Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 6128 33 пікір 24 Қаңтар, 2018 сағат 13:18

26 жылда бүкіл қазақ ұлтсыздандыру саясатының құрбанына айналды ма?

Әнеу бір жылдары баспасөз бетінде «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мәтел жиі қолданылатын. Ақылымыз кеш кіретін жұртпыз ба, қайдам, сол мақал ол заманда қазақты жаны да, тәні де сау, салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеп шығаратын озық та үздік, салт-дәстүрлерінен айыру үшін жиі қолданылғанын енді-енді ғана ұғынып жүрміз. Оның есесіне сол киелі үрдістеріміздің орнына қазақты ұлтсыз-интернационалистікке, көзжұмбай кеңесшілдікке, әйелдері мен қыздарын еркек сыйламауға, көргенсіздікке тәрбиелеуге арналған мейрам, мереке дегеннің түр-түрі бар болатын.

КСРО құлаған бойда көршілес, қазақ пен тілі бір, діні бір, үрдіс-дәстүрлері ұқсас республикалар сол мейрамдардың «Жеңіс-күні», «8 март-әйелдер күні» сияқты басқа да түрлерінен бірден бас тартты.

Керісінше, бүгінде Қазақстан бірыңғай қисапсыз мейрамдардың, қысы-жазы, күндіз-түні өткізілетінін той-думанның еліне айналдырылды. Бұның аржағында кейбір жоғарыдағылардың халықтың ой-санасын ең басты әлеуметтік, мемлекеттік мәселелерден басқа жаққа бұрып, қарын тоқтығы мен киім бүтіндігінен өзгені ойлауға қабілетсіз тойшы, думаншы қара тобырға айналдыру саясаты жатқанын екінің бірі түсіне бермейді.

Қарап отырсаңыз, мына тұрған Өзбекстанда бір жылда бар болғаны «Тәуелсіздік (мустахиллик) мейрамы», «Құрбан айт», «Наурыз мейрамы» сияқты 3-4 қана мемлекеттік деңгейдегі мейрам бар екен. Ал Қазақстанда ше? Қазақстанда бір жылда болатын мейрамның ұзын саны 30-дан асып жығылады.

Қайран қазекемнің кей жағдайда іске шорқақ болса да ой тереңдігі сұмдық тұңғиық қой. Оның «Арсыз жұртқа күнде мейрам, күнде той» деген қанатты сөзінің өзі неге тұрады. Ол аз болса, бұл орайда ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» деп ащы мысқыл тастайды. Шынында да біз соңғы 26 жылда шет-шек, ынсап-қанағат деген ұғымдардан рабайсыз аттап, барып тұрған даңғой, дарақы, ерсі, үлкен-кішісі  жәркелеш думанқұмар ұлтқа айналып, көршілеріміздің мазағына қалған жоқпыз ба деп ойлайтын күн туды. Кейбір әсіре ұлтсүйгіштердің талағы тарс айрылса да айтайық, қазақтардың «Рождество Христово» мен 8-Наурыз, яғни, әйелдер мейрамы күні дегенді әлі де мемлекеттік дәрежеде атап өтетінін күлкі қылатын көрші өзбек, тәжік, түркімен жұртшылығы Қазақстанда «Валентин күні» деген азғындық мейрамды қазақтың ұл-қыздары дүркіретіп өткізетінін, солардың телеарналардан көрсетіліп жататынын көргенде қазақтар туралы айтқан сөзін айтуға да аузың бармайды.

Иә, «Валентин күні» дегеннің қайдан, қалай, кім ойлап тапқаны туралы тарихы талай айтылды. Бұл мейрамсымақ өзінің дінін, ата-бабасының салтын, үрдістерін, дәстүрлерін, тілін сыйлайтын, аз да болса ұлттық санасы, ұлттық намысы бар, өзін мұсылманмын дейтін ұлт үшін ең азғындық мейрам екені көрініп-ақ тұр.

Бұл «Валентин күні» бойынша сол күні, сол түні ер балалар мен қыздар ойына келгенін істеуіне болады деген қағида Қазақстанда емін-еркін сайран салады. Базарлар мен көшелерде гүлсауда, қағаздан жасалған жүрек саудасы қазандай қайнайды. Бірін-бірі құттықтап, құшақтасып, көшенің қақ ортасында ерінге-ерін жабысып сүйісіп тұрған қазақ ұл-қыздары. Оны айтасыз-ау, қазақтың жасы егде тартқан еркектері мен қатын-қалаштары бірін-бірі жаңа көргендей қауқылдасып, құттықтап жатқанын көргенде неткен санасыз, намыссыз едік деп өз ұлтыңнан өзің безіп кеткің келеді екен. Бұл түні талай-талай үріп ауызға салғандай әлі шіп-шикі қыздарымыз бен ұлдарымыз төсектес болып жататынын да жасыруға болмайды. Жоғарыдағы «европизированный», «глобализованный», «цивилизованный боламыз» деп ұрандатып жүретін «горлопан», бержақтағы соларға ерген итаршы «крикундарды» қойшы, сол қыздар мен ұлдардың ата-аналары қайда қарап отыр десейші. Әлде 26 жыл ішінде бүкіл қазақ ұлтсыздандыру саясатының құрбанына айналды ма? Бірақ, «е-е, мемлекетіңнің өзін «бұл тек қазақатың елі емес, бәріне ортақ ел», «орысқа қазақша жауап берсең, жауапқа тартылып, жұмыстан шығарыласың» деп, бүкіл жиын, мәжілістерін орысша өткізетіндер басқарып отырғанда қазақ байғұстың не кінәсі бар?!» дейсің тағы да. Әйтпесе, өз елінде ана тілін,  ең биік төрге шығарып бірі: «Бұл ең әуелі өзбек мемлекеті», десе екіншісі «Түркіменстанда ең әуелі түркімен ұлтының жағдайын жасауға көңіл бөлінуі керек» дейтін ұлтшыл ерлер басқарып отырған елдерде «Валентин күні», «Татьяна күні» дегендерді тойламақ түгіл, оны тойлап жүргендердің өзі жауапқа тартылады. Біз кім болдық, неге (кешіріңіз, кімге) айналып барамыз.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019