Біз әлі күнге дейін классикалық білім беру шеңберін бұзбай, қалыптан шықпай келеміз...
ХІХ ғасырдың соңында қазақ халқын өзге жұртпен бейбіт өмірдегі бәсекелестікте шеттеп қалмауға үндеген Хәкім Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Басқа нәрселермен озамын деу - бос әурешілік», - деген терең мағыналы ғақлия сөз қалдырған еді. Ол ғақлия бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Мәні жойылмақ түгіл, керісінше, еселей арта түсті. Себебі бұл ғақлия сөзде адами капитал ұғымының мәні орын алған. Қоғамның мәні – адам. Ендеше ол – негізгі капитал. Адами капиталдың, ресурстардың артықшылығы қоғамның басты байлығына айналды. Батыс елдері мұны тез ұғынып, сол бағытта біраз істер атқарып, табыстарға жетіп үлгірді. Бұл жерде адами капитал деген ұғымды кешенді түрде бейнелеп тану қажет. Адами капитал дегеніміз – адамның білімі, денсаулығы, оның мәдени-рухани дамуы, салауатты өмір салтының қалыптасуы, әлеуметтік хал-ахуалы Һәм белсенділігі, экологиялық таза азық-түліктерді, ортаны тұтынуы т.б.
Адами капиталды үстемелеуге үлкен үлес қосатын саланың бірі – білім. Биылғы Елбасы Жолдауының жетінші бағыты «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталып, онда білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін шешуді көздеген мәселелер көтерілген. Білім саласында, жоғары оқу орнының осы бағыттағы атқарар ісі мен орны өте маңызды. Жолдауда «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап өтілген. Бұған қоса, Президент Н.Назарбаевтың жақында жарияланған 5 әлеуметтік бастамасында биылығы оқу жылына қосымша 20 мың грант қосылатыны және гранттың құны өсетіні айтылды. 20 мың гранттың жартысынан астамы техникалық мамандықтарға бөлінетін болды. Демек, мемлекеттің үйлестірушілік қуаты артып, экономика мен әлеуметтік саланың басты бағыттарына тапсырыс беруші ретінде рөлі арта түсуде. Тапсырыс берушінің талабын орындау үшін ЖОО-лар білім мазмұны мен мақсатын өндірістің, нарықтың, әлеуметтік саланың сұранысына бейімдей білуі – күрделі жұмыс.
Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының тілге қатысты мәселелерде қолданған «Тіл - құрал» деген жақсы ұғымы бар. Осы ұғымның аясы бүгінгі таңда кеңейе түскендей. Біздіңше, кең мағынада, білім де бір құрал. Озық білім – озық құрал. Жоғары оқу орындарында арнайы бір мамандықты игеріп жатқан жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оларға «озық құрал» ұсыну – замана талабы. Бұған қоса ол құрал әмбебап болып, өнеркәсіптік, әлеуметтік салалардың сұранысына жауап беруі тиіс. Бұлай деп тұжырымдауымыздың себебі еліміздің экономикалық құрылымы түбегейлі өзгерістерге ұшырап, онда шағын және орта бизнестің әлеуеті артып келеді. Кеңестік дәуірдегі алып кәсіпорындар өндірістік технология дамыған заманда кешегі күннің мұрасы сынды қалып келеді. Олардың орнынын технологиялық бейімділігі икемді шағын кәсіпорындар алмастыруда. Демек, жоғары оқу орындары қоғамдағы орын алып отырған аталмыш көріністі ескере отырып, әлдебір экономикалық қиындық, өзгерістерге тез бейімделгіш кәсіпкерлік сана мен дағдыны, ойлау мен іскерлікті меңгерген мамандарды дайындауы керек. Бұл дегеніміз білім мазмұнын, философиясын, миссиясын, пәндер тізімін, білімденушілердің дүниетанымын, дағдысын, оқытушылардың мінезі мен құлқын, танымын, ғылыми коммерцияға деген көзқарасын т.б. түбегейлі өзгерту болып табылады.
