Рәшкүл Осанәлиева. Әмеңгерлiк пен көп әйел алу дәстүрiн жаңғырту қажет
Менi тастанды балалар тағдыры көп толғандырып жүр. Бойжеткендердiң өз болашағына немқұрайдылығынан осындай өзектi мәселе туындап отыр деп ойлаймын. Аңсары ауған адамымен арадағы сезiмiне тоқтау сала алмай көңiл қосып қойып, артынан екiқабат болып қалғанда ағайын-туыстың, елдiң бетiне қарауға ұялғандықтан жарық дүние есiгiн жаңадан ашқан бейкүнә нәрестенi балалар үйiне апарып өткiзетiндерi өкiнiштi-ақ. Оны айтасыз, еш жазығы жоқ шарананы шырылдатып, күл-қоқысқа лақтырып кететiн ар-ұяттан безгендер де бар. Тұла бойыңды түршiктiретiн мұндай келеңсiздiктiң жолын кесу үшiн қазақ халқында ежелден берi қалыптасқан, бiрақ бүгiнде дамымай кенжелеп қалған әмеңгерлiк пен көп әйел алуға рұқсат ететiн дәстүрдi қайта жаңғыртқан жөн деп есептейтiндiктен елдi пiкiрталасқа шақыру мақсатында ой бөлiсудi ұйғардым.
Менi тастанды балалар тағдыры көп толғандырып жүр. Бойжеткендердiң өз болашағына немқұрайдылығынан осындай өзектi мәселе туындап отыр деп ойлаймын. Аңсары ауған адамымен арадағы сезiмiне тоқтау сала алмай көңiл қосып қойып, артынан екiқабат болып қалғанда ағайын-туыстың, елдiң бетiне қарауға ұялғандықтан жарық дүние есiгiн жаңадан ашқан бейкүнә нәрестенi балалар үйiне апарып өткiзетiндерi өкiнiштi-ақ. Оны айтасыз, еш жазығы жоқ шарананы шырылдатып, күл-қоқысқа лақтырып кететiн ар-ұяттан безгендер де бар. Тұла бойыңды түршiктiретiн мұндай келеңсiздiктiң жолын кесу үшiн қазақ халқында ежелден берi қалыптасқан, бiрақ бүгiнде дамымай кенжелеп қалған әмеңгерлiк пен көп әйел алуға рұқсат ететiн дәстүрдi қайта жаңғыртқан жөн деп есептейтiндiктен елдi пiкiрталасқа шақыру мақсатында ой бөлiсудi ұйғардым.
Статистикаға жүгiнсек, елiмiзде әр еркекке бiрнеше әйелден келедi екен. Мұны белгiлi ғалым-демограф Мақаш Тәтiмов жиi айтып жүр. "Елiмiзде күйеуге тимеген 250 мың кәрi қыз бар", - дейдi ол нақты дерегiн алға тартып. Осы оң босағада отырып қалған 250 мың қыз өз теңiн тауып перзент сүйсе, 250 мың нәресте өмiрдiң есiгiн ашса, нұр үстiне нұр емес пе! Алайда кәрi қыздар азаюдың орнына жыл өткен сайын көбеюде. Әрине, бұл мәселе жетiмдердiң көбеюiмен қатар халық санының өсуiне де керi әсерiн тигiзiп отыр. Сол үшiн не iстеуiмiз керек? "Бiзде еркек аз" деп ер-азаматтарды басқа бiр жақтан әкеле алмаймыз. Ендеше, ертеректегi көшпелi қазақтың салт-дәстүрiн қолға алу керек. Әмеңгерлiк және көп әйел алу дәстүрiн қайта жаңғырту қажет. Дiнiмiздiң өзi мұны қолдайды. Хадистерде "Әйелдiкке ол бiреу, екеу немесе төртеу болсын, өздерiңiз ұнатқанды алыңдар. Егер олардың арасында әдiлеттi бола алмасаңдар, тек бiреумен шектелгендерiң өздерiң үшiн жақсы" делiнген. Мұндайда тек рұқсат етiлiп қана қоймайды, мұсылман дiнiнде оған тiкелей ұсыныс-нұсқау айтылады. Өйткенi қыздарымыздың бәрi де әйел болуға, ана болуға хақылы.
Жасырып қайтемiз, "жалғыз әйелдi жан сақтата алмай жүрiп, көп әйел алу неңдi алған?" деп бiр-бiрiн келемеж етушiлер де табылады. Рас, мынадай алмағайып заманда жол апатынан, қауiптi өндiрiсте жұмыс iстеуден және тағы басқа жағдайларға байланысты жесiр қалған жалғызбасты әйел өте көп. Олардың көбiсi құрсақ көтеруге қабiлеттi жаста. Ертеректе қазақтар "әмеңгерлiк" дәстүрiн қатал ұстанған. Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуi қайтыс болғанда оның жесiрi "ерден кетсе де, елден кетпек жоқ" деген қағидаға қалтқысыз бағынған. Әмеңгерлiк жолмен марқұм күйеуiнiң ағасына, не iнiсiне, әйтеуiр бiреуiне өзiнiң таңдауы бойынша тұрмысқа шыққан. Тағы бiр айта кететiн жайт, егер жесiр әйел "бұдан былай тұрмыс құрмаймын, өз өмiрiмдi тек қана балаларымды бағып-қағуға, тәрбиелеуге арнаймын" десе, оның айтқаны да орындалатын болған. Ал егер жесiр әйел өзi барған әулеттен басқа бiреуге тұрмысқа шығамын деген ниет бiлдiрген жағдайда, онда бұрынғы күйеуiнiң туыстарына оған үйленетiн жаңа күйеу жiгiт қалыңмал төлеуi тиiс. Мұндағы мәселе бұрынғы некеден туған балаларды жеткiзу, яғни материалдық жағынан қамтамасыз ету мақсатынан туындаған.
