Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 10355 81 пікір 3 Сәуір, 2018 сағат 10:32

Жошы Ханға ие болайық!

Қазіргі күнде төл тарихымызды түгендеуге көптеген ғалымдарымыз, ақын-жазушы, зерттеушілеріміз үлкен үлестерін қосып жатыр. Қуанамыз! Алайда, Қазақ тарихындағы Шыңғыс бейнесі, оның ұрпақтары – Қазақ хандары, сұлтандары, қазіргі уақытта қазақтың бір руына айналған «Төрелер» туралы айтылғанда кейбіреулердің кежегесі кері кететіні де жасырын емес! Ондайлар қанша байбалам салғанымен тарихты өшіре алмайсың!

Атақты түркітанушы Мурад Аджидің бір айтқаны бар, «...сендер қазақтар қысымды көп көрдіңдер. Өз елдеріңді таптаған Россияның Грозныйын, Ермагін, Кутузовын мақтадыңдар, ал өз хандарың Кенесарыны даттадыңдар. Грузиндер, Армяндар өз патшаларын дәріптеді, ал сендер өз хандарыңды қараладыңдар...». Бұнысы, ойлансақ, тура шындық қой! Тура соның жалғасындай, Ғафу Қайырбеков ағамыз да, сонау Кеңестік кезде-ақ: «Басқалардың хандары ақылды боп, Неге біздің ханымыз жаман болған» деген екен! Бұған алып қосарымыз жоқ болар?!

Кесене алдында 2015 жыл 6 – маусым

Біздің қазақтың көпшілігі сол кездің өзінде-ақ, ауыз екі әңгімелерінде, Шыңғыс Хан туралы ешқашанда жаман айтпайтын, қайта, оны – «атақты ханымыз, қасиетті ерекше киелі, әулие кісі...» деп санайтын! Бұл, халықтың жадының өшпейтінін дәлелдейді емес пе?! Бірақ, өкінішке орай, бұл мәселе туралы «Қызыл» саясаттың салдары әлі күнге әсер етіп келеді.

Трибунада Шыңғыс – Жошы хандар ұрпағы Нұғманов Шернияз. 2015 ж. 6 - маусым

Қалай болғанда да, Шыңғыстың үлкен ұлы, әлемдік тұлға - Жошы Хан, Дешті Қыпшақ ұлысының ханы екені және оның жатқан жері бізде екенін әрбір қазақ жақсы біледі! Олай болса мемлекетіміздің қалыптасуын содан бастасақ дер едік. Жошы Ханға ие болсақ дер едік! Ал, бұл атақты, дүниежүзілік тұлғаның қайтыс болғанына 2017 жылы, 790 жыл толды.

Ол туралы бірер тарихи-әдеби деректерді келтіре кетелік. Жошы хан (1187-1227) Шыңғыс Ханның, «Қоңырат» қызы Бөрте бәйбішесінен туған төрт ұлдың үлкені. Ұлы қолбасшы, аса ірі әскери көсем, Шыңғыс Империясын құрған барлық соғыстарға қатысқан, өзі де ересен күшті, ер жүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар, батыр адам болған. Ең бастысы – Қағанның бекітіп тапсыруымен Жошы Ұлысын құрған атақты ханымыз! Ол жорық жолында әлемнің 90 қамалын бұзып, 200 қаланы, сан елдерді бағындырған әскери стратег, тактик, ірі әскери қолбасшы!

Шыңғыс хан Бөртеге үйленгеннен кейін меркіттер шабуыл жасап, Бөрте тұтқынға түсіп қалады. Кейінірек (біреулер 4 айдан соң деседі) Шыңғыс, әйелін Керей хандығының билеушісі Тұғырылдың көмегімен тұтқыннан босатып алады. Жошыны Шыңғыс ханның «ұлы емес» деген алып-қашты сөздер осы оқиғадан кейін тараған. Осы қисынсыз, «әңгіме» де Жошының белгілі өмірбаянымен бірге қатарласып келеді. Бұған қарсы айтатын бір-ақ уәжіміз – бұл әңгімесымақтар, Шыңғыс Қаған мен Жошы Ханның даңқына көлеңке түсіру үшін қызғанышты жауларының, жау тыңшыларының  әдейілеп таратқан көптеген қауесеттерінің бірі ғана деп қараған жөн және оған ерекше тоқталып жатудың қажеті де шамалы.

