КГБ жастар рухын сындыра алған жоқ
Кеңес өкіметі тұсында халықтың билікке және коммунистік идеологияға қарсылық көрсетуі алуан түрлі болды: жекелеген ашық қарсылық, үндеухаттар және басқа да жасырын насихат құжаттарын шығару. Осылайша, «Жас тұлпар» үлгісі бойынша бірлестіктер және топтар Қазақстанның шет аумақтарында да құрыла бастады. Мұрағаттық құжаттарда атап көрсетілгендей, қазақ студент-жастарының ішінен ұлттық топтар құруды Қарағанды мединститутының студенті Мұрат Кейкин, Горкий су көлігі инженерлері институтының студенті Саят Абылхасанов, Мәскеу мұнай институтының студенті Кеңес Орынбасаров ойластырғаны туралы факті бар. Олар мектепте бірге оқыған достар екен.
Абылхасанов Кейкиннің ойын құптайды және өз тарапынан Горкий қаласында, осында оқитын студент-қазақтардың ішінен ұйым құру туралы әңгімелер жүргізеді.
Кеңес өкіметі тұсында халықтың билікке және коммунистік идеологияға қарсылық көрсетуі алуан түрлі болды: жекелеген ашық қарсылық, үндеухаттар және басқа да жасырын насихат құжаттарын шығару. Осылайша, «Жас тұлпар» үлгісі бойынша бірлестіктер және топтар Қазақстанның шет аумақтарында да құрыла бастады. Мұрағаттық құжаттарда атап көрсетілгендей, қазақ студент-жастарының ішінен ұлттық топтар құруды Қарағанды мединститутының студенті Мұрат Кейкин, Горкий су көлігі инженерлері институтының студенті Саят Абылхасанов, Мәскеу мұнай институтының студенті Кеңес Орынбасаров ойластырғаны туралы факті бар. Олар мектепте бірге оқыған достар екен.
Абылхасанов Кейкиннің ойын құптайды және өз тарапынан Горкий қаласында, осында оқитын студент-қазақтардың ішінен ұйым құру туралы әңгімелер жүргізеді.
Павлодар қаласы мектептерінің бірінде ән сабағының мұғалімі Р.Нұрбасаров ұлтшылдыққа бой ұрып, айналасына таныс оқушыларды топтастырып, қазақтардың ұлттық мәдениетінің тоқырауы туралы ойды санасына ұялатып, қазақ жастары өз ана тілінде оқып, дәстүрлерді сақтап, ана тілін орыс сөздерімен былғамауы тиіс дегенді айтады. Нұрбасаровтың ықпалымен Павлодар қаласындағы мектеп-интернаттың 9-класс оқушысы, ВЛКСМ мүшесі Қаниев 1969 жылы қазанда «Жас ұлан» астыртын жастар ұйымын құрады. Оған Павлодар және Ермак қалаларынан 29 оқушыны тартады. Кейіннен олар ұйымның бес адамнан тұратын «комитетін» ұйымдастырып, төрт жалпы жиналыс және бес «комитет» мәжілісін өткізеді.
Ұйымның төл жарғысы, сөз сөйлеушілер үшін сауалнамалары болған, мүшелік жарнапұл жинаған, адалдық антын берген, хаттамалар жүргізіліп, өздерінің паролдары да болған. Оқушылар тобының жекелеген қатысушылары ұлтшылдық сипаттағы ой-пікірлерді айтып, өлеңдер шығарып, «ата-бабалар туын көтеруге» шақырған үндеухаттар жазып, оны жазу мәшіңкесінде он дана етіп басып, оның үшеуін Павлодар қаласы мен Павлодар ауданының Кеңес ауылында таратқан.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 1969 жылы Қостанай облысының Михайлов нан қабылдау пунктінің аға бухгалтері Қайырбек Әжібаевтың Қазақстанның ұлттық өзін-өзі басқаруы үшін күрес үшін астыртын ұйым құру идеясын көптен ойлап жүргендігі туралы мәлімет алған. Қазақстанда ұлттық кадрларды қыспаққа алынып жатқандығын алға тартып, Әжібаев ұлтшылдық өзінен-өзі тумайды, оның шовинизмге қарсы жауап беру реакциясы екенін айтады.
Әжібаевтың ықпалымен Ташкент электротехникалық байланыс институтының студенті Мырзабеков «Жас түлек» атты ұйым құруға тырысады. Алайда аталған адамдардың ұйым құруға деген талпыныстары іске аспаған.
Сол жылдардағы жастардың қоғамдық-саяси көніл ауанын байқататын мәліметтердің бірі иесі көрсетілмеген құжаттар болып табылады. 1970 жылы студенттерге үндеу түрінде таратылған, қазақ жастарының бірігуі және қазақтардың мүддесін қорғау үшін ұйым құру қажеттігін ойлануға шақырған «Ойлан, қазақ» жасырын құжатының авторы, Целиноград мединститутының студенті Г.Бейбітова былай деп жазады: «Бүгінгі күні барлық ұлттарды орыстандыру саясаты жүріп жатыр… Біз ұлтымыздың тазалығы үшін, Конституция бойынша өз құқықтарымызды қорғауымыз үшін күресуіміз керек. Тіл үшін, қазақтардың мәдениетті деңгейі үшін күресу қажет».
