Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дін мен тін 5707 4 пікір 25 Сәуір, 2018 сағат 15:57

Саясаткер Дос Көшімге хат

 

  1. СЕН айтасың;

ТӨРТІНШІ – «миссионер» ұғымы туралы.

«...Өз басым, «миссионерлік қызмет туралы» мәселенің заңнан толық алып тасталынғанын қалаймын... Қысқасы дінді білмейтіндерді дінге алып келу  – миссионер арқылы жүзеге асады. Бұл – дінсіз елге, құдайсыз тайпаға келгендердің қасиетті жұмысы. Ал сан ғасырлар бойы мұсылман дінін ұстанып келген Қазақ еліне  келген миссионерлердің жұмысы қандай бағытта болмақ. Олар «әлимсақтан мұсылманбыз»- дейтін қазақтарды қандай «дінге үндемекші», қандай «діни ілімді таратпақшы»? Демек, өмір бойы ұстанған өз діні бар елге келген «миссионерлер» біздерді өз дінімізден аластаушы, басқа дінге таратушы болып табылады емес пе? Әрине, зайырлы ел есебінде біздер азаматтарға кез келген дінді ұстануға мүмкіндік береміз, бірақ өзіміздің діннен аздырушыларға есікті өзіміздің ашып қоюымыз қалай болар екен? Осы жерде айта кетер тағы бір мәселе бар. Көптеген елдерде, демократиялық мемлекеттерде «мемлекеттік дін» немесе «негізгі дін» деген терминдер, ұғымдар кездеседі. Діни сенім бостандығын ұстана отырып, бірқатар елдер өздерінің тарихи, ұлттық діндеріне айырықша орын береді. Мысалы, Италияда католик діні – мемлекеттік дін болып саналса, Грузияда өздерінің Ата заңдарында грузин православиясы – негізгі дін деп бекіткен. Мүмкін, қазақ еліне де мұсылмандықты – негізгі дін деп белгілейтін күн жеткен сияқты. Бұл дәстүрлі исламның дамуына шын мәнінде үлкен қолдау болады деп ойлаймын. Бірақ біздің талдап жатқан өзгерістер мен толықтыруларда «Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді»- деген жолдар бар. Өз басым, «міндетті дін» дегенді көргенім жоқ, бірақ, «мемлекеттік діндерді» Ата заңдарына енгізген елдер жеткілікті деп ойлаймын. «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» деген атау да рухани дүниеден гөрі үкіметтік, ресми атауды есімізге салуда. «Колхоз басқармасы», « басқарма бастығы», деген сөз тіркестері Кеңес заманындағы «Ара» журналында көп орын алатын... Меніңше, «Қазақстан мұсылмандары муфтияты» (не муфтилік болар) деген атау салмақты да салиқалы болар..».

4. МЕН толықтырсам;

АТА ЗАҢҒА; «ДІНІМІЗ - ИСЛАМ, ӘЛЕМДІК ДІНДЕР МОЙЫНДАЛАДЫ»- ДЕП АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕККенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньята; «Миссионерлер Африкаға келгенде, біздің жеріміз бар еді, ал олардың «Інжілі» болды. Олар біздің көзімізді жұмып қойып табынуға көндірді. Ақырында көзімізді ашқан кезде біздің жеріміз олардың иелігінде, ал «Інжіл» бізде қалды» -деген екен. Миссионерлер туралы пікірің орынды. Өйткені, қазірдің өзінде жарты миллион қазақ Ислам ағымдарынан басқа діннің ықпалында кеткендігі жөнінді дерек бар.  Ислам бірлігі - ел бірлігі. Бір ұлттың өз ішінен әлденеше дін мен сектаға бөлінуі аса ауыр қасірет. Тарихқа үңілсек, мұндай жағдай ұлттың да, мемлекеттің де тұтастығының түбіне жетіп тынған.

«Мүмкін, қазақ еліне де мұсылмандықты – негізгі дін деп белгілейтін күн жеткен сияқты»-дейсің. Мүмкін емес, Ата Заңмыздың Жетінші бабындағы «Қазақ Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»- деген сөзден де бұрын, ел төлқұжатына «діні – Ислам, әлемдік діндер мойындалады»- деген сөз алтын әріппен жазылып енгізілуі керек. Өйткені, дін тілден де бұрын, Адам Ата келмей тұрғанда, өмірге келетін адамдарды  тәрбиелейтін құрал ретінде дайындалған Жартушының әмірі.

