Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2833 0 пікір 11 Маусым, 2009 сағат 13:17

«Хан моласы»: 1998-2008 жылдардағы зерттеулер нәтижесі қандай?

 

 

Сейсенбі күні облыстық мәдениет орталығында Әбілқайыр хан жерленген орынды анықтау мәселесін талқылауға арналған зерттеуші ғалымдардың көшпелі жұмыс тобы кеңесі өтті.
Кеңеске облыс әкімі Елеусін Сағындықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі жазушы Әбіш Кекілбай, ҚР Президенті Мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, белгілі ғалым, профессор Серік Әжіғали бастаған тарихшылар мен археологтар, сондай-ақ топырақтанушы, ботаник ғалымдар, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Елеусін Сағындықов кіріспе сөзінде халқымыздың тарихында ерекше орны бар тұлға  Әбілқайыр ханның қабірін анықтап,  басына кесене орнату бүкіл қазаққа ортақ, маңызды іс екенін атап айтты.
Әбілқайыр ханның Әйтеке би ауданы аумағындағы ел аузында «Хан моласы» атанған қорымда жерленгені зерттеушілерге мәлім. Бірақ бұл қорымда 942 қабір бар. Әбілқайыр бабамыздың сүйегі нақты қайсысында жатыр? Зерттеушілеріміз осыны анықтау мақсатында он жыл бойы тер төгіп келеді.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали 1998-2008 жылдар аралығында «Хан моласы» қорымында жүргізілген кешенді зерттеулердің нәтижелері туралы әңгімеледі.
- Мен еліміз аумағындағы көне ескерткіштерді зерттеумен 35 жылдан бері айналысып келемін. Осыдан 35 жыл бұрын Ақтөбе облысында тіркеуге алынған ескерткіштер саны үш-төртеу ғана болса, бүгінде 400-ге жуықтап отыр. Көне заман ескерткіштерінің маңызына тоқталсақ, мына жайтты ерекше айтқым келеді: бір кездері Ресей жазушысы Солженициннің Қазақстанның бірқатар облыстарын орыс жері деп мәлімдегені естеріңізде болар. Міне, осындай жалған әңгімелерге қарсы басты дәлел ретінде біз сол жерлердегі ата-баларымыздан қалған ескерткіштерді, ескі қорымдарды алға тарта аламыз, - дейді Серік Әжіғали.
«Хан моласы» да көне қорым. Мұндағы кейбір қабірлер  XVI ғасырдан қалыпты. Қорым Қабырға өзенінің Өлкейекке құяр тұсынан 4 шақырым қашықтықта тұр. Бұл маңды ертеде Жаппас және Алтын рулары мекен етіпті. Қазір мұнда тек төмпешіктер мен кей тұстардағы құлпытастардан басқа ештеңе көзге ілікпейді. Бір кездердегі күмбезді тамдар жермен-жексен болған…
Әбілқайыр хан сүйегінің осы қорымда жатқандығын ел аузындағы деректер ғана емес, орыс зерттеушілерінен қалған жазба деректер де растайды. «Хан моласы» туралы 1771 жызылған Н. Рычковтың; 1832 жылы жазылған А. Левшиннің; 1835 жылы жазылған Д. Эристовтың мақалаларында айтылған. Ал И. Крафт 1898 жылы «Хан моласының» Торғайдан 80 шақырым жерде екенін, хан қабірінің басында өсіп тұрған ағаш барын жазып қалдырған, сондай-ақ қазақтардың ол жерді қасиетті орын санайтынын да атап көрсеткен.
Деректерде Әбілқайыр ханның қыпшақ дәстүрімен жерленгені айтылған. Яғни қару-жарағы өзімен қоса көмілген. Қабір басына ханның ұлы Нұралы 12 терек еккен деседі.
Хан қабірін нақты анықтауда зерттеушілер осы деректерге сүйеніп отыр. Қорымдағы қай қабірде қару-жарақ бар, қай тұстың топырағынан ағаш ізі байқалады?.. Әрине, бұдан 260 жыл бұрын егілген ағаштың орнын табу оңай емес. Зерттеушілер осы заманғы техниканың мүмкіндіктерін пайдалануға тырысып отыр. Қажетті мамандар жан-жақтан, тіпті, шетелдерден де шақырылған. Айталық, 2007 жылы Бельгия мен Италиядан келген мамандар қорымды дельтапланмен ұшып жүріп әр түрлі биіктіктен суретке түсірген. Ал қабірлерде металл бар-жоғын анықтау үшін георадар пайдаланылған. Сол арқылы 942 қабірдің арасынан зерттеу нысаны ретінде бірнешеуін ғана бөліп алуға мүмкіндік туыпты.
Зерттеу жұмыстары әзір аяқталған жоқ. Дегенмен…
Әрине, Әбілқайыр бабамыздың сүйегі жатқан қабір нақты анықталған күнде, бұл жер исі қазақ үшін ерекше орынға айналатыны белгілі. Ол жерде кесене тұрғызу ісі назарға алынып отыр. Қазір де сәулетшілер тарапынан әзірленіп жатқан жобалар бар. Солардың бірімен кеңеске жиналғандарды Қазақтың мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының профессоры Ләйлә Тұрғанбаева таныстырды.
1979 жылы «Үркер» романына дайындық барысында «Хан моласына» жазушы Әбіш Кекілбай арнайы келген екен. Жазушы ауыл адамдарының жөн сілтеуімен Әбілқайыр хан қабірі басында болған. Жиналғандар сол сапар естеліктерін тыңдады. Жазушы Әбілқайыр ханның өлімі, ол жерленген орын туралы көптеген жазба және ауызша деректерді алға тартты.
Елеусін Сағындықов жиын қорытындысында сөйлеген сөзінде Әбілқайыр ханның қабірі нақты анықталған күнде оның басына лайықты кесене тұрғызылатындығын айтты.
- Ол жағына алаңдамаңыздар, бәрі де лайықты түрде атқарылатын болады, - деді облыс әкімі.
Кеше  облыс әкімі Елеусін Сағындықов, белгілі жазушы Әбіш Кекілбай және зерттеуші ғалымдар тобы «Хан моласының» басында болды.



И. ӨТЕМІС
«Ақтөбе» облыстық газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5558