Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дабыл 4282 14 пікір 9 Ақпан, 2018 сағат 18:03

Назарбаев Сағынтаевтың баяндамасын "самокритика" жоқ деп сынады

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен кеңейтілген Үкімет отырысы өтті. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы баяндама жасап, Жолдаудың қалай орындалып жатқаны жайында мәліметтер берді. Президент Бақытжан Сағынтаевтан «соңғы Жолдауды орындау бойынша не істедіңдер?» - деп сұрады.

«Соңғы Жолдау нәтижесі бойынша Үкіметте жалпы ұлттық бағдарлама қабылданды. Сала-сала бойынша көрсетілген 10 міндетке сәйкес әр министрлікке тапсырмалар берілді. Индикаторлар қойылды. Жылдың соңына дейін тапсырмалар орындалатын болады», - деп жауап берді Бақытжан Сағынтаев.

Мемлекет басшысы премьер-министрдің баяндамасына «жақсы баяндадың, бірақ самокритика жоқ» деп баға берді.

Кейбір әкімдер «Рухани жаңғыруды» бұрмалап жатыр

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қалай орындалып жатқанын айтып, бірқатар өңірді сынға алды.

«Бірқатар өңір «Рухани жаңғыруға» қатысты жұмыстарымен тыңғылықты айналысуда. Халықтың көпшілігі бағдарламаны жақсы қабылдағанын білеміз. Ал кейбір әкімдіктер күнделікті өздерінің жұмыстарын «Рухани жаңғыру» аясында атқарып жатырмыз деп жариялайды. Мысалы, жыл сайынғы мерекелік жарыстарды, фестивальдерді, спорттық шараларды «Рухани жаңғыруға» жатқыза салады», - деп тоқталды Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы бағдарламаға қатысты бұндай мәлімдемелер таза бұрмалау екенін әрі «Рухани жаңғырудың» мәртебесіне нұқсан келтіретінін атап өтті.

«Түкке тұрмайтын нысандарды, баяғы құлап қалған қабірлерді, мазарларды алып келеді де «мынау сакральді орын» деп айтады. Теледидардан көрдім. Ол Оңтүстік Қазақстан облысында ғой деймін. Қаратаудың басында баяғыдан бері ағып жатқан сарқыраманы бірнеше адам барып келіп, түсіріп «Мынау Қазақстанның сакральді участогі» дейді. Біз оларға облыстан бірнәрсе тап деп отырған жоқпыз ғой. Жоқ болса жоқ, бар нәрсені айтып отырмыз. Сондықтан өз мүмкіндіктерін іске асырмай отырған облыстар бар. Мысалы, СҚО, Маңғыстау, Павлодар облыстары. Қоғамдық сананы жаңғырту деген бір жылмен ғана шектелмейтін мәселе. Көп жыл жұмыс істейді. Жаңа тәсілді талап ететін жұмыс. Бір жылда шешіп тастаймыз деп мақсат қойып отырған жоқпыз. Солай ғой?»

Елбасы дегенмен өзінің мүмкіндіктерін іске асырмай отырған облыстар бар екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарында жұмыстардың белсенді жүргізілуі керектігін тапсырды.

Жеңіс Қасымбек қайда қарап отыр?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысын да сынға алды.

«Құқық қорғау органдары «ҚазАвтоЖолдың» барлық  басшылығын қамауға алды. Ішінде аймақтық филиалдардың жетекшілері де бар. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Осының өзі қаржыны тиімді игеру және жол сапасы бойынша үлкен кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр. Жеңіс Қасымбек (Инвестициялар және даму министрі - ред.) сонда қайда қарады? Не болды? «ҚазАвтоЖолдың» бәрі ұры болып шықты ма?», - деп сұрады Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Министр Жеңіс Қасымбек «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің қозғалғанын жеткізді. Осы орайда, Президент нормативтерді өзгерту қажеттілігіне тоқталды.

«Жұмысты орындағанда біз нормативке қараймыз. Қазіргі норматив ескірді. Жолдың сапасына баса назар аудару қажет. Әйтпесе, нормативпен салады, нормативпен ақша алады. Мемлекетте ақша көбейсе, тәбеттері де ашылады. Министрлік не үшін керек? Мемлекеттік қаржының жұмсалуын қадағалауы қажет. Бұл - сенің (Жеңіс Қасымбектің - ред) жұмысыңдағы кемшілік», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, соңғы үш жылда автомобиль жолдарын құрылысына бюджеттен 630 млрд теңге бөлінген.

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев Қаржы министріне мемлекеттік қарызды азайтуды тапсырды.

Қаржы қайда құйылып жатыр? Бюджетке ме, әлде Ұлттық қорға ма?  

Мемлекет басшысы жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа аталған бағыттағы жұмыстарды бақылауға алуды жүктеді.

"Мемлекеттік қарызды бір деңгейде ұстау керек. Ұлғайтпай, керісінше қалай кемітуді ойластырып отыру керек. Әр түрлі жағдайлар болады, сондықтан кең болуға тиіспіз. Қажет кезде қарыз алатын мүмкіншілік болуы қажет. Кейінгі кезде біз құрылысқа, жолдарға, үй салуға көбірек алып жібердік",  — деген президент премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа қаржыны бақылауға алуды тасырды.

Отырыста қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендіру барысын баяндады. Өткен жылы 289 объектінің 190-ы 108 миллиард теңгеге сатылған.

"Қаржыны бюджетке ме, әлде Ұлттық қорға жіберіп жатырсыздар ма?", — деп сұрады Назарбаев.

"Ұлттық қорға 7,4 миллиард теңге салдық. Биылғы жылы екі айдың ішінде 7,3 миллиард теңге жіберілетін болады. Бұл былтыр желтоқсанда сатылған объектілерден түскен қаражат", — деп жауап берген министрге мемлекет басшысы мұның дұрыстығын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен ел Үкіметінің кеңейтілген мәжілісі өтті.   Отырыс барысында Үкімет басшысының, бірқатар министрлердің, облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052