Сенбі, 23 Қараша 2024
Сөйле, сурет 5177 2 пікір 19 Ақпан, 2018 сағат 09:26

Гурьев жаяу әскер училищесінің тарихы

 Мен Гурьев жаяу әскер училищесінің кіші лейтенанты...             

Училище тарихының зерттелуі

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан үшін  жаяу әскердің кіші командирлерін дайындау ерекше қажеттілікті тудырды. Соғыс жылдары Қызыл Армияның офицерлер корпусының кіші лейтенант құрамын дайындау өте қиын жағдайларда жүргізілді. Өйткені, елдің көптеген бөлігін уақытша жаулап алған территориялардан ірі өнеркәсіп орындарымен бірге әскери училищелерде тылға көшірілді. Мысалы Шымкентке Чугеев әскери ұшқыштар училищесі, Оралға Одесса жаяу әскер училищесі, Ақтөбеге 2-ші Бердичев жаяу әскер училищесі орналасты.

Елдің басына қауіп-қатер төнген 1942 жылы Атырауда жаяу әскер командирлерін даярлайтын училище ашылды. Училищенің негізгі міндеттерінің бірі – майдан үшін кіші командирлер құрамын дайындау  болды. Осы училищені қысқа мерзім ішінде екі жүзден астам атыраулықтар бітіріп, майданға аттанды. Олар майданда ерлік көрсетіп, кейін Атырау өңірінде еңбек майданында да өздерін көрсете білді.

1987 жылы училищенің құрылуының 45-жылдығына орай ұйымдастырылған шарада училище түлегі, полковник А.С.Коробев(Ташкент) Гурьев педагогикалық институтының (қазіргі университет) студенттерімен кездесу барысында училище тарихы туралы диплом жұмысын жазуға ұсыныс білдірген екен. Өкінішке орай, бұл тақырыпқа диплом жұмысы жазылмады. Оның да өзіндік бірнеше себептері де болды деп есептейміз. Училищенің тарихына қатысты бірде-бір құжат облыстық архив қорында болған жоқ. Сонымен қатар облыстық, қалалық әскери комиссариаттың архивтерінде де ешқандай құжаттар сақталмағанын зерттеу жұмыстары барысында анықталды. Себебі, соғыс жылдары Гурьев облысы Оңтүстік Орал әскери округі қарамағына қараған болатын. Округтің штабы Чкалов(Орынбор) қаласында орналасты. Кеңес Одағы кезінде бүкіл жауынгерлік әскери құжаттар Москва маңындағы Подольск қаласындағы әскери архивте сақталды.

Училище тарихын зерттеуде ерекше атап өтетініміз, училище түлегі, ІІ дәрежелі Отан соғысы мен Еңбек Қызыл Ту ордендері және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері В.Ф.Ладейщиковтың «Младший лейтенант пехоты»(Москва, ЮниПресс ИК, Москва, 2012, стр. 477) еңбегі болып табылады. Бұл кітаптың құндылығы, училищеде оқыған және майдан даласында ерлікпен қаза тапқан  жерлестеріміз туралы мәліметтердің болуы.

Автор өз еңбегінде Ресей Федерациясы(РФ) Қорғаныс Министрлігінің архивінде Гурьев жаяу әскер училищесі туралы формулярдың да жоқ екендігін назарға алады. Училищенің құрылуы мен таратылуы жөніндегі бұйрықтардың мәтініде сақталмағаны өкінішті-ақ. Сонымен қатар курсанттардың училищені аяқтағаны, оларға офицерлік шен берілгендігі туралы бұйрықтарда толық сақталмаған. Бейбіт заманда РФ Қорғаныс Министрлігінің Орталық архиві қорларындағы училище туралы сақталған материалдармен тек екі-ақ адам ғана танысқан. Олар училище түлегі, генерал-майор М.И.Белов өмірдеректері үшін, екіншісі, «Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Орал әскери округінің майдан үшін жауынгерлік резервті дайындаудағы қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация жұмысына орай Р.В.Стрелец қарастырған.

1987 жылы 9 қазанда И.Прикметаның «Встреча однополчан» және облысымызға белгілі журналист, «Прикаспийская коммуна» газетінің 17 жыл бас редакторы болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, училище түлегі И.П.Свербихиннің(1924-1999) училище туралы аталған газеттің сол жылғы 13 қазанындағы санында «Встреча с боевой юности» мақаласы жарық көрді және «Курсанты», 1992 жылдың 28 ақпанында училищенің 50-жылдығына орай «Никто не забыт, ничто не забыто» тақырыбында мақалалар жарияланды.

