Прокурорды ұрып, 15 жылға кесілген жігіттің анасы араша сұрайды
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының Үржар ауылында болған төбелестің соңы сотқа жеткені, покурорды ұрған жігіттердің алды 15 жылға, арты 11 жылға сотталғаны жайлы біраз ақпарат құралдары жазды.
Осыған байланысты Алматы қаласында баспасөз жиыны өтті. Төбелескен әм түрмеге тоғытылған жігіттердің туыстары жиылып жанайқайларын жеткізді. Біз де сол жиынға бардық. Араша сұраған ананың тілегін тыңдап қайттық. Енді сол жайлы егжей-тегжейлі баяндайық.
Оқиға 2017 жылдың 10-наурызында ШҚО, Үржар ауданы, Үржар ауылындағы «Атамекен» мейрамханасында болған.
Баспасөз жиынында баяндалғандай, төбелес негізінен 4 адамның арасында болыпты. Олар: Д.Бопаев, Б.Қарсабаев, А.Аубакиров және Е.Садықов. Е.Садықов облыстық прокуратураның прокуроры әм мейрамхана қожайынының ұлы.
Содан, мейрамхана қожайындарының арыз жазуымен, 3 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалады, іс сотқа дейін жетеді. Сот қорытындысы бойынша: Д.Бопаев 15 жыл 6 айға, Б.Қарсабаев 12 жылға, А.Аубакиров 11 жыл 3 айға сотталған.
Алматыдағы жиынға осы сотталған азаматардың ет-жақын туыстары мен сотта 3 азаматқа қарсы куәлік беріп, кейін өз жауабын өзгерткен 2 куәгер келіп қатысты.
Баспасөз жиынында сөз алған қорғаушы Жанболат Әкежановтың аузынан айтылған ақпарға сүйенсек, істің мән-жайы былай болған екен:
2017 жылдың 10-наурызы кешкі уақта Достан Бопаев өзінің екі танысын ертіп, әлгі мейрамханаға келеді. Үржар ауылындағы «Атамекен» мейрамханасында ғой. Түн ауа, сағат 01:00 шамасында мейрамхана күзетшісімен Достан Бопаевтың арасында келіспеушілік орын алып, Бопаев күзетшіні ұрған. Бірақ, бұл көпке созылмай, ерегескен екеу келісімге келіп, төбелес тыншыған.
Бұл кезде полиция шақыртылған. Күзетші, оқиға орнына жеткен полицейлерге Бопаевқа шағым жазбайтынын айтқан. Сәлден соң, полицейлер сыртқа шығып кетіп, қасында прокуратурада істейтін Г.Садықованың ұлы Е.Садықовпен бірге қайта кіреді. Сөйтіп, Ерлан Садықов дөрекі сөйлеп, дүрсе қоя береді. Айтуларынша бұл екеуі бір-бірін бұрыннан таниды. Бір ауылда өскен, жастары да шамалас көрінеді.
Содан екеуінің ерегесі төбелеске ұласады. Анығында, Садықовтың балағат сөзінен кейін Бопаев қол көтерген. Онда да бір рет қана соққы жасаған. Садықов та қарап қалмай жұдырық ала жүгіреді. Бірақ, сол жерде тұрған полиция қызметкерлері екеуін ажыратып жібереді. Садықов прокурорлық мандатын пайдаланып, полицияларды балағаттап, араласпауын талап етеді. Ақыры асханаға оңаша кіріп, Бопаевпен жеке сөйлеспек болады. Полиция қызметкерлері прокурордың бұйрығымен сыртта қалыпты. Бұл адвокаттың айтқан ақпары ғана.
Сәлден соң, Достанның досы Бауыржан Қарсыбаев кіреді әлгі асханаға. Сөйтсе, Садықовтың қолында пышақ, Бопаевтың қолында үстел бар екен. Арашаға ұмтылған Бауыржан қолына асхананың ет шабуға арналған балтасын алып, Садықовтан пышағын тастауды талап етеді. Айғай-шудан ішке кірген полициялар қайтадан ара түсіп, төбелесті тоқтатыпты. Қысқасы, істің соңы келісімге келумен бітеді де, екі тарап қол алысып үйді-үйіне тарасады.
