Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жер дауы 9131 26 пікір 27 Сәуір, 2018 сағат 10:39

Президентке Үндеу. Сенат мақұлдаған «Жер заңы» кері қайтарылсын!

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Барша ел-жұрт сеніп отырған Сенат депутаттары Қазақстан халқының мүддесіне қайшы келетін «Жер заңы» жобасын бірауыздан мақұлдап жіберді. ҚР Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары «Жер заңы» жобасына өзгеріс енгізу туралы халықтың ұсыныс-талаптарын еш ескермеді және қабылдамады.

Сенат пен Мәжіліс мақұлдаған «Жер заңы» жобасы болашақта еліміздің ішкі тұтастығына, мемлекетіміз бен экологиямыздың қауіпсіздігіне және тату-тәтті өмір сүріп отырған Қазақстан халқының бірлігіне, ұрпағымыздың болашағына үлкен қауіп-қатер төндіреді деп қатты алаңдаймыз! Сөзіміз нақты, дәлелді болуы үшін қазіргі таңда қолданыстағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің заңдық күші бар баптарына сүйеніп отырмыз.

Біріншіден,  Жер заңы жобасының 23-бабында «ҚР шекаралық аймақта орналасқан жерлер  шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және олармен некеде отырған Қазақстан азаматтарына берілмейді» деп жазылған. Енді зер салып қарасақ, бұл бапта тек шекара айналасындағы  жерлер ғана шетелдіктерге берілмейді делінген.

Бұл бап қазақстандықтардың мүддесіне өте қайшы, ең әлсіз тұсы болса, министрлер мен әкімдер және басшылар үшін болашақта өте ұтымды, өте тиімді, өте пайдалы болмақ. Себебі, әккі әкім-басшылар осы баптың әлсіз тұсын шебер пайдаланып, осы бапты негізге алып мораторий біткеннен соң, яғни 2021 жылдан кейін шекарадан тыс аймақ пен өңірлердегі жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға жалға бере алады.

Екіншіден, қазіргі Жер кодексінің 24-бабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және  шетелдік заңды тұлғаларға жиырма бес жылға дейін жалға берілетіні тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылған. Алайда, 24-бапқа уақытша 5 жылға Сіздің Жарлығыңызбен мораторий жарияланды.  Десек те, бұл баптың заңдық күші мүлде жойылмады, тек 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін уақытша ғана тоқтатылды. Яғни, 2021 жылдан кейін 24 - бапқа сүйеніп, мемлекеттік шекарадан тыс аймақ пен өңірлердегі жерлер шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, яғни әлемнің аса қауіпті қылмыскерлері мен қанішер қарақшыларына 25 жылға жалға беріле бастайды. Ал азаматтығы жоқ адамдар - Отаны жоқ  қаңғыбастар және Отандарын сатып өзге елден қашып, біздің елге тығылған аса қауіпті, өте қатыгез қылмыскерлер (баукеспе қарақшы немесе экстремист-террорист т.б.) жерімзге кіретінін өте жақсы білеміз.

Үшіншіден, Жер кодексінінің  6-бабында: «Шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен  тең  құқылы» деп анық жазылған.  Қазақта «Жат жұртты төрге шығарма» деген дана сөз бар? Не үшін олар біздің төрімізге шығып,  жер қатынасында Қазақстан халқымен тең дәрежелі құқыққа ие болу  керек?! Елімізге  көлденең келген  көк аттылар – шетелдіктер және өз Отандарын сатып, өз елдерінен қашып  келген аса қауіпті қылмыскерлер мен баукеспе қарақшылар біздің елімізге тайраңдап келіп, Қазақстан Республикасының азаматтарымен не себепті, не үшін  тең құқылы болу керек?!

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Ата-бабамыз жандарын қиып, қандарын төгіп қорғап,  ұрпақтары - бізге мирас етіп қалдырған жерімізді шетелдіктерге және әлемнің қылмыскерлері мен қарақшыларына жерімізді 25 жылға жалға беріп, ата жұртымызды таптатып, ата-баба аруақтарын қорлатамыз ба?! Әкелерінен қалған жеке дүниедей мәжілістің 107 және сенаттың 47 депутаты 18 миллион халықтың болашағын, жер тағдырын өздері шешпек пе? Әлде ұлан-ғасыр байтақ жерді тек солардың ғана ата-бабалары қорғап қалып па?

Құрметті Президент мырза!

Сіз Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарының  кепілі ретінде, Қазақстан халқының мүддесіне қайшы келетін «Жер заңы» жобасын бекітпей кері қайтаруыңызды сұраймыз!  ҚР Конституциясының 3 -бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп көрсетілген болса, өзіміздің конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, Мәжіліс пен Сенат депутаттары мақұлдаған «Жер Заңы» жобасына еш келіспей, өзіміздің ашық наразылығымызды білдіріп,  Ел-жұртты қатты алаңдатып, қоғамда  үлкен резонанс туғызып отырған  төмендегі баптарға халықтың ұсыныс-талабын енгізуді талап етеміз!

1.ҚР Жер Кодексінің 24-бабына: «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және олармен аралас некеде отырған Қазақстан азаматтары мен азаматшаларына, сондай-ақ шетелдіктер және жарғылық қорында шетелдіктердің 1 пайыз үлесі болса да жер сатылмайды және жалға берілмейді»

2.Жер кодексінінің 6-бабына: «Шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар және олармен аралас некеде отырған Қазақстан азаматтары мен азаматшалары, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құқығы қатынастарын  еш пайдалана алмайды».

3.«Жер заңы» жобасының 23-бабына: «ҚР шекаралық аймағында орналасқан және Қазақстанның барлық тұтас аумағында орналасқан жерлер шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және  олармен аралас некеде отырған Қазақстан азаматтары мен азаматшаларына берілмейді».

Талғат Қатауов,

БҚО тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, қоғам белсендісі

Орал қаласы Тел. 87753161671

Бұл Үндеуге қол қою жалғасады

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2055