Анығын Бір Алла ғана біледі! Осыған қосарымыз, қашанда ұлылардың соңынан өсек-аяңдар қалған емес! Шыңғыстың Жошыны керемет құрметтеп, үміт күткен, үлкен жорықтарды, мемлекеттік істерді сеніп тапсырып отырғаны анық! Тағы бір дәлел ретінде, кейінгі, басқа Шыңғыс ұрпақтары да Жошы ұрпақтарымен қатты санасып, негізгі жол-жоралғы солардыкі болып отырғанын (Қаған сайлаудағы Батудың ролін ұмытпаңыз) келтіреміз! Егер де «түбінде бір шикілік бар десек, осылай қалыптасар ма еді» деген сұрақ туындайды емес пе?!

Ұлы Қағанның сенімінің, қолдауының арқасында Жошы 1207-12 жылдары, батысқа қарай бағытталған бірқатар үлкен жорықтарды басқарып, Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласын, Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген ел-тайпаларды өзіне  бағындырып, Жетісу өңіріне жеткен. 1211-15 жылдары Қытайды жаулау, бағындыру соғыстарына қатысты.

Жошы – Баба, 23 – ұрпағың оң тізесін бүгіп алдыңа келді.  (2015 ж. 6 - маусым)

Тағдыр, ... біздер қазір кімбіз? (2015 ж. 6 - маусым)

1218 жылы Жошы жасағы ежелгі жауы «Меркіттерді» қуалай отырып, Қыпшақ даласы, Ырғыз өзенінің бойында Хорезм шахы Мухаммедтің 60 мың әскерімен кездесіп, бетпе-бет келеді. Соғыс жарияланбағанына қарамастан, өз әскерінің анағұрлым көп екеніне сенімді болған шах, бірінші болып шабуылға шығады. Алайда, Жошының үлкен қолбасшылық дарыны арқасында әскері анағұрлым аз болғанына қарамастан ұрыс тең аяқталады! Бұдан қатты  үрейленген шах әскері шегініп кетуге мәжбүр болады! Осыдан соң, шах әскері Жошыға қарсы ашық шайқастарға шыға алмай, қорғандарын паналай берген. Жошы Жетісудағы бар қалаларға ие болды! Бұнымен тоқтамай, 1220-22 жылдарда Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жанкент, Түркістан т.б. қалаларды алуды басқарды, сонымен Хорезм мемлекеті құлады!

1223 жылы Шыңғыс Қағанның шақыруымен Сайрам-Таластың аралығында, «Құланбасыда» Ұлы Құрылтай өткізілді. Осы құрылтайда Қаған көзінің тірісінде жаулап алған ұланғайыр өлкені үлкен әйелі (бәйбішесі) Бөртеден туған төрт ұлына енші ретінде бөліп береді. Жошының еншісіне Ертістен батысқа қарай, Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, "моңғол атының тұяғы жеткен" төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл Дешті Қыпшақ аймағы тиеді. Ордасы Ертіс өзені бойында орналасты.

Басқалар Қара Қорымға қайтқанда, Жошы, Дешті Қыпшаққа қарасты түркі тілдес тайпалар құраған, өз ұлысында қалған. Міне, біздің қазақтың да алғашқы мемлекеті осыдан бастау алады! Бұл жерде аса назар аударатын үлкен мәселе – Жошы Ханға шығыстан бірге келген әскерден төрт мың ғана қол қалдырылғаны! Міне, осыдан-ақ жергілікті түркі, оның ішінде қазақ тайпаларының Жошыны ерекше құрметтегендіктері, өз Ханы санағандықтары бірден көрінеді.

Жошы да өзінің түркі-қазақ жұртын ерекше сүйген, бағалаған. Тарихшы Жужанидің айтуынша ("Табанат-и-Насири" 1260): "Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейді..." делінген! Дербес, тәуелсіз мемлекет қалыптасты, осыған байланысты, тарихшылардың: «...бұл саясат әке мен бала арасында араздық тууына себепкер болуы әбден мүмкін. Бірақ, баласының ақылдылығы мен ерекше батылдығынан Шыңғыс ханның өзі де сескенген...» деген сияқты жаулары шығарған пікірлердің бірі. Бұл деген, ұлы адамдар емес, қарапайым қатардағы адамдардың ойына келе бермейтін «кісәпір» ойлардың бірі. Сонда дейміз-ау, қандай әке баласының өзінен артық ақылды, ержүрек батыр болғанына қызғанышпен қарауы мүмкін бе? Мүмкін емес.

