Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Тұлға 5479 3 пікір 12 Ақпан, 2018 сағат 09:09

Полковник - Бауыржан Нөгербек

Соғыстан кейін бұл есім көп болды. Жұрт біткеннің барлығы ұлды болса – Бауыржандай батыр, Бауыржандай ержүрек, даңқты... аты аңызға айналған қаһарман болса екен деген... Шүкір бүгінде ел ішінде Бауыржандар баршылық... Рамазан да шақалағының атын ырымдап Бауыржан деп атаған...

Бауыржан Нөгербек - Ұлытаудың тумасы. Әкесі Рамазан соғыстан кейінгі қиындық, жоқшылық, тапшылық кездерде Жезқазған қаласындағы тігін фабрикасында бөлім басшысы болды. Ер-азаматтардың көбі соғысқа кетіп, оралмаған, қайтқандары – мүгедек, бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ, үстеріндегі гимнастеркаларын әлі шешпей жүрген кезi еді бұл... Ел іші жүдеу... Ашаршылық, репрессия, соғыс... бірінен соң бірі кеп елі есеңгіреп қалған шақ еді бұл... Дей тұрғанмен... Ұлы Жеңіс ел көңілін көтерген... «Бұдан жаман күнде де тойға барғам» дейтін қазақтың соғыстан соң да тойы тарқамаған...

Жесір атанған келіншектер  күйеуі қайтыс боп, жетімдерін жетелеп жүріп өсірген әйелдер де бұндай той-жиыннан құр алақан емес-ті. Рамазан осындай бір отырыста Бауыржанның шешесімен кездескен... Бас қосқан...

Бауыржан Жезқазғанда қазақ мектебі болмағандықтан, орыс мектебіне барды. Алғыр, зерек болды. Класста да, көшеде де достарының алды болды. Бірте-бірте келе-келе Бауыржан – Борис болды. Мектепте де, көшеде де Бауыржанды Борис деген... Ол кезде опера театры тек Алматыда, драма театрлары да бас шаһарда. Ал, облыс орталықтары, кішігірім қалаларда тек кинотеатрлар болатын... Ел-жұрттың көңіл көтеретін де, бас қосатын да, қыз-келіншектердің өздерінің тігіп-пішкен көйлектерін көрсететін де сол кинотеатр болатын... Қыз-жігіттің әке-шешеден сытылып, кездесетін орындары да сол кішкене ғимарат болатын. Кино – ғажап дүние ғой. Ішіне бір кіріп кетсең, ертегігі енгендей болатын...

Иә, киноның ол кездегі рөлі үлкен еді... Тым үлкен болатын... Көзі ашық Рамазан қолы қалт еткенде киноға барғыш еді... Және көбінде баласы Бауыржанды қасынан тастамайтын. Фильмнен соң екеуі үйге бірге қайтады. Кинодан алған әсерлерімен бөліседі. Қызыл-кеңірдек боп кейде әкесімен салғыласады. Содан соң ұйықтар алдында қиялдайтын... Әрбір көрген фильмдерін ой өзегінен өткізетін. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-шы жылдарды бұл елге үнді кинолары келе бастады. Бала қиялын бұл кинолар, бейтаныс әуен, өзге дүние, басқа дәстүр, әдет-ғұрып бала түйсігіне әлемде де басқа ел-жұрт бар екенін, олардың да өздеріндей жоқшылық, тапшылық, әділетсіздік бар екенін бала Бауыржан сол Радж Капурдың фильмдерінен ұға бастады. Ол туралы әкесі екеуі ұзақ сөйлескен. Бауыржан алғаш режиссер болуды армандады.

Мектеп бітіруге бір-екі жыл қалғанда кино жайлы жазылған мақала, болмаса актерлердің суреті болса, қиып алып, жинап қоятын. Бауыржан осылайша киноға бет бұрды. Алайда Бауыржан мектеп бітірген жылы оқуға бара алмады. Жезқазғандағы трикотаж фабрикасында бөлім бастығы болған Рамазан төсек тартып қалған... Үйдегі жалғыз бала... Амал не? Бауыржан әкесінің қасынан шыға алмады. Дүниедегі ең қиыны өзінің өзгелерден биіктігі біле тұра саптың соңында тұрғандай Бауыржан да қатты қиналған. Амал не?! Әкесін тастап кете алмады. Қинады. Ең болмаса қасында болып, көкесіне көмектесем деген.

