Жұма, 29 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 8891 29 пікір 20 Мамыр, 2018 сағат 09:05

Сүйінші, шекарашылар депортациялаған Жайнагүл елге оралды!

Алматы әуежайындағы шекаралық бақылау қызметкерлері «Қытай азаматысың» деп, келген жеріне кері қайтарған Жайнагүл елге оралды! Бүгін. Аман-есен екен. Жайнагүл мінген Ыстамбұл – Алматы бағытындағы ұшақ таңғы 04:45-те әуежайға келіп қонды. Осыдан 17 күн бұрын Мысырдағы оқуын аяқтап, Қазақстанға келгенде, шекарашылар шетке тепкен қандасымызды күтіп алуға, 1 жарым жасар сәбиі Ақжолмен бірге біз де бардық.

Жайнагүл Ғажапқызының ұлты – қазақ. Қытай азаматшасы. Қазақстанда жүріп-тұруға берілген ықтиярхатының мерзімі 2021 жылға дейін жарамды болған. Күйеуі Нұрсейіт Төлеген мен ұлы 1,5 жасар Ақжол Нұрсейітұлы Қазақстан азаматы. Жас отбасы Мысырда білім алып, оқуларын аяқтасымен Қазақстанға келген. Әуежайдағы шекарашылар Жайнагүлдің ықтиярхатының жарамсыздығын айтып, сол күні-ақ, келген жағына қайтарып жібергенін елден бұрын Abai.kz ақпараттық порталы жазған еді.

Бүгін анасын асыға күткен сәбидің тілегі орындалды. Жайнагүл аман-есен жетті елге.

Біз сол күні, 3-мамыр күні таңғы 03:20-да әуежайда болған оқиғаның жай-жапсарын, жалғасын Жайнагүлдің өзінен сұрап білдік.

Жайнагүл Ғажапқызы:

- Алматыдан Дубайға жеткен соң, сол жақтан Түркияға ұштым. Түркияда Фазыл дейтін ағалардың қасында тұрдым. Ол кісілер менің жатын орнымды, тұрақжайымды реттеп берді. Құжат реттеумен, ары-бері жүргенде жол көрсетіп, жететін жеріме жеткізіп, қолдарынан келген бар көмектерін аяп қалған жоқ.

Түркиядағы атқамінер азаматтар мені «Қытайдың қазағы» деген сипаттан тыс, «Түркия қазағы» деген сипат беріп, Консулге алып барды. Жағдайымды айтып, түсіндірді. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Бекболат ағаның тапсыруымен, ол кісінің көмекшісі Ерден аға Қазақстан Елшілігіне барып, барлық жағдайды түсіндіріп, менің мәселемді заңды жолмен, тезірек шешіп беруін сұрады. Сөйтіп, 1 аптаның ішінде виза алдым.

Әуежайдағы оқиға туралы айтар болсам, біз Мысырда оқып, тікелей рейс болмаған соң, Дубай арқылы ұшып келген едік. Әсілі менің ықтиярхатымның мерзімі 2021 жылға дейін жарамды болған. Соған сеніп, еш уайымсыз келген едім. Әрі заң бойынша ықтиярхаты бар адамға виза берілмейді деген ереже болған.

Әуежайдағы шекарашылар: «6 айда бір тексертіп тұрмағандықтан ықтиярхат күшін жойған. Сондықтан сіз кері қайтарыласыз» деп, мені Дубайға қайтарды. Басқа себептерін айтпады.

Біз Алматы әуежайына тым болмағанда 1 тәулік қалдыра тұруды сұрадық.  Тіпті болмаса жарты тәулік күте тұруын өтіндік. Жарық түсіп, ел жұмысқа шыққанша әуежайда қалсақ дедік. Шекарашылар ол өтінішімізді орындаған жоқ. Мен елді айыптамаймын. Бұл, сол қызметкердің қателігі деп ойлаймын.

Шекарашыға бізге ешқандай ескерту жасалмағанын, ықтиярхаттың жарамсыз екенін білмегенімізді айтқан едік, шекаралық бақылау қызметкері, өзімізге дүрсе қоя берді. «Неге өзің заңды оқып, біліп жүрмейсің?» деді. Рас, мен Көші-қон заңы өзгерген, өзгермегенін білген жоқпын. Менен кеткен қателік осы болса керек.

Кейін осы «Abai.kz» сайтында жазылғаннан кейін білдік. Әуелі ескерту беріліп, екінші жолы  айыппұл салып, үшінші рет тәртіп бұзған жағдайда ғана елден шығару керек екен. Ол жағынан біз сауатсыз болдық.

Иә, біз шетелде тұрдық, оқыдық. Көп жағдайдан хабарсызбыз. Бірақ, дәл осылай, еліме келгенде есіктен кіргізбей, құдды қылмыскер секілді әуежайда жарты тәулік тұрғызбай қуып шыққаны адам ретінде жаныма батты.