Бірақ, ертеңіне Садықовтар отбасы сотқа шағым түсіреді. Ал, әлгі 3 жігіт адам өлтірмек болды деген ауыр қылмыс тағылғанын естіп, жауап беруге келмей, қашып кетеді. Арада 10 күндей өткен соң ұсталады. Ұсталған соң сот болады. Соттың нәтижесі жоғарыда айтылды. Жәбірленуші тараптың берген куәліктері мен нақты куәгерлер, – оның ішінде сол жерде болған 8 полиция қызметкері де бар, – берген жауаптар ескерусіз қала беріпті.
Сот үкімінде 3 сотталушының масаң күйде болғандары айтылады. Ал, туыстарының айтуынша олай болмаған. Керісінше, Садықовтың аузынан «иіс» шығып тұрғаны айтылады. Бірақ, мұның ешқайсысына мән берілмей, сотты жеделдетіп, шағымданушы тараптың пайдасына шешіп беріпті. Болғаны осы.
Светлана Бопаева, сотталған Д.Бопаевтың анасы:
-Мен Бопаева Сватлана Мұқатқызы, ШҚО, Үржар ауданының тұрғынымын. Бүгінде 15 жыл 6 айға қатаң режимде жазаланып отырған Бопаев Дастан Болатұлының анасымын. 2017 жылдың наурызында, 14-нен 15-не қараған түні, «Атамекен» мейрамханасында, караоке барда отырған жастар арасында күзетшімен келіспеушілік болып, кикілжің шығады. Мейрамхана қызметкерлері Садықова Гүлшираны шақырыпты. Орнына баласы Ерлан Садықов келеді. Ол уақытша прокурор қызметін атқарушы. Ерлан түнгі сағат 01:00 шамасында мейрамханаға келіп, «бұл жағдайды өзім реттеймін» деп, сол жердегі полиция қызметкерлерін араластырмай, өз бетімен әрекет етеді. Сол жерде балағат сөздер айтады. Оны сол жерде болған полцейлер де растап отыр. Кейіннен Садықов Ерланның ас бөлмесіне кіріп, қолына пышақ алып тұрғаны да айтылды. Сот алды тергеу кезінде бұл фактілер айтылса да, еш жеңілдік болмай отыр. Бүгінде Бопаев Достан Болатұлы 15 жыл 6 айға, Қарсабаев Бауыржан 12 жылға, Аубакиров Аслан 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айрылып отыр.
Бұл жерде Садықов Ерлан өзі прокурор бола тұра, өз беделін пайдаланып, Бас прокуратурада отырған туыстарының беделін пайдаланып, осындай үкімді шығартып отыр. Садықов Ерлан негізі облыс орталығында істеп келіп, біздің Үржар ауданына уақытша мерзімде прокурорлық қызметке тағайындалған.
Ал оқиға орын алған жер сол Ерланның анасының мейрамханасы. Бірінші сот бітіп, үкім шығарылған. Біз аппеляциялық сотқа шағымдандық. Екінші сот үкімі, міне, күшіне енді. Сол бірінші сотта шығарылған шешім екінші сотта да өзгерген жоқ. Менің балама және екі азаматқа жалған жала жабылып, үстерінен 5 бап бойынша іс қозғап отыр. Негізі бұл бұзақылық қой. Жалған мәліметтер берілген. Жалған куәлік берілген. Сол алғашқы сотта 3 азаматқа қарсы куәлік еткен екі қыз бүгін өз пікірлерін өзгертіп, «сотталған азаматтарға қиянатымыз тиді» деп, өз куәліктерін терістеп отыр. Оларға жаңағы Г.Садықова ықпал жасап, ауыздарына сөз салып берген. Тіпті, сот ісі аяқталысымен ақша беретінін де айтқан.
«Садықов Ерлан бас жарақатын алды, бүйрегіне ота жасаттық, басына 3 рет ота жасаттық, жақ сүйегі мен бет сүйегі сынды» деп анасының жазған арызы бар. Бірақ, оның барлығы расталған жоқ. Садықов Ерлан аудандық ауруханаға келгенде кеуде клеткаларын рентгенге түсіріп, бас сүйегін тексергенде белгілі болды. Ондай жарақаттардың болмағаны дәлелденді. Тек танауы қанапты. Ал Садықов облыстық ауруханадан жалған анықтамалар жасатып алған. Біз медэкспертиза жасатуға шақырғанбыз. Бірақ, Ерлан Садықов келмеді. Ерлан ешбір сотқа қатысқан жоқ. Тек оның анасы ғана келіп жүрді.
