Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ғылым-білім 10469 72 пікір 25 Сәуір, 2018 сағат 15:39

Латын әліпбиі үлгісіне жаңа ұсыныс

Абайдың заманына дейінгі оқиғаларды былай қойғанда, одан бері өткен 114 жыл ішінде қазақ халқы тарихтың тайқазынында тайдай тулап қайнап, арам көбіктері аяусыз алынып, одан бүлкілдеп бабымен пісіп, бүгінгі заманға жетті. Абай айтқан орыстың тілі екінші тілімізге айналып, жаппай сауаттанып алдық. Әйтсе де қазақ халқы үшін орыс тілі өз миссиясын орындап біткені тарихи шындық. Әрі қарай даму үшін IT-технология саласын «жаулап алған» латын тілін меңгеру қажет. Тіпті күллі әлеммен тіке тірескен Ресейдің өзі де 10-20 жылдан кейін латын әрпіне көшуге мәжбүр болуы мүмкін. Бұл заман талабы...

Қазақ халқының латындық үлгідегі жаңа әліпби жүйесіне көшуіне іштей қарсылық көрсетіп жүрген Ресейде латын әрпіне көшу әрекеті 1680-1690 жж. жазбалардан байқалады. Петр I патша тұсында кириллица мен латын әріптерін жарым-жартылай қамтыған азаматтық әріптер енгізілді. ХІХ ғ. орыс тілін латын әліпбиіне көшірудің жекелеген жобалары пайда болды. [1] 2000 жылдан бастап Ресейдің латын әрпіне көшкені жөн деген мақалалар қылаң бере бастады. [2]

1920 жылдардан бастап КСРО тұсында жаппай латын әрпіне көшіру жүргізілді. Осы науқанға сәйкес Қазақ КСР-інде 1929-1940 жж. арасында жоғарыдан таңылған латын әліпбиі, сол кезде қолданылып жүрген араб әріптері негізіндегі әліпбиді алмастырды. [3] Арада ғасырға жуық уақыт өткенде жаңа үлгідегі латын әліпбиін өзіміз таңдау жасап қайта қабылдағалы отырмыз. Латын әліпбиінің мәселесіне кірісіп кетуіміздің себебі, шамамен 4-5 жылдан кейін қазақ елінде барлық ресми және ресми емес жазба мәдениеті түгелдей осы латын әліпбиі негізінде жүргізілетіндігін сезінуден туындап отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығында жарияланған жаңа әліпбиде диакритикалық белгілер қолданылады. Алысқа бармай-ақ, өзім жұмыс істейтін мекеменің IT-технология саласының мамандары жер-көктен іздеп, осы соңғы әліпбиді әлі таба алмай отыр. Оның үстіне, диакритикалық таңбамен белгіленген «суреттік» бейнедегі 6 (алты) әріпті 60-қа жуық кез-келген әлемдік ғаламтор (1 глоссарий) жүйесінің «есіктері мен тесіктері» болып табылатын бір де бір браузер (мысалы, Microsoft Internet Explorer, Mozilla Firefox, Opera, Yandex, Рамблер-Браузер, Google Chrome) [4] ешқашан да іш тартып қабылдамайтыны белгілі. Яғни, латын әліпбиімен қазақша жазылған сөздер түсініксіз символдармен берілетін болады. Одан қалса, балаларымыз бен немерелеріміздің латын әліпбиі бойынша дұрыс оқып, білім алуына жәрдемдесуіміз үшін жаңа әліпбиді әуелі өзіміз жақсы білуіміз керек және т.т. Сол себепті, ақыры қабылдайтын болған соң, латын әліпбиінің ең оңды үлгісін қабылдауға атсалысуымыз азаматтық парызымыз болмақ.

2017 жылғы 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Осы мақаланың «ІІ.  Таяу жылдардағы міндеттер» атты бөлігінде Елбасымыз: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден бастап, барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз» деп шегелеп айтты. [5]

Күнделікті сан-салалы тұрмыста қолдынылатын «Сандық» (Digital) IT-технологияның күрделі таңбаларымен біте қайнасып кетуі үшін қазақша үлгідегі латын әріптерінің асты-үсті, ортасына қойылатын сызық-белгілердің (ǠÄǢÊÕÝŁŖŲŢ және т.т.) болмағаны жақсы еді. Неге десеңіз, еуропаның ең белді мемлекеттері болса да, қазіргі француз, неміс, испан және өзіміздің түркі т.б. елдердің әліпбилері негізінде жазылған сөздерді ғаламтордың жоғарыда айтқан браузерлері «қабылдамайтынына» өзіңіз де талай куә болған боларсыз деп ойлаймыз. Жалпы латын әліпбиі мен оның ғылыми-талдаулық тұжырымдамаларын ғаламтордан оңай тауып алып, кеңірек танысуға болады. [6]

Дүниежүзілік деңгейдегі таңбаларды кодтау стандарты (Unicode [7]) латын әліпбиіне қатысты барлық әріптер мен таңбаларды бүге-шегесіне дейін нөмірлеп реттеп қойған. Ғаламдық атышулы консорциумдар бекіткен «Unicode/ISO/IEC 8859-1» [8] стандартынан бір ғана нүкте-үтір-сызыққа ауытқу, бір қарын майды шіріткен «құмалақтың» тап өзі болады. Сол себепті осы реформаға жұмсалатын қыруар қаражатты желге шашпау үшін жаңа әліпбиді асықпай, ақ-қарасын әбден ажыратып алып қабылдағанымыз дұрыс болады.

