Сенбі, 23 Қараша 2024
Қорған 5341 1 пікір 16 Ақпан, 2018 сағат 09:16

Мәскеудегі қазақ тілінің шын жанашыры

Өткен жылы Ресей қазақтарының қоғамдық ұйымдары арасында жақсы жаңалық болды:  тілге шынайы жанашырлық танытып, қазақ тілінің өркендеуіне нақты ісімен үлес қосқаны үшін  Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әбуислам Жандәлдаұлы Тұрсынбаев «Тіл жанашыры»  құрметті белгісімен марапатталды. «Тіл жанашыры»  қоғамдық бірлестігі арқылы атамекені Ресей қазақтарына кеңінен танымал Әбуислам Тұрсынбаевтың  соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері қоғамдық негізде атқарып келе жатқан игілікті ісіне осылай лайықты баға берді.

Әбуислам Тұрсынбаев

Ресейдегі қалың қазақ баласы Әбуислам Тұрсынбаевқа берілген бұл марапатты өздері алғандай қуанды. Біз жер-жерде қалың қандастарымыздың қақ ортасында жүргендіктен, бұл бос сөз емес, елдің ортақ пікірі екенін мәлімдеп отырмыз. Өйткені Әбуислам Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамын басқарып жүрсе де, қажетті кезінде Ресейдің кез келген түкпіріндегі қазақтардың қоғамдық ұйымының жұмысына көмектесуге, қол ұшын беруге қашанда әзір тұратын елгезек, ақжелең, үлкен-кішінің құрметіне бөленген азамат. Сондықтан оны Ресей қазақтары жақсы біледі, кез келген жағдайда арқа сүйеуге болатын атпал азамат деп таниды. Өзінің қоғамдық мінез-құлқы, адами қасиеттері, парасатты іс-қимылы, ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ресейлік отандастар арасындағы есімі жұртқа мәлім, беделді, берекелі, ел ағасына айнала бастаған жігіт. Тіпті аурып-сырқап жатқан қаряларымыздың өзі алдымен Әбуисламды іздеп, тілектерін соған айтып, олай-бұлай болып кете қойса, дұрыстап жөнелтудің жолын да сонымен ақылдасатынын талай көрдік. Осындай үлкендерден жұғысты болған жақсы қасиеттердің әрі өнегелі оңтүстік жерінен алған тәлім-тәрбиесінің арқасында Әбуислам бауырымыздың бойында адамға жақсылық жасау сынды айнымас сезім орныққан.

Өмірбаянына тоқтала кетсек, ол 1964 жылғы 29 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туған. 1979 жылы Кентау музыка мектебін, 1983 жылы Шымкент музыка училищесін, 1989 жылы Әл Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірген. Мамандығы бойынша қазақ музыкасын насихаттаушы, халықтық, үрлемелі және эстрадалық аспаптарда (домбыра, труба, альт, гитара, фортепиано) орындаушы.

Еңбек жолын 1989 жылы Шымкент педагогикалық мәдениет институтында оқытушы болып бастап, кейін аға оқытушы болып, 1995 жылға дейін осы жоғары оқу орнында шәкірттерге сапалы білім берді. Осы жылдары институттың үрлемелі аспаптар ансамблін басқарды.

Әбуислам Тұрсынбаев 1995 жылдан Ресей елінде қазақ тілі мен мәдениетінің жалынды жанашыры әрі насихатшысы ретінде танымал бола бастады. Ол 1995-2004 жылдары Мәскеу қаласындағы «Мұрагер» қазақ мәдениеті қоғамының қоғамдық-мәдени байланыстар жөніндегі вице-президенті болып істеді. Сонымен бірге, «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі ретінде осы кезеңде Мәскеуде алғаш рет «Наурыз» мерекесін ұйымдастыруға атсалысты.