Мен тіпті, сол күні шекаралық тексеруден өтіп тұрғанда ауырып, құлап қалдым. Дәрігер келіп тексерді. «Сенің аяғың ауыр. Қатты қобалжуға болмайды» деп дәрі беріп, су беріп жатқанда, шекарашылар қағазды толтырып үлгерген екен.

Мені дереу қайтарып жіберді. Паспортымды қолыма да берген жоқ. Құдды қылмыскер секілді депортациялады. Біреуді өлтірген адам сияқты болдым. Паспортымды Дубайдың әуежайында тұрғанда да қолыма бермеді. Өйткені, шекарадан қайтарылған дегеннен кейін, қандай қылмыспен қайтарылған деп, олар да қорықты. Мені шекарадан шығып кете ме деп, бақылауға алды.

Сол Дубайдың әуежайында 23 сағат тұрдым.  Мен сол күні сағат 07:00 шамасында әуежайға келіп түстім. Дубайдағылар маған 16:00-ге дейін уақыт берді. Әйтпесе Мысырға қайтарамыз деді. Өйткені Мысырдан келген едім.  Мен: Мысырдағы оқуым аяқталғанын, ол жердегі тіркеуімнің уақыты біткенін, олар кіргізбейтінін айттым.  «Онда Қытайға жібереміз. Себебі, Қытай азаматшасысың» деді. Ол жақта ешкімім жоқ екені айтып, уақыт сұрадым. Сағат 16:00-ге дейін уақыт берді. Осы уақытқа дейін виза алмасам, Қытайға депортациялайтынын айтты.

Сол аралықта азаматтар жүгіріп жүріп, Түркияға электронды виза алдық. Сағат 15:45-те электронды виза қолыма тиді.  Сосын ғана, паспортымды беріп, кешке дейін билет алып, кетуім керектігін ескертті.  Сұрап жүріп, кешкі 18:00-ге дейін билет сатып алдым. Сөйтіп, ұшақ ұшатын таңғы 06:00-ге дейін әуежайда жүрдім.  Түркияға 4-мамыр күні 14:00 шамасында жеттім.  Міне, тура 16 күн болдым онда.  

Біріншіден, Аллаға сансыз шүкір айтамын. Жалғызын жауға бермеген қазағым мені де қаңғыртып қоймады. Міне, бас-аяғы 16 күнде елге келдім. Алып келді. Менің отбасымның тағдырына, менің тағдырыма бей-жай қарамай, атсалысып жүгіріп жүріп құжаттарымды реттеп берген ағаларыма алғысым шексіз. Соның ішінде, өздеріңізге, Бекболат, Ерден ағаларға, Түркиядағы барлық атқамінер азаматтарға шексіз рахмет айтамын.

Нұрсейіт Төлегенұлы:

– Менің алғыстан басқа айтарым жоқ. Бүгін қатты қуаныштымын. Біздің отбасының басына түскен қиындыққа қолдау білдіріп, тілеулес болған барлық ағаларға, қазақ халқына рахмет айтамын. Әсіресе, бірінші болып келіп, менің отбасымның тағдырына бей-жай қарамаған, сізге, «Abai.kz» сайтына, басқа да журналист бауырларға,  Бекболат, Ерден ағаларға  алғыс айтамын. Сіздерге Алланың нұры жаусын!

Естеріңізге сала кетейік, жуырда «Abai.kz» ақпараттық порталында «Масқара! Алматы әуежайы. Шекаралық бақылау қызметі жүкті әйелді кері қайтарды» атты мақала жария болды. Онда Нұрсейіт Төлегенұлы есімді Қазақстан азаматының жүкті әйелін Алматы әуежайындағы шекаралық бақылау қызметінің елден депортациялағаны баяндалды.

Оқиғаның қысқаша мазмұны былай: 2 мамыр күні таңғы 03:20 шамасында Нұрсейіт Төлегенұлы, әйелі Жайнагүл Ғажапқызы және 1,5 жасар ұлы Мысырдан Алматы әуежайына келіп қонады. Жайнагүл ҚХР азаматшасы. Қазақстанды жүріп-тұруы үшін берілген ықтиярхаты бар. Ықтиярхаттың жарамдылық мерзімі 2021 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда бұлар Қазақстан аумағында 183 күннен артық уақыт болмағандықтан, Жайнагүлдің ықтиярхаты автоматты түрде жарамсыз деп танылған. Әуежайдағы шекара қызметі солай деп түсіндірген. Осылайша Нұрсейіттің өзін және 1,5 жасар ұлын елде қалдырып, жүкті әйелін сол күні Мысырға қайтарып жіберген. Бұл жайлы мына сілтемеден толық оқи аласыздар. http://abai.kz/post/69884

Нұрсейіттің басына түскен ауыр жағдайды толық баяндаған мақала «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланды. Іле-шала бұл мәселе қоғамдық пікір тудырып, басқа да ақпарат құралдары аталған мақаланы көшіріп басты. Атап айтсақ, «qazaquni.kz», «dalanews.kz», «kaz.365info.kz», «talqy.kz», «minber.kz», «adyrna.kz» сайттары Нұрсейіттің мәселесін қоғам талқысына ұсынды.

