында түрлі пікір бар. «Бұрынғы жазылған маңызды жазбаларымызды қалай аударамыз? Бұл уақыт пен қаржыны қажет етеді» дейді. Бұндай құжаттарды аударуға уақыт кетпейді, қаражаттық шығындар да ел ойлағандай ауыр болмайды. Себебі, қазір 90-жылдардан бергі көптеген маңызды құжаттар мен кітаптардың электронды нұсқалары бар. Ал қағаз нұсқаларындағы кітаптарды аудару үшін де жеңілдік көп. Қазір мәтінтанушы бағдарламалар бар. Қағаздағы мәтінді электронды нұсқаға аудара алады.

Біз үшін қаражат кедергі емес, керісінше латын жазуына ертерек көшпегеніміз ғана кедергі болады. Себебі, уақытты созған сайын қаражаттың сұранысы өсе береді. Бұрын экономикамызды көтеру, басқа да толып жатқан істерді қолға алу керек болды. Құдайға шүкір, қазір жағдайымыз ол кездегіден жақсырақ. Сондықтан келесі жылдарға қалдырмай, жедел қабылдасақ, «тарихтың шаңына көміліп қалмаспыз».

Бұл орайда теріс пікірлер де болып жатқаны рас. Тіпті бұны стратегиялық қателікке балап жатқандар да бар. Бірақ олардың пікірімен санасудың қажеті жоқ. Керек десеңіз, орыстардың өзі латын жазуына көшудің жоспарын, нұсқасын 1968 жылы жасап қойған. Бүкіл Интернет саласы орысша латын әліпбиімен жұмыс істей алады. Тіпті, біздің Астананың картасы да орысша латын әліппесімен жұмыс істеп жатыр. Интернет Роботтар латынша-орысша жұмыс істей береді. Біз айтып отырған ауқымды бағдарламаларға олар латын жазуындағы нұсқасын әлдеқашан енгізіп қойған.

Әліппе жөнінде айтарым, бізге қазір академиялық әліппе керек емес, халықтық әліппе керек. Әріптер тек тілді бейнелей алатын аспап секілді болуы керек. Мысалы, ағылшын (тікелей аударсақ Енглиш деп атауымыз керек)тілін айтар болсаңыз, 26 әріп арқылы елуге жуық оқылу дыбысын бейнелеп тұр. Қолданыста бар, қолдану құны бар дыбыстарды ғана қалдырып, грамматикалық жаңарту жасауға да болады. Ең маңыздысы – қазақ тіліне қызмет ете алатын, қазақ тіліндегі дыбыстарды толықтай бейнелеп бере алатын болуы керек. Грамматикалық қайшылықтар тудырмаса болғаны, ортақ нұсқа табу да қиын емес.  Мысалы, қазір Қазақстан транзит мемлекетіне айналып барады. Сонда бізге ең танымал, сүйкімді, үш тілді бір-ақ қамтитын әліппе қажет деп ойлаймын. Иванов, Петров, Сидоров, Мыржықбаев, Қошқарбаев құжаттарда бір стандартпен басылуы тиіс. Мысалы, Іvanov, Petrov, Sіdorov, Myrjyqbayev, Qoshqarbayev. Бұл дегеніміз деректер банкісінде, кез-келген құжаттарда, банк карточкасында, теміржол билеттерінде латынша жазылған фамилиялар ешқандай басқа тілде жазуды қажет етпейді дегенді білдіреді және шет  ел азаматтарының да аты-жөнін жазу оңай болады. Біз латын әліппесімен енглиш және орыс тілінің ықпалын азайтып, қазақ тілінің негізгі мәнін жоғалтпаймыз. Қажет болса бұл сөздер (фамилиялар) бастапқы қалпында бүкіл әлемдік қолданысқа ене береді. Енді транзиттік мемлекет ретінде жол саласын айтсам, бүкіл жол белгілерін латын әліппесімен басатын болсақ, үш тілде қайталаудың қажеті болмайды. Бұл үлкен экономикалық ұтым емес пе? Мысалы, Астанадан Қостанайға шыққанда үш тілде жазылған үлкен жол белгісін кездестіресіз. «Екатеринбург  Екатеринбург  Ekaterіnburg». Бұл бір жағынан күлкілі және шығын. Латынша бір ғана Ekaterіnburg десек, қазағың да, орысың да, шет ел азаматың да түсінетіні анық.