Дос, Сен өзің «әлимсақтан мұсылманбыз» - деген сөзді мысалға келтіріп отырып, барлық адам баласы о бастан мұсылман болып жаратылғанына мән бермейтін сияқтысың. Қазақ ұстанған діннің аты - Ислам, сондықтан осы күнге дейін өз аттарынан өздері шошып жүрген  Республикалық мұсылмандар діни басқармасы,  Республикалық Ислам ұйымы атауымен қайта құрылып, атына сай жұмыс жасамаса, ертеңіміз өте қиын жағдайларға тап болуы мүмкін.  Елдегі дін дертін ( Жалпы діндегі емес, себебі Алланың дінін еш уақытта дерт шалмайды)  - мемлекеттік тұрғыдан қолдау арқылы ғана қуаттандырып сауықтыруға болады.

Ливан халқы тарихын білесің бе?! Бұл елдің негізгі халқы арабтардың тілі де, мәдениеті де біреу, бірақ - діні екеу. Осы халық ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында қолдарына қару алып, он жыл бойы бірін бірі аяусыз қырды. Елде қан төгілді...

 Біздің елімізге қазір ешбір Ислами діни ағымның қажеті жоқ! Кірме діни ағымдарға заң жүзінде де, діни жолмен де жедел тоқтау салу керек. Исламның атын жамылған экстремистік топтармен Үкімет те, заң орындары да қатаң күрес жүргізуі тиіс. Бұл орайда дәстүрлі қазақы Ислам дініміз өзінің имани қуатын көрсете білуі керек. Дін деген - сенім. Ал сенімі болмаса - ел бірлігі, ұлт бірлігі туралы, оның іргесінің мықтылығы туралы әңгіме де айтуға болмайды.

5.СЕН айтасың;

БЕСІНШІ –заң баптарындағы ұғымдарға жан-жақты түсінік беру мәселесі

«...Заңдағы кейбір баптардың ішіндегі сөз тіркестері мен терминдерге жан-жақты, толық түсінік беру қажет...» - деп  білемін дейсің.

5. МЕН толықтырсам;

ӘРКІМНІҢ БАСЫНДА ҮРЕЙ БАР

Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясында “ Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей”- деген бап бар. Осы Заңды бетке ұстап, қазір шет елдерден ағылған түрлі ағымдағы миссионерлер ашық-жабық түрде, қандастарымызды өз діндеріне тартып, ұйып отырған ұлт шырқын бұзып, уағыз насихаттарын жүргізуде. Әрине, дәл қазір бас жарып, көз шығарып жатқан ештеңе жоқ сияқты, бірақ ертеңі жұмбақ болып тұрған бұл жойқын селге ар ождан тұрғысынан қарау - өз туған жерімізде, елімізде тұрған біздің ұлттық құқығымыз. Мұны кім тоқтатуы керек. Дінді - дінсіздер емес, діңгегінде діні бар Алланың Құранымен жүргендер ғана қорғайды.

Қазір елде «діннің сөзін кім сөйлейді, дінді кім қорғайды?» - деген сұрақ ашық тұр. Өйткені, Ислам туралы әңгіме айтсаң, белгілі ғалым Д. Қамзабекұлы айтпақшы «...саған 37-ші жылдың авторлығын бере салуы да кәдік»- деген үрей әркімнің басында бар. Осы үрей әр қазақтың, оның ішінде діндарлардың да қанына әбден  сіңіп қалған. Құранның иесі – Құдай! Діннің иесі – Алла! Көктен бір-ақ дін тарқалған. Ол – Ислам!  Құран - күллі Аллаһ жаратқан, ең қасиетті дүниелерінің асыл белгілерінің аты.  Құран – Алла! Құран аяты қайталану арқылы қайталанбайтын қасиетті жеткізетін, бір аятына 18 мың ғаламның мақтауы жетпейтін Аллаһтың сөзі. Құран - Алла көктен жаудырған әр жаңбырдың тамшысына сыйдырылған – нұр. Көктен келген әр тамшы, біріне-бірі кедергі жасамай, біріне бірі сіңіп кетпей, бұзылып кетпей, сол қалыпта Құранды әкеп жабады. Олай болса жер жүзі Құранмен өніп-өсіп жатыр.

