Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай.tv 20826 24 пікір 4 Сәуір, 2018 сағат 10:04

Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан қылмыстар

 

Есі дұрыс емес қазақ, Қытайдан тарихи отаным Қазақстан деп көшіп келмейді. Яғни, Қытайдан келген қазақтардың келген кезде 100 пайыз есі дұрыс. Шыңжаң жергілікті билігінің асыра сілтеген озбыр саясатының салдарынан ондағы туған-туысқандарының құқығын таптауын, билік тарабынан жасалып жатқан заң бұзушылығын, саяси қысым көрсетіп, еркіндігін шектеуін, яғни жергілікті биліктің жасап отырған қылмысын біле тұра айтпай, жасырып, арызданбай отырған жекелеген жандар да қылмыс субъектісі болып табылады. Себебі, кім де кім жақынына жасалған қылмысты біле тұра айтпай жасырса, орын алған заңсыздықтар мен құқық бұзушылықты әшкерлеп арызданбаса, яғни, қылмыскердің қылмысын әшкерлеуге ат салыспаса, жасырса ол да – қылмыскер. Ал Шыңжаң жергілікті билігінің жүргізіп отырған саясатында қылмыстық құрам болмаса онда оны Қытай конституциясын, заңдарын, БҰҰ дың әлемдік құқық декларациясын, өзге де халықаралық заңдарды негізгі өлшем ете отырып қылмыстық құрам жоқ екенін кім дәлелдейді?

Қытайдың Шыңжаң жергілікті билігі мен шенеуліктері арт-артынан «саяси» науқан жүргізіп, өз жайымен біреуі малын бағып, біреуі егінін салып, біреуі оқушыларға сабақ беріп, біреуі саудасын жасап жүрген қарапайым қазақтар құдды террористке айналып, қоғамға бүлік салып жатқандай «қоғамды тыныштандыру», «ұшқарларды аластау», «ұлттар ынтымағын күшейту» т.б. желеулермен, «жоғарының, үкіметтің бұйрығы» деп əр түрлі əдіс-тəсілмен ондағы қандастарға саяси қысымның көкесін көрсетуде:

1. Қытай Конституциясында «Қытай Халық Республикасының азаматтарында дінге сену бостандығы бар. Бірде-бір мемлекеттік орган, қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға азаматтарды дінге сенуге немесе дінге сенбеуге мәжбүрлеуге болмайды. Дінге сенуші және дінге сенбеуші азаматтарды кемсітуге жол берілмейді. Мемлекет қалыпты діни әрекеттерді қорғайды» деп жазып қойғанымен төмендегі жергілікті билікке ауызша немесе жасырын бұйрық түрінде, халық арасында жүретін ұсақ шенеуніктердің қолымен 1) дінге сенбеуге үгіттеу, 2) түрлі діни рәсімдерді өтеуге шектеу қою, мысалы, діні Ислам қазақтарды жаназа шығармай жерлету, 3) Кейбір үйлерде ғана бар «Құран Кәрим», «жайнамаз», т.б. діни кітаптар, діни заттар мен жәдігерлерді жинап алып көзін құрту. 4) мешіттердің төбесіндегі айды кесіп алдырып тастау, 5) мешіттердің іші-сыртына 24 сағат бақылап тұратын камера қою, 6) мешіт қақпасына арнаулы полициядан жасақталған қарулы күзет қою, 6) ауыл, аудандағы бір бөлім мешіттерді ескірген деген сылтаумен қиратып тастау, қиратпаған кейбір мешіттердің есігін құлыптап тастау, 7) Арақ ішпей намаз оқып жүрген қазақтарға әдейі арақ ішкізу, 8) мешіттерде қызмет істейтін имамдар мен діни қызметкерлерді, діни білімі бар жамағаттарды қылмысы болмаса да сотсыз түрмеге тоғытып оны ондағы халыққа қылмыскер  ретінде көрсету. Оны көрген ондағы қазақ ұрпақтары алдағы уақытта қалай имам болғысы келеді? Қалай өз діні Исламды жалғысты ұстанғысы келеді? Міне осындай заңсыз әрекеті арқылы ондағы қазақтарды қорқытып, үркітіп, өз дінінен өздігінен-ақ бас тартуға рухани қысым түсіруде. Осылайша діні Ислам ұлтты (ұйғыр, қазақ, т.б.) біртіндеп өз дінінен айыруға жымысқы əрекет жүргізуде.

2. Қытай конституция мен заңдарында көрсетілген азаматтардың заңды құқықтарын аяқ асты таптауда. Бұл жөнінде Қытайдағы туған-туысқаны түрмеге түскен, саяси үйренуге қамалғаны үшін қандастарымыздан көптеген арыз-шағымдардың болып жатқаны бәрімізге белгілі.