Жесiр әйелдiң етегiнен тартқан баласы болмай әрi өлген күйеуiнiң әмеңгерлiк ететiн туысы болмаған жағдайда ғана төркiнiне кетуiне рұқсат етiлген. Әмеңгерлiк салтының түп-төркiнiне үңiлсек, жас ананың тауы шағылып, қамқорсыз қалған сәтiнде жанына жалау болар ер-азаматтың қамқорлығын сездiру, әрi жас балалар әке мейiрiмiн көрмей жалғызсырап өспесiн деген iзгi ниет менмұндалап тұр емес пе?! Иә, әкеден айырылған жас балалар басқа жерге барып қорлық көрмеген, жетiмдiк тауқыметiн тартпаған.
Жесiрдi ел iшiнен жiбермеудiң бiрнеше әлеуметтiк маңызы бар. Бiрiншiден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлiнбейдi, ру, ел қауымдастығында бiрге тәрбие алады. Өмiрде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейдi. Екiншiден, жесiрдiң кетуi сол елге үлкен мiн саналған. Егер әйел тиiстi әмеңгерiне шықпай, басқа бiреуге шығатын болса, бұрынғы күйеуiнiң мал-мүлкiнен үлес ала алмайды, өз төркiнiнен келген мүлкiмен ғана кете алады. Мұны қазақша "iргеден шығару" дейдi. Үшiншiден, қазiргi кезде еркектерiмiз екiншi әйел алмайды емес, жасырын болса да алып жатыр. Ондай жасырын некеден туған баланың ертеңi не болады? Есейген кезде "әкең кiм?" десе, не дейдi? Егер көпәйелдiлiк түсiнiгi қолға алынса, еркектерiмiз екiншi әйелiнен туған балаға өз ата-тегiн берiп, бүлдiршiндерiмiз "некесiз туған бала" деген жаман аттан аулақ болар едi.
"Қызға қырық үйден тыю", "Қызым үйде, қылығы түзде" деген даналық сөздерде, ұға бiлсек, шалқар ұғым жатыр. Қыздың абыройын сақтауы, ал жесiр қалған әйелдiң ауыл-аймаққа атағын шығармай, көзге түрткi қылмай әмеңгерлiк жолмен табыстырылуы осы мәдениетiмiздiң, халық даналығының арқасы. Қазақта қазiр ажырасу көп. "Неге бұлай?" деген сұрақ бәрiмiздi мазалайды.
Әмеңгерлiк институты сол замандағы ана мен баланы қорғау институты деп айтуға толық негiз бар. Өйткенi ешқандай алимент, жетiмхана атаулы болмаған заманда жасөспiрiмдердi жеткiзу, оларды тәрбиелеу және әйел баласының да ала жiптен аттап кетпеуi жан-жақты ойластырылған. Ең бастысы, әкеден айырылып, жетiм қалған балалар басқаның қолына қарамай, жат болмай, жатырқамай өз бауырларының арасында өсуге мүмкiндiк алған.
Айта берсек, әмеңгерлiк пен көпәйелдiлiктiң халқымызға берер пайдасы орасан зор. Өзiнен гөрi жасырақ әйелмен төсек жаңғырту егде тартқан еркек бойына күш-қуат берiп, оны жасартады. Ал денi сау әйелдiң әр бала туған сайын организмi жаңарып, жасарып, түлеп отыратыны тағы белгiлi. Одан қала бердi келiншектердiң арасында бәсекелестiк пайда болады. Жұмысбасты болып күйеуiне көңiл бөлудi қойған нәзiкжандылар, отағасының басқа бiреудiң отын түтетпеуiне барынша әрекет етiп, жарының жағдайын жасауға кiрiседi.
"Аға өлсе - жеңге мұра, iнi өлсе - келiн мұра, ат өлсе - сауыры мұра" деген халық даналығы сол кезден қалған. Сондықтан жесiр әйел кiм көрiнгенге көз түрткi болмасын, тұрмыс тауқыметiн тартпасын, жетiм балалары ата жұртынан сыртқа кетiп жат болмасын деген таза ниет пен өмiр талабынан туындаған дәстүр болғандықтан, мұны кертартпа салт деу - көрсоқырлықтың белгiсi.
Ұзын сөздiң қысқасы, әмеңгерлiкке және көп әйел алуға рұқсат беру керек. Осы мәселе бойынша Төбе би, Ауыл билерiмiз, Ардагерлер кеңестерi жұмыс жасаулары қажет. Ертеректе, билердiң қызметi ел iшiндегi ынтымақты, бiрлiктi қадағалау болған емес пе? Ел арасында қандай да бiр келеңсiз жайттар туындаса, соны билер отырысында қарап, әдiл шешiмiн берген. Қазiргiнiң билерi де солай жұмыс жасаса, нұр үстiне нұр болар едi.
Ата-аналар мен мектеп қабырғасы жас өскiншек қыздарға отбасын құру, жыныстық қарым-қатынас пен оның керi нәтижелерi туралы түсiндiрiп, ақыл айтып отыруы керек. Бұл жерде ата-ана тәрбиесiнiң маңызы шешушi рөл ойнайды. Менiң бұл айтқандарымды оқыған қыз-келiншектер, маған ренжуi мүмкiн. Алайда халқымыз көп болсын, тастанды-жетiм балалар саны аз болсын десек, әмеңгерлiк пен көп әйел алу дәстүрiн қайта жаңғырту қажет.
Рәшкүл Осанәлиева,
Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, "Береке А" корпорациясының президентi.
«Жас Алаш» газеті