Сонымен қатар училище түлегі, отставкадағы подполковник С.Дүсіповтің 2002 жылы «Что нам годы, что нам расстояния» мақаласы, 2007 жылы 13 желтоқсанда журналист Ж.Блялованың «А мы с тобой, брат из пехоты» атты мақалалары жарық көргені белгілі.

Қалалық әскери комиссариаттың архивінде сақталған тізімде 1942 жылдың наурыз, сәуір айларында майданға шақырылған 22 жерлестерімізді осы училищеге оқуға жіберілгені анықталды. Оңтүстік Орал әскери округі Гурьев қалалық әскери комиссариатының 1939-1949 жылдар аралығында Кеңес Армиясының құрамына шақыру кітабының ІІ-бөлімі бойынша шақырылғандар туралы мәліметтерді беруді жөн көрдік.

Армияға 1942 жылдың 21-қаңтарында шақырылып, Гурьев жаяу әскер училищесіне жіберілгендер Башенов Шынтаз (1922 ж.т.) Забурын ауылдық кеңесі, Баймұханов Оразғали (1922 ж.т.) Жанбай ауылдық кеңесі, Бегалиев Мутиғолла (1922 ж.т.) Новобогат ауылы, Балмулдин Хамит (1922 ж.т.) Бабан ауылдық кеңесі,  Багров Гаврил Агафонович (1922 ж.т.) 1942 жылдың 9 наурыз күні шақырылғандар Бакалкин Константин Александрович (1923 ж.т.), Булох Иван (1923 ж.т.), Бешсалиев Жекен (1923 ж.т.), Буянов Михайл Феодрович (1922 ж.т.), Баркар Иван Василейвич (1923 ж.т.), Бөкебаев Бораш (1923 ж.т.), Бородин Георгий (1923 ж.т.), Бородин Иван Алексеевич (1923 ж.т.), Дүсіпов Сидеғали (1923 ж.т.) Орпа ауылдық кеңесі, Дорошенко Виктор Степанович (1923 ж.т.), Дүзбаев Жылқыбай (1923 ж.т.), Дүйсекенов Сұлтан (1923 ж.т.), Жұмағалиев Ерғали (1923 ж.т.) Новобогат ауылы. Сәуір айының 2-де  шақырылғандар Бекбергенов Бақтығали (1923 ж.т.),  А.Д.Донск (1923 ж.т.), Жанғұтов Самбаз (1923 ж.т.), Дабысов Сатым (1923 ж.т.). Ал бұлардың арасынан облыстық  тарих-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Ж.Жетпісбаеваның училищеде оқыған жерлес түлектер туралы жинақтаған мәліметте тек Дүсіпов Сидеғали есімі ғана кездеседі.

Атыраулық училище түлектерін анықтау жұмыстары жалғаса беруі қажет деген пікірдеміз «соғыстың соңғы жауынгері Жер-Ана құшағына тапсырылмайынша соғыс аяқталмайды» деген қағиданың өміршеңдігі жалғаса бермек.

Училище бастауында...

1942 жылдың 26 ақпанында КСРО Қорғаныс Комиссариатының Кадрлар жөніндегі бас басқармасының № 0106 бұйрығымен Гурьев жаяу әскер училищесі құрылды. Ал, 2 наурызда Гурьев облысы атқару комитеті қалада әскери училищені орналастыру жөнінде №102 арнайы шешім қабылдады. Облыстық атқару комитетінің арнайы шешімінде училищеге ғимараттар, оқу-жаттығу, нысана ату алаңдарына арнайы жер телімін беру және шаруашылық жүргізу үшін полигон бөлу жөнінде мәселеде қарастырылды. 1942 жылдың басында қалаға училище бастығы, командалық-оқытушылар құрамы келіп жетті. Жаңа ашылатын училищенің негізгі әскери мамандары Одесса жаяу әскер училищесінде қызмет еткендермен оны бітірген түлектері еді.

Гурьев жаяу  әскер училищесін құру міндеті полковник Н.С.Богданов пен комиссар И.С.Нифонтовке жүктеледі. Училищені ашу жұмыстары күрделі жағдайда жүрді. Оның басты себебі қалада әскери училищеге лайықты ғимараттар табу қиыншылықтар келтірді. Училищеге №44 мектеп, бұрынғы партия курсы тыңдаушыларының жатақханасы, мұғалімдер үйі, облыстық автобасқарманың бөлмесі, өкпе аурулар ауруханасы, қалалық әскери комиссариаттың 1-ші қабаты, су транспорты вокзалы, екі қабатты Ленин атындағы мектеп, Куйбышев орта мектебі, мұнайшылар клубының оң жақ қанаты және Қазақмұнай комбинатының асханасы бөлініп берілді.