«Ұшқын» қазақ жастарының ұйымы атынан КОКП Орталық Комитетіне жіберілген «Талап» деп аталатын жасырын құжаттың авторы, ҚазМУ-дің заң факультетінің студенті Жаңабай Кемелханов болып шығады. Жасырын хатта: «… ешқандай да Қазақ Республикасы жоқ. Мекемелерде іс жүргізу қазақша емес, орысша жүргізіледі. Жоғары оқу орындарында оқу - орыс тілінде. Қазақ жерлерінің атаулары қайтадан орысша аталып жатыр». Одан әрі Кемелханов Конституцияға сүйене отырып, Қазақстанның КСРО құрамынан шығарылуын талап етеді.
1969 жылдың қыркүйегінде партор-гандарға Өскемен және Лениногорск қалалары, ішінара Семей және осы облыстардың бірқатар аудандарының жас маман-қазақтары 75 адамнан құралатын «Ұлттық кадрлар үшін әділдік тобын» құрғаны туралы жазылған жасырын құжат жіберілген. Жасырын құжатта: «Біз кәсіпорын басшыларының бізді беті шімірікпестен қорлағанының және мазақтап күлгенінің бірқатар фактілерінің куәсі болдық және қазіргі кезде бізді жұмысқа алмайды. Осыған байланысты жұмысты өзіміз жүргізуге шешім қабылдадық, сондықтан астыртын баспа ұйымдастырып, саяси майдан ашуға бел будық» деп көрсетілген.
Жоғары білімді, Алматы қалалық жылу жүйесі дирекциясының аға инженері Көшербай Ермағамбетов партия ұйымына ұлттық мәселені көтере отырып, Қазақстанда қазақтардың ішінен техника мамандарын даярлауға назар аударылмай отырғанын айтады. Балабақшаларда балалар орыс тілінде тәрбиеленуде. Қазақтар балаларын орыс мектептеріне беруге мәжбүр. Қазақ тілінің біртіндеп ығыстырылуы жүріп жатыр дейді. Одан әрі осы хаттың көшірмесін Целиноградтағы өз танысына жіберіп, оған Қазақстандағы жағдай туралы бір үлкен хат жазуына және оны КОКП ОК, ҚКП ОК, КСРО ҒА, Республиканың Жазушылар одағына жіберуіне кеңес берген.
Қызылорда пединститутының 4-курс студенті Ш.Садықов 1970 жылдың жазында «Жас тұлпар» сынды жастар тобын құруға тырысты. Оның пікірінше, оның өз газеті болуы керек, басқа қалалардың студенттерімен байланыста болып, мүшелік жарнапұл жинауы тиіс. Алайда, ол топ құра алмады.
Филология ғылымдарының докторы, ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Тұрсынбек Кәкішев 1969 жылы өз айналасында республикадағы іс жүргізу орыс тілінде жүргізілетінін айта жүріп, «ұмытылған ақындардың» шығармашы-лығын зерттеу туралы мәселені көтерді.
1969 жылы ҚазМУ-де америкалық және канадалық студенттермен болған кеште залдан шетелдіктерге: «Біз Қазақстанды колония деп есептейміз, ал сіз бұл туралы не ойлайсыз?» деген сұрақ қойылған хат берілген.
ҚазССР МҚК-нің Қазақстан Компартия-сының Орталық Комитетіне жіберілген арнайы хабарламасының бірінде 1973 жылы 3 қаңтарда Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында қойылым басталардан бұрын көрермендерге «Сары Арқа» ұйымының атынан «Қазақ халқына үндеу» атты үндеухаттар таратылғандығы, онда қазақ халқы орыстануға ұшырап, оның тілі, мәдениеті мен дәстүрлері жаншылып жатқандығы айтылған деп көрсетілген. Үндеухаттардың барлығы жазу мәшіңкесінде орыс тілінде басылған. «Сары Арқа» ұйымы 1972 жылы ҚазМУ-дің тарих факультеті 1-курс студенттерінің бас-тамасымен құрылған болатын. Ұйымның бағдарламасы мен жарғысы қазақ жас-тары арасында мәдени-ағартушылық жұмыс жүргізу, қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау, ең соңында Қазақстанның КСРО-дан бөлініп шығуын көздеді. Осындай топтардың республиканың басқа да қалаларында құру қажеттігі көрсетілді.
Мұрағаттық материалдарда көрсетіл-гендей, «Сары Арқа» ұйымының қатысу-шыларына жүргізілген тергеуден кейін «қатысушылардың көпшілігі жастардың саяси пісіп-жетілмегендігінен пайда болған өз идеялары мен көзқарастарының іске аспайтындығын мойындап, қателіктерін түсінген». 1973 жылдың аяғында «Сары Арқа» ұйымы ыдырады, оның бағдарламасы мен жарғысы, мәжілістерінің хаттамалары жойылды.
Қазақ жастарының азаматтық қозғалыс-тары, қазақ интеллигенциясы мен студенттерінің 1960-70 жылдары кеңестік империяның ұлттық саясатына жауап ретіндегі көңіл күй ауаны туралы кейбір мұрағаттық деректер осылайша сөйлейді.
Қорыта айтқанда, тоталитарлық жүйе қысым жасап, әртүрлі қарсы әрекеттер ұйымдастырса да, қазақ халқының ұлттық рухын сындыра алмады. Бұл қаншалықты идеологияны уысында ұстадық дегенімен, кеңес империясы қазақ жастарының санасын толыққанды жаулай алмағандығын көрсетеді. Қандай қиын кезеңде де, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрес бір сәтке толастаған емес. Қазақ жастарының күрес жылнамасы осыны айғақтайды.
Жанна ҚЫДЫРАЛИНА, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
«Нұр Астана» газеті 4 маусым 2009 жыл