 Адам, Алланың «Бол!» -деген әмірімен болған деп жазады Құран. Сөз – дұға, Алланың қасиетті қазынасы. Сол қасиетті сөздің негізі - Құран. Құран – Әлемдік Конституция! Елдердің Ата заңы осы құран аясында жазылуы тиіс. Он төрт ғасырдан бері жеке әрпі түгілі, тыныс белгісі де өзгермеген құранға қарсы пікір айту Жаратушыға қарсы келу деген сөз. Қарсылық келтіргендер –Тәңірдің қаһарына ұшырайтыны құранда ескертілген...    

1. СЕН айтасың;

АЛТЫНШЫ – діни бірлестіктерді шетелдік азаматтардың басқару мәселесі

«...Қазақстандағы діни бірлестіктерді шетелдік діни орталық тағайындаған адамдарың басқаруы – ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін мәселе- деп білемін. Керісінше, бұл құбылысқа заң арқылы тыйым салынуы керек. Елу адам жиналып, діни бірлестік ашқанда, солардың ішінен басшы болатын қазақстандық азамат табылмаса, ондай бірлестік – адасқандардан тұратын, нақты сенімі жоқ жандардан құралған қауіпті тобыр ғана. Сол тобырды немесе сектаны шетелдік азаматтың басқруы – ақылға симайтын мәселе. Демек, олардың басшылары – басқа елдің азаматтары. Енді сондай мүмкіндікті діни ұйымдарға беретін болсақ, жанымыздан айбалтамызды тастамауымыз керек...».

6. МЕН толықтырсам;

АБАЙ ЕЛ САБЫРЛЫҒЫН ҚҰРАНҒА ӘКЕЛІП ТІРЕГЕН

Бұл туралы айтқанда, өз халқының тағдырын қозғап, сабырлығын Құранға әкеліп тіреген, ұлы Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Отан, ел деген не?.. Ол халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Құран сүрелеріндегі  аяттар да – болған, болып жатқан және ақыр заманға дейін алдағы болатын  оқиғалар негізінде тізілген тарих және бағыт беретін сабақ. Демек, Жаратушмыз бізді ұлт етіп жаратқан соң, оның діні, дербестігі мен бірлігін сақтау әрбір ұлт азаматы мен дін иелерінің де абройлы борышы. Ешбір ел еш уақытта  өз дінінен алшақтамаған. Тіпті, Ата жұртымызда Ислам мемлекеті құрылған кездері, барынша гүлденіп шарықтаған дәуірді басынан кешкен. Ал мемлекет – өз дінін әлсіздендіріп, оны басқаруға діни алауыздық енген кезде – күйреген. Оның нақтылы дәлелі – әлем мойындаған Алтын орда мемлекетінің тарихы. Ал, әулие Қажы Ахмет Йассауийді өзіне пір тұтқан жиһангер қолбасшы Әмір Темір  Мауераннахр жерінде мемлекеттің күш қуаты мен тұрақтылығын сақтау үшін оны басқаруда; «Ережелер мен заңдарды Исламға негіздедім, өзім де қатаң ұстандым»- деп өсиет қалдырмады ма?..

   Дін басшылығы діңгегінде діні барлардың қолында болуы тиіс, дінді дінсіздер басқармауы керек. Елдің, ел болып іргесін сөкпеуі – өткен тарихымыз көрсеткендей, елдің тұтас алғандағы сенімінде. Ал жер бетіндегі сенімнің әкесі әлімсақтан – дін!!! Дінсіз ел, дінсіз отбасы, дінсіз адам баласы болмайды. Діни сенімінен айырылған ел  ел болып жер бетінде мәңгілік тұра алмайды, қаншама ұлы күшке иелік еткенмен кешегі Кеңес империясы сияқты жойылып кетеді.     

