Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 4811 21 пікір 13 Ақпан, 2018 сағат 12:00

Бақауовтың баспасөзі жалған ақпар берген бе? Руза Бейсенбайтегінің шындығы

Құрметті Abai.kz ақпараттық порталың оқырмандары! Порталымызда Шәріпхан Қайсар есімді журналистің  "Бақауов Ел мен Елбасының сенімін ақтай алды ма?" атты мақаласы 8-ақпан күні жария болған еді. Мақала әжептәуір оқылды, ондағы жазылған материалдың мазмұны қызу талқыланды.

Сөйтіп, Павлодар облысының  әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауовтың баспасөз қызметі аталған мақалаға терістеме берген болатын. Біз Бақауов мырзаның баспасөзі ұсынған терістемені порталымызда жарияладық. Терістеме талқысы да қызу болды.

Бүгін редакциямызға Тіл жанашыры, қоғам белсендісі, Керекудегі Руза Бейсенбайтегі хабарласып, аталған даулы мақалаға үн қосуды жөн көргенін айтты. Айтары бар екен. Болат Бақауов мырзаның баспасөзі таратқан өзі жайлы ақпараттың шындыққа сай келмейтінін айтты.


Құрметті Abai.kz порталы, оқырман қауым! Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі мақаласы бойынша пікірім мынау:

«Сталиндік қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған жиында аймақ басшысы қазақ және орыс тілдерінде сөйледі».  Былтыр, тастардың жанындағы алғысөз, және гүл қою рәсімінде болғанымда, Б.Бокауовтың 1 минут қазақ тілінде, 4 минут орыс тілінде сөйлегені себепті , «неліктен сөйттіңіз, барлығы осыдан басталады ғой» деп айтқан сөздерімді және оның қай пиғылмен айтқаны белгісіз, «рахмет» деп айтқанын да өзімнің фейсбуктегі парақшама жазған болатынмын.

Ал жиынға келер болсақ, ондай жиынға мен сияқтылар шақырылмайды. Сондықтан, оның қалай өткенін білмеймін. Бірақ, телеарналарда берілетін орыс тілді бағдарламаларда әкімнің өзінің сөйлеп отырғанын, ал қазақтілді жаңалықтарда көбіне жорналшылардың сөзімен айтылатындығын көрген соң, «белгілі ғой» дедік.

«Қазақ тілі деп ауыздарыңды ашушы болмаңдар»

«Болат Жұмабекұлы Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына құран бағыштауға рұқсат берген жоқ дегеніне айтарымыз»: Б.Бакауов қала әкімі болып тұрған кезде, құран бағыштауға рұқсат бермей, жанында тұрған менің: «Қандай себептен, бұл зират басы да емес пе» дегеніме, жанындағы Нәйлә деген келіншекке (сол кезде ішкі саясат басшасы, қала), «түсіндіріп беріңізші» деп сілтей салған. Ол да «болмайды» деді. Сонда жағамызды ұстаған едік. Басқа адамдар да қасымызда тұрған. Аты есімде жоқ, сол жиында болған жерлесіміздің бұл туралы мақаласы Республикалық БАҚ-та жарық көрген. Іздеген адам ғаламтордан табады. Бәлкім сол кездегі мақала мен менің әулеметтік желіде және басқа жерлерде айтқан пікірімнің де септігі тиген болуы керек, қазір құран бағыштауға рұқсат бар. Сондықтан, әкімдер сын айтқандармен ұстаспай, осылай түзеліп отырса, оның несі жаман? Мәселені көтерген жорналшыларға, қоғамға, керісінше рахмет айту керек қой? Бұл, ойлаған адамға, әкімнің беделіне нұсқау келтіретін бір көріністен болса да арылуға сеп қой? Осы орайда айта кетейін,  кезінде Б.Сағынтаев әкім болып тұрған кезде, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығындағы Керекудегі тілдік жағдай» деген мақала шыққан, әкімнің портретімен. Көп салалар қамтылған болатын. Бас кінәлі облыс әкімі деген мағынада болды-ау деймін. 25 адамның қолы да болды. Қол жинаудың себебі, (жаңадан келген, Сағынтаевтың қатысы жоқ екенін нақтылы айта аламын), көп жылдар шегінде Рысты Магауияновна Жумабекованың: «Қазақ тілі деп ауыздарыңды ашушы болмаңдар» деген сөзі шегедей қағылып қалған. Оның үстіне орыс тілді кейбір мәңгүрт деңгейіндегі әкімдерден көз аша алмаған әкімшіліктің басшы қызметкерлерінің ісі деп ойлаймын. Маған бір жанашырымның: «Руза, сыни бірдеңе жазар болсаң, қолдарды ал, әйтпесе сені жынды деп көрсеткісі келетін адамдар баршылық» дегені сеп болған.