Ең алғаш тізгінін академик Кеңесбай Мұсаев  ұстаған «Қазақ тілі» қоғамын кейіннен Омар Айшах, Сәбит Жаданов, Асқар Тұралин, Жәнібек Елекбаев сынды шын мәніндегі шынайы тіл жанашырлары басқарды. 2005 жылы Әбуислам Тұрсынбаев осы ағаларының аманатымен, қоғам мүшелерінің өтінішімен өңірлік «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының төрағасы болып сайланды, күні бүгінге дейін осы мәртебелі міндетті атқарып келеді.

Егер тіл тек қазақ тілін дамыту ғана емес, осы тілмен байланысты бүкіл руханият - тұтас дүние дамуға тиісті болады десек, Әбуисламның басшылығымен, «Қазақ тілінің» қатысуымен жүзеге асырылған істердің бәрі де сайып келгенде елден сырт жүрген отандастар арасында ана тілін, ұлттық өнерді, қазақ мәдениетін насихаттап, дамытумен тығыз байланысты екенін байқаймыз. «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының басшысы Әбуислам Тұрсынбаевтың Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен, Қазақстан Елшілігімен өзара түсіністікке негізделген ілтипатты байланыс орнатуы, сондай-ақ оның қазақ, орыс, түрік, қырғыз, әзербайжан, өзбек, тәжік тілдерін жақсы білуі де көпұлтты Мәскеу жұртшылығы арасында «Қазақ тілінің» қоғамдық рөлінің артуына бір себепші болғаны сөзсіз.

2005 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атанған Әбуислам Тұрсынбаев қоғамдық қызметі үшін Ресейдің мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының ондаған алғыс хаттарына, құрметті дипломдарына, мерекелік медальдарына ие болды. Сондай-ақ  «Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлының туғанына 100 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. 2002 жылы Түркістанда өткен, 2004 жылы Германияда және Түркияда өткен, 2011, 2017 жылдары Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларына делегат ретінде қатысты.

Кәсіби музыкант Әбуислам Тұрсынбаевтың халықтық-патриоттық «Түркістан» әнін, эстрадалық «Амалым не?»  әнін,  сондай-ақ ол жазған Мәскеу қазақтарының «Мұрагер» футбол клубы гимнін Ресей қазақтары өте жақсы біледі.

Ана тіліміздің шын жанашыры,  «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаевтың бұған дейін Ресей қазақтарының қоғамдық ұйымдары арасында ешкім батылдық көрсете қоймаған тың саланың түрен салушысы  болғанын айта өтуді басты парыз санаймыз. Ол – Мәскеу қаласында тұңғыш рет  «Қазақ тілі» газетін шығаруы еді.

Бұл айтуға оңай болғанымен, ұйымдастырылуы қиын іс. Қоғам жұмысы үшін  белгілі бір қаражат қарастырылмайтыны белгілі, қаржыландыру көзі де жоқ. Мұндай жағдайда ұлтжанды азаматтардың  ана тілім деген адал тұлғасы ғана асқақ тұратыны аян.  Осындай жағдайларға қарамастан, Әбуислам Тұрсынбаев бас болып,  Жәнібек  Елекбаев  сынды ұлтжанды азамат қолдап, «Қазақ тілі» қоғамы газеттің алғашқы нөмірін  2006  жылғы 22 наурызда жарыққа шығарды.  Бір жылдың ішінде  газеттің 12 нөмірі жарық көріп,  жалпы таралымы 11 мың 800 данадан асты. Мәскеуден қазақша газеттің шығуы – Ресейдегі  қазақ диаспорасы арасында белгілі бір мақтаныш сезімін туғызғанын көзіміз көрді.  Газеттің  бұдан арғы қалыптасу кезеңіне «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшелері - Қайдар Құмарбеков, Омар Айшах, Тұрсынай Оразбаева, Абылайхан Оспанов, Нышанәлі Қожамұратов, Ерболат Абдулов, Жанна Оспанова, Опабек Таңғатаров сияқты қазақы қасиеті басым азаматтар  шын ниетімен көмектесті. Жеті жыл бойы  үздіксіз шыққан  газетті «Қазақ тілі » қоғамы алғашқы күннен Ресей өңірлеріндегі 35  қазақ қоғамдық ұйымына тегін жеткізіп беріп тұрды. Ресейлік қазақтардың  өзара тығыз араласуына,  бір-бірімен ұдайы байланыс жасап отыруына, кейбір қазақ жастарының қалам алып, шығармашылықпен айналыса бастауына  «Қазақ тілі» газетінің шығуы, оның Ресей өңірлеріне кеңінен таралуы елеулі әсер етті, жақсылыққа, тілектестікке, бауырмалдыққа, өзара түсіністікке өріс ашып берді. Ең бастысы – қайда жүрсе де қазақ үшін ана тілдің орны бөлек екенін көрсетті. «Қазақ тілі» газетін шығарған ісі үшін ғана Әбуислам Жанділдаұлы қандай марапатқа да лайық бола алар еді.

