Жексенбі, 24 Қараша 2024
Арылу 5735 15 пікір 4 Маусым, 2018 сағат 09:15

Қос тілділікке қатысты қос органның жауабы қандай?

Қазақ елінде азаматтық қоғам құру ісіне тұсау болып, 29 жыл бойы шұбатылып келе жатқан бір заңсыздық бар. Ол – мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік  қызметкерлердің тарапынан орыс тіліндегі құжатты, орыс тіліндегі мәтінді қазақ тілімен қатар беруді талап ету. Бұл заңсыздық пен бассыздықтың шектен шыққаны соншалықты, Әділет министрлігі (!) заңды тұлға болып тіркелу үшін өткізілетін құжаттардың екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) берілуін ұялмай-ақ талап етеді. Өткен жылы Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігі жақсы жұмыс істеген үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы тағайындады. Біздің қоғамдық бірлестік те өзінің құжаттарын дайындай бастап еді, сыйақы тағайындау Ережесінің соңындағы «берілетін құжаттар қазақ және орыс тілінде болуы керек» деген сөйлемді көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды да, министрліктің орыс тіліндегі құжаттарды талап етуге құқы жоқ деп тауып, конкурсқа қатысудан бас тарттық... Осыдан соң бұл мәселенің заңдық негізін анқтау үшін Қазақстанның Бас Прокурорына, Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы сауал жолдадық. Бас Прокурор, республикалық деңгейдегі қозғалыстың сауалына жауап беруді өзінің дәрежесіне сай келмейді деп санаған болуы керек, біздің сауалымызды Алматы қаласының прокурорына жіберіпті. Ал Алматы қаласының прокуроры, бюрократияның алтын заңын бұлжытпай сақтай отырып, біздің хатымызды Алматы қалалық тіл басқармасына бағыттапты. Қысқасы, Бас Прокурор мырза жауап бере алмаған мәселеге қалалық тіл басқармасы жауап беріпті. Меніңше, егер олар өздерінің жауап беру құзіретін біріне бірі жолдаса, соңғы жауапты Қазақстанның Бас Прокурорының жауабы дап қабылдауға әбден болады.

Сол жауаптың қысқаша мәтінін ұсынамыз:

«...Қойған сауалыңыз бойынша төмендегіні хабарлаймыз:

1.Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдары мен меншік нысанына қарамастан басқа да ұйымдардың (олардың қызметкерлерінің) жеке азаматтар мен ұйымдардан құжаттарды орыс тілінде жазу мен толтыруды және орысша сөйлеуді талап етуге құқығы жоқ.

2.Құжаттарды орыс тілінде толтыруды талап еткен жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-бабының 1-тармағы, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 4 және 8 баптары бұзылды деп есептеледі.

3.Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан басқа да ұйымдар (олардың қызметкерлері) ешқандай заңға сүйеніп азаматтардан құжаттарды орыс тілінде жазу мен толтыруды және орсша сөйлеуді талап ете алмайды

Басқарма басшысы:  Р.Шимашева»

Енді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің (Тіл комитеті осы министрлік қарайды) жауабынан үзінді:

«...Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелері немесе заңды тұлғалары азаматтардан тек орыс тілінде құжат толтыруды талап етуі, Конституцияның, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 10-бабы және ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 11-бабы өз деңгейінде орындалмауына әкеп соғады.

Жоғарыдағы аталған тіл туралы заңнаманың талаптары бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-тармағының 1) тармақшасына сәйкес лаузымды адамның тіл білмеуін уәж етіп жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәні бойынша қарамауы – ескерту жасау немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде... айыппұл салу жолымен әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырады.

Вице-министр:   Е. Қожағапанов»

Қазақ елінде әлі де мемлекеттік тілді меңгере алмай жүрген азаматтарға берілген жеңілдік бар. Ол – мемлекеттік органдарға өтініш, арыздарын, сауалдарын орыс тілінде беруге болатын  мүмкіндік. Орыс тілінде немесе қазақ тілінде жолданған сауалдарға берілетін жауап та сол тілде болуы шарт. Алайда бұл барлық азаматтардан мемлекеттік тілде жазылатын құжаттардың жанына орыс тіліндегі мәтіннің болуын талап етуге болады деген сөз емес. Осы уақытқа дейін көптеген мемлекеттік органдар өздерінің қазақ тілін білмейтіндерін жасыру мақсатында өзімізді аудармашы етіп келді. Оған мүмкіндік беріп отырған да – өздеріміз. Ал орыс тіліндегі құжаттардың көшірмесін сұраудың не екі тілде берілуін талап етудің ешқандай құпиясы жоқ – сол жерде отырған қызметкерлер мемлекеттік тілден мақрұм, сондықтан аударманы өздерінің жұмыстарын жеңілдету үшін біздерден сұрайды (қазақ тіліндегі нұсқасы қоқыс салынатын жәшікке лақырылады). Ол – заңсыз талап, сондықтан бұл заңсыздықпен бар күш-жігерімізді салып, еліміздегі азаматтық қоғам құру үшін күресуіміз керек!

Дос Көшім

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576