Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Бетбұрыс 4138 4 пікір 23 Ақпан, 2018 сағат 13:22

СҚО: «Серпінді» жастар сенімді ақтап жатыр   

    

Жастар бизнеске бет бұрды. Стартап жоба, кәсіпкерлік мәдениет, бизнес сауаттылық... олардың күнделікті лексикасы. Бұл уақыт талабы. Қажеттілік. Біз де өзекті боп тұрған стартап жобалар байқауын ұйымдастыру мақсатында Қазақстанның бірқатар аймақтарын аралауға шықтық.

Сапарымыз елдің солтүстік аймағынан басталды. Елдің біраз аймағында көктемнің исі сезіле бастағанмен, Қызылжарда аяз әлі сынбапты. Сақылдап тұрған аязға қарамастан, пойыздан түсе сала қаланы бір аралап шығуды жөн көрдік.

Жол басшыларымыз бізді қаланың ортасындағы бір ғимаратқа алып келді. Студенттер жатақханасы дейді. Жатақхана деуге ауыз бармайды (Басқа аймақтардағы біз көрген студенттер тұратын жатақханалармен  салыстыруға келмейді). Әр бөлменің жуынатын бөлмесі, плазмалы теледидары, қажет жиҺазының бәрі тұр. Кең, әрі жабдықталған асы үйі де бар. Кәдімгі шағын бөлмелі пәтер дерсіз. Студенттердің жағдайы жақсы көрінеді.

Жатақханадан шығып шара өтетін Академик Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғимаратына қарай бет алдық. Жолай жөн сұрасқан қазақтың бір қызы: «Мен казакша не понимаю» демесі бар ма. Ашуға булығып келе жатқан маған қасымдағы жергілікті университетте дәріс беретін апайдың «мы местные» деп жүретін қазақ жастарының бұлай деп жауап беруін, тіпті мақтан көретіндерін айтып, одан әрі отқа май құйғандай болды. Көз алдыма бізді вокзалдан күтіп алған қазақ жігітінің: «А это наша гордость – Ленина. Это «Огонек», - деп қазақ атауынан мақұрым қаланы аралатып келе жатып айтқаны ойыма оралды. Сөйтіп, университетке де келіп қалыппыз.

 

«Хабар» арансынан көрсетліп жатқан «Менің Арманым» бағдарламасына Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан бойынша байқауға қатысуға қызығушылық білдіріп, белсенділік танытқан аймақтардың көш басында тұр. Сонымен, супер идеялардың авторларынан сұхбат алып, жақынырақ танысар сәт те келді.

Қоғамға пайдамды тигізсем, мақсатыма қол жеткізсем деген,  үкілі үміттері мен талабы зор жастар. Бірі жабық спорт алаңын ұсынып, бизнес жоспарын таныстырып жатса, бірі жылыжай саламын, енді бірі жас журналистер мектебін ашамын дейді. Тоғжан Дүйсенғали болса, студенттер үйі жанынан аспаздық өнімдер сататын шағын дүкеннің жобасын әзірлепті.

Тілдері тұнық, еті тірі, жанып тұрған жастармен таныса келе, олардың бұл жерге еліміздің оңтүстік аймақтарынан келіп, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқандарын білдік.

Осыдан төрт жыл бұрын Риддер қаласында Алматы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан оқуға студенттер шақырылып, пилоттық жоба қолға алынған. Оңтүстік аймақтардан барған 12 мыңнан астам жас Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алуда. Ал, Қызылжарға «серпіндіктердің» алғашқы легі үш жыл бұрын келіпті. Студенттердің айтуларынша, алаңсыз білім алуларына барлық жағдай жасалған. Олар жатақхана, шәкіртақымен қамтамасыз етіліпті.

Ақжан Аманбек (суретте) Қызылжарға Жамбыл облысынан келген. Үш жыл бұрын мектеп бітірген ол «Серпін» бағдарламасы туралы естіп, елдің солтүстігіне барып бағын сынамақ болады. Басында тілдік ортада қиналғаным болмаса, қала маған бірден ұнады деп ағынан жарылды ол. Оқуын аяқтаған соң, Ақжан осы өңірде қалып, еңбек етпек. Айтуынша, қазірдің өзінде жұмысқа шақыртулар түсіп жатыр. Аймақта педагог кадрларға сұраныс жоғары.

«Серпіндіктерді» оқу орнының басшылығы да бағалап отыр.  «Еңбекқорлықтары мен белсенділіктері қуантады»- дейді олар. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғылым және инновация жөніндегі проректоры Ақмарал Ғұсманқызының айтуынша, оқу ордасында мыңнан астам «серпіндік» білім алуда. «Жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік беруде»,- дейді ол. Университеттің биылғы түлектерінің дені  қалада қалуды жоспарлапты. Кейбірі білімдерін  жалғастырмақ. Мамандардың көбі өндіріс орындарына орналасып үлгеріпті, қалғандары да жұмыссыз қалмайтындарына сенімді.

Өткен жылы жоба бойынша 2050 жас оқуға түссе, былтыр «Серпінге» бөлінген грант 3 есеге өсіп, 6200-ге жетті. Олардың 5 мыңы тек жоғары оқу орындарының гранттары.

Бір қарағанда, бәрі жақсы. Алайда, көптің көкейінде аталмыш жобаға қатысты сауалдар жоқ емес. Әсіресе, жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, білім гранттарының қалай бөлінетіндігі турасында ақпараттандыру жағы кемшін екенін айтады әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

«Серпін» бағдарламасы сәтті жүзеге асса, бірқатар мәселе шешімін табар еді. Алдымен, ішкі көші-қон дамып, экономикалық белсенділіктің жоғарылауына жол ашылмақ. Оңтүстік аймақтар үшін – ол бос гранттарды иеленіп,  жастардың сапалы білім алуы болса, қабылдаушы аймақтарға – ол  жаңа мамандар.

Алғашында бағдарлама сынға да ұшырады. Дәйекті, орынды сынмен қатар түрлі күмән, күдік те болды. Алайда, бүгінгі күні «Серпін» бағдарламасының өнімі ретінде бірнеше мысалдарды айта кетпеске болмас. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда оқып жүрген жастардың монша сыпырғыштарын жасап, Оңтүстікке апарып кәсіп жасап жүргендігі. Дәл сол өңірде жастар жерді жалға алып, картоп егіп, шағын бизнестерін дөңгелетіп жүрген көрінеді. Сонымен қатар «серпіндіктер» электронды билет сатумен, кептірілген жеміс-жидектермен айналысып, кейбіреулері өздерінің дүкендері мен тігін шеберханаларын, кафелерін ашып, бармен, шаштараз, аспаз болып жұмыс істеуде.

2015 жылдан бастап  «Серпін-2050» жобасын жүзеге  асырушы  ЖОО ретінде белгіленген А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мемлекеттік бағдарламалардағы басымдылыққа ие инженерлік-техникалық, ақпараттық  технология, ауылшаруашылығы мен ветеринария бағыттары бойынша 14 мамандыққа серпіндіктерді қабылдай бастады.  2015-2016 оқу жылы  аталмыш жоба бойынша  университетке  450, ал 2016-2017 оқу жылы 145 білім гранты бөлінді. Қазіргі таңда университетте 570 студент «Серпін-2050»  әлеуметтік бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Айтпақшы, біздің келесі сапарымыз Қостанайлық «серпіндіктермен»  кездесуге арналады.

Зарина Әділбек

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060