Алдағы мың жылдан кейін Жер бетінде Ұлыбритания (Англия) деген азулы ел болмауы да мүмкін, бірақ ағылшын тілі мыңдаған жылдар бойына әлемдік қатынас тілі қызметін атқара беретін болады. Себебі, бүкіл IT-технология осы 26 латын әрпіне негізделген. Ежелгі шумер-бабыл, грек, исламдық араб тілдерінің (2-6 глоссарий аралығы аралығы) тарихында осындай үрдістер болғаны белгілі. Ендігі жерде басқа әріптермен алмастыру өте қымбатқа түсетін ІТ-технология саласындағы латын әріптері, әлемдік тұрғыда «мәңгілік» ғылым тілі болып қалуы мүмкін екенін алысты болжай білетін біздің Елбасымыз сияқты саясаткерлер өте жақсы түсініп отыр. Бірақ Елбасы алдында «ұпай» жинағысы келгендер бұл маңызды істі өзара тайталасқан көкпар жарысқа айналдырып жібергендей сезіледі.

1 сурет. Асты-үстіне үтір-нүктелер қою арқылы жасалған жарамсыз әліпби

2017 жылғы 29 мамырда Австриядағы Қазақстан елшісі Қайрат Сарыбай мырза болашақ қазақ әліпбиі 35 әріптен тұратын болады деп, 1 суреттегі әріптерді көрсеткенде, [9] «мәссаған, мына әріптерді ІТ-технология да, Ғаламтор (Internet – 6 глоссарий)   да қабылдамайды ғой» деп шошып кеткен едік. Сөйтсек, бұл «әзіл-қалжыңы таусылмайтын» Үкіметіміздің латын әріптерін қолданатын еуропадағы шет мемлекеттердің және бауырлас Түркияның «тамырын басып көрген» әрекеті екен. Арада бес ай уақыт өткенде жаңа әліпбидің «жыры» басталды...

2 сурет. І үлгі: Таза латын әріптері негізінде жасалған қазақ әліпбиінің жобасы*

* Жаңа әліпбидің бірінші үлгісінде сырт көзге көрінбейтін дұрыс жүйелілік байқалады.

3 сурет. І үлгі: Диграфтардың көмегімен оқылатын – «ғ, ч, ш, ж» әріп таңбалары:

4 сурет. І үлгі: Диграфтардың көмегімен оқылатын – «ә, ө, ү» әріп таңбалары:

5 сурет. І үлгі: Диграфтың көмегімен оқылатын – «ң» әріп таңбасы:

Елбасымыздың мақаласы шыққаннан кейін арада тура бес ай өткенде (11.09.2017 жыл) Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры ф.ғ.д. Ербол Тілешов латын әріптері негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа үлгі жобасын Мәжіліс депутаттарына таныстырды. Жоғарыдағы жайдан кейін, ешбір үтір-нүктесіз берілген латын әріптерінің қазақша жаңа әліпби үлгісін көрген соң ғана көңіліміз орнына түсті (2 сурет).

6 сурет. ІІ үлгі: Апострофтар негізінде жасалған қазақ әліпбиінің жобасы

Қазақ тіліне тән «ң» әрпі – диграф (7 глоссарий), ал «ә, ө, ү, ғ, ч, ш, ж» әріптері диграфтар жүйесін қолдану арқылы оқылатын болады. Жаңа латын әліпбиін әзірлеушілер әзірге бұл жоба екенін ескертіп, соңғы нұсқа ғұламалардың пікірін ескеру арқылы жасалатынын мәлімдеді. [10] Бірақ, неге екені белгісіз, көп ұзамай бұл жобадан Үкіметіміз бас тартты. Бір жағынан ол да дұрыс шешім болды. Себебін төменде айтамыз...

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен енгізілген ескі әліпби әріп жанына қойылатын апострофтармен (8 глоссарий) белгіленді.

7 сурет. ІІІ үлгі: Диакритикалық белгілер негізіндегі қазақ әліпбиінің жобасы

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығында жарияланған жаңа әліпбиде диакритикалық белгілер (9 глоссарий) қолданылатын болды. Бірақ, ғаламторды пайдаланушылар «Шығыс Қазақстан» сөзі құлаққа түрпідей, көзге оғаштау көрінетін болғандықтан, бұл жоба дереу тоқтатылды.