3. Қазақ ұлтының өз болмысына, салт-санасына, діни сеніміне жат істерді істеуге мəжбүрлеуде. Мысалы, өмірінде көрмеген әрі олай болуын қаламаған бір Қазақ отбасын бейтаныс бір Қытаймен «туыстастыру» дегенді шығарыпты. «Қой терісін жамылған қасқыр» деген сияқты ол Қытай қарапайым киім кигінген әскери адам ба, жоқ арнаулы тәрбиеленген тыңшы ма? Не мақсаты бар? Оның біз біле бермейтін жасырын жағын ешкім білмейді. Ауыл, ауданның қарапайым қазақтарына сенімен туыс болғысы келетін қытай, осымен туыс боласың, үйіңе туысшылап келіп неше күн, неше апта жататын болады деп қазақ отбасы қаламаса да мәжбүрлі түрде туыстастыратын көрінеді. Егер сол қазақ отбасының отағасы түрмеге түскен немесе «саяси үйрену» деп аты өзгертілген жабық лагерге неше айдан неше жылға дейін қамалатын жағдайда, артында қалған үйіндегі әйелі және тек қыздары ғана болса, танымайтын бір еркек қытай «туысы» әйелі және қыздарымен бір үйде жатып-тұрса, уақыт өте оның арты не болады? Ойлаудың өзі қорқынышты. Мен өзім бұны қазақты қытаймен туыстастыру емес, қазақты қытайдың құрған тұзағына түсіріп берген тірі жемтігіне айналдыру деп білемін. Қаламаса да қытаймен «туыс» болып кеткен қазақтардың отбасы мен отбасы мүшелерінің өмірінде алдағы уақытта не күтіп тұр, ол жағы беймәлім.

 

4. Тілінің қолданыс аясына түрлі шектеулер қою, өрісін тарылту, ұлтты өз тілін толыққанды қолдана алмайтын халге түсіру; Ең соңында ұлтты өз тілінен айырып, тілі жоғалған, Қытай тілінде сөйлейтін, жазатын жасанды (искусственный) ұлт жасауға əрекеттенуде. Яғни, өзінің бай тілі бар Қазақты өз тілін тастап Қытай тілінде  сөйлейтін және жазатын, түрі Қазақ болғанмен тілі Қытай ұлтқа айналдыруға итермелеуде. 1) Қазақ шоғырлы қоныстанған өңірлерде Қазақ тілді мектептерді жаппай жауып, Қытай тілінде оқитын Қытай мектептеріне қосып біріктіруі соған бір дәлел. 2) Ұлттық мектептерді жабумен қатар, ұлттық тілде оқу құралдарының, қосымша пайдаланылатын кітапшалардың шығарылуына жəне оны оқушылардың пайдалануға шектеу қоюы. 3) Бастапқы кезде «Қос тілділік» саясаты бойынша Қазақ тілі мен әдебиеті Қазақ тілінде жүргізілгенмен, кейінгі кездері ол да күшінен қалып, біріңғай Қытай тілді мектепке, қытай тілді сабақтарға айналып кеткен көрінеді. 4) Қазақ оқушыларын таза Қытай тұратын немесе тек қытай тілі ғана қолданылатын Қытай қалаларына апарып, сонда жатақханаға жатқызып оқыту. Осылайша бұл Қазақ оқушылар сабақтан тысқары уақыттарда, демалыс күндері әке-шеше, аға-бауыр, туыс-туғанымен бір мезет Қазақша сөйлеу мүмкіндігінен айырылады. Яғни, таза Қытай болып шығуға жағдай жасауда. 5) Қазақи ортадан ажырап, таза Қытайлардан тұратын қалада жатақханада жатып оқып жатқан Қазақ оқушылары туралы тағы бір туындайтын мәселе: Оң-солын әлі ажыратып үлгірмеген, сезімге берілгіш, албырт жастық шақтағы (Қазақ) оқушылардың болашақ сүйіктісін де парталас Қытайдан табуға жағдай жасап отырған сияқты.

