Өзбекстанда есек етін сатқандар ұсталған
Өзбекстанның Ферғана облысында қоғамдық тамақтандыру орындарына есек етін сатқан деген күдікке ілінген топ ұсталған. Бұл туралы Куштепе аудандық әкімдігі мен Бас прокуратура жанындағы ақпараттық-талдау орталығына сілтеме жасап Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик) хабарлады.
Куштепе аудандық мал дәрігері бөлімі қызметкерінің Озодлик тілшісіне хабарлауынша, жергілікті тұрғындар түн мезгілінде есектердің ақыратыны туралы шағым түсіргеннен кейін наурыз айының басында тексеру жүргізген билік өкілдері маңайдағы үйлердің бірінен сойылған есектің 140 келі етін тапқан.
Ресми орындардың мәліметі бойынша, Куштепе ауданындағы жеке меншік үйлердің бірінде сойылған есек етін Ферғана қаласы мен Ташлак ауданындағы тағам әзірлейтін орындарға жеткізіп тұрғаны анықталған.
Күдікке ілінген төрт адамның бұл іспен қанша уақыттан бері айналысып келгені әзірше белгісіз деп хабарлайды Озодлик.
Күдіктілердің үстінен қылмыстық кодекстің "Тұтынушылардың өмірі я денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай емес өнімдерді сату мақсатында өндіру, сақтау, тасымалдау" бабы бойынша іс қозғалған.
Abai.kz