Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4595 0 пікір 31 Қаңтар, 2011 сағат 03:49

Тұрсынғали Еділов, бапкер: «Көлденең көк атты бапкердің ісіне араласпасын!»

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовпен қалалық әділет бөлімінің алдында жолықтық. Қасына Қанат Сіләмұлын ертіп алыпты. «Азаматтық алу ісі тым ұзаққа созылатынын сезгесін, президентке хат жаздық. Қанат алаңсыз жаттығу жұмыстарына кірісу үшін мәселенің жедел шешуіне қол ұшын созуын өтінгенбіз. Артынша Елбасы Қанатқа тез арада азаматтық беру туралы шешімін шығарыпты. Шын қуанып қалдық! Тек құжаттарды жинау мен өзге де жұмыстарға федерацияның бір адамды бөлмегені дұрыс болмады. Мен қазір жаттығу залында болуым керек еді, менің бар ойым - Қанатты тезірек үйіріне қосу. Алайда, өзге адам жоқ болғасын, ресми құжаттарды реттеу жұмысымен шапқылап жүрген жайым бар. Отанына оралған талантты ұлдың шаруасы тезірек бітсе деген тілек қана менікі» деген ол бізбен ашылып сөйлесуге ниетті екенін байқатты.

- Тұрсынғали аға, соңғы кезде көзге түсіп жүрген жоқсыз. Қазір қайдасыз? Не істеп жүрсіз?

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділовпен қалалық әділет бөлімінің алдында жолықтық. Қасына Қанат Сіләмұлын ертіп алыпты. «Азаматтық алу ісі тым ұзаққа созылатынын сезгесін, президентке хат жаздық. Қанат алаңсыз жаттығу жұмыстарына кірісу үшін мәселенің жедел шешуіне қол ұшын созуын өтінгенбіз. Артынша Елбасы Қанатқа тез арада азаматтық беру туралы шешімін шығарыпты. Шын қуанып қалдық! Тек құжаттарды жинау мен өзге де жұмыстарға федерацияның бір адамды бөлмегені дұрыс болмады. Мен қазір жаттығу залында болуым керек еді, менің бар ойым - Қанатты тезірек үйіріне қосу. Алайда, өзге адам жоқ болғасын, ресми құжаттарды реттеу жұмысымен шапқылап жүрген жайым бар. Отанына оралған талантты ұлдың шаруасы тезірек бітсе деген тілек қана менікі» деген ол бізбен ашылып сөйлесуге ниетті екенін байқатты.

- Тұрсынғали аға, соңғы кезде көзге түсіп жүрген жоқсыз. Қазір қайдасыз? Не істеп жүрсіз?

- Жақында ғана ауылдан келдім. Туған жерім Алматы облысына қарасты Тасқарасу ауылы. Кіндік қаным тамған жерде бокс залын ашу көптен бері ойымда жүр еді. Кеңес үкіметі кезінде салынып, тек қана қаңқасы қалған бір залды тауып алдым. Ішін ретке келтіріп, құралдарын апарып, дәріс беретін бапкерлерді де дайындап қойған жайым бар. Жақын күндері тұсауы кесіледі. Былғары қолғапқа үйір болғысы келетін балалар ауылда мен ойлағаннан да көп болып шықты. Осы күнге дейін 150-ге жуық бала үйірмеге қатысуға өтініш білдірген. Бұған қуану керек.

- Қазақтың ұлттық спортына айналып кеткен боксқа ынталылардың көптігі қуантады әрине. Алайда, әлемдік аренадағы жағдайымыз көңіл көншітпейтінін сізден артық түсінетін адам жоқ шығар. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ боксына не жетпей жатыр?

