Мәдени диалог саяси мүдденің жетегінде кетпеуі керек!
Бүгін Алматыда «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында «Тарихи мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы ролі» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастауы тиіс. Айтулы шараға орай кеше Ұлттық баспасөз-клубында жоба ұйымдастырушылары арнайы мәслихат өткізді. Олардың айтуынша, мәдени диалог ешқашан да саяси мүдденің жетегінде кетпеуі тиіс.
Бүгін Алматыда «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында «Тарихи мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы ролі» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастауы тиіс. Айтулы шараға орай кеше Ұлттық баспасөз-клубында жоба ұйымдастырушылары арнайы мәслихат өткізді. Олардың айтуынша, мәдени диалог ешқашан да саяси мүдденің жетегінде кетпеуі тиіс.
Жалпы, аталған халықаралық ғылыми-теориялық конференция Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдени саясат және өнертану институты және Ресейдің «Өркениеттер диалогы» әлемдік қоғамдық форумының қолдауымен жүзеге асып отыр. Осыған орай баспасөз мәслихатына қоғам қайраткері, белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Сметанюк, «Өркениеттер диалогы» қоғамдық форумының атқарушы директоры Владимир Куликов, т.б. қатысты. Белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов өткен тарихтың теріс тұстары қайталанбас үшін осындай диалог өткізудің маңызына ерекше тоқталды. Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Сергей Сметанюк та Қазақстан тарапынан шығып жатқан өркениеттер мен мәдениеттердің диалогына қатысты бастамаларды оңынан бағалай отырып: «Мәдени үндестіктің мәні зор. Біз 1991 жылды есте қатты сақтап қалдық, дәл сол жылдары Қазақстан Президенті бұрынғы кеңестік кеңістіктегі толқуларға толы қиын жағдайды реттеудің алғашқы бастамашыларының бірі болды. Біз ТМД елдерін құру туралы құжатқа қол қойдық. Бұл шын мәнінде сол кезде жарқ етіп шыққан үлкен бастама еді. Біз бүгінде Қазақстан территориясында жүзеге асып жатқан оңтайлы бастамаларға сүйсіне қараймыз» – деп мәлімдеді.
Десе де, жиналған журналистерді мәдениеттер тоғысындағы жалаң ұрандардан гөрі қазіргі таңда өркениеттер арасында қордаланған мәселелер ерекше толғандырды. Өз кезегінде таяуда Ресей президенті Дмитрий Медведевтің бастауымен құрылған посткеңестік кеңістіктегі тарих бұрмалаушыларымен күрес жөніндегі комиссияның Қазақстанға тигізер әсері де сөз болды. Мемдуманың депутаты бұл комиссияның бірқатар елдерде 9 мамырға қатысты басқаша көзқарастардың қалыптасып жатқанына байланысты құрылғанын мәлімдеді. Және бұл комиссия кеңестік тарихты мінеп-сынайтын тәуелсіз елдердегі ұлттық тарихтың қалыптасуына қол сұқпайтын көрінеді. Ал Мұрат Әуезов тарих бұрмалаушылықтарының өзге де көршілес елдерден төніп тұрғанын айта келе: «Мұның бәрі де сәбидің жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқанымен бірдей процестер. Мысалы, қазір қырғыздар жазып жатқан тарихта қазаққа дұрыс орын жоқ деуге болады. Сондықтан мемлекеттің «сәбилік» кезінде тарихи бұрмалаушылықтар орын алады. Ондай бізде де бар: қазағың да біраз дүниені жазып тастады. Бірақ мұның бәрін ретке келтіруіміз керек» – дей келе: «Әрине, Ресейде де тарихи бұрмалаушылық бар. Сондықтан осындай басқосулар өткізілуі керек. Айтулы басқосуда біз Ресейге ащы шындығымызды айтамыз» – деді. Қоғам қайраткерінің айтуынша, Ресеймен бірге өткен тарихты сөз еткенде, бұрынғы отаршыл саясаттың астарын зерделеп, жалпы өткенді ұмытуға болмайды.
Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров та Ресейде сақталған қазақ мәдениетінің қорына байланысты сөз қозғады. Өз кезегінде Ерлан Саиров: «Бүгінде қазақ мәдени жәдігерлерінің 60 пайызы әртүрлі себептермен Ресейдің мұражайларында шоғырланған. Оларды Қазақстанға, жергілікті ұлтқа көрсету үшін жәдігерлердің өзін әкелмесек те, оларға ғылыми тұрғыдан түсініктеме беріп, қазақ, орыс, ағылшын тілінде еңбектер шығарудың маңызы зор. Мұның өзі қазақтың мәдениетін халықаралық деңгейге шығарудың жолы болып табылады. Осындай жобаларды біз Ресейдің мұражайларымен бірлесіп қолға алып отырмыз» – деп мәлімдеді.
Айтулы халықаралық жиынға АҚШ, Австрия, Ресей, Канада, Франция, Қытай, Балтық жағалауы елдері, Орталық Азия мемлекеттері, т.б. ондаған елдердің қоғам қайраткерлері мен ғалымдары қатысуы тиіс. Бұл маңызды басқосу екі күн өткізіледі.
Кәмшат ТАСБОЛАТ
«Айқын» газеті, 9 маусым 2009 жыл