Технологиялық бейімдеушілік артқан сайын Қазақстанның әлеуметтік болмысы да қатты өзгеріс үстінде. Жаңа буын, жаңа адам келбеті қалыптасып, әлеуметшілдік пен адами құндылықтарды артықшылық деп бағалайтын, яғни адами капиталды «құндақтап, тербететін» қоғам құру үрдіске айналып келеді. Адами капиталды дамытатын ЖОО-лар да сол құбылысты түбегейлі сезінетін, әлеуметтің талабына сай мамандар қатары қалыптасуы керек. Демек, жоғары оқу орындарының бұрынғы классикалық білімнен бәсекеге қабілетті, кәсіпкерлікке бейім, әлеуметшіл мамандарды дайындауға түбегейлі бет бұруы – күттірмейтін мәселе.
Білімденушілердің рухани-мәдени сұранысын өтеуде де олқылықтар бар. Біз бар мәселені кешегі коммунистік түсінікке тірейтін кеңестік идеологиядағыдай емес, тәрбиені адам баласының бәсекелестік қабілетімен байланыстыру жемісті болмақ. Бәсекелестік жеке бастың бірыңғай эгоистік табысын арттыруға құрылмай, оның ішінде адамгершілік, рухани кемеңгерлік, рухани даму жөніндегі мәселелер де тыс қалмағаны жөн.
Бұл орайда, жоғары оқу орындары бірыңғай ескі түсініктермен жұмыс істеп жатырмыз дегеннен аулақпын. Сөз жоқ, көп жаңа істер атқарылып, білім жүйесіне көп жаңалықтар еніп жатыр. Оған еш күмән жоқ. Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқу жүйесі Боллон үрдісіне қосылып, батыстық кредит жүйені қабылдады. Бірақ біздер батыстық білім жүйесінде қолданылатын кредиттік технологияның ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай келеміз. Бір ғана детальды мысалға алайық. Кредиттік технологияда білімденушінің оқытушыны таңдау құқығы бар. Бірақ ол іс жүзінде барлық оқу орындарында орындалмайды. Тіптен, оған кейбір ЖОО-дың ресурсы да, күш-жігері де жетпейді. Сонымен қатар қадағалаушы органның талабы да қатты. Оқу бағдарламаларының мән-мазмұнының өндірістің, нарықтың, жұмыс берушінің талғамына сай мазмұнға тез бейімделе қоюы да бәсең. Себебі біз әлі күнге дейін классикалық білім беру шеңберін бұзбай, қалыптан шықпай келеміз. Басқаша оймен айтсақ, кешегі кеңес дәуіріндегідей бір келкі қалыпқа құйылған мамандықты қажет ететін экономикада жоқ, әлеуметтік сала да жоқ. Бүгінгі күннің айнымас шындығы мынадай: кәсіпкерлік кең әлеуметтік құбылысқа айналды.
Біздің еліміздегі ЖОО-да білімденушіні бағалау, оны кәсіпкерлікке баулу жағы кемшін болғандықтан, бітіруші мамандар да кәсіпкерлікке бірден мойын бұра қоймайды. Елбасының Жолдауында айтылған ойға сүйенетін болсақ, біз студенттерді бакалавриат кезінен бастап кәсіпкерліктің қыр-сырына баулуымыз керек.
«Кәсіпкерлік» дегеннен шығады, әлемдік тенденцияда ЖОО-да білім алған жастардың игерген мамандығына сай емес салада жұмыс істеушілер көп. Демек, ЖОО-ны бітірген түлектерге нарықта өз мамандығы бойынша орын табылмаса, онда олар жеке кәсібін ашып, өз идеясын дамытатындай азамат болып қалыптасуы қажет-ақ. Университетті бітірген түлектер жұмыс іздеушілер емес, жұмыс берушілер болып шығатын болса, көптеген мәселелер өз орнын табар еді.
Кәсіпкерлік әлеуметтік құбылысқа айналып келеді деп жатырмыз. Ал әлеуметтік құбылысқа айналған мәселенің сан мың қыр-сыры бар екені әлімсақтан белгілі. Біздер маман дайындауда мұны ескеріп отырған жоқпыз. Мысалы, жоғары оқу орындарында жастарды тәрбиелейді деген мақсатпен тәрбие ісі жөніндегі проректор лауазымын белгілейміз. Мұны білім тәрбиемен қатар жүруі тиіс деген қағидаға сүйенеміз. Бұған біз тірек ретінде Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген тәмсілін мысалға аламыз. Әл-Фараби өмір сүрген уақытта білім жүйесі бүгінгі күндегідей бірнеше сатыға бөлінбеген, тұтас ұғым болатын. Басқаша айтсақ, бастауыш, орта білім, жоғары білім деген ұғым тұтастанып, бір ғана «білім-ғылым» деген ұғыммен орныққан еді. Ал қазіргі таңдағы трендтің бірі – «өмір бойы үздіксіз білім» деген қағида. Демек, үздіксіз білімді жетілдіру жолында тәрбие берудің өзіндік кезеңі бар.
