Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Сатира 11004 1 пікір 12 Ақпан, 2018 сағат 10:08

Жезде мен балдыз айтысы

Әмір мен Гүлнәр ұзақ жылдар бойы бір мекемеде қызмет істеді. Әмірдің әйелі мен Гүлнәр рулас болғандықтан Әмір мен Гүлнәр бірін-бірі  «жезде», «балдыз» деп әзілдесіп тұрады. Әзілдескенде де кейде тіпті қатты кететін кездері бар. Бірақ оған ешқайсы да ренжімейді. Әмір 70-ке дейін қызмет істеп, жұмыстан кетсе де, «туған» мекемесіне ара-тұра келіп тұрады. Гүлнәр болса 40-та, қызмет істейді. Бойдақ. Екеуінің де өлең жазатыны бар.

Бүгін де Әмір «өз» мекемесіне кіріп, дәлізбен келе жатыр еді, ашық тұрған есіктен Гүлнәрдің «жезде» деп айқай салған дауысын естиді. Кабинетте заты әйел екі адам отыр екен.

— Жезде, апам қалай? — дейді Гүлнәр көзі ойнақшып.

Сонда Әмір сәл үнсіз отырып, былай дейді:

Мен сені баяғыдан балдыз деймін,

Жетеді саған сірә қай қыз деймін.

Апаң қартайып, қасына жолатпайды,

Жездең қалай жатады жалғыз деймін,

Осыны бір ойлашы балдыз деймін.

Отырғандар ду күледі. Әмір кабинеттен шығып кетеді. Бір сағаттай жігіттермен әңгімелесіп, қайтып келе жатқанында «жезде» деп айқайлаған Гүлнәрдің дауысы тағы естіледі. Кабинетке кірген Әмірге Гүлнәр былай дейді:

Мен сені баяғыдан жезде деймін,

Қыз іздеп, көшелерді кезбе деймін.

Айтқанын балдызыңның тыңдамасаң,

Қаларсың 70-іңде сөзге деймін.

— Ой, бәрекелді, балдыз, — деп қуанып қалған Әмір сәл үнсіздіктен кейін:

Бұл маған «тиыш жүр» деп тыйғаның ба,

Жоқ әлде басқаларға қимадың ба?

Қыз іздеп, көше кезіп қайтейін мен,

Балпанақтай балдызым тұрғанында, —

деп кабинеттен шығып кетеді.

 

Бір сағаттан кейін оның телефонына СМС келеді. Онда былай деп жазылған екен:

 

Жыланның құйрығын сен басып кеттің,

Жеңдім деп мені өзіңше тасып кеттің.

Бір шумақ өлеңіңді айта салып,

Жездеке, неге жылдам қашып кеттің?

 

Әмір аз ойланып отырып, оған СМС-пен былай деп жауап қайтарады:

 

Маңдайға тағдыр жазған бұйрықпенен,

Жақсы ғой басып жүрсең құйрық деген.

Жылан болып қайтесің, балдызым-ау,

Қорқытпа мені ондай «сұмдықпенен.

 

Айтыс СМС арқылы одан әрі қарай жалғасады.

 

Балдызы:

Үйде жатып, жездеке, ерігесің,

Жас жігіттей қиялға берілесің.

Қуарып, суалған шақ  жетпісіңде,

Неменеңе жетісіп, желігесің?

Жездесі:

Қуарып, суалдың деп табаладың,

«Асып-тасқан» көңіліме қарамадың.

Мен де бір ұрпағымын сексенінде,

Серілік құрған кеше бабалардың.

Балдызы:

Мықты болды ол рас бабаларым,

Оларға қалай кінә таға алармын.

Жас ет жеп, қымыз ішіп, серілік қылса,

Білген ғой, сірә өзінің шамаларын.

 

Қуарып, суалмай ма жетпісінде,

Арақ ішсе бүгінгі ағаларым.

Жездеке, «сау сиырдың» бірі емессің,

Сондықтан көңіліңе қарамадым.

Жездесі:

Бұл арақ көңіліңді лепіртеді,

Мақтаншақтың сау аузын көпіртеді.

Қуарған не 100 грамм ішке барса,

Қалт-құлт еткен шалды да «секіртеді».

 

Сұлуға сөз айтудан ұялмадым,

Жетпісте де өзімді тыя алмадым.

Қартайдың деп балдызжан табалама,

Сезіне алмай жүрмін ғой суалғаным.

Балдызы:

«Жан-жаққа» «шалабыңды» шашып болып,

Жетпісіңде жүрсің бе тасып-толып.

Бұл сиқыңмен, жездеке қалт-құлт етіп,

Сексеніңде жүрерсің ғашық болып.

 

Жездесі:

Ғашық қылсаң, балдызжан сексенімде,

Болады бар тілегің ескеруге.

«Қалт-құлт» еткен шағымда жездекеңнің,

Келіп тұр күш-қуатын тексеруге.

Балдызы:

«Сенемін», күш-қуатың тасқанына,

«Сенемін» сенен қарттық қашқанына.

Күте тұр, әлі «жастау» емессің бе,

Келермін керек қылсаң тоқсаныңда.

Жездесі:

«Сенім артып» күшімнің тасқанына,

Ризамын тағы он жыл қосқаныңа.

Көңілі «алып-ұшып», Жамбыл бабам,

Сұлуларға сөз айтқан тоқсаныңда.

 

Он жыл деген немене, о, тәйірі,

Өте шығар зырылдап, қас-қағымда.

Кемпір болмай, құлпырған қыздай боп кел,

Он жыл бойы сағынып, тосқанымда.

Балдызы:

Құп болады, жездеке, тілегіңіз,

Шамасы асыл шығар сүйегіңіз.

Өліп-өшіп барасыз бозбаладай,

Басыңызшы аптығын жүрегіңіз.

 

Қыз дегенде желігіп жетпісінде,

Жемтік көрген қырандай түледіңіз.

«Қалт-құлт» етіп сексенге келгенімде,

Ғашық қыл деп балдыздан тіледіңіз.

 

Сағынып, сарғайған кез тоқсаныңда,

Мойныңызға оралар білегіміз.

Балқып-шалқып, бал айын өткізерміз,

«Алжып» егер кетпесе «шүмегіңіз».

Осыменен айтысты аяқтаймын

Үзілмесін ешқашан күдеріңіз.

Жездесі:

Балдызжан, үзбеймін еш күдерімді,

Қайрадың жетпістегі жігерімді.

Өзің айтқан қырандай «қиқулатып»,

Сезіп ем түбінде бір ілерімді.

 

Сағынтып, тоқсаныңда келемін деп,

Жібердің нұрға бөлеп жүрегімді.

Бұрқыратып исіңді құлпырып кел,

Жоғалтпай қырықтағы реңіңді.

 

Назданып, жездеке деп «көзің сүзсең»,

Үзермін жүрек тулап, «жүгенімді»...

Тоқсанның отына орап күйдіргенде,

Білмессің жыларың не күлеріңді.

Балқып-шалқыр бал айын аңсап жүрсең,

Құдайым қабыл қылсың тілегіңді.

 

Дамир Әбішев

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053