Естеріңізде шығар, ел егемендігінің алғашқы жылдары академик Әбдуәли Қайдар бастаған бір топ ғалым латын әліпбиіне өту туралы Президентке хат жазған болатын. «…Ғылыми ортадан бөлек, латынға оралуды журналистер қауымы саяси шешімді күтіп отырмай-ақ ерте бастан бастап кетті. Нәтижесінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттері, «ҚазАқпарат», Bnews ақпарат агенттіктері және басқалары мәтіндерінің латынша нұсқасын көп жылдан бері тиімді жүргізіп келеді…».

Иә, шынында, журналистер қауымы латынға оралуды бастап кеткен, бірақ қателесті. Мен бұл істі алғашқы күннен зерттеп келемін. Менің ойымша, бұл әліппе Сусанин жолдастың ісіне ұқсайды ма деп ойлаймын. Себебі, жоғарыда сөз болған басылымдардағы  сілтемелер  тек автоматтық түрде ғана жұмыс істейді, сол себептен бұнымен қолданып жатқандар бар ма,  жоқ па ешкім керек қылмаған әрі қолданысқа тиімсіз. Осы тұрғыда туындаған сұрақтарыма ешкімнен нақты жауап ала алмадым.

Қосымша айтарым, жалғыз бұлар емес тіпті кезінде Үкіметтің сайты www.government.kz  те осы латынмен  латын сілтемесінде жұмыс істеді.

Ең өкініштісі – бұл іс бізді қайда апарар екендігіне ешкімнің назар аудармайтындығы. Бұл түркі тілдес халықтардың ортақ әліппесі деп, біреулер итермелеп жатқан шығар, бірақ біздің жағдай ерекше. Мені алаңдататыны, орыс тілді латын әліппесінің керемет жұмыс істейтіні. Сапа жағынан да, қолдану жағынан да тиімді. Сонда қазақ тілінің ертеңгі күні не болмақ?  Тағы тығырыққа тіреліп, басымыз қатып жүрмей ме?

Ауруын жасырған өледі, ал оны сезбеген сеспей қатады! Ұсынып отырған ABCnet әліппем АҚШ-тық Әлемдік клавиатураға   (keyboard)  бейімделген. Сол себептен кез-келген символды ($, ?, Ө, @, &, т.с.с. )  басып шығару қиынға түспейді және ол автоматты түрде емес, тәжірибе түрінде талапқа сай қолдануға болатын әліппе. Әсіресе, біздің Қазақстандағы тіл туралы Заңды  ескере отырып жасалған.

2001 жылы бұл әліппені мен Білім және ғылым министрлігіне ABCnet жоба ретінде ұсынғанмын. Бұл жобаның маңыздылығы неде дерсіз, Интернеттегі сауатсыздықты жоюда! Бірақ 2002 жылы әлдебіреулердің  кесірінен мен тендерден өте алмадым. Бұл жоба сол  2001 жылдан  бері Ғаламторда өз мезгілін күтіп тұр!

Латыншаға 26 жыл бойы көшейік пе, көшпейік пе деп жүргенде, орыс тілі біздің бүкіл экономикамызды жаулап алды. Жаулап алғаны соншама, тіпті ағылшын тілі де біздің экономикамызға жол таба алмай қалды. Ол дегеніміз – шет елден келетін бағдарламалардың Қазақстанда орыс тілінде жұмыс істейтіні. Сонымен қатар, қазіргі кезде мобильдік бағдарламалар ( іn Drіver, Uber,  т.с.с. ), әсіресе халықтың өзекті мәселелерін шешетін порталдар (kolesa.kz,  krіsha.kz, olx.kz, t.s.s.)  орысша. Осылардың қазақшасын қалай шешеміз? Ең қызығы, осыны біле тұра, көре тұра, қолдана тұра, қазақ тілінің келешегін түсінбеу қатты алаңдатады. Кейбір лауазымды адамдар латын әліппесіне көшсек, онда Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері де латыншаға көшуі тиіс деген мәселе көтереді. Бұл не себептен? Біз өзімізді жөндеп алайықшы, ағайын, тек сосын басқаларға үлгі болайық.

Әлемді билейтін стандарт пен сапа, сол себептен осы АВСnet (эй-би-си нет) әліппесін оқырмандарға сынау үшін де, мақтау үшін де, өз пікірлерін қосу үшін де ұсынып отырмын. Керек материалдармен www.abcnet.kz, www.astana.tv сайттары арқылы да, youtube  арқылы да таныса алсыздар.

Жанат АЙМАҒАНОВ,

Ғарыштық байланыс инженері

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329