Жаңа әліпби өзгертуге болмайтын «Құран» емес деп оны 1 жылға жетпейтін уақытта екі рет өзгертудің кері әсері де болды. Жоғарғы басшылар алдында «ұпай» жинағысы келген кіші басшылар 26.10.2017 жылғы әліпби үлгісі бойынша қып-қызыл ақшаға мемлекеттік мекемелердің, кабинеттердің атауларын жазып қойды. Жаңа әліпби бойынша (19.02.2018 жыл) атауларды тағы да өзгерту үшін қомақты қаражат жұмсау қажет. Ең жаманы, жаңа әліпбиге елдің сенімін жоғалтып алуымыз мүмкін. Осы жобамен айналысып жатқан мемлекеттік мекемелер жаңа әліпби «ұпай» жинайтын спорт жарысы емес, «Мәңгілік ел» болғысы келетін қазақ ұлтының мыңдаған жылдарға есептелген болашағы екенін жақсылап түсініп алуы тиіс, сонда ғана іс алға басады...

Әлдебір жаңа істі қолға алғанда, өткен тарихымызды елеп-екшей отырып жүзеге асыруды үйренетін уақыт жеткен сияқты. Осы мақаланы жазу барысында IT-технологияның жетістіктері мен негізінен ағылшын тіліндегі әдебиеттерді молынан пайдаландық. Егер біз сияқты пақырдың пікірімен санасатын көз бен құлақ болса, бізге сәл ғана өзгертулер енгізу арқылы қайта жасалған І үлгінің ұнайтынын айтқан болар едік. Тек диграфтар (қосақталған екі әріп) емес, қажет болса триграфтарды (қосақталған үш әріп) орынды қолдану арқылы IT-технология мен ағылшын тілді әлемнің «есігі мен тесігіне» еркін кіріп шығуға болады. Бұл жағдайда жоғарыда айтқан «Unicode/ISO/IEC 8859-1» қатаң да қатал ережелері [7] [8] латын әріптері негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиіне ешбір кедергі жасай алмайды.

  1. Жалпы латын әріптері негізіндегі қазақ әліпбиінің үш үлгісіне ортақ бір кемшілік бар. Жаңа латын әліпбиінің жобалары бәрін таза ақ парақтан бастауға арналғандай әсер қалдырады. Өткен тарихымыздағы кириллицамен жазылған жазбаларды жаңа латын әліпбиімен жазуға әрекет жасар болсақ, кейбір ескі кирилл әріптерінің жаңа әріптік баламасы қазақы латын әліпби қорында жоқ екенін көреміз. Сонда ұрпақтарымыз өткен тарихымыз дұрыс жазылмаса, оны қалай таниды?
  2. Бұл жобаны жүзеге асыруға ең бастан қазақ тілін жақсы меңгерген ІТ-технология саласының мамандарын да тіл мамандарымен бірге қатыстыру қажет еді. Олар жоғарыда біз айтқан қиындықтармен сонау 1990 жылдардан бері алысып келе жатқаны белгілі. [11] Латын әріптері негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиінде 26 әріп бола ма, әлде ескіше 42 әріп бола ма, маңызды нәрсе ол емес. Маңызды нәрсе, қазақтың жаңа әліпби әріптері кешенді түрде компьютердің пернетақтасынан (клавиатура) оңай табылып, жадымызға оңай сақталуы керек. Сонда латын әрпі негізіндегі жаңа пернетақталарды шығарудың қажеті болмайды (яғни қыруар мемлекет қаражаты үнемделеді) және жаңа әліпбиді меңгеру елге қиын болмайды. Әрі қарай ағылшын тіліндегі материалдардың 70-80 пайызын түсінетіндей етіп автоматты онлайн аударғыштар бір секунд ішінде қаласаң қазақша, қаламасаң орысшалап аударып береді.
  3. Жаңа әліпби жобасында төтенше жаңашылдық енгізуді көздеген «популизм» емес, бір мақсатты көздеген салқын (холодный) амал-есеп (расчет) қажет. Ең бірінші кезекте елді көп әуреге түсірмеуді бірінші кезекке қойғанымыз дұрыс. Қазақ елінің жастары, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде ақпарат алмасқанда, көбінесе ғаламторда әлемнің барлық тілдеріне аударатын «Google» аударма браузерін [12] пайдаланады. Бұл браузерде қазақтың сөздерін асты-үстінде арнайы белгілері бар әріптерімен транскрипциялайды. Мысалы, «Қазақтың ұлттық күнтізбесі» сөзін «Qazaqtıñ ulttıq küntizbesi» деп жазады. Яғни, күллі әлем қолданатын бұл әйгілі сөздікке, жаңа үлгідегі әліпби әріптерін ендіруді ұмытпау қажет т.т.

