Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Болған оқиға 7948 6 пікір 13 Наурыз, 2018 сағат 14:12

Есмұхан Обаев қойған «Абайды» Ерлан Біләл сомдап шықты

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған бірнеше іс-шара өтті.

Сахна абызының басына барып, құран бағышталды. Дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Әкем-театр репертуарындағы Мұхтар Әуезовтің "Абай" трагедиясы сахналанды. Енді сол жайлы рет-ретімен баяндаймыз.

Дөңгелек үстел барысында Халық әртісі Асанәлі Әшімов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев алғаш болып сөз алды.

Әрі қарай әкем-театрдың директоры Асхат Маемиров модераторлық жасап отырды. Бұл шараға Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексембаев бастаған, актерлері Тілектес Мейрамов, Нұркен Өтеуіловтер қоштаған актерлік құрам арнайы келіп, қара шаңырақ бастаған эстафетаны қабылдап алды.

Асанәлі Әшімов өз сөзінде: «Қалекеңді пір тұттық, Мұхтар Әуезовтің өзі Қалекеңге бас иді. Орыста  Горький мен Шаляпиннің достығы қандай болса, қазақта Мұхтар Әуезов пен Қалекеңнің достығы сондай болды. Қалекең хат танымады бірақ, мынау табиғат тудырған дарын. Соны Алла тағала жетектеп осы сахнаға алып келді. Қалекей сияқты табиғаттан дарынды жандарды оқытып қай салаға салып жіберсең де академик шығар еді... » - деді.

Ал шара барысында Астана, Семей, Атырырау секілді қалалардан арнайы келген қонақтар мен Алматы көрермендерінің назарына арнайы көрме ұйымдастырып, Қалибек Қуанышбаевтың құнды мұраларын, суреттерін, рөлдер де киген киімі мен естеліктері таныстырылды.

Театр мұражайының жетекшісі Наргиз Тамабекқызы: «Қалекең - ірі тұлға. Әрбір ойнаған рөлінің өзі дисертациялық жұмыс. Біз бірінші болып 125 жылдығын ұйымдастырудамыз және де бұл игі бастама әрі қарай өзге облыстарда жалғасын табады. Өзінің туған жері Қарқаралыдағы музейінде бар жәдігерлердің басын қосып, үлкен бір көрме ұйымдастыру да жоспарланып отыр», - деді.

Қазақ кәсіби сахна өнерінің абызы, жүз елуге жуық рөлде ойнап, өшпес ізін, ұмытылмас өнегесін қалдырды. Сахна өнерінің Қалибек Қуанышбаев шыққан ең биік шыңы - Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің пьесасындағы қазақтың кемеңгер ақыны Абай рөлі болды. Оны Қаллекидің көзін көрген Абыз Асанәлілер айтты. Айтпақшы, Қалибек Қуанышбаевтың театрдағы премьерасы «Абай» болған, Абайды сомдаған.

Осы жолы «Абай» қайта сахналанды. Қойылымға режиссерлік еткен – Есмұхан Обаев. Ал Абайдың рөлін – әкем-театрдың экс-директоры, ендігі қатардағы актер – Ерлан Біләл сомдады.

Фотобаян:

Көгершін Тілеген

Abai.kz

6 пікір