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жаңғыру процесі басталды. Ендігі сүйенетін, айтатын дұғамыз Аллаһтың сөзі болуы керек. Құранда; «Тәңірім арқылы білім алыңдар»- деп айтқан. Қазір Жер жүзіне, күллі жер бетіне тазарту мәселесі келіп жатыр. Дінде – қарсылыспайды, дінде - қоштайды, қол ұстасады, бірігеді.  Қазір әлем тізгінін қолдарына ұстап отырған ұлы мемлекеттер өз саясаттарын іске асыруда Итальямен санаспайды, бірақ сол елдің шағын пұшпағына орналасқан Ватикан-шаһары мемлекетімен, оның жетекшісі Рим Папасымен еріксіз санасады. Бұл - діннің құдіреті.  Папаның өзі ең алдымен өзін әлемдік дін қайраткері, нақтылап айтқанда Рим Епископы, Ғайсаның жердегі ізбасары, Апостолдар Князінің мұрагері, Әлем Шіркеуінің Жоғары Бас Пірі, Батыс Патриархы, Италия Примасы, Рим Провинциясының Архиепископы және Метрополиті, содан соң барып, Ватикан Шаһары-мемлекетінің басшы қайраткері есептейді. Қазір Ватикансыз бірде-бір ғаламдық саясат түйіні тарқатылмайды, ол биліктің барлық тармақтарының тәңірісі.

Діннің құдіретін, қадірі мен қасиетін құрметтеу керек. Оның мәнін Астанада Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлерінің бас қосуы жыл сайын көзімізге көрсетіп отыр ғой...

 СЕН айтасың;

   Тағы да басқа «әттеген-айлар»

«...Менің пікірім – заңды іске алғысыз етіп сынау емес, оның, менің көзқарасымдағы, «әттеген-ай» деген жерлерін көрсету ғана. Кәмелетке толмағандардың «дау-дамайы» туралы 8-ші баптың мақсаты – дұрыс, бірақ орындалу жолдары көптеген сұрақ тудыратын бап. «Әттеген-айлық» тудыратын тағы бір мәселе – заңның біржақтылығы. Өзгерістер мен толықтырулардың ішінде дінді ұстанушыларға мемлекет тарапынан  жасалынатын ешқандай бір «жақылықты» көрген жоқпын. Ең болмаса, темір жол, автобус бекеттеінде намаз оқитын орындардың болу міндеттілігі де көрсетілмеген. Тек қана тыйымдар... Тыйым салу – тек қана дәрменсіздіктің белгісі емес, ертең туындайтын қарсылықтың да белгісі болмаса екен- деп тілеймін...».

7. МЕН толықтырсам;

ЗАҢДАҒЫ ОРЫНСЫЗ ТЫЙЫМДАР, «ШАШ АЛ ДЕСЕ БАС АЛУДЫҢ» БАСТАМАСЫ БОЛМАСЫН...

Біз кешегі атейст кеңес үкіметінен бөлініп шыққан елміз. Сол кезде  Жамбыл атамыз Кремль сахнасында намаз оқып отырғанын көрген Сталиннің өзі оның намазына тиым салған жоқ. Біздің елде соңғы уақытта «шаш ал десе бас алатын» асыра сілтеушілік көрінісі орын алуда. Негізі, Үкімет өз шаруасымен айналысып, қазіргі елде орын алып отырған қымбатшылық пен коррупциядан қорғап, елдің жоғын бүтіндегені мақұл. Биліктің діни шаруға көзсіз көп араласуы түбі жақсылыққа апармайды.

Дін – муфтияттың шаруасы. Бірақ Дін министрлігінің құрылуымен бұрынғы істеп келген өзінің бар міндетінен айырылып қалған діни басқарма қазір, кешегі Рәтбек пен Әбсаттардың кезінде болмаған, туристік мекеме дәрежесіне түсті. Республикалық бас діни ұйым қазір қажылық жұмыспен айналысатын 28 туристік фирмалармен бәсекеге түсіп, көз алдымызда нәпсілік сол жұмыспен айналысуда.  Өзі бәсекелестікке түссе, бұл құрылым, әрине,  бұрынғыдай туристік фирмалар жұмысына әділ бақылау мен төрелік орната алмайды. Бұл – келіспейтін, түбі өздеріне абырой алып келмейтін тіршілік көрінісі. Әлі де болса Діни басқарма, сен айтқан «әттегенайлыққа» ұрынбай тұрғанда, бұл  нәпсілік жолдан жедел бас тартып, жарғыда көрсетілген таза діни шариғат талаптары шеңберінде атқарғандары мақұл.