5. Еркіндіктерін шектеу. Ұлттың өз еркімен шешім қабылдау хақынан (right of national self-determination) айыру. Өз еркімен шешу хақы (right of self-determination): Бір ұлт өзінің саяси мәртебесін өз еркімен анықтауға, өз ұлтының экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын өз еркімен шешу хақы бар. Яғни, өзін-өзі дамыту хақы бар. Ұлттың (немесе/және жеке адамның) өз ісін өз еркімен шешу, өзін-өзі дамыту хақы – адамның негізгі құқықтарының ішіндегі ең негізгісі болып табылады (БҰҰ). Өз мекенінде отырып ежелгі ұлт ретінде ең негізгі хақыңнан, адам ретінде ең негізгі құқығыңнан айырылдың деген сөз – ол ұлт өзінің еш еркіндігі жоқ, жергілікті Қытай билігінің айтқанына көніп, айдағанына жүгіретін, өз ұлттық мүдесі мен хақын қорғап тұруға қауқарсыз, жойылуға бет алған ұлтқа айналды деген сөз.

6. "Саяси үйрену" атты жабық, оқшауланған, аты өзгерген түрменің жаңа түрін ойлап тауып оған саяси сауаты төмен, жанбағу, бала-шағаны асырау тірліктерімен жүрген ауылдың қарапайым Қазақтарын да қамауда. Сол саяси үйрен лагерінен шыққан Қазақстан азаматы Өмірбек Бекәлі лагерде қамалғандардың 70-80 пайызы Ұйыр ұлты болса, қалған 20-30 пайызы өз Қазақтарымыз екенін, жас-жамасы бойынша көбі жастар екенін айтады. Соңғы кездері «саяси үйренуге» қамалған Қазақтардың, паспорты тартып алынып, Қазақстандағы отбасынан ажырап, Қытайда жіпсіз байланып жүрген қандастарымыздың ішінен өз-өзіне қол салып өліп жатқандардың шығып жатқанын да естіп жатырмыз. Асылып өліп, басқа да жолдармен өз-өзіне қол салғандардың бар екені рас. Бірақ, шынымен өзі асылып өліп қалдыма? Жоқ алдымен өлтіріп, артынан солай көрініс жасап қойдыма? Ол жағы белгісіз. Себебі, ол жерде істің ақ-қарасын тексеріп, сот медицинасы бойынша сараптап, шындықты шығарып жатқан ешкім жоқ. Мүмкін ол жақта нағыз шындықты білетіндер  де бар шығар, бірақ телефон, интернет барлығы қадағалауда болғандықтан, айтудан қорқады.  Тіпті Қазақстан азаматтығын алған Қытайдан келген оралмандар Қытайдағы туыстармен амандықты, хал-жайды біліп сөзйлесуден қалдық. Сөйлесуден қорқатын болдық. Себебі, Қазақстанмен сөйлесукенін білген Шыңжаңдағы Қытай сақшылары оларды тексеріп, сөйлескені үшін саяси үйренуге алып кететін көрінеді.  Бізбен сөйлеспеңдер деп безек қағады. Осының өзі түсінген адамға ол жақтағы жағдайдың тым қиындасып кеткенін білдіреді.

7. Қытай ұлтының ұлттық кейбір салт-дəстүрін,  мəдениетін Қазақ, Ұйғыр сынды діні басқа ұлттарға күштеп тықпалау, орындауға көндіруде. Қытайдың жылына бір рет өткізетін «шаған» деп аталатын Қытай ұлтының жаңа жыл мейрамы бар. Биылғы осы Шаған мейрамында Шыңжаңдағы Қазақтарға Қытайдың өздерінің түйіп, дайындап әкеп берген тұшпарасын жегізіпті. Ол тұшпараның құрамында Қытайдың өздері айтқандай қой-сиырдың етіме? Шын мәнінде қой-сиырдікі емес шошқанікіме? Ит-мысықтікіме ешкім білмейді. Естуге қарағанда тұшпараның құрамын сұрауға, тексеруге болмайды деп айтады дейді. Адам денсаулығына зиянды дәрілердің қосылған-қосылмағанына да еш кепілдік жоқ. т.б.

8. Оқу маусымы екеніне қарамастан, Қытай азаматы болып табылатын Қазақстанда оқып жатқа Қазақ оқушы, студенттерді Қытайдағы əке-шешесіне, туғандарына қысым жасау арқылы солардың аузымен айттырып Қытайға кері шақырттырып, барған соң кейбірі қайтып келгенімен кейбіреуінің паспортын тартып алып, үйқамақта ұстап, келе алмай, оқуынан қол үзіп қалуда.

9. Түрлі желеумен зейнеткерлердің зейнет ақысын тоқтатып тастауда. Ол жөнінде өткен уақыттарда Қазақстан жаңалықтарында көрсетілген болатын.

10. Қазақстан азаматтығын алып Қытайға туыстарына барған қазақтарды Қазақстан азаматтығынан бас тартуға үгіттеу жайтары да бар деп естідік т.б.

11. Ұлт тағдырын ойлайтын, өз ұлтының мәдениеті дамуы үшін шынайы қызмет етіп жүрген ұлт зиялыларын, жазушы, ақындарды түрмеге тығуда.

Жоғарыда аталған заңсыздықтар - жергілікті биліктің немесе шенеуліктің əсіре Қытайшылдық жымысқы саясат жүргізіп отырғанын әрі жүргізіп жатқан саясаты мəжбүрлі түрде таяу немесе алыс болашақта ол жақтағы қандастардың  ұлттық болмысынан айырып, ассимилясалануына, əуелгі өз ұлтының бар ерекшелігінің жоғалуына алып келетін, ұлттың жоғалуына алып келетін, ұлтқа жасалған қылмыс  екенін байқауға болады. Шыңжаң жергілікті билігінің қазіргі жүргізіп жатқан саясаты қылмыс болатын себебі 1) Қытай елінің өз конституциясы мен заңдарына қайшы келіп отыр. 2) азаматтардың заңды құқықтарын таптап отыр. Құқығын таптағанымен қоймай ондағы қандастарды үрейде ұстап олардың орталық қытай билігіне, БҰҰ на, өзге де халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдарға мүмкіндік бермей отыр. 3) БҰҰ дың тұтас әлем елдері мен халықтарына ортақ адам құқықтары декларациясын қаперіне алып отырған жоқ. 4) Ондағы Қазақ ұлтының мәжбүри түрде ұлттық болмыстан айырылып, Қытайласып жоғалуына итермелеуде.
Кейбір Қытайдан келген Қандастар Қытайдың жергілікті билігі сөз жүзінде немесе құпия құжат түрінде жоғарыдан төменге бұйрық түсіріп (ресми құжат түрінде төменге түсірілмеген, газет-журналдарда ашық жарияланбаған) ондағы туыстарына жасап жатқан заңсыздықтарын, құқық бұзушылықтарын, зұлымдықтарын біле тұра «өз басыма пәле болады», «Қытай билігін ренжітіп аламыз» деп ойлап өздері айтпауға, өзгелерге де айттырмауға тырысады - шын мəнінде бұл да ҮЛКЕН ҚЫЛМЫС.

Құран Кәрим "Асыр" сүресінде (Рахман да Рахымды Аллаһтың атымен) 1. «Ғасырға ант етейін: 2. Шындығында адам баласы зиянда. 3. Бірақ, иман келтіріп көркем амал жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ». Сүреде барлық адамдардың зиянда қалатындықтарын, алайда, азаттық пен бақыттылық тек қана иман келтіріп, көркем амал жасап, ақиқат пен сабырды насихаттау арқылы келетінін айтады. - asyldin.kz /Мұхитдин Исаұлы. Яғни, «Асыр» сүресінің үшінші аятында шындықты, ақихатты жасырма, насихатта дейді.

Сондықтан, Қытайдағы туған-туысың, қандасыңның күні не болып жатыр, басына нақты қандай іс түсуде, саяси үйрену орталығына қамалдыма? Жоқ бес-он жыл арқалап түрмеге түстіме? Саяси үйренуге жабық лагерге немесе түрмеге қамалуға не айыбы бар екен? Ашық сот болып, сот қылмысын дәлелдедіме? Сот үкімі қылмысына лайықты ма? Өліме? Тіріме? Денсаулығы қалпындама жоқ денсаулығынан айырылғанба? Денесіне (кейбіреулер жұлынынан дейді) түсініксіз укол салыныппа жақпа? өлгендерінің  Бауыры, бүйрегі сияқты ішкі ағзалары өз денесінде аман тұрма? Амалын тауып білуге, өзімізге сенімді адамдардан білген шындықты айтуға тиістіміз. Олай болмағанда бұл дүниеде қылмысты жасырып қылмыскер болғанымызбен қоймай, ол дүниеге де күнә арқалап кетеміз. Біз бәріміз де жалпы Қытай ұлтын жамандаудан аулақпыз. Кезінде достарымыз да болған. Бірақ, туысымыз бен қандасымыздың басында болған әділетсіздік істі, шындықты айту арандату болмайды. Оған «қылмыстық заң» мен «Құран Кәрим» куә болуда.

Қытайдағы этникалық Қазақтардағы туған-туысқандарымызға қарсы жасалып жатқан Шыңжаң жергілікті билігінің құқық бұзушылықтарын, заңсыздықтарын, қылмыстарын біле тұра нақтылы дәлелдермен əшерлей алмай тұрып, адам құқығын қорғайтын құзырлы орындарға шағым түсіре алмай тұрып, заңсыздықтарға қарсы шыға алмай тұрып өзімізді ҚАЗАҚПЫЗ, ҰЛТ ЖАНДЫМЫЗ, ҰЛТЫМЫЗДЫ СҮЙЕМІЗ, «ӘР ҚАЗАҚ МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ» деп айтуға ауыз бармайтын сияқты. Себебі бір туғанымызға, туысқанымызға, жақын руласымызға, Қытайда қалған  көршілерімізге, той-томалақта бір болған жəне бір болатын ауылдасымызға, əрқашан тағдырларымыз бір, болашақ ұрпақтарымыз бірге өмір сүретін қандасымызға жалпы беттік жасалып жатқан заңсыздықтарды, бассыздықтарды, құқық бұзушылықтарды, қылмыстық əрекеттерді біле тұра əрекетсіздік танытып, оны өзгеге тіс жарып айтпау, жасыру, Қытай орталық билігіне, Қазақстан және халықаралық құзырлы орындарға арызданбау, өзіміз арызданбағанымызбен қоймай арамыздағы арызданғысы келетін, құзырлы орындардың құлағына жеткізгісі келетін көкірегі ояу, саналы азаматтарға қарсы шығуымыз, кесе көлденең тұрып жол бермей, етектен кері тартуымыз да ҚЫЛМЫС. Бұл да қылмыстың ƏРЕКЕТСІЗДІК түрі.

Мейлі қылмыстың қай түрі болса да оның халқымызға, Қазақ əлеміне тигізер зияны, қаупі зор. Себебі біз осы əрекетсіздігіміз арқылы қандастарымыздың басына жасалған заңсыздықтар мен қылмысты жасырып отырмыз,  оладың (Қытай жергілікті билігінің) жасап жатқан қылмысты істерін жалғастыра түсуіне, өршіте түсуіне жол беріп, мүмкіндік тудырып отырмыз. Бейне қорадағы қойға қасқыр шауып, қырып жатса да үйден шығудан қорқып тесіктен сығалап отырған бір ынжық малшы сияқты. Сондықтан, бұл өмірде бетіміз ашық, беделіміз жоғары, өз құқықтары мен мүделерін қорғауға сауатты, бірлігі бекем, өзге ұлттармен терезесі тең толық қанды ұлт болып  жүру үшін ӨЗІМІЗ ҚЫЛМЫС ЖАСАМАҒАНЫМЫЗБЕН ҚОЙМАЙ, ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ҚЫЛМЫС  ЖАСАУШЫЛАРДЫҢ ЖАСАҒАН ҚЫЛМЫСЫН ƏШКЕРЛЕУГЕ ТИІСПІЗ.  «Саудада достық болмайды» деген сияқты, қылмыста да достық болмайды. «Жауыздықты (зұлымдықты) жоюдың дұрыс жолы  – онымен күресу.» (Үнді ақыны, жазушы, философ, 1913 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, Рабиндранат Тагор)

Байқалған əр бір қылмысты айғақ, дəлел тауып əшкерлеу - қоғамды түрлі қауіп-қатерден сақтандыруға, болашақ ұрпағымыздың сенімді, қауіпсіз, тəуелсіз өмір сүруі үшін ауадай қажет. Адамның әрекетінде белгілі бір мақсат болатындықтан, біз қандастарға жасалып жатқан қылмыстық әрекеттерді көп білген сайын, қылмыс жасаушының бізге беймәлім ішкі мақсаттарын да анық біле түсетін боламыз. Бұның Қазақ халқы үшін де, Қазақ елі үшін де маңызы зор.

Дəл бүгін біз өзіміздің, өз туысқандарымыздың, өз қандастарымыздың заңды құқықтарын қорғауға құлықсыздық танытсақ, қорғай алмасақ, өзіміздің үнсіздік «тəрбиеміз» бен әрекетсіздік "өнегемізді" көрген ертеңгі болашақ ұрпағымыздан қандай əділдік, батырлық күтеміз? "Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейтінін" ұмытпайық. Сондықтан, бүгінгі ұрпағыңа дұрыс өнеге көрсете алмасаң, ертең олар да өз ұрпағына бізден бетер ештеңе көрсете алмайды.

Əр біріміз ата-бабамыздың, ұлтымыздың қол жеткізген жақсылығын игіліктене білумен қатар ұлттың басына төнген қауіп-қатермен (құқық бұзушылық, заңсыздық, қылмыс) күресе білуіміз керек. Көрсек те көрмеген болып, естісек те естімегенсіп, еш ҚАРЕКЕТ жасамай, қос қолымызды қусырып бұғып жатып алсақ - ертеңгі ұрпақтарымыз үшін қалай жарқын болашақ жасамақшымыз?

Кенжебек Құдысұлы

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347