Өзіміз түзген алгоритм негізінде жасалған жаңа әліпби жүйесінде 26 латын әрпінің бәрін пайдаланып отырмыз. Себебі, IT-технология мен басқа «сандық [Digital]» салаларда әрбір латын әрпінің өз орны бар. Күнделікті тұрмыста 1-ден 26-ға дейінгі – жеке әріп түріндегі («А» мен «З» әріптерінің аралығы) және 27-ден 33-ке дейінгі қос әріпті диграф әріптер түріндегі («Ә» мен «Ж» әріптерінің аралығы) латын әріптері қолданылады. Кириллицамен жазылған тарихымыз бен және т.б. жазбаларды жаңа әліпбиге көшіру аяқталып біткенше және «өтпелі кезеңде» жаңа әліпбиге елдің көзін үйрету үшін 34-тен 42-ге дейінгі («Ч» мен «Я» әріптерінің аралығы) қос әріпті диграф және үш әріпті жалғыз триграф (37-ші Sсі sсі – Щщ) түріндегі латын әріптері уақытша қолданылып, бірте-бірте қолданыстан шығарылады.

Мұнда диграфтардың соңғы әрпіне жуық түрде – дауысты дыбысқа сәйкес келетін тек қана «і» және жуық түрде – дауыссыз [қатаң, тұйық] дыбысқа сәйкес келетін тек қана «һ» әріптері алгоритм бойынша кезектесіп қойылып отырады. Бұл жаңа әліпбиді жадымызға сақтауды әлдеқайда оңайлатады. Бұған дейінгі 1-жобадағы диграфтар соңына дыбысталуы ұқсас деп бұдан басқа әріптерді жүйесіз тіркестіре беру жаңа әліпбиді үйренуді қиындататыны сөзсіз еді. Біз түзген алгоритм негізінде түзілген латын әріптері негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиін қоғамымыз көп қиындықсыз меңгеріп кетеді деп ойлаймыз.

1 кесте. IV үлгі: Жоғарыдағы үш ескертпенің негізінде өзіміз түзген әліпби жүйесі

  1. Латын әріптері негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі (Қ.Ә.Қамбар жасаған үлгі)
Аа Бб Сс Дд Ее Фф Гг
1 Aa 2 Bb 3 Cc 4 Dd 5 Ee 6 Ff 7 Gg
Һһ Іі Үү Кк Лл Мм Нн
8 Hh 9 Ii 10 Jj 11 Kk 12 Ll 13 Mm 14 Nn
Оо Пп Ққ Рр Цц Тт Уу
15 Oo 16 Pp 17 Qq 18 Rr 19 Ss 20 Tt 21 Uu
Вв Ұұ Хх Ыы Зз Әә Ғғ
22 Vv 23 Ww 24 Xx 25 Yy 26 Zz 27 Ai ai 28 Gh gh
Ии Ңң Өө Шш Жж Чч Ёё
29 Ji ji 30 Nh nh 31 Oi oi 32 Sh sh 33 Zi zi 34 Ch ch 35 Ei ei
Ээ Щщ Юю Ьь Ъъ Йй Яя
36 Eh eh 37 Sсі sсі 38 Jh jh 39 Xi xi 40 Xh xh 41 Yi yi 42 Yh yh
  1. Қазіргі кезде қолданылатын 42 кирилл әріптерінің орналасу реті
1 Аа 2 Әә 3 Бб 4 Вв 5 Гг 6 Ғғ 7 Дд
8 Ее 9 Ёё 10 Жж 11 Зз 12 Ии 13 Йй 14 Кк
15 Ққ 16 Лл 17 Мм 18 Нн 19 Ңң 20 Оо 21 Өө
22 Пп 23 Рр 24 Сс 25 Тт 26 Уу 27 Ұұ 28 Үү
29 Фф 30 Хх 31 Һһ 32 Цц 33 Чч 34 Шш 35 Щщ
36 Ъъ 37 Ыы 38 Іі 39 Ьь 40 Ээ 41 Юю 42 Яя
  1. Қазіргі кезде қолданылатын 26 латын әріптерінің орналасу реті
1 Aa 2 Bb 3 Cc 4 Dd 5 Ee 6 Ff 7 Gg
8 Hh 9 Ii 10 Jj 11 Kk 12 Ll 13 Mm 14 Nn
15 Oo 16 Pp 17 Qq 18 Rr 19 Ss 20 Tt 21 Uu
22 Vv 23 Ww 24 Xx 25 Yy 26 Zz    

Латын әріптері негізіндегі қазақтың жаңа әліпби жобасымен танысып болдық. Бірақ жаңа әліпбидің лингвистік заңдылыққа сәйкес түзілген фонетикалық транскрипциясын әлі көргеніміз жоқ. Ол дәл қазіргі кезде қажет емес сияқты болып көрінгенімен, уақыт өте келе өмірдің өзі бұл мәселені алдымызға көлденең тартатынын болжап білу үшін аса ғұлама болудың қажеті жоқ. Егер жоғарыдағы латын әріптері негізіндегі жаңа әліпбидің жобасын жасаушылар қазақтың жаңа әліпбиіне міндетті түрде қажет фонетикалық транскрипцияны жасайтын болса, төмендегі 8 суретте көрсетілген ағылшын тілі үлгісіндегі фонетикалық транскрипцияны көшіріп алмауын өтінеміз. Неге?