Мақалаға оралсақ, облыстық Ішкі саясат, орыс тілінен бір таймайтын Копеновтың (дұрыс атамасам, кешірім сұраймын) орынбасары, шақырып алып: «Бұл не деген сұмдық, әкімді қаралағаныңыз не?» дегеніне, менің: «Мында барлығы қамтылмаған, Сағынтаев әлі менен таяқ жейді» деген жауабымды, Сағынтаевқа жеткізген болуы керек, ол кісі мені қудаламады, керісінше барша басқарма басшыларын жинап алып, тілдің мәселесін көтергенінен білемін. Бірақ, біраздан кейін Астанаға кетті. Әрине, қазір Үкімет отырыстарын орысша өткізіп жүргеніне қатты наразымын. Және ұлтын сақтағысы келген әр қазақ наразы деп ойлаймын. Өйткені тілсіз-ұлттың жоқтығы аксиома.

«Руза Зәйкенқызы Бейсенбайтегімен болған жағдайға келетін болсақ, ол апайымыз трамвайда мемлекеттік тілде хабарландыру жасалмады деп дау шығарғанына қатысты оқиғаны түсіндіріп өтейік. Облыс орталығындағы, Екібастұз, Ақсу моноқалаларынадғы қоғамдық көліктердің бәрінде, трамвай немесе автобус болсын, аялдамалардың атаулары мен түрлі хабарландырулар автоматты түрде ек тілде хабарланады.

Руза Зәйкенқызы ұлты орыс кондукторға ана тілімізде сұрақ қойып, оған жауап алмаған соң трамвайдың алдына шығып тұрып алған. Жол кептелісін жасап, трамвай жолаушыларының ашу-ызасын тудырған Руза Бейсенбайтегін оқиға орнына трамвай жүргізушісі қоңырау шалғаннан кейін келген қалалық жергілікті полиция өкілдері екі тараптан түсініктеме алып, Руза Зәйкенқызының ісінде құқық бұзушылық құрамы жоқ деп тауып, оны босатып жібереді.»

Ой, ой, ой, кешіріңіздер, мүлде басқаша болған. Біріншіден, дау 80 пайыз жағдайда қазақ тіліне қарсы тараптан шығады. 20 пайызы тым өрескел жағдайда эмоцияны қосатындығымнан. Не тілге қатысты заңбұзушылықтарға алдында Конститутциядан бастап, қолданыстағы заңнамалықтарды алға тартып, бірнеше рет айтылып кеткен. Бірақ түзетілмеген жағдайларда: «Неге, қалай?» деп бастаймын.

Ойлаңыздаршы, қай өзбек, француз, эстон өз мемлекетінде бұлай жасайды? Орыс тілінің үстемдігіне көнеді?