Ел қатарлы оқуға барған жоқ. Өзімен бірге оқыған класстастары, Алматы, Қарағанды, тіпті біреулері Москва, Ленинград сияқты үлкен қалаларға кетті. Біреулері оқуға түсті, біреулері үлкен шаһарда жұмыста қалған. Ал Бауыржан сол тігін фабрикасына кіріп, жұмысшы боп істеді. Бірақ көңілдегі қиял бұғып жатқан бұлан күш... оған тыныштық бермеген... Өстіп жүргенде «Қазақфильмнің» хабарландыруын газеттен оқыған. Келер жылы жаз шыға Бауыржан Алматыға, қазіргі 8-март көшесіндегі «Қазақфильмге» келді. Бұл кезде Камал Смаилов «Қазақфильмнің» директоры кезі-тін. Кәлекең ол кезде үлкен-үлкен істер тындырып жатқан. Комсомолдан келген жас жігіт қыруар жұмыс бітірді. Және осы кезеңдерде әйгілі «Қыз-Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдері түсірілген еді... К.Смаилов Москвадағы ВГИК-ке баратын жастарға «сценарлық шеберхана» ашты. Яғни оқуға түсетін балаларға дайындық курсы еді. Оны алғаш «Қазақфильмнің» редакторы Лев Варшавский бастап, кейін Валерий Старков жалғастырған. Старков өзі киноның тарихын жақсы білетін редактор, оқыған-тоқығаны көп, білімді адам еді. Режиссер болам деп келген Бауыржанды Старков әрі-бері тыңдап, оның жазғандарын оқып-талдап, басқа ұсыныс білдірді. «Сенің ойлау-талдау, анализ жасау қабілетің жақсы екен. Сен одан да «кинотану» мамандығына барсаң қайтеді?» деген. Бауыржан келісе кетті. Сөйтіп барын салып дайындалған. Солай Бауыржан ВГИК-тің «кинотану» мамандығына түсті. Бұл кезде «Қазақфильмде» кәсіби киносыншылар жоқтың қасы-тын. Қазақ кино өнерінің тұңғыш сыншысы – Қабыш Сирановтың тасы өрге домалап тұрған шағы-тын. Старковтың ойы да осы еді... Ұлттық кадрлерді дайындау – ол кезде ауадай қажет болатын. Бір айта кететіні сол жылы Қазақстаннан жеті жігіт оқуға түскен.

Олар Максим Смагулов, Серік Райбаев, Сламбек Тауекел, Жәкен Дәненов, Болат Омаров, Сапар Сүлейменов және Бауыржан Нөгербеков еді. Бауыржан кинотанушы Нина Туманованың шеберханасына түсті. Студенттік жылдар ВГИК-тің жатақханасы, Москваның қызықты да шуақты күндері зу ете өте шықты. Әсіресе ұлағатты ұстазы Нина Петровна Туманова өте білімді, оқыған-тоқығаны мол кісі еді. Және ол Бауыржанды ерекше жақсы көрді. Мінезі ұяң, көп сөйлемейтін, сөйлесе әрдайым орнымен өз ойын нақты да дәл жеткізетін шәкіртінен үміт күтетін. Иә... Бауыржан ұстазының сенімін ақтады. «Қазақфильмге» келген соң, редакторлық жұмысқа кірді. Бұл кездері «қазақ мультипликациясының» аяққа тұрып, қаз-қаз басқан кезі-тін. «Қазақ мультипликациясының атасы» атанған Әмен Хайдаров жақсы ұйымдастырушы бола білді. Әсіресе, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі жарқ етіп ұшты. Фильм 1968 жылы Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда, 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлделер алып, жұлдызы жанған кезі еді бұл. Әмен ағамыз Москваға келіп ВГИК-тегі жастармен жолыққан. Себебі Әмен Хайдаровқа білімді, алғыр жастар керек еді. Әмен аға қателеспеді. Сол жылы экономфакты бітірген Сламбек Тауекел, Жәкен Дәненовты – суретші-мультипликатор, ал Бауыржанды редакторлық қызметке шақырған болатын... Өйткені Бауыржан дипломдық жұмысын Әмен Хайдаров айтқан – «қазақ мультипликациясының өсу жолы» тақырыбы бойынша қорғаған болатын. Сондықтан ол «Қазақфильмге»  келген соң редакторлық жұмысқа кірді. Бұл кез қазақ мультфильмінде Әмен ағадан басқа Флобер Мұқанов, Тамара Мұқанова, Ғани Қыстауов, Жәкен Дәненов, Сламбек Тауекел т.б. қызу жұмыс істеп жатқан шағы болатын. Бауыржан бұл жерде он бес шақты жыл қызмет атқарды. Тек мультфильмдердің ғана емес, «Қазақфильмдегі» көркем фильмдерінің де редакторы болды.

