Банк жүйесі халықтың игілігіне жұмыс істеп жатқан жоқ
Жібек Әжібаева, Базар, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:
– Жібек Төреханқызы, Үкімет шағын және орта бизнесті қаржыландырудың үшінші траншы ретінде наурыз айында 120 миллиард теңге бөлді. «Самұрық-Қазына» қорынан «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына аударылып, одан 12 банкке бөлінген қаржының 97 пайызы кәсіпкерлердің қолына тиді» деген ақпарат жарияланды. Кәсіпкерлер осы несиені алып жатыр ма?
– Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлерден «несиені алу екіталай» деген хабар келіп жатыр. 13-тен 15-ке дейін құжат жинау керек. Әрі құжаттарды нотариус растауы керек, осының өзіне ғана 100 мың теңге кетеді. Көп құжаттардың тіпті қажеті де жоқ. Үкімет қаржысын таратуда банктер көп қиындық тудырып отыр. Мысалы, аударма ісімен айналысатын «Азамат трэвэл» компаниясы «Қазкоммерцбанкке» 2007 жылы алған несиені 12,5 пайыз ставкамен қайта қаржыландыруға өтініш берген. Банк менеджері несиені 16 пайызбен қайта қаржыландыруды ұсыныпты. Бұған қоса қарызгер өмірін сақтандыруды (қайта қаржыландырылатын соманың 2%-ы) талап етіп, кепілдегі жылжымайтын мүлікке қоса 5 автокөлікті кепілге беру туралы шарт қойған.
– Эффективті ставка 12,5 пайыз деп жарияланды емес пе? Қаржылық қадағалау агенттігі бекіткен ережеге сай, қарызгер төлейтін түрлі комиссиялар, өмірді сақтандыру немесе басқа да шығындар осы эффективті ставканың ішіне кіруі керек қой?
Жібек Әжібаева, Базар, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:
– Жібек Төреханқызы, Үкімет шағын және орта бизнесті қаржыландырудың үшінші траншы ретінде наурыз айында 120 миллиард теңге бөлді. «Самұрық-Қазына» қорынан «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына аударылып, одан 12 банкке бөлінген қаржының 97 пайызы кәсіпкерлердің қолына тиді» деген ақпарат жарияланды. Кәсіпкерлер осы несиені алып жатыр ма?
– Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлерден «несиені алу екіталай» деген хабар келіп жатыр. 13-тен 15-ке дейін құжат жинау керек. Әрі құжаттарды нотариус растауы керек, осының өзіне ғана 100 мың теңге кетеді. Көп құжаттардың тіпті қажеті де жоқ. Үкімет қаржысын таратуда банктер көп қиындық тудырып отыр. Мысалы, аударма ісімен айналысатын «Азамат трэвэл» компаниясы «Қазкоммерцбанкке» 2007 жылы алған несиені 12,5 пайыз ставкамен қайта қаржыландыруға өтініш берген. Банк менеджері несиені 16 пайызбен қайта қаржыландыруды ұсыныпты. Бұған қоса қарызгер өмірін сақтандыруды (қайта қаржыландырылатын соманың 2%-ы) талап етіп, кепілдегі жылжымайтын мүлікке қоса 5 автокөлікті кепілге беру туралы шарт қойған.
– Эффективті ставка 12,5 пайыз деп жарияланды емес пе? Қаржылық қадағалау агенттігі бекіткен ережеге сай, қарызгер төлейтін түрлі комиссиялар, өмірді сақтандыру немесе басқа да шығындар осы эффективті ставканың ішіне кіруі керек қой?
– Иә, ҚҚА да, Салық төлеушілер қауымдастығы да солай дейді. Бірақ 12,5 пайыз деген ставка жоқ.
– Өз таныстарыңыз арасында жаңадан несие алған немесе қайта қаржыландырып, бұрынғы несиесінің ставкасын төмендетіп алғандар бар ма?
– Қолымды жүрегіме қойып тұрып айтайын, ондай адам жоқ. Қуанып жүрген кәсіпкерді көрмедім.
– «Даму» қоры бір айда 117 миллиард теңге немесе бүкіл қаржының 97 пайызы игерілді деп есеп берді ғой?
– Меніңше, алған адамдар бар. Біз туған-туыс, ағайын-жұрағатқа бай елміз ғой. Біреудің бауыры, біреудің жиені осы жеңілдетілген ставкамен несие алған шығар деп ойлаймын. Ақпарат құралдарынан «Даму» қорына банк қызметкерлері әрекетіне қатысты 40 шағым түсті деп естідік. Бұл – тәуекелге бел буған қырық адам ғана. Көп кәсіпкерлер несиеге мұқтаж болған соң, үндемей жүре береді.
