Жұма, 22 Қараша 2024
Түйткіл 4721 3 пікір 23 Ақпан, 2018 сағат 09:53

Үкімет зағип балалардың зарына құлақ аса ма?

Жылаңқы боп алдық. Анау жоқ, мынау жетіспейді, анда бармадым, мынаған қолым жетпеді... «Қайғымыз» көп. Ұсақ-түйек дүниеге қол жеткізе алмай қалсақ – трагедия. Төрт мүшесі сау адам «ел сияқты шет елге бармадым, Парижді, Лондонды, Делиді көзіммен  көрмедім» деп қапаланады. Ал зағип жан «шіркін, мына жарық дүниені, балаларымның, немерелерімнің жүзін бір көрсем, дауысын естісем» деп армандайды. Төрт мүшесі сау, ауру-сырқаудан ада пенде «шүкір», «тәубе» десе керек-ті. Тек тәубе деп ғана қоймай айналамызда осындай біздің көмегімізге, демеуімізге зәру жандар барын да ұмытпай, оларға бөз жылуы мен сөз жылуын сыйлап, құқықтары мен мүдделерін қорғап отырғанда ғана қоғам иманжүзді болмақ. Десек те, адамдардың түр-пошымы ғана емес, мінез құлықтары да, адамгершілік деңгейлері де әртүрлі. Зағип немесе туабітті мүгедек, кемістігі бар балалардың проблемаларына ат үстінен қарау немесе қандай да басқа мұқтаждықтарының болуы қоғамда орын алмауға тиіс. Нашар еститін және естімейтін балаларға қатысты көптеген шешілмеген түйткілдер бар. Көпшілігі ел қатарлы мектепке бара алмайды. Арнайы мектепке барған күннің өзінде құрал жабдықтар, оқулықтар жетіспейді. Сенатор Бірғаным Әйтімова осы тақілеттес қордаланған мәселелерге орай Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың назарына депутаттық сауал жария етіп, онда олардың елімізде білім алуға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуын талап етті. Депутаттық сауал мәтіні төмендегідей:

«Қазіргі уақытта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны елімізде 147 396. Олардың ішінде есту қабілеті зақымдалғандар – 6 357, (мүлде естімейтіндер 1 917, нашар еститіндер 4 440), көру қабілеті зақымдалғандар – 7091.

Жүргізілген зерттеулер естімейтін балалардың 70 пайызының ата-аналарының  есту қабілеті қалыпты екенін көрсетіп отыр. Сондықтан болашақта сау ата-аналардан еститін немесе естімейтін бала туылатынын болжау мүмкін емес.

Елімізде есту қабілеті зақымдалған балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, арнайы бала бақшалар және есту қабілеті зақымдалған немесе зағип балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары бар. Бар болғанымен олардың мұқтажын толық қамту үшін жеткіліксіз.

Нашар еститін балалар тап болатын негізгі проблемалар ретінде төмендегілерді атауға болады:

есту және сөйлеу қабілеті зақымдалған балаларды оқытуға арналған оқулықтардың және әдебиеттің жеткіліксіздігі;

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 8 шілдедегі № 333 бұйрығымен бекітілген естімейтін балаларға арналған арнайы түзету мектептері және арнайы сыныптар үшін ыммен сөйлеу жөніндегі арнайы оқытудың үлгі бағдарламалары жұмыс істемейді және жан-жақты пысықтауды қажет етеді. Нәтижесінде, есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы (түзету) мектептері түлектерінің көпшілігі ыммен сөйлесу тілін меңгермеген;

елімізде естімейтін балалар мен ересектердің байланысуы мен қатынасуына арналған мамандандырылған клубтар, орындар жоқ;

сурдоаударма және кадрларды даярлау бойынша мамандардың нарықтағы қажеттілігіне талдау жасалмайды. Мәселен, «Сурдопедагогика» мамандануы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және тек «Дефектология» мамандығы шеңберінде ұсынылған;

есту патологиясы бар балалар үшін қымбат тұратын хирургиялық операцияларға қол жеткізу мүмкіндігіне қарамастан, оңалту шаралары жоқ, бұл мұндай операциялардың тиімділігінің төмендеуіне, кейде пайдасыздығына алып келеді;

мемлекеттік тілде оқыту бағдарламасы және арнайы оқытатын әдебиет, қазақ тілінде бекітілген Дактиль әліппесі жоқ. Ұлты қазақ естімейтін және нашар еститін балалар орыс тілінде оқиды».

Осы айтылған мәселелерді ескере отырып, есту кемiстiктерi бар (естімейтін, нашар еститiн, кейіннен естімей қалған) балалардың заманға сай орта білім алуын жаппай қолжетімді болуын, олардың ересек өмірге бейімделуін дұрыс ұйымдастыру қажет екенін еске салған сенатор Б.Әйтімова мен С. Бектұрғанов депутаттық сауалда Үкімет басшысына мынандай шараларды қолға алуды ұсынды:

нашар еститіндер үшін мемлекеттік тілде Дактиль әліппесін (ыммен сөйлесу тілі) әзірлеу және бекіту;

мүлде естімейтін және нашар еститін балаларға олардың өмірге толыққанды бейімделуі үшін кәдімгі балабақшаларға бару мүмкіндігін беру, бала бақшаларда тәрбиелеудің арнайы бағдарламасы, ымдауға және сөйлеуге үйрету бойынша әдістеменің болуы;

ыммен сөйлесуді игерген, арнайы даярланған педагогтарды шақыра отырып, кәдімгі жалпы білім беретін мектептерде керең және нашар еститін балалар үшін сыныптар ашу;

нашар еститін және естімейтін балалардың білім берудің барлық деңгейлеріне, соның ішінде техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі және жоғары білімдерге мейілінше қол жетімділігін көздейтін, арнайы бағдарлама әзірлеу және бекіту;

есту қабілеті зақымдалған балалар мен ересектер үшін оқу әдебиеттерін, соның ішінде мемлекеттік тілде әзірлеу;

педагогикалық қызметкерлерді даярлайтын барлық жоғары оқу орындарында ымдау тілінің негіздерін үйрету бойынша міндетті практикалық пәнді енгізу мүмкіндігін қарастыру;

нашар еститін және естімейтін адамдар жұмыс істеуі мүмкін мамандықтар тізбесін (Қазақстанда мұндай тізбе жоқ) әзірлеу және бекіту;

осы санаттағы азаматтар үшін арнайы мемлекеттік қызметтер стандарттарын әзірлеу және бекіту;

әр түрлі салалардың қызметкерлерін, соның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсететін қызметкерлерді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың негізінде ымдау тілінің қарапайым негіздеріне үйрету бойынша үлгі әзірлеу және бекіту мүмкіндігін қарастыру қажет.

Есту патологиясы бар мүгедектердің әлеуметтік интеграциялануы мәселесін шешу бүкіл қоғамның, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, республикалық және жергілікті деңгейдегі мамандардың, ғалымдар мен практиктердің бірлесе әрекет етуін талап етеді.

Депутаттар Үкімет басшысының аталған мәселені өз бақылауында ұстауын сұрады.

Әділбек Қаба

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282