8 сурет. Ағылшын тіліндегі фонетикалық транскрипцияның 45 таңбасы

Әлемдегі ең кемел деген ағылшын тілінің өзі бәріміз білетіндей – фонетикалық транскрипцияны пайдаланады. Француз лингвисті Пауль Эдуард Пасси (фр. Paul Édouard Passy, 1859-1940) – 1886 жылғы Халықаралық фонетикалық әліпби үлгісін әзірлеушілердің біреуі. Осы ғұлама ғылыми айналысқа тік бұрышты жақшаға алынып жазылатын фонетикалық транскрипцияның символдарын ендірген. Ең дамыған деп есептелетін ағылшын тілінде 26 әріп және 44 дыбыс бар (олардың 20-сы дауысты, 24 дауыссыз дыбыс). Яғни, 6 дауысты әріпке – 20 дауысты дыбыс сәйкес келеді. [13] Әр түрлі орында тұрған әріп әр түрлі оқылады. Бұл жағдай әлемнің барлық тілдеріне ортақ мәселе деп айтуға болады.

Көріп отырғанымыздай, ағылшын тіліндегі фонетикалық транскрипция таңбаларының бәрі де латын әріптерінен құралмаған. Бұлардың ішінде ағылшындар латын әрпімен жазғанға дейін қолданылған ежелгі ата-бабаларының кейбір әріптері бар. Латын әріптері негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиіне де міндетті түрде «фонетикалық транскрипция таңбалары» қажет. Жаңа әліпбиді қалыптастыра алмай жатқанда, қосымша таңбаларды қайдан табамыз деп бас қатырудың қажеті жоқ. Бұл салада біздерге әлдеқашан «өлі тіл» және «өлі әріптер» санатына енген Көк Түрік бабаларымыздың көне түркі руника жазулары көмекке келеді. Яғни, қазақ тілінің 42-ден кем болмайтын фонетикалық транскрипциясының таңбаларына көне Түркі жазуы (Күлтегін, 684-731 жж., Білге қаған, 681-734 жж., Тоныкөк, 646-731 жж.) немесе Орхон-Енесей жазуының (б.з.д. V ғ. – б.з. X ғ.) таңбаларын (2 кесте) алуға болады.

Азиялық түркі руналары соғды жазуының негізінде б.з. VIII ғ. бұрын жасалған деп есептеледі. Оның әліпбиінде 40-қа жуық графема қолданылған. Көне түркі руника жазуының ерекшелігі – онда негізгі велярлық және палаталдық дауыссыздарға арналған бірнеше жұп дербес әріптер бар. Көне түркі руника жазуының жұмбағын 1893 жылы дания ғалымы В.Л.П.Томсен (1842-1927) шешкен. Орхон ескерткіштерінің тұңғыш тәржімаларын 1894 жылы В.В.Радлов (1837-1918) жасаған. [14] Қарап тұрсаңыз, 2 кестедегі қазақтың фонетикалық транскрипциясына пайдалануға ұсыныс жасалып отырған көне түркі руникалық әріптердің, 8 суреттегі ағылшын тіліндегі фонетикалық транскрипция таңбаларынан ешбір кем түсіп тұрған жері жоқ.

2 кесте. Көне Түркі әріптерін – фонетикалық транскрипцияға пайдалану

1 2 3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31 32 33 34 35 36
37 38 39 40 41 42 43 44 45

Көне түркі руника таңбаларын латын әріптері негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиінің – дауысты және дауыссыз дыбыстарына ыңғайлап, жүйелесек жетіп жатыр. Тілдік грамматиканы жіліктің майындай шағатын лингвист мамандарымыз үшін бұл аса қиын шаруа емес. Егер қазақтың жаңа әліпбиіне қосымша жүргізілетін фонетикалық транскрипция таңбалары толық қамтылмай жатса, жаңа таңбаларды Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк балбалтас жазуларынан алуға болады. «Бабаларымыздың аруағы риза болсын» деп жасаған бұл әрекетіміз өз кезегінде қазақтың бүгінгі тарихын кешегі өткен даңқты Көк Түріктер дәуірімен жалғастырады және ұлтымыздың бойында патриоттық сезімді оятуға себепші болады деп ойлаймыз. Осындай игі істерімізбен күллі иісі түркі әлемнің елдеріне үлгі боларымыз анық!