Заман талабына орай, бүгінде Әбуислам Тұрсынбаевтың енибасқаруымен «Қазақ тілі» газетінің электрондық версиясы жұмыс істейді, ол әрі Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының веб-сайты (www.kazakh-tili.ru) болып табылады. «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев өз қаражатымен ұстап тұрған осы сайт  бүгінгі таңда Ресей қазақтарының  ой-пікір тоғыстыратын, өзара хабарласып отыратын, диаспора жаңалықтарын жариялайтын, сонымен бірге туған елдің - Қазақстанның да жақсы хабарларын  оқып, көріп отыратын айнамызға айналды.

Қорыта келсек, Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Жандәлдаұлы Тұрсынбаевты «Тіл жанашыры» белгісіне ие болуымен шын жүректен құттықтаймыз және қайда жүрсе де қазағым деген қасиетін жоғары ұстайтын адал мінез абзал әріптесіміздің бұл марапаты  бәрімізге ортақ деп санаймыз.

Жасыратыны жоқ, Әбуисламның бір күнгі емес, жиырма жылдан астам уақыттан бері Ресейде қазақ қоғамдық ұйымының жұмысына шын ниет-пейілімен, жанашырлықпен жегілген айнымас еңбегін теріске шығарғысы келетін, іші тар, «мен!... мен!...» деп кеуде соғуға әуес, қоғамдық жұмыстан бас пайдасын іздеп жүретін біреудің шәлдүр-бүлдір шимайы бар деп естиміз. Өзінен кіші адамның жақсылығын, барша ресейлік қазақтардың қуанышын көргісі келмейтін мұндай пендеге сөзіміз қор болмасын. Одан да оған Абай атамызды оқуға кеңес берейік:

«Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,

Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?

Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,

Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!»,- деген еді ғой ұлы бабамыз!

 

Тоқтарбай  ДҮСЕНБАЕВ,  Ресей қазақтарының ұлттық-мәдени федералдық автономиясының президенті

 Ерназар НҰРИЕВ,  Мәскеу өңірлік «Мұрагер» ұлттық -мәдени қоғамының президенті

Серік ТОЙҒАМБАЕВ, Мәскеу  ұлттық-мәдени автономиясының президенті,  профессор, Ресей Журналистер одағының мүшесі

Аманғали ҒҰБАЙДУЛЛИН, Мәскеу ІІМ ардагерлері  қоғамдық ұйымы басқармасының төрағасы, подполковник

 Марат АРШАБАЕВ, Мәскеу жамиғи мешіті медресесі директорының орынбасары,  Мәскеу қазақтарының имамы

Орынбасар ҚУАНДЫҚОВ, kazakh-tili.ru сайтының әкімшісі

 Гүлжан ҚОЖАМЖАРОВА, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, социология ғылымының кандидаты

 Сәуле ӘШІРБЕКОВА, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, профессор,

Мәскеу  ұлттық-мәдени автономиясы кеңесінің мүшесі

 Болат ӘБІЛДИН, Мәскеу өңірлік «Мұрагер» ұлттық -мәдени қоғамының вице-президенті, профессор

Abai.kz

 

  

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443