Осы тектес түрлі-түрлі, мүмкін, көбінесе кейінірек, белгілі бір мақсат мүддені көздеп шығарылған алып-қашпа пікірлер, Жошының қазасының себептеріне де күдік, көлеңке түсіру үшін  сан алуан себептер туындатып, Шыңғысханның «қанішерлігін» асқындатып, Жошыны әдейі арандатуға қажет болған тәрізді.  Ондай берекесіз әңгімелерге тоқтамай-ақ қоялық, олардың біразы оқырман қауымға белгілі. Мысалы:

- Жошы қазасы туралы біздің қазақ арасында да керемет аңыз-әпсаналар сақталған. Соның бірегейі, бәріміз де білетін, атақты «Ақсақ Құлан, Жошы хан» күй-аңызы. Бұның бір нұсқасында белгілі күйші-жыршы Кетбұқаның Қағанға Жошы өлімін күймен жеткізді делінсе, екінші нұсқасында күй тартылып болған соң, түркі жырымен естіртті делінеді;

- Мұндай суық хабарды Шыңғысханға жеткізу де оңайға түспесе керек (Түрік шежіресі), яғни, қайғылы хабарды естіртуге ешкімнің батылы бармай, бұл міндет ұлы жыршыға жүктеліпті. Шыңғысхан жыр «жырла» деп әмір берген сәтін пайдаланған ұлы жыршы:

- Тенгиз баштын булғанды, ким тондурур, а ханым?

Терек тубтын жығылды, ким тургузур, а ханым?,- дегенде, Шыңғысхан:

- Тенгиз баштын булғанса, тондурур (тундырар) олум Жучи дүр,

Терек тубтын жығылса, тургузур олум Жучи дүр...;

...Бұл мысалдардағылардан басқа пікірлерді мұқият қарасаңыз, келіспейтін жерлері көп екенін байқайсыз: біріншісінде Қаған, «қанжар тығып өлтіріңдер» деп арнайы адамдар жіберген болса, ол бұйрық неге орындалмаған (орындалмауы мүмкін емес қой)?! Өзі өлтірткен болса, Қағанның сонша өкінуі қалай? Тарихтан Бөртеге естірту үшін арнайы бұйрық шығарылғанын да білеміз, олай болса бұндай дабыралар не үшін қажет?! Сондықтан, саралай келгенде, ежелгі қазақ аңызы шындыққа өте жақын екенін байқаймыз.

Қалай болғанда да Жошы әкесінен алты ай бұрын қаза тапты және оның өліміне Шыңғыс Қағанның қатты қиналып, күйінгені белгілі! Олай болса, «өзі өлтірткен» дегеннің жалған әңгіме екені анықталып тұр. Өз шешімінсіз ондайға басқалардың да бара алмасы анық.

Қазақ «төрелері» бастау алатын Жошы ұрпақтарына келсек, оның артында көптеген бала-шағасы (Рашид ад-дин 40 ұлы болған деп, 14 ін атайды: 1-Орда; 2-Бату; 3-Береке; 4-Беркечар; 5-Шибан; 6-Тангкут; 7-Бувал; 8-Чилаукун; 9-Шингкур; 10-Чимпай; 11-Мухаммед; 12-Удур; 13-Тука-Тимур; 14-Сингкум), көптеген немерелері қалған. Жошы ұлдарының әрқайсысының тарихтан алатын өзіндік орны бар, олардың ішіндегі атақтылары ретінде Орда-Ежен, Бату, Берке, Шибан тағы басқалары аталады.