Талдықорған облыстық драма театрында актермін... ойнайтын рольдерім де, отбасым да, пәтерім де бар. Бірақ көңіл шіркін көк дөнен... Сахнаға сиятын түрім жоқ. Оның үстіне ол кезде облыстық «Октябрь туы», республикалық «Лениншіл жас» газеттеріне әңгіме, мақалам шыға бастаған жоқ. Аяқ астынан бір күні кілт бұзылдым. Москваға ВГИК-ке барсам дедім... Қысқасы шыққаны бар, шықпағаны бар әңгіме, новеллосымақ жазғандарымды «Қазақфильмге» жібергем... Арада 2-3 айдан соң Алматыға келсем менің әңгімелерім жайлы «сценарлық шеберханасының» жетекшісі Екатерина Васильевна Рубанович бүге-шүгесіне дейін қалдырмай айтып отыр... Сөйтсем менің жазғандарымды Бауыржан Нөгербек орысшаға аударған екен. Иә, осылай Бәукең осылай менің Мәскеу атануыма өз үлесін қосқан азамат болатын... Және оны мен кейін... көп кейін ғана білдім. Баукеңді көрген сайын ол кісіге деген құрмет, сыйластығым... Сол үшін «сізге рахмет» деп айтқызбады. Дұрысы, бірде «Бауке, баяғы менің әңгімелерімді орысшаға аударғаныңызға рахмет» дей бергенімде сөзімді бөлді. «Жарайды, қойшы оны» деген. Неткен қарапайымдылық, неткен сырбаздық, тектілік...

Бауыржанның қазақ мультипликациясы туралы жазған алғашқы кітабы 1984 жылы «Когда оживают сказки» деген атпен шықты. Және сол кітабы үшін Баукең «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының игері» де болды.

Жетпісінші жылдардың ортасында «қазақ телевизиясында» Жеңіс күніне арналған хабардан ұлы Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының бір сұхбатын көргенім бар. Баукең басы жалаң бас, бурыл шашын артқа қайырған, қасы мен мұрты тікірейген... Абайша айтқанда, қою мұрты аузына түскен, үстінде оюы бар, қазақы шапан... кішкене столдың үстінде сұхбат беріп отыр екен. Дауысы күркіреген күндей... Болмаса арыстанның ақырғаны іспетті. Баукең сөйлеп отыр. Бір кезде жұдырығымен столды бір періп қалғанда стакандағы су төгіліп кетті. Әлі көз алдымда. Ол орысша «я полковник в отставке, но не гражданин в отставке» деген... Сол сөз есімде қалып қойыпты. Алла Пугачеваның бір әні бар еді. Сонда сөз бар. «Настоящий полковник» деген... Иә, Баукең нағыз полковник еді-ау.

Бауыржан «Қазақфильмдегі» редакторлықтан соң Қазақстан Киноматографтар одағында екінші хатшы болып ұзақ істеді. Содан соң ғылым академиясында, кейін Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызметке ауысқан.

1991 жылы Ұлы империя КСРО құлағанда жылағандардан қуанғандар көп болды. Тәуелсіздікпен бірге экономикалық кризис, саяси даңдарыс, ақшаның құнсыздануы, тағы да басқа қиындықтар көп болды. Соның бірі Ресей енді басқа республикалардың азаматтарын оқуға қабылдамады. Арман қуған жастардың тауы шағылды. Мен сол кезеңдерде Алматыдағы театр және  көркемсурет инситутына басшы боп келдім. Осы шақта Бауыржан бізде проректор боп қызмет атқаратын. Біздің болашағымыз үшін өзімізде бұрын болмаған, тек Москва, Ленинград сияқты үлкен қалаларда ғана оқытатын жаңа мамандарды дайындау керек еді. Сол жаңадан ашылған он үш  мамандықтың бірі – ол кинотану болып еді. Бауыржан осы іске бар ынтасымен, күш-қайратымен кіріскен. Шындап келгенде Бауыржан Нөгербек - Тәуелсіз еліміздегі кинотану мамандығының іргетасын қалаушы. Бірден бір соның авторы. Бауыржанның алғашқы шәкірттерінің алды бүгінде елімізге, руханиятымызға білгілі тұлғаларға айналды.

