Алматыда Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылық кеші өтеді
Алматыда ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылық кеші өтеді. Өтетін уағы көкектің 20-жұлдызы. Орны Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театры. Басталуы 16:00-де.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Көкек айы - Гүлстан..." атты кешіне қазақтың белгілі ақындары мен өнер жұлдыздары қатысады.
Еліміздің әр өңірінен жиналған танымал ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлеңін оқып, жырдан шашу шашпақ. Атап айтсақ, Темірхан Медетбек, Исрайл Сапарбай, Мереке Құлкенов, Әбубәкір Қайран, Қасымхан Бегманов, Жәркен Бөдеш, Бауыржан Жақып, Гүлнар Салықбай, Темірғали Көпбаев, Мұрат Шаймаран, Жарас Сәрсек, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан, Бақыт Беделхан, Алмас Темірбай, Ақберен Елгезек, Ырысбек Дәбей, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Қалқаман Сарин, Ержан Жұмабек, Жанат Жанқашұлы, Мерей Қартов сынды танымал ақындар кеш көркін қыздырмақ.
Сондай-ақ, Елена Әбдіхалықова, Еркін Шүкіман, Қадырғали Көбентай, Ершат Қайырхан, Гүлия Сағидоллақызы секілді өнер қайраткерлері Тыныштықбек ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқайды. Ақынның "Бесінші маусым жұпары" атты жаңа кітабы да сатылымға шығады.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы - 1953 жылы 20 шілдеде Семей облысының Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. 1994 жылы Семей педагогика институтының филология факультетін бітірген. "Абай ауылы" газетінде, Абай мұражайында жұмыс істеген.
"Ақшам хаттары", "Рауан", "Қас Сақ Аңқымасы" атты т.б. жыр жинақтарының авторы. 1993-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жазушылар Одағы ұйымдастырған ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. 2001 жылы "Елорда" баспасынан "Қас Сақ Аңқымасы" атты философиялық еңбегі шықты. 2017 жылы "Бесінші маусым жұпары" атты жаңа кітабы жарық көрді.
Abai.kz