Училище бастығы, полковник Н.С.Богданов, комиссар И.С.Нифонтов, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Яралов және Оңтүстік Орал әскери округінің 1-ші рангалы әскери технигі Зорин округтік интдендант генерал-майоры Финогеновке «Облыстық атқару комитеті тарапынан пәтер қорымен көмектесу жеткілікті дәрежеде емес. Кейбір жеке мәселелер өте баяу шешілуде, жедел шешімін таппайды. Құрылыс материалдарымен көмектесу барысында қарсылықтар болды. Облыстық атқару комитетінің жедел түрде жұмыс жасамауынан училищеге бөлінген ғимраттарды әскери оқу орны үшін қайтадан бейімдеу жұмыстары мен  қажетті мүліктермен қамтамас ету кешеуілдеді. Басшылық құрам қалалық тұрғын үй басқармасы қызметкерлерінің пәтерлерінде тұрып жатыр. Ал казармалар қаладағы құрылыс ұйымдарының көмегімен екі қатарлы нарлармен жабдықталуда. Өкпе аурулар ауруханасының бөлмелерін оқу сыныптарына лайықтап жабдықтау, орталық жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары кешеуілдеуде. Тамақтандыру блогына насос станциясын, таза су құбыры, резервуар салу мәселелерін қарастыру қажет»,  - деп баяндады.

Наурыз айында Оңтүстік Орал әскери округі басшылығының әскери бөлімдерде қосалқы шаруашылық құру туралы бұйрығы шықты. Училище бастығы Н.С.Богдановқа училище құрамын өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында бау-бақша өсіру және балық аулау бригадасын ұйымдастыру сияқты қосалқы шаруашылық жұмысын жүргізу міндеттері қоса жүктелді. Училище басшылығының бұл жұмыстарды жүргізетін ешқандай да базасы болмады. Қосалқы шаруашылық үшін қаладан 18 шақырым жерден 56 га. жер телімі берілді. Училище басқармасы қосалқы шаруашылықты жүргізу мақсатында Қазақмұнай комбинатымен келісім-шартқа отырды. Келісім-шарт бойынша комбинат өз тарапынан жер жырту, су жіберу жүйесін жасау т.б. міндеттерін алды. Училище курсанттары күшімен төрт шақырымға созылған вал мен 75 мың кубометр судан құтқару дамбаларын салып шықты. Өкінішке орай, комбинат келісім-шартта көрсетілген міндеттерді орындамады. Көктемгі су тасқыны кезінде барлық өңделген жерді су алып кетіп, егін егуге жарамсыз қылды. Сондықтан да қаладан 12 шақырым қашықтықтан көлемі 24 гектар болатын басқа жер телімі берілді. «Бұл жерден 2 мың центнер(ц) картоп, 1000 ц. қырыққабат, 750 ц. қызанақ, 680 ц. қияр, 75 ц. пияз, 220 ц. асханалық қызылша, 420 ц. қарбыз, 140 ц. қауын мен асқабақ, 280 ц. азықтық қызылша, 1 ц. темекі өнімдері алынды», - деп еске алады В.Ф.Ладейщиков. Балық аулау мақсатында қаладан сегіз шақырым жердегі жағалау беріліп, 29 сәуір мен 10 мамыр аралығында жоспар бойынша  150 центнердің орнына 1949 кг сазан, 77 кг көксерке, 441 кг шоқыр, 27 кг бекіре, 70 кг пілмай (шип) балығы ауланды. Сәуір айында училище басшылығы облыстық тұтынушылар одағына ұжымшарлардан 60 бас мүйізді ірі қара, 100 қой, 50 шошқа алуға сұраныс берді. Қосалқы шаруашылық өнімдері училище курсанттарын, командалық-оқытушылар құрамын, олардың жанұяларын, жабдықтау бөліміндегі қызметкерлерді азық-түлікпен толық дәрежеде қамтамасыз ете алмады. Училище басшылығы дегенмен де өз тараптарынан Оңтүстік Орал әскери округі басшылығының «Округтегі әскери бөлімдерде қосалқы шаруашылықтар құру туралы» бұйрығын орындап шықты. Соғыстың қатал заңы бойынша училище басшылығы курсанттарды әскери соғыс ісіне үйретуді қосалқы шаруашылықпен қатар жүргізуге мәжбүр болды. Қатал уақыт талабы сондай міндетті жүктеді.

Өзінің құрылу мақсатын абыроймен орындаған училище 1943 жылы 6 сәуірде Астрахан қаласына көшірілді.