– Олар банк қызметкерлеріне «откат» беретін болып тұр ғой?
– Қазіргі уақытта бұл пікірге келісуге тура келіп тұр.
– Шағын бизнестің «откатсыз» несие алған күні болды ма? Бұл мүмкін бе?
– Ондай заман болған. 2006-2007 жылдары банктер арасында клиент үшін бәсеке жоғары еді. Сол кезде олар кепілзатсыз несие берді. «Бар істі бес минутта шешеміз» деген жарнамалар болды. Банк басшылары қызметкерлеріне қатаң талап қойып, бонустармен ынталандырса, бұл келеңсіздіктен құтылуға болар еді.
– Бір кәсіпкерге «5 миллион теңге несиені 9 пайызбен алып береміз, 1,5 миллион теңгені бізге қалдырасың» деп талап қойған көрінеді. Бұл тым көп ақы емес пе?
– Әрине, өте көп, 2006-2007 жылдары басында «откат» мөлшері 5 пайыз еді, одан 10 пайызға көтеріліп тоқтаған болатын. Кәсіпкерлер де бұған көндігіп кеткен еді. Жемқорлықтың коммерциялық мекеме – банкті жайлауы сұмдық қой. Банк осы несие арқасында пайда көріп отыр емес пе?
– Несие «Даму» қорынан 6,4-8 пайызбен берілді. Банктер оған өз табысын қосып, 12,5 пайызбен беруге құқылы. Сонда банктердің табысы 4,5-6 пайыз болып тұр ғой?
– Бұл аз ақша емес қой. Оларға Президент те, Үкімет те жақсы қолдау көрсетіп отыр. Банктердің маржасы ел аман, жұрт тыныш кезде де, қазіргі дағдарыс кезінде де жақсы.
– 120 миллиард теңгенің 3 миллиардын «Даму» қоры өз бөлімшелері арқылы таратпақ. Несие ставкасы 9 пайыз болады дейді.
– Несие ставкасы мейлінше төмен болса, соғұрлым тиімді. Қанша уақыт жоғалттық. Банктерге берген қаражаттың көбін осылайша таратқан дұрыс болар еді. Бір қордан бір қорға ақша аударылған кезде, транзакция құны – 0,5 пайыз, қаржы бюджеттен – Үкіметке, Үкіметтен – «Самұрық-Қазынаға», «Самұрық-Қазынадан» – «Даму» қорына, «Дамудан» банктер есебіне түскенше 2 пайыз қосылды дей беріңіз. Үкімет төрт банктің акционерлік капиталына енді, «олардың тұрақтылығын қамтамасыз етеміз» деді. Онда не себепті шетел банкі еншілес кәсіпорнына қаржы бөлінеді? Ресейде қазақ банкіне кім қолдау көрсетеді немесе Швейцарияда Сомали банкін кім керек қылады? «Сбербанкке» аударылған 47 миллиард теңге аз ақша емес. Бұл қаржы зейнеткерлерді 3 жыл зейнетақымен қамтамасыз етуге жетеді. Тағы бір мысал айтайын. Елбасы Үкіметке еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуды тапсырды. Үкімет тағайындаған негізгі оператор – «Қазагро» ұлттық холдингі арқылы ірі кәсіпорындарға 1 миллиард доллардан астам субсидия берілді. Бұл компанияның қосатын өзіндік қаржысы – 7,5 пайыз. Оны ірі кәсіпорындар мен шағын фермерлерге таратқанда ставка 20 пайызға көтеріліп кетеді. Мал бағып, егін егіп отырған шаруаларға бұл өте қымбат. «Қазагро» ауадан ақша жасап отыр. Былтыр 4 пайыз ақымен лизингке техника сатамыз деп еді, онысы жай сөз болып шықты.
– Үкімет қаржы бөлген екен. Енді оны жол бойы жем қылмай, бизнес өкілдеріне қалай жеткізуге болады?
– Осыдан екі жыл бұрын «кредиттік комиссиялар жұмысына қоғамдық бірлестіктер өкілі қатыссын» деген ұсыныс айтқан едік. Немесе қаржыны салалық қауымдастықтар арқылы таратуға болады. Фермерлер қауымдастығы кімнің қауқары қандай екенін, кімнің ақшаны ұқсатып, борышын қайтара аларын кез келген кредит офицерінен жақсы біледі.
– Бірақ қоғамдық бірлестіктер қаржымен жұмыс істеуге мамандандырылмаған ғой?