Бұлардың мемлекеттері керісінше, баяғыда-ақ, өз тілінде толықанды өмір сүру жағдайын жасап қойған! Тілге қатысты жағдайлардың 40 пайызына дейінгісі әулеметтік желіге де, БАҚ-тарға да жете бермейді.. Көбінесе салым суға кетіп отырғандықтан, өзімді кейде алпауыт аждаһаның алдында құрттай, ұстаған қылышымда құрттай екенін сезінгендіктен шығар, бәлкім. Бірақ, еңсемді көтеріп тағы «шулаймын» (жариялаймын, айтамын) шыдай алмағандығымнан... Менің баршамен қазақша сөйлесетіндегі мақсатым – қазақ тілінің орыс тілді ортадан ойып орын алуы. Көп жылғы тәжірибемнен көргенім: қазақ тілін ести бергендер (жалғыз өз тарабымнан болсада), алғашында шапшығандарымен, басым көпшіліктің бірте құлақ еті үйреніп сені «терроршы» ретінде қабылдаудын бері ығысатындығы рас. «...қоғамдық көліктердің бәрінде, трамвай немесе автобус болсын, аялдамалардың атаулары мен түрлі хабарландырулар автоматты түрде екі тілде хабарланады.» Бұны не сол көліктерде жүрмейтін, не әкімді ақтап алуда, жартылай шындық та жарайды дегенің тіршілігі, ренжісеңіздер де сол.

Өйткені қанша автобуста, трамвайда автоинформаторлардың жоқ екенін, барлығы істен шыққанда не болатынын неге мысалға келтірмейсіздер? Маршруткаларда мүлде жоқ екенін және 27 жыл Тәуелсіздік ішінде бірде бір кондуктордың қазақша екі сөздің басын қосып, «Жол ақысын төлеңіздер» деп жаттап алмауын неге ацтпайсыздар?!

Осы жөнінде, облыстық Нұр Отан, облыстық Прокуратура, облыстық Ішкі саясат, Тілдер бөлімі, полицияға дейін шақырып, 2016 ж. ТҮКШ-те жиын өткіздім. Облыстық Прокуратура, қалалық ішкі саясат, облыстық Нұр Отан келмеді. Тілден бөлек, осы отырыста: облыстық Ішкі саясаттан: «Неге кейбір қала көліктерінде георги ленталарымен безендірілген, неге біздің көгілдіп лентаны насихатталмайды», деген сұрағыма, сонда отырған барша автопарк басшыларына: «2015ж. сәуірде 9 мамырға қатысты символ ретінде ҚР көгілдір лента бекітілді. Ал георги лентасы жеке символ ретінде 2006ж. РФ қолданысқа еңгізілді. Оның ҚР-ға еш қатысы жоқ, сол кездегі ленталар да қызыл болатын» деп айтудың орнына, «мен басшымызға айтайын» дегенін не қыларсыздар? Шектен асқан бейшаралықпен, әкімшілік өз тарабынан қоғамды екі, қарама-қайшы пікірде болуға қалыптастырып отырғандай? Әр көзі ашық, рухы мықты қазақ, ата-бабаларының аруағын қорлайтын лентаға наразы болуы керек.  4 жылдай болған шығар, : «Отаршылықта қазақ (жалғыз қазақ емес) жерлерін жаулап алудағы марапаттар «За взятие г.Чимкента», «За походы в центральную Азию», т.т. георги ленталарына тағылғанын, қазіргі Украинаға байланысты жағдайда: әр мемлекеттің өзі лентасы, пайда болды деген және аруақты қорлатпайтын қазақтың наразылығынан, салдарынан болуы мүмкін ұлтаралық сынадан сақтану керек деген ақпарат таратқанмын. Онымды ҰҚК, Ішкі саясаттан бастап барлығына жібердім.

Тілге оралсақ: Маған жазған жауап хаттарында да, мында да: «Әкімшілік жұмыс жасап отыр, тегін курстар» дегеннен таймайсыздар! Сол жиында мен: «жылдар бойы жазған хаттарыма, курстар өткізіліп келеді деген сайқымазақ хаттарды аламын. Нәтижесі 0! Жиында отырғандарға: 2 сөзді жаттатайықшы кондукторларға, жаттай алмаса, қалтасына салып беріңіздер, оқып айтсын» деген ем. Көбі келіскен. Ұят қайда?! Бүкіл әкімшілік болып 2 сөз жаттата алмайды деген бейшаралыққа кім сенеді? Бұл нағыз, қазақ тілінің өңірде қанат жаймауына істеп отырған қастандық!