Әскери-соғыс ісіне үйрену

Училищеге 1923 және 1924 жылы туған Қазақ КСР-ның Гурьев(Атырау), Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан, РФКСР Чкалов(Орынбор), Челябі облыстары мен Башқұрт АКСР азаматтары жіберілді. Курсанттар құрамын жасақтау жұмысы өте шапшаң қарқынмен жүргізілді. 1942 жылдың ақпан айында 278 адам(атқыштар, пулеметшілер, минометшілер), наурыз айында 1929 адам алынды. 1942 жылдың 15 сәуірінде 2387 курсант әскери-соғыс ісінің қыр-сырын оқуда болатын. Оның тек 8-і ғана армия қатарында қызмет етсе, 18-сі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер болатын. Курсанттар «жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» деген қағиданы қатаң ұстанды. Курсанттардың оқу курсы үш кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде жеке жауынгерлік іс-тәжірибе, екінші кезеңде взводта, рота мен батальонда жеке жауынгерлердің іс қимылы, үшінші кезеңде взводтың іс қимылы, взводты, рота мен батальонды басқару тәжірибиесі. Әрбір кезеңде курсанттар отрядының оқу-жаттығу күндері 3-5 күнге созылды. Екінші кезеңде оқу-жаттығу 11 күнге созылды. Курсанттар жауынгерлік тактикалық жағдайда, яғни окоп, ор, траншея қазу, кедергілерден өту, жүгіру маршы ауа райының қолайсыздығы мен күннің қай уақыты болмасын белгіленген мерзімде орындап отырды. Оқу-жаттығу кезінде бөлімшелер мен взводтарды курсанттар кезекпен басқарды.

Атқыш, пулеметші, минометші курсанттар жеке пәндерді –  әкімшілік ісі, авиация, автобронотанк ісін, артиллерия, әскери тарих, инженерлік іс, нысана ату дайындығы,  қару-жарақ ісі, байланыс, тактика, топография, әскери-химиялық іс, әскери жарғыларды(әскери, гарнизон қызметі, тәртіптік, қарауыл) оқыды. Курсанттар соғыс уақытының қатаң тәртібіне бағына отырып, әскери-соғыс ісін үйренуге барынша күш-жігерлерін салып оқыды. Барлық оқу-жаттығулар қала сыртындағы белгіленген алаңда өткізілді. Нысана көздеу бойынша бірінші батальондағы 538 курсанттың 127-сі «үздік», 163-сі «жақсы», 159-ы «қанағаттанарлық» бағаға тапсырса, 89 курсант нысанаға ататын үш оқтан бірде-бір оқты тигізе алмаған. Курсанттар үшін нысанға дәл тигізу оқу-жаттығудың ең қиын түрі болды. Себебі көптеген курсанттар винтовкамен атудың қарапайым әдіс-тәсілдерін білмеді. Нысанаға атып жаттығуды взвод командирлері жүргізген болатын. Ал олардың көпшілігі училищені жаңадан аяқтағандар және қарумен атудың тәсілдерін толық меңгермеген болатын. Сондықтан да училище басшылығы взвод командирлеріне қосымша айына үш рет, күніне 9 сағаттан кәсіби дайындалу үшін оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді. Училище тарихындағы жарқын оқиғалардың бірі – Гурьев қалалық партия комитеті мен қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі училищеге ту тапсырды. Дәстүрлі 1 мамыр шеруінен кейін курсанттар ту алдында сапқа тұрып, жаңа қабылданған курсанттар әскери ант қабылдады. Алғашқы антты Воронеж облысынан келген М.Фигурин қабылдады. Ол антына адал болып, Белоруссия, Украина, Германиядағы қанды шайқастарға қатынасып, І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Ол жылдардың даңқы өшпейді

Училище түлектері 1942 жылы Сталинград, 1943 жылы Курск доғасы, 1944 жылы Донбасс, Белоруссия, Прибалтика, Молдавия, Днепр, 1945 жылы Висла мен Одер өзендерінен өту, Берлин шайқастарына қатынасты. Училище түлектерінің арасынан 1944 жылдың 9 мамырында Севастополь қаласы үшін шайқаста Т.Б.Гилязетдинов(1924 ж.т.) басқарған взвод жаудың екі танкісін және екі зеңбірегін құрамымен жойды, ал жараланған лейтенант жаудың бір танкісін отқа орады. Бұл ерлігі үшін лейтенантқа КСРО Жоғары Кеңесінің 1945 жылдың 24 наурыздағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин ордені тапсырылды.