Дін ешуақытта  мемлекеттен бөлінбейді, сонысымен абыройлы. Сенімі жоқ адам қандай дәрменсіз болса, сенімі жоқ мемлекет те сондай дәрменсіз. Жеке мемлекеттердің атын бөле-жара айтпай-ақ қоялық, әлем тархында 1929 жылы не бәрі төрт Ислам мемлекеті болса, бүгінде олардың саны 50-ден асты...

Ислам – болмысында мемлекетті қолдайтын дін. Ол Үкіметке, яғни билік жүргізушіге қарсы шығуды құптамайды. Ел бірлігін сақтай отырып, бейбіт жолмен дамуды көздейді. Билікті Алланың бұйрығымен болған іс деп мақұлдайды.  Құранда; “Аллаға, оның Пайғамбарларына және оның жердегі билеушілеріне бас иіңдер”- деп мемлекетке қуаттау білдірген.

Дос, сенің мақалаңа толықтыру ретінде бұл жазып отырған ұсыныстарым, менің бүгін ғана жазып отырған пікірім емес. Берісі, соңғы он жыл көлемінде жағым талмай айтып келе жатқан әңгімем. Сол мақалаларымды топтастырып өткен жылы «Баспасөз үні – халық үні, Ел басына дін туралы екі хат» - деп кітап етіп бастырып; “...Исламдық қауіп қатер”- деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанмен, оның, үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді Ислам тарапынан болатын мифтік қауіп қатер туралы емес, Исламның өзін нақты қорғаудың қажеттігін сөз ететін кез келді” (“Сындарлы он жыл” Н.Назарбаев. 2003 ж).- деп өзі де жазған Елбасы атына да жібердім. Әрине, ол кісіге мұндай дүние жетпейді, бергі жағындағылар Діни комитетке жолдап, олар жаттанды жауаптарымен көтерілген мәселені тұншықтырумен келеді. Саған хат жазғандағы мақсат, сен бірсыпыра мемлекеттік комиссия құрамында белсенділігіңмен көрініп жүрген соң, әрі ұлтшыл қайсар мінезіңе сеніп, қазіргі көтеріліп жатырған Мәңгілік ел болу үшін, мемлекеттік арнайы комиссия құрып, осы мәселені ел көлемінде талқылауға мұрындық боласың ба, еліміздің имани көзқарасын қалыптастыруға көмегің тие ме- деген ой.   

Бүгінгі нақтылы талап біреу – бүкіл әлем елімізді мұсылман мемлекеті ретінде танып, Әлемдік Ислам конференциясы ұйымына толыққанды мүше ретінде қабылдап отырған соң, Ата Заңымыз өз еліміздің басты құжаты болғандықтан, Конститутциядағы “Дін мемлекеттен бөлек” деген ақ таңдақ тұжырымды алып тастап, “Мемлекеттің дәстүрлі діні -  Ислам, ал қалған әлемдік діндер мойындалады…”- деп жазылса,  жүгенсіз діни секталар өз айылдарын оп-оңай жинайды. Бізге жат жұрттық түрлі діни ағым емес, дәстүрлі қалыптасқан қазақы өз  Исламымыз керек. Дін - діңгегінде діні барлардікі. Елімізді, елдігімізді  сақтаймыз десек дінімізбен болайық! Дәстүрлі Исламымызды Тәңірім қолдасын.

Алланың әмірінсіз ештеңе де жазылмайды, сондықтан Тіңірдің әмірімен жазылып отырған бұл хат ел игілігіне жарар – қазына, өзім үшін Алламның  дидарына қауышу үшін жазылған дәнекер дүние болуын тілеймін.

(Соңы. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/69351

Сәлеммен, Бақтыбай Айнабеков,

Ілімгер-жазушы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060