Жұма, 22 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 14673 8 пікір 5 Наурыз, 2018 сағат 09:33

«Тапқан мен баққан» философиясы

Қазақтың кейбір даналық сөздері экономикалық мағынаға ие. Мәселен, «Тапқан — тапқандыкі, ешкі — баққандыкі» дейді халық. Егер осы сөздің астарына үңілсек, онда экономикалық және философиялық заңдылықтарды көреміз. Бүгін қазақ балаларының ойын үстінде айтатын «тапқан — тапқандыкі, ешкі — баққандыкі» сөзінің мағынасына үңіліп көрейік:

Нақтысында, осы мәтелде кездесетін «тапқан» дегеніміз «кездейсоқтық» категориясына жататын құбылыс: заттың (құндылықтың, адами қасиеттің және т.т.) — «табылуы мүмкін» немесе «табылмауы да мүмкін». Яғни, сондықтан бұл — кездейсоқ нәрсе.

Ал «баққан» сөзінің мағынасы «қажеттілік» не «тұрақтылық» категорияларымен өлшенеді: бұл — адам еңбегінің әуел баста бір мақсатқа құрылып, соған сатылы түрде жетуін көрсетеді. Яғни, мұнда мақсатты «іске асыру жоспары» алдын ала жасалғандықтан оның (мақсаттың) орындалуы барысында субъект (әрекет етуші адам) мейлінше кездейсоқтыққа жол бермеуі де жоспарлаған. Яғни, «баққан» дегеніміз — адамның өз еңбегімен өзіне тұрақты жағдай жасауын айтады екенбіз. Ендеше «баққан» дегеніміз «қажеттілік» категориясын бейнелейді.

Бұл жерде мына нәрсеге түсініктеме бере кету керек:

Әрине, замандар бойы көшпенді мал шаруашылығымен айналысқан қазақтың тіршілігінде «жұт» деп аталатын форс-мажорлық жағдайлар орын алуы мүмкін еді, әлі олар болып отырған. Бірақ қазақ дүниетанымы ондай апаттарды «тағдыр» категорясымен байланыстырады. Олар тағдырдан қашып құтылу адамның қолынан келмейтін шаруа екенін, ол Тәңірдің жіберген зауалы екенін түсінеді, оған мойынұсынады. Яғни, «тағдыр» — адамнан тысқары тұрған күш болғандықтан, ол «тапқан» мен «баққан» деп аталатын өмір заңдылықтарының маңызын жоя алмайды.

Енді осы «даналық әліпбелерінің» қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің заманауи экономикасында қалай көрініс тапқанына тоқталайық:

Егер жан-жақты қарайтын болсақ, онда көзі қарақты жан Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің экономикамыздың «тапқан» санатында қалып қойғанын байқар еді. Нақтырақ айтар болсақ, ел экономикасында негізгі табыс көзіне айналған «мұнай табысы», не болмаса, басқа да «қазба байлық» табыстары «тапқанға» жатады. Себебі біз «мұнай және қазба байлығын» өз қолымызбен жасаған жоқпыз. Ол бізге Тәңірдің берген сыйы! Сондықтан — «тапқан». (Мәселен, Құдай бізге оны бермеуі де мүмкін еді ғой. Әлемде ондай елдер көп). Нәтижесінде, біздің экономика «тапқанын» шетел асырып сатып, мәре-сәре болып қалды. Мұның аты «Олжа» болатын! Негізі, қазақ санасында «олжамен күн көру» уақытша және өтпелі кезең ретінде қабылданады. Сондықтан біз де экономиканың іргетасын басқа жаққа, яғни,  «баққанға қарай бұру» стратегиясын әуел бастан жасап, іске асыра бастау қажет еді. Бірақ біз біршама уақыт «олжадан» басымыз айналып, «ал, же!» деп, кешігіп қалдық.

Ал «баққан» ше?

Оның «бейшара» болып қалғаны рас: себебі, «бағу» үшін де қорада бірлі-екілі «ешкі» қалуы тиіс қой? Өкінішке қарай, азық-түлік өндірісін қамтамасыз етіп тұрған ауыл шаруашылықтарын ыдыратып, ретті механизммен жұмыс істеп тұрған өндірісті, қоғамдық меншікті қиратып алдық та, көп жағдайда «бағатын ешкі» таппай қалған жұрт − «баққан болмаса тапқанды көрейік» деп сауда-саудалап кетті. (Ескерту: «олжа» сияқты «сауда» да «тапқанның» бір түрі болып табылады).

Түсіндіру: Егер «тапқанды» өмір сүру принципіне айналдырмай, ғасырлар бойы «баққан» принципімен келе жатқан, сөйтіп, тек қана өз еңбегінің жемісін жеген қазақты бүгінгі «тапқан» түбегейлі өзгертіп жіберуге ұмтылмағанда — ол туралы сөз көтерудің де еш қажеті жоқ еді. Президент Н.Назарбаевтың өткен жылы жазған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы да түсінген жанға «тапқаннан баққанға көшу жолы» екені рас).

Өкінішке қарай, еліміз енді ғана «тапқаннан» есін жиып, енді ғана «баққанын» іздей бастады. Бүгіндегі айтылатын «кәсіппен айналысыңдар», «өндірісті дамытайық», «тауарларды шеттен алмай өзіміз өндірейік» деген ұрандар соның айғағы.

Мұнда ерекше ескеретін тағы бір жағдай бар, ол мынау:

Ертең «баққан», яғни «тауар өндірісі» дамыған сайын өзімізге де ресурс (жер, су ауа) тапшылығы айқын сезіле бастайтын болады. Қазіргі халқымыздың демографиялық өсім деңгейі де соған қолайлы болып келеді. Демография, адам капиталының дамуы, ғылым мен білім, мемлекеттік басқару жүйесі, ең бастысы — экономикалық стратегия солай қарай бағыт алды. Бірақ ол кезде біз бүгінгі «тапқыштардың» стратегиялық ресурстарымызды ешбір мотивациясыз «әркімнің меншігіне» беріп тастағандары үшін қатты өкінетін боламыз.

Міне, мәселе қайда?!

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322