Ықылым заманнан белгілі қағида: адамды жас кезінде еңбекке, ар-ұятқа, адалдыққа, көркем мінезге тәрбиелеудің жемісі мол. Бұл отбасы мен мектеп кезеңінде жүзеге асады. Ал кәмелетке толған, елдің азаматы атанған, жоғары оқу орнына мамандық алуға ұмтылған адамға қандай тәрбие бермекпіз бе? Керісінше, мұнда оқуға түскен жас азаматтың мәдени, рухани, азаматтық дамуына жол ашып, оларды өмірдің ащы шындығы- бәсекелестік ортаға озық білім, ақыл-парасат, заманауи дағды, жігер мен қайрат, отаншыл қадыр-қасиет тұрғысынан дамытқан әлде қайда тиімді емес пе? Алты Алашты көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет білімнен емес-мінезден» демеп пе еді!? Жас адамның мінезі отаншыл болып қалыптасса, оның маман ретіндегі капиталы елдің бағына жұмыс жасар еді ғой? Елімізде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көздегені де осы емес пе?
Білім саласындағы бәсекелестікті Президент үш тілділік тұрғысынан дамытуды үнемі айтып келеді. Қазақстан азаматтарының басым бөлігі екі тілді. Үшінші тіл – ағылшынды меңгеретін болсақ, онда біздің ақпараттық кеңістігіміз кеңейіп, білім саласында жасалатын жаңалықтар көбейері сөзсіз. Бұл орайда, дамушы елден дамыған 20 елдің қатарынан ойып орын алатын Оңтүстік Кореяның тәжірибесі назар аударалық. Олардың шет тілін меңгерудегі стратегиясы мынадай: мектепте оқушы корей тілінде білім алады және гуманитарлық немесе жаратылыстану саласын, болмаса әлде бір өнер, спорт бағытын тереңдетем десе де қарсылық болмайды. Бірақ, мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсемін деген талапкердің алдынан ағылшын тілі күтіп тұрады. Себебі, жоғары оқу орны бағдарламасының 40 пайызы ағылшын тілінде. Жоғары оқу орнында білім алғың келе ме, онда осы талапқа көнесің. Демек, мектеп бітірген соң жоғары оқу орнында оқып, маман иесі атанамын деген жас азаматтың алдында не күтіп тұрғаны күні бұрын белгілі. Бұл – бір.
Екіншіден, бакалавриат бітірген жас маман магистратураға, докторантураға түсетін болса ол барлық пәндерді ағылышын тілінде меңгереді. Кезінде олар магистранттарды өз елінде, ал докторантураны батыс елдерінде оқытып, кейін елге оралған PhD мамандары бакалавриат, магистранттарға дәріс беріп, инновацияға баулыған. Кореяның бірнеше оқу орындары, айталық, КAIST атты университеті әрбір білімденушіні, әсіресе, магистратураға түскен студентті кәсіпкерлікке дайындайды. Емтихан қабылдау кезеңінде магистратураны оқуға талпынған талапкер бекітілген үлгідегі сынақтар тапсырумен қатар. өзінің бизнес идеясы тұрғысында сұхбаттан өтеді. Егер бизнес жобасы көңілге қонымды болса, оқуға қабылдануға сеп болады. Магистратураны оқу барысында сол жобаны жүзеге асырып, оқу бітірген соң өзінің бизнесін нарыққа қоса алатын маман болып шығуға ұмтылады. Бүгінгі адам капиталын жасақтау дегенміздің бір жолы - осындай.
Әлемде аталмыш көріністерден басқа жүздеген мысалдар бар. Мәселе соны келіде түйгендей етіп қорыта білу. Өзіміз өзгерсек, қоғамдық сана өзгереді, Қоғамдық сана өзгерсе, жұртты жұмылдыру жеңілдей түседі. Ал жұмылған күштің алмайтын асуы жоқ.
Алмасбек Әбсадық, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
Abai.kz