- Біз соңғы кезде жастарды тәрбиелеуді ұмытып кеттік. Бар назарымызды ұлттық құрамаға, бас командадағы үміт беретін бірді-екілі спортшыға аударумен шектелдік. Болашақта қазақ жұдырығының қасиетін танытатын жастарды, жасөспірім балаларды естен шығарғанымыз өкінішті. Ұлттық құрамадағы «сен тұр, мен атайын» деген мықтыларды алмастыратын дайын бала болмады бізде. Өзіңіз ойлаңызшы, Сәпиев, Сәрсекбаевтардың бокстағы дәурені аяқталуға жақын, олардың орнын басатын жас шебер дайын тұруы керек. Ал, былтыр Бакуде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдеге жеткен бірде бір қазақ болмады. Бұл кешірілмейтін қателік еді. Бірақ, дер кезінде жөндеуге кірістік. Федерация басына Тимур Құлыбаев келгеннен кейін, жағдай реттеле бастады. Мысалы, бұрын жастар, кадеттер, және ұлттық құраманы жаттықтыруға барлығы отыз миллион бөлінетін. Енді мұндай қаржыны әрбір облыс, аймақтарда бөліп, боксты дамытуға, кешендер салуға жұмсап жатыр. Әлемдік додаларда көзбен жер шұқып, ұяттан қызармау үшін қаражат та көп көмектеседі. Бір жағынан, біздің құрамада буын алмасу процесі өтіп жатқанын ескеру керек. Кеңестік мектептің түлектері Ермахан, Болаттар баяғыда қолғабын шегеге ілді. Тәуелсіз атанғаннан кейін, төл мектебімізден Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов сынды топтан қара үзіп кететін шеберлер шықты. Олар әуел баста жан-жақты дайындық пен спортшыға қажет баптың арқасында  жетістікке жеткенін ұмытпауымыз керек. Жастарды буыны қатпай тұрып дұрыс баптап, дұрыс бағыт берсек, болашағымыз бұлдыр болмайды.

- Соңғы уақытта бокс сары құрлықта қарқынды дамып келеді. Біздің бокстың біраз есеңгіреп қалуына Азиялық бокс шеберлерінің шыңдалуы да «септігін» тигізген шығар?

- Азияны естен еш шығаруға болмайды. Қытай, Үндістан, Таиланд және моңғолиялық былғары қолғап шеберлерін бұрын менсінбей, қалпақпен ұрып алатынбыз. Бүгінде біраз именеміз олардан. Талай алдымызды орап та кетті азиялықтар. Себебі бокс бір орында тұрған жоқ. Қазір қол қусырып отырмайды ешкім. Әркім алға басқысы келеді. Азияда алты рет алтын алған кездер ертегіге айналып бара жатқандай. 1998 жылы біздің жігіттер үш алтын, бір күміс, бір қола алса, 2002 жылы Пусандағы жазғы ойындарда жаман өнер көрсетпедік. Бейжің Олимпиадасынан соң қытайлардың қауқарын білдік, Өзбекстанмен баяғыдан құйрық тістесіп келеміз. Расын айтсам, Азияда бокс әліппесін аяқтағандар көбею үстінде. Бізге де қарап қалмау керек.

- Миланда өткен әлем чемпионаты туралы айтылды да, жазылды да. Енді сіздің жеке пікіріңізді білгім келеді. Италияда төрге оза алмай, жер сипап қалуымыздың себебі не?

- Миланда біз үлкен ұятқа қалдық. Әлем алтынын мойнына тағар бір қазақтың шықпағаны біздің бокстың әлсірегенін көрсетті. Менің ойымша, Миландағы чемпионатқа дайындық нашар болған. Дайындыққа бөлінген ақша да мардымсыз сияқтанды. Құрамадағы бірен-саран халықаралық турнирде бой көрсеткен бейтаныс есімдер әлем алпауыттарының алдында қауқарсыз еді. Жалпы, жастардың кішкене толысып, күш жинағаны дұрыс. Егер күшік кезінен таланса, күші толған кезде де алысқа бармауы мүмкін. Мұны мен бапкерліктің біраз сырын меңгергеннен кейін айтып отырмын. Қазір құрамаға Мырза келді. Келесі жылы өтетін әлем біріншілігі Лондонға жолдама таратады, сонсоң Олимпиада жылы күтіп тұр. Осы уақыт аралығында мықтыларды дайындауға бар күшімізді салудамыз.

