Дүйсенбі, 25 Маусым 2018
Деп жатыр 1792 6 пікір 25 Мамыр, 2018 сағат 12:28

Министр: Мен аты аңызға айналған Головкинге рахмет айтқым келеді

Әлемдік бокс жанкүйерлері Геннадий Головкиннің ұлттық нақыштағы шапапына тамсана қарайтыны қуантады, - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өткен болатын.

«Барлық әлем чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында спортшылардың эпикировкасына баса маңыз беріледі. Мен өзіміздің дизайнерлерге, спорттық киімдерді тігетін компанияларымызға зор алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан құрамасы шыққан кезде жанкүйерлердің зор құрметіне ие болатындығын көреміз. Сондай-ақ өзге елдердің спортшылары да Қазақстанда киімнің дизайны жақсы дамығанын алға тартып, мақтауын жеткізіп жатады», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен бірге, министр қазақы нақыштағы киімге адал Геннадий Головкинге алғысын білдірді.

«Мен аты аңызға айналған Геннадий Головкинге рахмет айтқым келеді. Ол рингке міндетті түрде ұлттық нақыштағы шапанмен шығады. Айқас аяқталғаннан кейін міндетті түрде қайтадан шапанын киіп қайтады. Біздің ұлттық киімді көрген кезде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді! Мұны көру нағыз бақыт дер едім», - дейді министр.

Сондай-ақ, ол Қазақстанға келген Голливуд актері Николас Кейджге тарту етілген шапанға қатысты әзілдің тарап кетуіне пікір білдірді.

«Біздің ұлттық киімді күлкі қылған қиыс көзқарастарға қарамастан, Геннадий Головкин мен біздің өзге де патриот спортшыларымыз оның танымалдылыққа ие екенін дәлелдеп келеді. Біз ұлттық спорт түрлері өкілдерінің экипировкасына назар аударамыз. Бұл ретте Бекболат Тілеуханға зор алғысымызды айтуымыз керек. Ол тек мықты әнші әрі мәжілісмен ғана емес, бүгінгі таңда оның қатысуымен ұлттық экипировка әзірленді. Экипировка спортшыларға аса ыңғайлы. Көкпардан өткен жылы болған Әлем чемпионаты көрсеткендей, Ұлттық құрамамыз өзінің мәнерлі киімімен өзгелерден гөрі айбындырақ көрінді», - деді министр.

Abai.kz

6 пікір