Жошы өлгеннен кейін, Шыңғыс Қағанның мақұлдап, бекітуімен, оның екінші ұлы - Бату, такқа отырды және барлық батыстағы әскер мұны мойындады. 1237-56 жылдар аралығында 19 жыл хандық құрды, өзі бастаған жорықтар кезіндегі қаталдығына қарамай «Сайн хан» немесе «Қайырымды хан» атанды. Орыс жеріне, Шығыс Европаға ұлы жорықтар басталды, бұл енді өзінше айтылатын, жекеше үлкен тарих, Ұлы мемлекет Алтын Орда тарихы!

...Жошының мазары Жезқазған өңірінде, қаладан 50 шақырымдай жердегі «Кеңгір» өзенінің бойында.  Бар қазаққа киелі Ұлытауда!

Қазақ халқының сүбелі бір руларының бірі болып саналатын төрелер, өздерінің Ата-Тегі, Шыңғыс–Жошыдан басталатынын ешқашанда ұмытқан емес және оны Алла Тағаланың өздеріне берген қасиетті дәрежесі санайды!

Жошы ұмытылған жоқ! Осыған байланысты 2015 жылы маусымның 6-да Ұлытауда, нақты айтқанда Жезқазған қаласында көптеген ел азаматтары бас қосып, ұлы хандардың ұлысы - Шыңғыс Қаған мен оның тұңғышы, Ұлы хан Жошының рухына арнап құран бағыштап, «Кеңгір» мейрамханасында  «Ас» берді.  Сол ұлы Асқа Жезқазған қаласының әкімі Б. Ахметов қол ұшын беріп, үлкен азаматтық танытты. Өткен 2017 жылы 18 қарашада қасиетті Түркістанда Шыңғыс қаған мен Жошы ханның қайтыс болғанына 790 жыл толуына байланысты «Ас» беріліп, Құран бағышталды.  Жалпы Шыңғыс–Жошы ұрпақтары – Төрелер әулетінің қазақ Мемлекетінің негізін қалауда, оның тәуелсіздігі жолында және мәдениеті мен өнерін қалыптастыруда мәңгі өшпестей із қалдырды. Бұл, қазақ тарихында алтын әріппен жазылған шындық. Олардың қазіргі ұрпақтары да еліміздің өркендеуіне барынша үлес қосатынына сенеміз.

...Кесене туралы көп айтылғандықтан аса тоқталмай-ақ, бірер мәліметтерді келтіре кетелік: мазар жайлы алғашқы жазба хабар Бұхар билеушісі Абдаллахтың 1582 жылы Ұлытауға барған кезіне байланысты пайда болды. Онда «Осы айдың 6 жаңасы, сенбі күні хан, Жошы ханның мазары алдындағы сарайға тоқтады» делінген. Ал, ауызша деректі қазақ баласы ежелден айтып келеді! Мазар туралы Ю. Шмидт, В. Бартольд, және Ш. Уәлихановтар жазды.

Археологиялық қазба жұмысы қазақ аяулысы Әлкей Марғұланның басшылығында 1946 жылы жүргізілді. Екі бейітті тексеру-қазба жұмысының нәтижесінде табылған сүйек сұлбалары және материалдық заттарға сүйеніп, алғашқы қорытындылар жасалды. Ә. Марғұлан бірінші бейіттен табылған адам қаңқа сүйегінің бір қолы жоқ болғанына байланысты, оны «Жошы хан», ал екінші бейіттен табылған әйел адамның сүйегін оның бәйбішесі Керейт Тогорил Уан ханның қызы Бектұтмыштың  (Бектұрмыс) табыты деп пайымдапты. Қабір астына төселген қалақ кірпіштерде араб әрпімен “ықпал” деген сөз бірнеше қайтара жазылған.

Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға бағынған тайпалардың бәрі (оғыз, арғын қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы т.б.) қатысқан. Тарихи дәстүр бойынша күмбезді қайтыс болған кісінің жылдық асын беруден бұрынырақ жасайтын болған. Соған қарағанда еүмбез 1228 жылы салынған болу керек. Кесене порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Жобасы тік бұрышты. Құрылыс материалдары – күйдірілген кірпіш, ғаныш, әкімшілік Жобаның аумағы 9,55х7,25 м. Көзге айрықша түсетін нәрсе – салтанатты порталы.