- Қазіргі бокстың үш минуттан үш раунд болып өзгергенін білеміз. Бұл уақыт өлшемінің бұрынғыдан айырмашылығы қандай?

- Айырмашылық өте көп. Қазір үш минуттан үш раундқа көштік. Бұл үлкен күшті талап етеді. Екі минут, төрт раундтан тұрған кезде жылдамдыққа, техникаға салып, ұтып кететіндер кездесетін. Енді үш минуттан үш раундта қарсыласты техника, жылдамдықпен қоса, күшпен ұтуға тура келеді. Негізі, барлығы да еңбек пен тынымсыз ізденіске келіп тіреледі. Өзім 99 пайыз еңбек, 1 пайыз талант дегеннің рас екеніне көз жеткіздім. Мен шын дарыны барларды көп көрдім, алайда олар енжар, жалқау болатын. Жаттығуға кеш келіп, ерте кетеді. Ойын сауықтан қалғысы келмейді. Ал, керемет таланты болмағанмен, ұмтылып бағатындар жаттығу залының есігі жабыларда бір-ақ шығады. Сол балалардың көбісі бокста жүлдеден құр алақан қалған жоқ.

- Өткенге біраз шегініс жасап көрейікші. Жасыл құрлықта өткен Сидней Олимпиадасы Алаш атын аспандатқан кез болды. Финалға 4 бірдей қазақ ұланы шығады деген ой бокста болжам жасаушы мамандардың түсіне де кірмеген шығар...

- Ой, ол кездер ең бақытты шақтардың бірі еді! Олимпидаға жолдама алған жеті жігіт пен бапкерлер бір үйдің адамындай болып кеттік. Бокстағы бас жүлдені бөліседі деген елдердің барлығы толық құраммен келді. Ал, біз бар болғаны жеті боксшы апарып, оның төртеуін ақтық сынға жеткіздік. Кейін ойлап қарасам, біздің жеті қыранымыз да жүлдеге жету үшін аянбады. Ұлттық намыстары лаулап тұрды. Неге? Себебі, біз Сиднейге лицензияны үлкен күшпен алдық. Таиландта, Ташкенте болған жолдама тарататын турнирлерде демімізді ішке тартып отырғанымызды жасырмаймын. Төрешілер аяқтан шалып бақты, одан қалса кіл мықтылармен қолғап түйістірді біздің балалар. Осындай маңдай термен келген жолдама «олимпиадаға қатысудың өзі жеңіс» деген ойдың тонын теріс айналдырды. Өте қызу, тартысты өткен турнирлер сайдың тасындай жігіттердің іріктелуіне себепкер болды. Екіншіден, Олимпиада аяқталар тұс жақын, ал ел қоржынында әлі алтын жоқ. Осы ойлар біздің боксшыларды қамшылады да, финалға төрт саңлақ шықты. Жүлдеге ілікпеген боксшылар ірі есеппен жеңілген жоқ. Сәл ғана ұпай айырмашылығымен ұтылды.

- Сиднейде керілген ринг көп естеліктер қалдырғаны түсінікті. Ең тартысты, ең қызықты өткен кездесулер қайсысы еді?

- Марқұм Бекзат Рамазан Палианимен жекпе жекке шыққанда жүрегімізді қолға алып отырдық. Біресе Бекзат, біресе Палиани алға шығады. Қызу тартыс. Бүкіл Түркия мен әлем мамандары алдын ала алтынды сыйлап қойған Рамазан оңай берілетін боксшы емес. Ой, сол кездегі жүрек толқынысын ұмыту мүмкін емес. Бекзат ең соңғы жеңіс соққысын жұмсағанда бөркімізді аспанға атып, қазақ екенімізге мақтандық! Бекзаттың жеңісіне алғашқы куә болған да өзім, маңдайының терін сүрткен де мен. Бізді ерте тастап кеткені өкінішті. Содан соң, Мұхтарханның Куба алыбы Алексис Рубалкабамен өткен айқасы естен кетпейді. Бұлшық еттері ойнақшып, алшаң басып келе жатқан Алексистің қасында біздің жігіт бала сияқты. Бұл жекпе-жектен бұрын Рубалкаба ұрып құлатқан неміс боксшысын залдан зембілмен алып кеткен еді. Алайда, ринг кім мықты екенін көрсетті. Мұхтарханның жойқын соққылары кубалықты есеңгіреткенде қуанбаған жан болмады. Жекпе-жек өтіп жатыр, алма-кезек жұмсалған жұдырық. Зал сілтідей тынған. Залдағы барлық жанкүйер бізге қолдау көрсетіп, Мұхтархан жеңгенде жүректері жарылуға сәл қалғаны қазір тек естелік болып қана қалды. Жылдар өтіп жатыр. Мен қазақ халқы осындай ерліктерді ұмытпаса екен деймін.

