Сенбі, 23 Қараша 2024
Не дейді?! 7094 19 пікір 18 Мамыр, 2018 сағат 14:40

Ал керек болса! Сағадиев әлемге ақыл айта бастады

«Әрбір мұсылман Інжілді, әрбір шоқынды Құранды білуі керек». Бұл - Бас педагогымыздың сөзі. Ерекеңді, Ерлан Сағадиевті айтамын. Астанада өтіп жатқан экономикалық форумға қатысқан Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай депті.

Астана экономикалық форумы бірнеше секциялар бойынша өтіп жатқаны белгілі.Соның ішінде, Ерекең Халықаралық қатынастар тақырыбы бойынша сөз сөйлеген. Сөйтіп, сөз арасында Қазақстан әлемнің барлық мемлекетіне ортақ жаңа оқу курсын әзірлеп, ЮНЕСКО-ға ұсынатынын айтты.

Біздің «вундеркинд» министрден бұрын сөз сөйлеген Италияның экс-премьер-министрі Романо Проди, өзі 1,5 жыл сабақ берген Еуропадағы білім жүйесін мысал еткен. Италияның экс-премьерінің сөзіне жауап берген біздің министрі былай депті:

«Мысалы, әрбір мұсылман Інжілде не жазылғанын білсе, ал әрбір христиан Құранды оқып, онда не жазылғанын білсе ғой. Олар ол дінді қабылдамаса да, білуі керек. Сонда ғана, әлем әлдеқайда қауіпсіз, бейбіт болар еді. Себебі, адамдар өзгелерде не айтылып жатқанын түсінетін болады».

Ерекең, бұл сөздерді Италия саясаткерінің сөзіне жауап ретінде айтқан. «Жер бетінде адамдар бір-бірін жақсы көрмейді. Себебі, бір-бірін түсінбейді», - дейді министр.

Осы жиыннан соң, «Nur.kz» тілшісі Сағадиевті сөзге тартып, жаңағы өзі айтқан Інжіл мен Құранды білетінін я, білмейтінін сұрапты.

Сағадиев мырза, Інжілді де, Құранды да оқығанын, онда не айтылғанын жақсы білетінін болып шықты.

Сондай-ақ, Ерлан Кенжеғалиұлы сөз арасында Қазақстан бүкіл адамзатқа керекті базалық білімді біріктіретін жаңа оқу бағдарламасын әзірлеп, ЮНЕСКО-ға ұсынатынын, ол бағдарламада Канттың, Гегельдің, Карл Маркстың, Адам Смиттің еңбектері енуі мүмкін екенін де айтқан.

«Біздің планетамыздағы барлық жастар өзге ұлттарды түсіне алатындай білімі болуы керек. Соған сеніп, оны қабылдау маңызды емес, түсінсе жеткілікті.  Гуманитарлық білім жиынтықталған бағдарлама  дүниежүзіне ортақ болуы керек. Ол адамзатқа әлдеқайда қызығырақ болар еді. Меніңше, біз осыны қолға алып, ЮНЕСКО-ға ұсынуымыз керек. Әлем елдері мұны қабылдау үшін біз күн тәртібіне шығаруымыз керек», - дейді Ерлан Сағадиев.

Ерлан Кенжеғалиұлы 2016 жылдың 10-ақпанынан бері Қазақстанның Білім және ғылым министрі қызметін атқарып келеді. 2016 жылдың қыркүйегінде Үкімет қайта жасақталып, премьер-министр Сағынтаевтың командасына қайта енген. Алайда, өзінің қызметінде қалған Ерекеңнің бастамалары қазақ қоғамының қатал сынына ұшыраумен келеді. Әсіресе, орта мектептерде 1-сынып оқушыларына ағылшын тілінде білім беру, электронды күнделік пен Ұлттық біріңғай тестілеуден «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» пәндерінің алынып тасталуы қатты сыналды.

Академик әкенің министр баласына бүкіл қазақ қоғамы наразы. Академиктер Елбасына хат жазды. «Министр Сағадиевтің реформалары білім жүйесін былыққа батырып жатыр» деп зар қақты. Айтты. Әсіресе, Сағадиев реформасы қазақ тілін қасақана құрдымға жіберуге бағытталғаны айтылды. Әйтсе де, Сағадиев қызметін жалғастырып келеді Айтпақшы, Ерекеңнің қарамағында қызмет істейтін департамент басшысы Ашық хат жазған алты академикті алжыған деп ұққан ба, әйтеуір, былай деген еді: «Әрине, қол қойған кезде, мен ойлаймын, ол академиктерге белгілі ақпаратты дұрыс жеткізбей, ол кісілер, өкінішке орай, білмей қол қойған». Бұны айтқан Дархан Ахмет-Заки.

Айта кетейік, Ерекеңнің білім саласының мәселелерін ғалымдармен емес, блогерлермен шешпек болып, жиын өткізгені тағы бар.

Тіпті кейбір азаматтар балаларымызды сауатсыздыққа үйреткен «Сауат ашу» үшін, Ахмет Байтұрсынұлының  «Әліппесін» алдыртып тастағаны үшін, оқу классификаторына қатысты дау үшін, министрге көкейдегі сауалын БАҚ арқылы, әлеуметтік желі арқылы жолдаған халықты арандатушы деп атағаны үшін министр Сағадиев қазақ халқынан кешірім сұрасын деп талап та қойды. Ерлан Сағадиев бұл жолы да былқ еткен жоқ.

Қоғам қайраткерлері мен белсенділер, Тәуелсіз саясаткерлер министр Ерлан Сағадиевтің қызметінен кетуін талап етті. Тапжылмаған Ерекең, тапжылмай әлі отыр.

Айтпақшы, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мен қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Сағадиевті өзі жүргізіп отырған реформаларды талқылау үшін ел-жұрттың алдына шығып, эфирде ашық пікірталасқа шақырды. Ерекең, дебаттан бас тартты.

Кейін, әлеуметтік желіде бейне үндеу жасап, шала-шарпы түсіндірген болды. Онысы да түсініксіз шықты.

Академиктер, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер, мектеп мұғалімдері, бәрі-бәрі Сағадиевке қанша қайрылғанымен, Ерлан Кенжеғалиұлы, елдің үнін елемеген кейіп танытты.

Ерекең осындай адам. Қазақстанда білім жүйесін қатырып болып, енді ол күллі әлемге гуманизмді үйрету үшін білек сыбана кіріскен сияқты.

«Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде тон пішеді» деген сөз әңгімеміздің түйіні. Айтпақшы, Платон айтыпты, «Ақымақтың екі белгісі бар, - деп. Әуелгісі – өзіне пайдасы жоқ нәрсені әңгіме қылуға бейім тұрады. Екіншісі – сұрамаған адамға ақыл айтқыш келеді». Платон ағатай бұл сөзді басқаға емес, дәл Сағадиев сынды азаматтарға қарата айтқан сияқты...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440