...Жошы күмбезінен басқа қасиетті Ұлытауда Алашахан, және Домбауыл күмбездері бар. Міне, бұлардың да тылсым, құпиялары әлі күнге ашылған жоқ! Шоқан жазбаларына және кейінгі археологиялық деректерге сүйене отырып, Домбауыл мазарына біраз түсініктер беруге де болады, яғни, ол мазардың салынған уақыты Жошы мазарынан әлдеқайда ертерек екені! Халық аңызы Домбауылды Жошы замандасы, тіпті қатты қайғырған батыр «құландарды қырған екен» деп те суреттейді. Кім білсін, мүмкін Домбауылдың Жошымен қатарлас бір ұрпағы болар, аңыз бекер шықпайды ғой.

Ал Алашахан мазары туралы құпия сырлар мүлде көп: Қашан салынған; Кім жерленген; Қазақта сондай хан болған ба; Неге мазар көлемі, салтанаты, атақты Жошының мазарынан да үлкен және сапасы жоғары; Мүмкін, Шыңғыс Қағанға арналған болар; Әлде, бұл мазар емес тарихи белгі ме... Бұл сұрақтардың нақты жауабы әлі күнге дейін белгісіз!

Жошы күмбезі туралы да пікірлер өте көп: Жерленген адам нақты Жошы ма; Тәңіршіл-көшпелілер мазар салмаған ғой; Мүмкін, кейінгі бір ұрпағы мұсылман дәстүрінде салған болар...

Осы жерде біздіңше, зерттеушілер бірер үлкен нәрсені ескермейтін тәрізді: Жошының түркі-қыпшақ жұртын қатты жақсы көргені және өз баласына Мұхаммед деген есім бергені! Яғни, елі де өз Ханына ерекше құрмет көрсетіп, күмбезіне тамғаларын (таңба) салған, ал баласына Исламға ең құрметті ат бергені, өзінің де сол дінде болғанын көрсетпей ме?!

Ойымызды қорытындылай келе, Жошы Ханды дәріптеу Қазақ баласына не береді деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Алдымен, біз «қазақта бұрын мемлекет болмаған, құрама халық» деген сияқты ұшқары пікірлерге нық жауап береміз. Қазақтың да іргелі, тұнған тарихы бар ел екенін дәлелдейміз! Бауырлас қырғыздарымыз «Манас» жырына сүйеніп, екі мың жылдық тарихымыз бар деседі, өзбек бауырларымыз Самарқандық деп, Ұлы Әмір-Темірді иемденеді! Ал біз ше, атақты Жошымыз бар екенін біле тұрып, мақтануға кежегеміз кері кетіп тұрады! Неге олай? Тіптен, басқаны қойып, туризмді дамыту тұрғысына келсек, Моңғолиядағы алып Шыңғысхан мүсінінің осы уақыттарда мемлекетке, елге қыруар қаржы-табыс әкеліп отырғанын атап өтсек те жеткілікті болар.

Өткен жылы, Жезқазғанда, әлемге белгілі тұлға – Кетбұқаға арналған ескерткіш салынған керемет хабарға бәріміз де қатты қуандық! Атақтыларымызды ардақтай білейік!

Жошы Ханға келсек, дәл осы жағдай бізден басқа бір елде болса, әлдеқашан, дүниеге жар салып, өз елінің алдыңғы қатардағы «бренд-символына» айналдырар еді! Сондықтан, қазақ баласы тарихтың өзі ұсынған жәдігерге жанындай, мақтанышпен қарауы керек!

Жошы Ханның өз есімі біздің жарнамаға мұқтаж да емес, тек қана біздер, сол даңқты есімді ел игілігіне айналдыруға мұқтажбыз десек қателеспеспіз! Ханымызға ескерткіштер қойылуға, оқулықтарда, әдебиет, киноларда кеңінен насихатталуға арналған шаралар жүргізілуі тиісті! Мемлекет тарапынан Жошы Хан кесенесін әлі де болса айғақтайтындай, аспандататындай жағдай жасалуы қажет. Керек болса, мемлекет (ауқатты азаматтар) шет елдерден мамандар шақырып, Алашахан, Домбауыл кесенелеріне де түбегейлі зерттеулер жүргізілуіне мұрындық болса деп ойлаймыз...

Сұлтан Аман Шота, профессор

Әзкен Алтай Жетісулық

Abai.kz

 

81 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610