Мен сіздерге осы балалардың әділетсіздікпен сотталып бара жатқанын айтып, араша сұраймын! Біз күнкөріс қамымен жүрген адамдармыз. 22 жылдан бері жалғызбасты анамын, Достанды жалғыз өзім өсірдім. Достанның әйелі, 3 баласы бар, үлкені биыл ғана мектепке барған. Жермен айналысатын, аздаған малына қарайды, ауылда одан басқа не бар? Мен өзім зейнеттегі адаммын, базарда кішкентай бутигім бар, ұсақ саудамен айналысам, тігінші болып істегем. Біздің қасымызда Садықовтар Үржар ауылының ең ықпалды, беделді адамдары деуіме болады. Ерлан Садықов прокуратурада қызмет етеді. Бұлар соны пайдаланып, кішкене ғана төбелесті ушықтырып, балама 15 жыл, 6 ай кесіп берді.
Мен мойындаймын, бұл бұзақылық. Ендеше сол бұзақылық бойынша жаза кессін. 15 жыл 6 ай дегеніңіз сұмдық қой. Балам кісі өлтірген жоқ. Төбелесті. Ерлан да қарап тұрған жоқ. Бұл әдеттегі тетелестердің төбелесі ғана ғой.
Болат Қарсабаев, сотталған Бауыржан Қарсабаевтың ағасы:
-Менің інім Бауыржан өзі 3-топтағы мүгедек. Бір көзі жоқ. Намаз оқитын, ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін жігіт. 4 баласы бар. Төртінші баласын өзі де көрген жоқ, міне. Сол жерде жігіттерге араша түспекші болғаны үшін 12 жыл жаза кесіп отыр. Бұл әділетсіздік қой. Бүкіл бір адамның өмірін ойран етіп отыр. Отбасын, шаңырағын шайқалтып отыр.
Айдана Смағұлова, сотталған А.Аубакировтың қарындасы:
-Аслан менің ағам. Оның басқа ешкімі жоқ. Әкесі де, шешесі де жоқ. Тұл жетім. Өзі менің қараушым еді. Жай ғана есіктің қасында қарап тұрғаны үшін 11 жыл 3 айға сотталып кетті. Ерлан Садықовтың өзі әуелбаста Асланның кінәсі жоқ екенін, ешқандай шағым түсірмейтінін айтқан еді. Өзі сотқа мүлде келмеді.
Түйін. Алматыдағы алқа-қотан жиында айтылған ақпардың ауаны осы. Енді касациялық сот Астанада өтеді. Бәлкім, істі қайта қарау кезінде жігіттердің жазасы жеңілдеп қалар. Қорғаушы Жанболат Әкежановтың айтуынша, іс дәлелденген жағдайда Бопаевқа 5 жыл кесілуі керек. Ал бірге сотталған екі жігіттің еш айыбы болмағандықтан, түрмеден босатылуы керек. Садықовтың дене жарақаты жайлы анықтама жалған екендігі дәлелденсе, Бопаевтың қамақтан босап шығуы да ықтимал дейді адвокат.
Біз мәселенің мән-жайын білмекке арыз жазған, «Атамекен» мейрамханасының қожайыны Г.Садықова ханымға хабарластық. «Жо-жоқ, мен сіздердің әріптестеріңізге байқамай пікір айтып қойып ем, теледидардан таратып, жұртқа масқара болдым. Мен ешқандай пікір айтпаймын. Соттың шешімі бар. Соны оқып танысыңыздар. Болды», - деп қысқа қайырды.
Содан соң, біз Бас Прокуратураның баспасөз өкілі Оксана Локсутова ханымға хабарластық. Алайда, Оксана ханым бізге жазбаша түрде сауал жолдауымызды сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, Оксана Локсутова ханым аталған іс алғаш әлеуметік желіге тарай бастағанда пікір білдіріп, «фейсбук» желісінде жұртты істің ақырын күтуге шақырған еді. Істің ақыры осылай аяқталып отыр.
Айтпақшы, Светлана Бопаева ҚР Бас Прокуратурасына хат жолдаған екен. Ол хаты Шығыс Қазақстан облыстың прокуратурасына жолданған. ШҚО Прокуратурасы Светлана Бопаеваға жауап хат жолдапты. Онысы міне:
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz