Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық-қанығы 6692 7 пікір 5 Сәуір, 2018 сағат 08:43

Ауыс-түйіс: кімдер келді, кімдер кетті?

Кешегі күн ауыс-түйіс күні болды.  Сонымен, есім-сойы елге мәлім азаматтар өзара орын алмастырды. Айтпақшы, бұл жолы Сенатта бір орын босады. Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінің  62 жастағы ардагері жұмыссыз қалды. Енді солар жайлы кеңірек тоқталайық.

Дархан Калетаев

Президенттен пәрмен түсіп, ендігі экс-сенатор Дархан Калетаев ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды.

«Дархан Аманұлы Кәлетаев Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалсын!» Бұл – Президенттің Жарлығы. Ақорданың баспасөзі таратқан ақпар. Сәйкесінше, Сенаттағы өкілеттілігі тоқтатылды.

Дархан Калетаев  45 жаста. Білімі – жоғары. Саясаттану ғылымдарының докторы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған.

Министрлікке дейін ол Президент Әкімшілігінде бірінші орынбасар, «Нұр Отан»  партиясында да бірінші орынбасар, «Самрұқ-Қазына» қорында басқарушы директор қызметін атқарды. Сөйтіп Сенатқа барған. Енді міне, министр лауазымын иеленіп отыр.

Дархан Аманұлы тізгінін ұстаған бұл министрліктің – қоғамдық министрлік екені ескерсек,  атқарушы билікке жаңадан келген министрдің атқарар шаруасы шаш етектен екені анық.

Нұрлан Ермекбаев

Айтпақшы, Дархан Аманұлына дейін министрлікті басқарған Нұрлан Ермекбаев та қызметсіз қалған жоқ. Дін істері және азаматтық қоғам министрінің креслосын 45-тегі Калетаевқа ерікті түрде тапсырып берген  55-тегі Ермекбаев енді Президенттің қасында жүретін болады. Иә, ол – Президенттің көмекшісі болып тағайындалды. Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесіне хатшылық қызметке кірісті.

Байұзақтың баласының (Н.Е.-ні айтамыз) биографиясы кісі қызығарлық.  Дипломатиялық рангі – Төтенше және Өкілетті елші. 1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Мәскеудегі Әскери Қызыл ту институтының шығыс тілдері факультетін тәмамдаған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының экономика факультетін тәмамдаған. Орыс, қытай, ағылшын және португал тілдерін меңгерген. Саяси ғылымдар кандидаты.

Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев бірқатар елде елшілік қызмет еткен адам. Міне: 2001-2003-те Қытайда Елшінің кеңесшісі болды. 2003-2004-те Сингапурда уақытша сенімді өкілдік етіп, дипмиссияны басқарған. Сөйтіп жүріп, 2007 жылы Сыртқы істер министрінің орынбасары дәрежесіне көтерілді. 2012-2014 жылдар аралығында үш елде Елшілікті қатар атқарды. Қытайда Төтенше және Өкілетті Елші болды. Вьетнамда және Корея Халықтық Демократиялық Республикасында қатар елшілік етті.

2016 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған еді.

Нұрлан Байұзақұлының мемлекеттік қызметте жүріп жеткен жетістіктері таққан төс белгі, медальдері бір басынан асары анық. Дейтұрғанмен оның ендігі қызметі – Президенттің көмекшісі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы. Бұл жұмыс Нұрлан Ермекбаевқа таңсық емес.

2006 жылы ҚР Президентінің Кеңесшісі болып тағайындалып, бұл қызметті 2007 жылға дейін атқарған. Тәжірбиесі бар. Ол аз десеңіз, 2010 жылы Қазақстан Президентінің Көмекшісі болып тағайындалып, 2012 жылға дейін сонда жұмыс жасады. Тіпті 2016 жылы арнайы жарлық шығып, Дін істері министрлігіне келмес бұрын, 2014 жылдан бастап ҚР Президентінің Көмекшісі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып қызмет етті. Сондықтан, Ермекбаев ескі креслосына қайта жайғасты деуге әбден болады.

Владимир Жұмақанов

Нұрлан Байұзықұлына дейін бұл креслода 62 жастағы Владимир Жұмақанов отырған еді. Президенттің Жарлығымен ол енді Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметінен босады.

2016 жылдың 8-қыркүйегіне дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып қызмет еткен генерал-лейтенант енді қандай қызметке тағайындалатыны әлі белгісіз. Дегенмен, ҰҚҚ төрағалығын ол Кәрім Мәсімовке тапсырып берген еді.

Талғат Донақов

Талғат Советбекұлы Донақов енді Қазақстаның Жоғарғы Сотында төраға. Президент Әкімшілігінде орынбасарлық жұмыс жасап келген Талғат Советбекұлы осылайша Жоғарғы Сотты басқаратын болып шықты. Президенттің Жарлығы бар қолында.

53 жастағы Семейдің тумасы Талғат Донақов 2008 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде жұмыс жасайды. Айтпақшы, 2015 жылы Мемлекеттік қызмет жөніндегі министрлік құрылып, 2016 жылы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі болып өзгертілген министрлікті басқарған жалғыз министр осы кісі болған. Жалпы министрліктің өзі 1 жыл ғана министрлік болып тұрды. Кейін агенттікке айналып, министрлік жабылып қалған. Сөйтіп, 2016 жылы ескі жұмысына қайтап барған.

2015 жылдың желтоқсанынан бері Жоғарғы Сотта төраға болып келген Смолин Анатолий қызметінен кетті.

Айтпақшы, Президент Жарлығында бұл мырзалар басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды деп жазылған. Әзірге Смолин мен Жұмақановтың жаңа жұмысы жайлы ақпар жоқ.  Жұмақанов 62 жаста болса, Смолин 59-ға енді келеді. Сенатта бір орын әлі бос тұр.

Айтпақшы, Қазақстан Ұлттық арнасында да ауыс-түйіс болып жатыр. Еркін Таңатқанұлы Мұхамеджанов Қазақстан Ұлттық арнасының директоры болды. Еркін Мұхамеджанов 1978 жылы Қостанай облысында туған. Ұлттық арна штатындағы шоубиз өкілі Динара Сәтжан да қызметсіз қалатын түрі бар. Ол әзірге штаттан босатылғанымен, штаттан тыс кеңесші деген қызметі сақталған екен. Өзі солай деп жазды.

Ауыс-түйістің ауаны әзірге – осы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052