Енді сол туралы жазайық:

03.05.2018 жыл. Сағ.20:07. Abai.kz : «Масқара! Алматы әуежайы. Шекаралық бақылау қызметі жүкті әйелді кері қайтарды». 8150 оқылым. 69 пікір.

03.05.2018 жыл. Авторы – Нұргелді Әбдіғаниұлы. . Abai.kz-ке сілтеме берген.  Qazaquni.kz:  «Масқара! Әуежайдан жүкті әйелді кері қайтарған Шекаралық бақылау қызметі сауатсыз ба, жауапсыз ба?!.» 21390 оқылым. 8 пікір.

03.05.2018 жыл. Авторы – Нұргелді Әбдіғаниұлы. . Abai.kz-ке сілтеме берген.  adyrna.kz: «Масқара! Алматы әуежайы. Шекара қызметі жүкті әйелді кері қайтарды». 1122 оқылым.

03.05.2018 жыл. Авторы – Нұргелді Әбдіғаниұлы. . Abai.kz-ке сілтеме берген.  minber.kz: «Алматы әуежайы: Кедендік бақылау қызметі жүкті әйелді кері қайтарды». 216 оқылым.

04.05.2018 жыл. Сағ.10:18. kaz.365info.kz: «Жыламашы, Нұрсейіт… Кеденшілер оның жүкті әйелін елден неге қуады?». 277 оқылым.

04.05.2018 жыл. dalanews.kz: «Ықтиярхаты жарамсыз». Шекара қызметі жүкті әйелді кері қайтарды». 2047 оқылым.

04.05.2018 жыл. talqy.kz: «Шырылдап жылап 1,5 жастағы ұлы қалды».

Сондай-ақ, бұл мәселеге әлеуметтік желі қолданушылары да үн қосып, талқы жасады. Материалды бөліскен жұрттың қарасы көп.

Біз «Масқара! Алматы әуежайы. Шекаралық бақылау қызметі жүкті әйелді кері қайтарды» атты мақаламызды жазу барысында Алматы Халықаралық әуежайында орналасқан Кеден қызметіне хабарластық. Әуежайдағы Кедендік қызмет маманы Ермек Болатбекұлы деген азамат, бұл іске Кеден қызметінің қатысы жоқ екенін айтты.

«Бұл іске Кеден қызметінің түк қатысы жоқ. Жекелеген адамдармен айналыспаймыз. Ол кісі шекаралық тексерістен өту кезінде ұсталған ғой. Шекара қызметкерлері адамдардың құжаттарын тексереді. Солар біледі бұл істің мән-жайын», - деп жауап қайырды.

Ермек Болатбекұлы ұсынған контакті бойынша Алматы әуежайындағы шекара қызметіне хабарластық. Телефон тұтқасын орыс тілінде сөйлейтін бір келіншек көтерді. Әуежайдың шекара қызметі телефон арқылы кеңес, ақпарат бермейтінін айтты.

«Біз телефон арқылы ақпарат немесе кеңес бермейміз. Біз 24 сағат бойы жұмыс жасаймыз. Алматы Халықаралық әуежайының 2 қабатындағы Халқаралық ұшу бекетінде орналасқанбыз. Сол жерге келіп, өзіңізге керек тілде ақпарат ала аласыз», - деп қысқа қайырды.

Содан, әуежайдың шекаралық бақылау қызметіне бардық. Ондағылар Жайнагүлді кері қайтарған шекарашылар жұмыс ауысымын тапсырып кеткенін айтты. Дегенмен, біз талап қойдық. Аты-жөнін жариялаудан үзілді-кесілді бас тартқан шекаралық бақылау қызметінің маманы компьютер базасынан болған жайды анықтап, бізге ықтиярхаттың жарамсыздығынан кері қайтарылғанын, ресми түсініктеме немесе пікір бере алмайтынын айтты.

Жайнагүлді елден депортациялаудың дұрыс-бұрыстығын білу үшін біраз естіктің табалдырығын тоздырдық

Ақыры міне, Жайнагүл аман-сау елге оралды. Енді Жайнагүл Ғажапқызы Қазақстан азаматтығын алуды жоспарлап отырғанын айтады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2271
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584