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1 Шамин С. Русскоязычные записи латиницей на книгах, иконах и других предметах (XVII – начало XVIII в.) // Древняя Русь. Вопросы медиевистики : журнал. – 2007. – № 3. – С. 122 – 123.
2 «Даешь латиницу, job tvoju maman!»., Александр Трифонов, 16.01.2008 г., Электронды ресурс: http://www.kasparov.ru/material.php?id=478E0C2F48B7D.
3 Электронды ресурс: https://kk.wikipedia.org/wiki/Қазақ_әліпбиі

Электронды ресурс: https://ru.wikipedia.org/wiki/Казахская_письменность

4 Электронды ресурс: http://www.freeadvice.ru/browsers.php
5 ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы., «Егемен Қазақстан» газеті, 12.04.2017 жыл, Электронды ресурс: https://egemen.kz/article/nursultan-nazarbaev-bolashaqqa-baghdar-rukhani-zhanhghyru, http://www.inform.kz/kz/elbasy-makalasy-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru_a3016293
6 Электронды ресурс: https://en.wikipedia.org/wiki/Latin_alphabet

Электронды ресурс: https://ru.wikipedia.org/wiki/Латинский_алфавит

Электрон. ресурс: https://ru.wikipedia.org/wiki/Алфавиты_на_основе_латинского

7 Электронды ресурс: https://en.wikipedia.org/wiki/Latin_script_in_Unicode
8 Электронды ресурс: https://en.wikipedia.org/wiki/ISO_basic_Latin_alphabet

Электронды ресурс: https://en.wikipedia.org/wiki/ISO/IEC_8859-1 және т.б.

9 29.V.2017 жыл, Как, возможно, будет выглядеть новый казахский алфавит., https://www.nur.kz/1506309-kak-budet-vyglyadet-novyy-kazakhskiy.html
10 11.ІХ.2017 жыл, Как выглядит проект нового казахского алфавита., https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/kak-vyiglyadit-proekt-novogo-kazahskogo-alfavita-326238/
11 С.М.Киккарин, ф-м.ғ.к, Ақпараттық технологиялар зертханасының меңгерушісі, 2002, 2003, 2006 жж., Қазақ тілінің кодтамалармен көрген бейнетіміз, себебі – стандартты бұзған оңбайды: http://www.sci.kz/~sairan/kazcode/kazcode_kk.html
12 Электронды ресурс: https://translate.google.com және т.б.
13 Фонетикалық транскрипция туралы деректер: Электронды ресурс: http://my-en.ru/phrase_book/proiznosheniye_angliyskikh_zvukov.php және http://my-talk-hamster.ru/transkripciya/
14 Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Лингвистика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007.

 

МАҚАЛАҒА ГЛОССАРИЙ

 

1 Ғаламтор – деп бір-ақ атпен атап жүрген қазақы түсінігіміз ағылшын тілді ақпараттарда «Дүниежүзілік шырмауық» (ағыл. World Wide Web, WWW [1]) және Интернет (Internet [2]) деп екі бөлек айтылады және бұл екі ұғымды бір-бірімен шатастырмауды өтінеді.

1. World Wide Web (қысқаша WWW немесе веб-web) – құжаттар мен басқа веб-ресурстар өзара гипермәтіндік сілтемелермен байланысқан және Интернет арқылы қол жеткізу мүмкін болатын ресурстардың біркелкіленген (синоним. бірыңғайланған, жүйеленген, сәйкестендірілген) көрсеткіші (Uniform Resource Locator – URL) бойынша анықталатын ақпараттық кеңістік болып табылады. Электронды ресурс: https://en.wikipedia.org/wiki/World_Wide_Web

2. Ең жаңа және көпшілікке кең тараған Интернет қызметі WWW гипермәтін қағидатына негізделеді және мультимедиа ресурстарын (бейне, аудиографика т.б.) мүмкіндігінше пайдалана отырып, ақпарат беруге қабілетті. SLIP, РРР немесе интернетпен тікелей қосылуды, сондай-ақ арнайы бағдарлама Интернет навигаторларымен (Mosaic немесе Netsape типті) қамтамасыз етуді талап етеді. Электронды ресурс: https://en.wikipedia.org/wiki/Internet

2 Месопотамия (көне грек. Μεσοποταμία, [μέσος «орта» + ποταμός «өзен»], араб. الرافدين بلاد Билад әр-Рафидаин [الجزيرة‎, әл-Жазира, النهرين‎ بين ما Ма-Байн-ән-Нахрайн], парсы. Мийан Рудан, сирия. Бет Нарейн, ағыл. Mesopotamia, түрік. Mezopotamya, курд. Naçeman) – Тигр және Евфрат өзендер жүйесінің шегіне орналасқан тарихи-географиялық аймақ. Адамзат тарихындағы ең ежелгі өркениеттердің біреуі саналып келген Шумер және Аккад елдерінің Сиппар, Киш, Ниппур, Шуруппак, Урук, Ларса және т.б. қала-мемлекеттері, қазіргі Ирак пен Кувейт, Сирия (шығысы), Түркия (оңт.-шығ.), түрік-сирия, иран-ирак шекараларының бойындағы өңірлерге орналасқан.
3 Шумер (шум. ki-en-ĝir [өркениетті патшалар елі], кейінгі атауы: ùĝ saĝ gíg-ga [қара бас], аккад. Šumeru, ағыл. Sumer) – ежелгі Египет (Мысыр) пен Инда (Үнді) алқабындағы өркениеттермен бір кезеңде (ерте қола дәуірі) пайда болған тұңғыш қала өркениеті деп саналады. Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығында салынған ежелгі Урук және Джемдет-Наср қалаларынан табылған саз тақтадағы сыналап жазылған көне мәтіндердің (шумерлер өз ана тілін «eme-gir» деп атаған) жазылған уақыты әуелде б.з.д. 3300 жылдар деген болатын. Бірақ, қазіргі тарихшылар (2003 жыл) шумер тілінде сөйлеген Убаид өркениеті (ғылым тілінде «прото-евфраттықтар» немесе «убайдтар») б.з.д. 6200 жылдары (қалыптасуы б.з.д. 5500-4000 жж. аралығы) пайда болған деп отыр.
4 Грек тілі (қазіргі грек. ελληνικά [elinika], elliniká, ελληνική γλώσσα [elinici ɣlosa], ellinikí glóssa) – ежелгі замандарда шығыс Жерорта теңізінің барлық дерлік елдеріне таралған үндіеуропалық тілдер әулетінің тәуелсіз тармағы болып саналады. Оның тарихы жуық түрде б.з.д. және б.з. 34 ғасырды қамтиды. Финикия қалыбымен пайда болған грек әліпбиі – латын, кириллица, армян, копт, готика және т.б. жазба жүйелерінің негізіне алынды. Грек және латын әліпбилері астрономияда және халықаралық ғылыми сөздікте жаңа сөздерді жасауда кең қолданылатындықтан, төменде грек әліпбиінің 24 әрпін беріп отырмыз: 1. Α α (άλφα альфа); 2. Β β (βήτα вита бета); 3. Γ γ (γάμμα гамма); 4. Δ δ (δέλτα дельта); 5. Ε ε (έψιλον эпсилон); 6. Ζ ζ (ζήτα зита дзета); 7. Η η (ήτα ита эта); 8. Θ θ (θήτα фита тета); 9. Ι ι (γιώτα йота); 10. Κ κ (κάππα каппа); 11. Λ λ (λάμ(β)δα ламда лямбда); 12. Μ μ (μι ми мю); 13. Ν ν (νι ни ню); 14. Ξ ξ (ξι кси); 15. Ο ο (όμικρον омикрон); 16. Π π            (πι пи); 17. Ρ ρ (ρο, ρω ро); 18. Σ σ2 ς3 (σίγμα сигма); 19. Τ τ (ταυ таф тау); 20. Υ υ (ύψιλον ипсилон); 21. Φ φ (φι фи); 22. Χ χ  (χι хи); 23. Ψ ψ (ψι пси); 24. Ω ω (ωμέγα омега).
5 Араб тілі (араб. العربية, al-'arabiyyah немесе عربي' arabī) – Араб жарты аралының солт.-бат. бөлігінде пайда болған негізгі семиттік тілдер кешеніне жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы 6 ресми тілдің біреуі, 26 мемлекеттің ресми тілі, шамамен 422 млн. адам араб тілінде сөйлейді, әлемдік деңгейде кең таралған 5 тілдің біреуі. Ислам өркениетінің «алтын дәуірінде» (VII-XIV ғғ.)  ортақ ғылым тілі – араб тілі болған. Қазіргі астрономияда көп жұлдыздар араб тілінде аталады. Төменде араб әліпбиінің 28 әрпін беріп отырмыз: 1. ﺎ أَلِف‎ ’алиф а а; 2. ﺐ بَاء‎ ба̄’ б b; 3. ﺖ تَاء‎ та̄’ т t; 4. ﺚ ثَاء‎ с̱а̄’ с̱ ṯ; 5. ﺞ جِيم‎ джӣм          дж/г ǧ; 6. ﺢ حَاء‎ х̣а̄’ ħ ḥ; 7. ﺦ خَاء‎ х̮а̄’ x ḫ; 8. ﺪ ﺩدَال‎ да̄ль д d; 9. ﺬ ذَال‎ з̱а̄ль з̱ ḏ; 10. ﺮ رَاء‎ ра̄’ р r; 11. ﺰ زَاي‎ за̄й (зайн) з z; 12. ﺲ سِين‎ сӣн с s; 13. ﺶ شِين‎ шӣн ш š; 14. ﺺ ﺼصَاد‎ с̣а̄д с̣ ṣ; 15. ﺾ ضَاد‎ д̣а̄д д̣ ḍ; 16. ﻂ طَاء‎ т̣а̄’ т̣ ṭ; 17. ﻆ ظَاء‎ з̣а̄’ з̣ ẓ; 18. ﻊ عَيْن‎ ‘айн ‘ʕ/ʿ; 19. ﻎ غَيْن‎ гайн г/г̣ ġ; 20. ﻒ فَاء‎ фа̄’ ф f; 21. ﻖ قَاف‎ к̣а̄ф к̣ q; 22. ﻚ كَاف‎ ка̄ф к k; 23. ﻞ لاَم‎ ля̄м л l; 24. ﻢ مِيم‎ мӣм м m; 25. ﻦ نُون‎ нӯн н n; 26. ﻪ هَاء‎ ха̄’ х h; 27. ﻮ وَاو‎ ва̄в (уау) в w; 28. ﻲ يَاء‎ йа̄’.
6 Ағылшын тілі (ағыл. English language) – ерте орта ғасырдағы Англияда қолданылған батысгерман тілі. Қазіргі кезде ғаламдық деңгейде ортақ жалпы тіл (лингва франк – lingua franca) міндетін атқарады. Англияға көшіп барған «Англ» деп аталған герман тайпасы мен Балтық теңізіндегі Англия жарты аралының құрметіне осылай аталған. Солтүстік теңіз жағалауындағы Нидерландия мен Германияда 500 мыңдай адам сөйлейтін фриз(иск) тілімен тығыз байланысты болса да, ағылшын тілінің сөздік қорына – неміс, латын, роман, әсіресе француз тілі көп ықпал жасағаны байқалады. Ағылшын тілі соңғы 1400 жыл бойына үнемі дамып келеді. Әр елдегі ағылшын тілінде елеулі акценттер мен диалектілер болса да, күллі әлем бұл тілде бір-бірімен жеңіл түсініседі. Өнеркәсіп пен өндіріс, қоғамдық өміріміз бен жеке тұрмысымызға IT-технология өнімдері жаппай еніп, компьютер негізге құралға айналып жатқан қазіргі кезең, осы өзгерістермен тығыз байланысқан ағылшын тілін үйренуге мәжбүрлейді. Төменде ағылшын әліпбиінің 26 әрпін беріп отырмыз: 1. A a ā; 2. B bee bē; 3. C cee cē; 4. D dee dē; 5. E e ē; 6. F ef ef; 7. G gee gē; 8. H aitch haitch hā; 9. I i ī; 10. J jay jy; 11. K kay kā; 12. L el ell; 13. M em em; 14. N en en; 15. O o ō; 16. P pee pē; 17. Q cue qū;       18. R ar er; 19. S ess es; 20. T tee tē; 21. U u ū; 22. V vee; 23. W double-u; 24. X ex ex; 25. Y wy ī graeca; 26. Z zed zēta.
7 Диграф, диграмма (көне грек. δίς [δῐ-] – «екі рет, екі мәрте» және көне грек. γράφω [gráphō] – «жазамын») – жазбада фонем мен олардың негізгі үлгілерін таңбалау үшін қолыданылатын, екі әріптен тұратын құрамдас жазу таңбасы. Мысалы, поляк тілінде – cz [ч], sz [ш], ағылшын тілінде – th, ch, sh, oo, ал француз (eau) және неміс тілдерінде (sch) тіпті үш әріптен тұратын – триграфтар қолданылады. КСРО кезінде, түркі тілдес құмық тілінде кирилл әріптері – Гъ, Гь, Оь, ингуштарда – Аь, абазиндерде – Гв, адыгейлерде – Гу, алтай, якуттарда – Дь т.т. әріп таңбалары болғаны белгілі.
8 Апостроф (көне грек. ἀπόστροφος – «кейін қаратылған», фр. apostrophe) – түрліше мақсатты көздеген әртүрлі тілдердің әліпбилік жазбасында қолданылатын жазба жолының үстіңгі жағындағы «үтір» (’), «сызық» (')  немесе «штрих» (#) түріндегі әліпбилік емес орфографиялық белгі. Шетелдік адам есімдерінде апострофтар жиі түрде бастапқы элементтерден кейін қойылады. Мысалы, Жанна д’Арк, О’Коннор, д’Артаньян, Брен-л’Алле және т.б.
9 Диакритикалық белгілер (көне грек. δια-κρῐτικός – «ажырату үшін қызмет ететін» сөзі көне гректің κρῐτῐκός – «ажыратуға қабілетті» сөзінен алынған) – [Лингвистикада] әліпбидің (үндестіруді қоса алғанда) және дыбыстық жазу жүйелерінің дыбыстық тәуелсіз белгілері ретінде емес, басқа белгілердің мәнін өзгерту немесе түсіндіру үшін жазба жолының үстіне, астына, сирек түрде жазба жолының ішіне қойылатын белгілер. [Типографикада] белгілердің құрылымын өзгертетін және әдетте бөлек жинақталған жазу элементтері. Кейбір жағдайларда екі әріп, үш немесе тіпті төрт диакритикалық белгілер бірдей әріппен қолданылуы мүмкін: ặ, ṩ, ᶑ және т.т.

 

Қалдархан Әлісейітұлы Қамбар

 

Abai.kz

72 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060