Дәлелдердің бейнежазбасы жетіп артылады. Оны қалалық әкімшіліктегі әкімге жазылу бөлімінен де, ТҮКШ-тен де, бастысы бейнежазбаларымнан да көре аласыздар. Бірнеше жыл айтып та, жазып та келемін. Жыл сайынғы тендерлердің техспецификацияларына, мейлі көлік, мейлі медицина (онда да, мы обслуживаем только на русском языке деген «бомбалар» баршылық), тағы қайсы, қызмет көрсету міндетті түрде мемлекеттік тілде деген жазылмайды?.. Әкімшіліктегілер, өздеріңізге де айтқанмын (қала әкімшілігіндегі, әкімнің қатысуымен отырыста баршаға, алдында да ТҮКШ-ге, бірнеше рет), қазір де айтамын: параға саттыңыздар ма, қазақ тіліндегі қызметті?

«Украину устроить что-ли»

«Руза Зәйкенқызы ұлты орыс кондукторға ана тілімізде сұрақ қойып, оған жауап алмаған соң трамвайдың алдына шығып тұрып алған». Сайып болғанда, орыстың қазақша түсінбегені кінәлі емес, Руза кінәлі деп отырғандарыңыз түсінікті. Біріншіден, олардың баршасы деуге болады, менің түрімді де жатқа біледі. Ватсап арқылы таратқан бір-біріне, керек десеңіздер. Екінші, қазақша деген сөзден белгілі ғой, нені талап етіп тұрғаным? Айтқаным: «Қазақшасы қайда?». Алдында, дәл осындай талабымнан кейін трамвай жүргізушісінің, трамвайды тоқтатып, «Знакомьтесь, эта главная националистка г.Павлодар, ее зовут Руза» дегенде салондағы бүкіл шовинистер қалай жабылғанын көру керек еді... «Вы националистка, вы провокатор, всех достали уже со своим казахским», «Мы построили этот город, еще должны на вашем языке говорить»-тен бастап, «Украину захотели что-ли»-ге дейін айтылатындығын? Қай мемлекетте, мемлекет тілінде қызмет талап еткенің үшін осындайға жол беріледі?!

Әйтеуір «тоқтатқанымнан» 3 апта бұрын трамвай басқармасына да, әкімшілікке де, тағы осындай өрескелдік қайталанса, трамвай жолында тұрғаннан басқа шараның қалмағанын айтқанмын. Әкімшілік қызметкерінің жауабы, «сотталасыз» болған. Ал менің үндемей қалмайтынымды олар бес саусақтай біледі. Біршама жерде жазған болатынмын, осыған қатысты 50-ден астам трамвай басқармасы мен хаттар бар. Әкімшіліктің жауаптары жыл бойы еш нәтиже бермеген соң, басқа амалым қалмады. Және бұл жолы да трамвай өзі тоқтады. Аялдаманың ортасында.

«Украину устроить что-ли» деген соң, видеоға түсіріріп бастағанымды, бүкіл салон, ондағы жолаушылар, сөздері, менің сөздерім, барлығы тұр менде. Сол жолаушылар трамвай тоқтап, полиция шақырғанда есік ашылысымен салоннан тұра қашты. Өйткені біршама сөздері жазылып қалды ғой... Сондықтан, трамвайды тоқтатқанда жолаушылар шокта болды деген сөз 100 пайыз өтірік! Соны телеарнадан айтқызып қойдыңыздар. Мұнда өздеріңіз де жазып отырсыздар! Шокта, кезекті рет мен болдым.

«Бұл хулигандық іс, сізді соттаймыз»

Енді соңғы, «Руза Зәйкенқызының ісінде құқық бұзушылық құрамы жоқ деп тауып, оны босатып жібереді» туралы.