– Иә, жарғыға сәйкес, кез келген қоғамдық бірлестік пайда көретін іспен айналысуға құқығы жоқ. Біз қаржыны депозитке емес, банк жәшіктеріне салуымызға болады. Грант бөлгендегідей 1 тиынын ысырап етпей бөлеміз. Қауымдастық өкілдері ақшаның жаңа авто сатып алуға немесе балаларын шетелде оқытуға кетпейтініне сенімді. Францияда үкімет қаржысының тиімді жұмсалуын кәсіподақтар мен қоғамдық бірлестіктер жіті қадағалайды. Немесе Малайзияны алайық. Малай елі пальма майын өндірушілерге қолдау көрсету бағдарламасын жасады. Дағдарыс кесірінен осы өнім өтпей қалған еді, үкімет оны өзі сатып ала бастады. Фермерлер өндірісті тоқтатпаса болды. Онда сатып алу ісін дәл біздегідей Базарлар қауымдастығы атқарады.
– Қазір шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігі қаншалықты төмендеді?
– Сауда мен қызмет көрсету саласында 30 пайызға дейін бәсеңдеді. Көтерме саудагерлер жұмыссыз қалды деуге болады, жеміс-жидек тасымалы екі есеге азайды. Өйткені нөл пайыз шамасында болғанда импорт салығы жидектерге – 5 пайызға, жемістерге 13 пайызға дейін көтерілді. Сонда айырмашылығы 850-900 доллар болып шығады. Екінші проблема – жолақы өте жоғары, көлік шығыны қымбат, тауар құнының 70 пайызына дейін жетеді. Кез келген жерде қолма-қол ақша керек болғандықтан, көтерме сауда зиян шегуде. Аз мөлшердегі тауар әрдайым қымбатқа түседі, үлкен мөлшерге қаржы жоқ. Қытай өндірушілері былтыр тауардың ақшасын сатқан соң беруге келісетін, қазір қолма-қол ақша сұрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі көп бағдарламаларды қолға алуда, фермерлердің жұмысын жандандыру үшін қорлар да, лизингтік компаниялар да бар. Бізге алыстан дорбалағанша, жақыннан өз фермерлерімізден алған арзанға түсер еді. Кеңес Одағы кезінде «тауарлық несие» деген болған. Картоп өсірушілерге көктемде ақысы төленіп қояды, күздігүні картоптың келісі 50 теңгеге шығып кетсе де, 20 теңгеден алады.
– «Азық-түлік корпорациясы» бидайды осылай сатып алады ғой?
– Иә, «Азық-түлік корпорациясының» өз қоры бар, қолынан келеді. Сауда саласында мұндай жоқ. Қор да, несие де жоқ. Көтерме саудаға қолдау көрсетілмейінше, бөлшек саудадағы баға түспейді.
– Қазір киім-кешек, тауар сатушыларға қарағанда, азық-түлік саудалаушылар жағдайы жақсы болар. Қанша дағдарыс болса да, жұрт ішіп-жемді алады ғой.
– Бірінің жағдайы бірінен асады деп айта алмас едім. Олар үш-төрт ай түк табыс көрмей отырады. Сатушысы болса, оны жұмыстан босатып немесе сауда аумағын кемітіп жатқандар көп. Базарларда ай сайын контейнерлердің 10 пайызы жабылады. Бұл сырткөзге байқалмауы мүмкін. Олардың орнына жұмыссыз қалған басқа адамдар келеді. Шамасын бағалай алмай, несие алып, қиналып жүргендер көп. Сауда тоқтаған соң, табыс та, бизнес те жоқ, оған қоса кепілдегі пәтерінен айырылғалы отырған саудагерлер көп. Банк жүйесі халықтың игілігіне жұмыс істеп жатқан жоқ. Алматы өңірлік қаржы орталығы «халықтың қаржылық сауатын көтереміз» деп ақпараттық білім беру орталықтарын ашты, оған қанша бюджет қаржысы бөлінді. Бірақ осы жұмыс жүйесіз жүрген сияқты. Нақты несие алғалы отырғандармен жұмыс жүргізілсе, төленбей жатқан несиелер мөлшері мұншалықты болмас еді. Несие, кепілзат нюанстарын бағамдай алмай, жер телімдерінен айырылып жатқан шаруалар бар. Мұндай жағдай егістікке қолайлы Қостанай облысында көп. Шағын бизнеске нақты қолдау көрсетілмейінше, бізде тауардың барлығы сырттан тасымалданады, бағасы да қымбат болады.
– Үкімет бөлген қаржы кәсіпкердің қолына тигенше екі есе қымбаттап кетеді екен, одан гөрі салықтан босату немесе тексеруге мораторийді ұзату тәрізді шаралар жақсы жеміс бермес пе еді?