Олар: Гүлжан Наурызбекова, Назира Мұқышева, Гүлнар Мүрсәлімова, Бақыт Құтпанбаев, Нұрбол Алманов, Берік Уәли, Әсел Сәрсенбекова, Самал Есенбаева, Толқын Қожахметова.

Бауыржан Нөгербек сөзге көп араласа қоймайтын, жымиып қана отырып күлгенде өзіне ғана жарасқан шоқша сақалы селкілдеп, мәз болғанда көзі жұмыла кететін.

2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айжан Мусаходжаеваның шақыртуымен Баукең Астанаға келді. Айман Қожабекқызы өнер ордасын тек музыка мамандықтарынан тұратын университет емес, театр және кино, хореография мамандарын дайындайтын өнер ордасы жасайын деген... Алайда кадр мәселесі қашан да тапшы ғой. Осы орайда ректор Алматыдан белгілі сыншы Әшірбек Сығай, композитор Кеңес Дүйсекеев, кинотанушы Бауыржан Нөгербек сынды мамандарды шақыртты. Осы кезеңдерде университет ұшан-теңіз жұмыс атқарған... Жастарды жыл сайын осы мамандықтарға қабылдады. Бауыржан Нөгербектің бұл екінші тынысы ашылған шағы-тын. Және Астанадағы ұшан-теңіз шаралардан Баукең қалмайтын. Бір тоға, сырбаз, әр сөзінде, әр ойында үлкен адамгершілік, адамға деген үлкен сыйластық, кісіге деген құрмет - оның кредосы еді.

Бүгінде Баукеңнің 90 жасқа келген анасы Әніш апамыз Жезқазған қаласында, Бауыржанның тұңғыш ұлы Саттардың қолында. Бауыржанның отбасы түгел өнер ауылында тұрады десе де болады. Қызы Алтынай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы мемелекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы. Үлкен талант иесі. Ойнаған рольдері бірінен-бірі әсем, бірінен-бірі артық образдар сомдап жүр. Кинода да Алтынай үлкен биіктерге көтерілді. Басқасын айтпағанда, тек Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жолдағы» басты рөлі – қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс деуге болады. Ұлдары Сәкен Нөгербек те, Баубек Нөгербек те әке жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдаған.  Бірі Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, бірі Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірттер тәрбиелеуде. Олар да кинотанушы. Тіпті немересі Арайлым да кинотану мамандығын таңдаған.

Таудың биіктігі – ол алыстаған сыйын көрінетіні сияқты, уақыт өткен сайын қазақ өнерінің хас тұлпары Бауыржан Нөгербектің орны үңірейіп тұр. Өмірден өткеніне бір жыл боп қалды. Кейде кинопремьералардан көргенде құшақтасып, амандасып тұратын едік. Бүгінде таныс бейне көрінбейді. Мәңгілікке аттанған... Аттас ағасы Баукеңдердің дүниесіне өтіпті.  Кей-кейде еске Баукең-Бауыржан Момышұлы түседі. Нағыз полковник... Біздің Баукең,  Бауыржан Нөгербек те – өнердің, киноның полковнигі еді. Қазақ кинотану мектебінің полковнигі. Менің «Тыраулап ұшқан тырналар» деген спектаклімдегі полковник еске еріксіз түседі. Онда Полковник Лукьянов жас жауынгер Пернебек  Боранбаевты Сібірден – ит жеккеннен аман сақтап қалу үшін өзі қолбасшыға жүреді. Сол сәтте актер Т.Мейрамов қолын шекесіне қойып, «Честь имею» дейді. Баукең де сол аттас ағасындай қолын шекесіне тақап, «Честь имею» деген ғой. «Честь имею».  Осындайда мен де қолымды шекеме қойып, әскери адамша «Бауке, честь имею» дегім келеді. Честь имею, Бауке!

Талғат Теменов, Қазақстанның Халық артисі, профессор 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053