Майдан даласында М.Ғабдиев, И.Т.Морянов, С.Х.Сағызбаев, К.С.Сұпығалиев, Ә.Қайырболатов, С.Хайреденов, С.П.Тамбовцев, Б.М.Агафонов, Г.Я.Вольнов, Ф.В.Демяшев, М.Ә.Қабиев, Ә.Кенжебаев, С.Бекхожин, Б.Ерманов, Б.Шанбасов, Н.Мұсағалиев, И.Баянов, Е.Нұрымов сияқты жерлестеріміз қаза тапты. Із түссіз жоғалғандар тізімінде Б.Иманғалиев, Ж.Дүйсенбаев, Ш.Айденов, А.Құлбаев, К.М.Насенков, А.Д.Недомовный,  И.М.Тарабрин т.б. бар.

Жерлестеріміз Қ.Бұсырманов (1923 ж.т.) 1942 жылы армия қатарына шақырылған. Соғыстан кейінгі жылдары ішкі істер органдарында қызмет істеді. «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Венаны алған үшін», «Германияны жеңгені үшін»  және бейбіт өмірде «Мінсіз қызметі үшін» медалдарымен марапталады. Қ.Е. Қожахметов Даңқ орденінің иегері, К.И.Лұқманов (1924 ж.т.)  «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін»,  «Мінсіз қызметі үшін» медалдарына ие болды. М.И.Фиткулин Будапешт, Вена қалаларын, Румыния, Югославия, Болгария, Венгрия және Австрия жерлерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатынасты. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен қоса «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалдарын кеудесіне тақты.

Училище түлектері Қ.Түгелбаев, Б.Қаленов, О.Қарасаев, И.Свербихин, И.Р.Прикмета, А.Смыслов, О.Каршев, М.Әбілхасов Қ.Досымбетов, Ж.Есенбаев т.б. соғыстан кейінгі бейбіт заманда халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етті.

...Гурьев жаяу әскер училищесін бітірген түлектердің тірілеріне құрмет көрсетіп, қаза болғандарды иманы жолдас болсын деп еске аламыз.

Ұлы Жеңісті жақындата түскен әрбір күн мен түн ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ.  Жеңіс күнін жақындатқан, қанқұйлы фашизмге қарсы жанқиярлықпен күрескен әрбір жауынгерге мәңгілік қарыздармыз.

Анықтама

Полковник Н.C.Богданов 1898 жылы Тамбов облысының  Богдановка селосында дін қызметкері жанұясында дүниеге келген. 1914 жылы діни училищені бітіріп, 1915 жылы армия қатарына алынған. Прапорщиктер мектебін аяқтаған, 1916 жылы майданда поручик шенінде рота басқарған. Азамат соғысына қатынасып, Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1923 жылы Ленинград әскери-педагогикалық мектебін бітірген. 1924 жылы «Выстрел» курсының полк командирі, полк штабының бастығы, Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының барлық әскер түрі инспекциясының бастығы, 1938 жылы Ленин орденді Жуковский атындағы Академияның Әуе күштері факультеті  оқу бөлімі бастығының көмекшісі болған.

1942 жылдың ақпан-қазан айы аралығында Гурьев жаяу әскер училищесінің бастығы.

Майдангер полковник В.С.Старостин 1942 жылдың 21 қазанында Гурьев жаяу әскер училищесінің бастығы болып тағайындалған.

1900 жылы Ульянов облысы, Корсун уезі, Выселок деревнясында шаруа жанұясында дүниеге келген. 1919 жылдан Қызыл Армия құрамында болып, Симбирск жаяу әскер командылық курсын аяқтаған. 1919 жылдан ВКП(б) мүшесі, 1924 жылы шіркеуде неке қидырғаны үшін партия қатарынан шығарылған. 1943 жылы ақпан айында партия қатарына қайта қабылданған. Әр жылдары Татар атқыштар ротасының командирі, командирлер курсының тыңдаушысы, ату ісінің нұсқаушысы және «Выстрел» іс-тәжірибелік бөлімінің басшысы, Орджоникидзе жаяу әскер училищесінің әскери тактика жөніндегі оқытушысы, Одесса жаяу әскер училищесінің батальон командирінің тактика жөніндегі орынбасары. Соғыс жылдарында Одесса жаяу әскер училищесі командирінің әскери қызмет жөніндегі орынбасары, 2-ші Бердичев жаяу әскер училищесі командирінің орынбасары. Гурьев жаяу әскер училищесін басқарудағы жетістіктері үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Бұл соғыс уақытында өте сирек кездесетін жағдай. Майданда ауыр жарақат алған. Ленин, Қызыл Ту, екі Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқу корпусындағы ескерткіш тақта

 Училище түлектері майданға осы теміржол вокзалы арқылы аттанған.

 

Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407