– Иә, мораторий мерзімі – 1 маусымға дейін ғана. Одан кейін 36 тексеруші орган бес қаруын сайланып шыққанда, қанды қырғын басталады деуге болады. Кейде біздің шенеуніктердің шаш ал десе, бас алатын әдеті бар емес пе? Әу баста Мемлекет басшысы мораторий енгізген кезде Үкіметке «Бақылау мен қадағалау туралы» заң жобасын жасап шығаруға тапсырма берген еді. Көріп отырғанымыздай, бұл тапсырма орындалған жоқ. Сондықтан осы заң қабылданғанша мораторий мерзімін ұзарту қажет. Әйтпесе, шенеуніктер шағын және орта бизнесті жаншып тастайды.
Қазір шағын бизнес қалт-құлт етіп әрең отыр. Оларды кәсіпкер дегеннен гөрі, бес минутсыз жұмыссыз деу дұрыс болар. Бір тексеру келіп, 50-100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салса болды, бизнесі отырып қалады. Мәслихаттарға бір мәртелік талондар құнын көтермеуді өтіндік. Өйткені бір кәсіпкер өзін ғана емес, отбасындағы төрт-бес адамды асырап отыр. Сондықтан біздің ұйым Президент, Үкімет, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарынан осы қиын-қыстау кезеңде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді сұрадық. Мысалы, мәслихат депутаттарынан бір мерзімдік талондар құнын түсіруді және осы қаржының толыққанды жиналуын қамтамасыз ететін механизмдерді ойлап табуды үсындық. Қазір базарларда орасан зор қаражат мемлекет қазынасына емес, жеке тұлғалар қалтасына түсіп жатыр. Қаржы полициясы мен Салық комитеті «Салықтан жалтарушыларды бірлесіп әшкерелеу» туралы меморандумға қол қойыпты. Біз тексеру болмасын демейміз, бірақ шағын және орта бизнеске қатысты тырнақ астынан кір іздейтін тексеру басталарын ішіміз сезіп отыр. Олардың мақсаты – кәсіпорындарды жабу емес, пара алу. Барлық министрліктердің сайттары бар, бірақ одан пайдалы ақпарат табу мүмкін емес. Мысалы, елде қанша картоп өсіріледі, тұтыну мөлшері деген қарапайым сұрақтарға жауап табу өте қиын. Бизнес осындай параметрлерге қарап жоспарланады емес пе? Тауар өндіруші орындауы тиіс Үкімет қаулыларының өзін табу қиын. Сол күні «Егемен Қазақстанды» алып үлгерсе жақсы, әйтпесе бұл ақпаратты таба алмайды.
– Үкіметте жақсы бастамалар көтеріледі. Бірақ оның орындалуы шабан ба, әлде мазмұны өзгеріп кете ме?
– «Жетісу» ауыл шаруашылығы өндірістік корпорациясы қой шаруашылығын дамытуға байланысты шараны қолға алыпты. 50 шақты қойды үш жыл бағып беруге болады, осы жылдары туылған төл қойшыда қалады. Алайда малды алдыңызға салып, өріске шығару үшін банкке оның құнына сай депозит ашуыңыз керек. Онша ақшасы болса, шопан қойды өзі-ақ сатып алмай ма? Қытайда дәл осындай көмек көрсетерде жалға берілген малды асылтұқымды аталықтармен ұрықтандырып тұрып берген. Нағыз нәтиже беретін әдіс деп осыны айтуға болады.
«Даму» бағдарламасы бойынша несие алу үшін талап етілетін құжаттар тізімі:
– жеке бас куәлігі;
– неке туралы куәлік;
– туу туралы куәлік;
– салық төлеушінің тіркелу нөмірі;
– балаларының туу туралы куәліктері;
– үй кітабы;
– жылжымайтын мүлік туралы анықтама;
– жылжымайтын мүлік құжаттары;
– несие келісімшартының көшірмесі;
– кепілдік туралы келісімшарт көшірмесі;
– кепілзаттың басқа жерге кепілге салынбағаны туралы анықтама.
ҚР статистика агенттігі дерегінше, 2007 жылы елімізде 834 базарда 166 990 сауда нүктесі жұмыс істеген. 2003 жылғы көрсеткіш – 954 базар мен 148 574 сауда нүктесі.
«Даму» қоры берген есепке сай, қаржыландырылған жобалардың салалық көрсеткіштері: сауда – 37,5%, өзге қызмет түрлері – 32%, өнеркәсіп – 12,7%, ауыл шаруашылығы – 8,3%, құрылыс – 4,9%, көлік және байланыс – 4,6%.
Сұхбаттасқан Анар Қуанышбекова
«Алаш айнасы» газеті 9 маусым 2009 жыл