- Сіз бас бапкерліктен неге кеттіңіз?

- Кетуіме тура келді. Бір жағдайлар болды. Бапкер бар білгенін сарп етіп, күндіз-түні үйін көрмей, боксшыны дайындайды. Боксшы Олимпиада чемпионы болғаннан кейін, батыр біреу болып шыға келеді. Бапкердің еңбегі ескерілмейді. Халық пен басшылар әлем таныған батырдың кімнің қолынан өтіп, кімнен тәлім алғанына назар салмаған соң, бапкер тасада қала береді.

- Тұрсынғали аға, сіздің кубалық танымал достарыңыз көп дейді.

- Иә, үш дүркін Олимпиада чемпионы Теофильо Стивенсен менің жақын досым. Бұл достық біздің жігіттердің қаймықпауына көп септігін тигізді. Куба боксшылары әлемді мойындатқан майталмандар. Кубалықпен кездесетінін естіген бойда, біздің жігіттердің сағы сынып қалады. Шешінетін бөлмеде-ақ олардың көзінен от көрмеймін, жекпе-жек басталмай тұрып-ақ, психологиялық тұрғыдан жеңіліске сұранып тұратын. Осы синдромнан құтылу үшін бір рет елшілікке бардым. Қолымда Теофильомен бірге түскен сурет бар. Осылай да осылай, сіз виза мәселесін шешіп беріңіз, Қазақстанда Кубамен кездесу өткіземіз дедім. Елші қуана-қуана қолдады. Сонсоң, елге бокста өзгелерден оқ бойы озық тұратын Куба боксшылары келіп, біздің балалармен жолдастық кездесу өткізді. Барлығы бір қонақүйде жатып, бір- бірін таныды. Кубалық боксшының да ет пен сүйектен жаралғанын түсінгендей болды балалар. Тіпті, біз жеңіп кеттік.

- Егер сізге бас бапкер болуды ұсынса, қабылдар ма едіңіз?

- Жоқ, қабылдамас едім. Афиныдан кейін ұсыныс болды, бірақ мен бас тарттым.

- Бас бапкер бола қалған жағдайда, істі неден бастар едіңіз?

- Ең алдымен, тізгін бапкерде болуы тиіс. Көлденең көк аттылардың бапкер саясатына араласпағаны дұрыс. Жалпы, бас бапкер боксшыны жүрегімен ұғынуы керек. Мысалы, бас бапкердің көмекшілері білімі не басқасы жөнінен еш кем емес қой?! Жаттығу жасатып, бағыт-бағдар беруді олар да біледі. Бапкердің артықшылығы боксшы табиғатын терең меңгеруінде. Міне, осыларды ескерген бапкер, біраз биікті бағындырады.

- Енді отбасыңызға аз кем тоқтала кетсеңіз...

- Отбасым қазір АҚШ-тың Калифорния штатында тұрып жатыр. Әділ есімді ұлым, Мәдина атты қызым бар. Әділ деп атын өзім қойғанмын. Бармақ басты, көз қыстымен көп кезігіп, қиналып жүрген шақ еді. Әділет салтанат құрса екен дедім. Ал, қызым өте батыр. Ер мінезді. Өзіме тартқан. Атқа мінгенді ерекше жақсы көреді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақырыс Сейітқазы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276