Жәйдан-жәй солай бола қойған жоқ. Басын айтып кеттім, жалғасы: алдында тіл жөнінде: «қайда барса қорқыттың көрі». Мүмкін, барлығын жиып-теріп олб. әкімін сотқа беретін кез болама деген мағынада басылған сөзімнен кейін шығар, жылдар бойы қалыпты істеп тұрған телефоным, 8701-182-52-65, жөнді естілмей, 5-7 минут сайын өшіп қалатын болды. Екінші, әу бастан, обл. әулеметтік полиция басшысы Кайыров деген: «Бұл хулигандық іс, сізді соттаймыз» деді. Осы туралы бірнеше жерде жазған болатынмын. Және әдеттегідей, мемлекеттік мүддеде қарап қалмайтын, қазақ тілді, өр республикалық БАҚ-тар да жазды бұл туралы. Тіпті анау-мынауға бұрылмайтын Қазақстан телеарнасы да үндемей қалмады. «Тіл үшін трамвайдың алдында тұрған Руза Бейсенбайтегін көрші Керекуде соттамақ» деп жазды. Полицияның соттауға толтырған хаттамасын өзім қолыммен ұстап, оқығанымды А.Қаптаев, және қол астындағы Рахат деген учасковыйлары да өтірікке шығара алмайтын шығар. Тіпті Бас прокуратура тарабынан да тосқауыл болды.

Ең соңында кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен қолдаушы азаматтар да келмек болды. Астанадан Б.Азанов деген адвокат (еш шақыруымсыз) келді сот болайын деп жатыр-дың барысында. Аллаға шүкір, қарапайым адамдардан, жорналшылардан басқа, мемлекет басындағы адамдардың да қаны сұйылып қалмағаны көңілге медет! Осы жерде тағы баршаларыңыздың алдында басымды иіп рахметімді айтамын! Қорғап қалған жалғыз мен емес, «өз тілі үшін соттап жатыр» деген масқара атақтан құтқару, нағыз мемлекетшілдіктеріғой, кесек, текті адамдардың! Сондықтан, білдей республикалық порталға жазу үшін де жауапкершілк керек. Әмбе емес, әкімнің баспасөз қызметі! Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын, Бейсенбай тегі Рузаның таратқан ақпаратына сенбеңіздер деген ұранмен де шығып едіңіздер ғой... Шатаспасам, Байдаладағы жалғыз қазақ мектебіне араша түскенім болатын. Сол жылы арашалап алсақтағы, келесі жылы жауып тастадыңыздар... Тағы айтпағым, бұрынғы баспасөздерменмен біраз болса да, тіл табысып жүруші едік. Ал сіздердің әрекеттеріңіз осыдан басталды... Әттең, Тәуелсіздігіміздегі Керекудің 26, 27 жылдықтарындағы деген мақала жазуға құнттамадым... Көп нәрсені қамтуға болушы еді...

Индустрия саласына келсек. «Мақала авторы жазып отырған облыс басшыларының рейтингіне келетін болсақ, «Sayasat.org» ақпараттық порталы жасаған рейтинг қорытындысы бойынша облыс әкімінің жұмысына қатысты сын пікірлермен қатар, оң өзгерістерді де келтіріледі. Мәселен, бұған дейінгі басшылар шеше алмай келген ауыл-аймақтарды сумен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Яғни, республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, алдағы үш жыл ішінде облыстағы ауыл-аймақтардың 50 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады»: Естуімше, облыс әкімі сумен қамтамасыз етілмеген ауылдардың 300-ден астам тұрғыны барын, қаперге алмаған. Сондықтан 50 пайыз деген шығып отыр. Ақпарат бойынша, сумен қамту жағынан республика бойынша ең төмегі қатардамыз. Бұның нақтысы қаншама екенін өз көзіммен көрмегендігімнен айта алмай отырмын. Қажет деп тапқандарға бұның да анық қанығын білуге болады ғой. Қалған келтірілген мәліметтер туралы ештеңе айта алмаймын. Айтпасаң сөз өледі. Онымен бірге біраз шындықтар... Ұзын сонарымды кешіріңіздерші, оқығандарыңыз.

Руза Бейсенбайтегі

Арнайы «Abai.kz» үшін

Кереку

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475