Диссертациялардың қазақ тілінде қорғалмауы мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлінің әлсіздігінен бе, әлде талаптың аздығынан ба?
Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик:
– Біз, Ұлттық ғылым академиясы, өзіміздің жиналыстарымызды қазақ тілінде жүргіземіз. Қазақ тілі ғылымға да, техникаға да – барлық салаға енуі керек. Біздің заңымыздың өзі мемлекеттік тілді білсең де болады, білмесең де болады деген сияқты екіұшты болып тұр. Осының қазақ тіліне үлкен зияны бар. Кейбіреулер екі-үш тілді білгісі келмейді. “Тек бір орыстың тілін білсек, жетеді” деп ойлайды. Өзіміздің қазақтар да бар соның ішінде. Ал орыстар тіпті басын ауыртқысы келмейді. Жалпы, “қазақ тілі неге анда жоқ, неге мұнда жоқ?” деп айта бергеннен ештеңе шешілмейді. Біз тілге қажеттілік туғызуымыз керек. Мысалы, бірінші кезекте мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілді білмейтін адамды қабылдамау керек. Бұл – бір. Екінші, Қазақстан – дербес мемлекет. Мұның балабақшасын, мектебін (қандай мектеп болсын: қазақ па, орыс па, ұйғыр, өзбек пе – барлығын) қазақшалауымыз қажет. Тіпті мемлекеттік тілді толық меңгермеген балаға мемлекеттік аттестатты бермейтіндей, тек қана жақсы алып кеткенде ғана ұстататын талап қойсақ, міне, осы кезде барлығы шешіледі.

Сәкен ӨЗБЕКҰЛЫ, ҚР Заң ғылымы академиясының президенті, профессор:
– Тәуелсіздік алғаннан кейін шын мәнінде бәріміз қазақ тілі өркендейді, көгереді, гүлдейді деп бөркімізді аспанға атып қуандық. Бірақ… әлі де сол баяғы шинелімізді шешіп тастай алмай жүрміз. Диссертацияларымыздың қазақша қорғалуының өзі 14-15 пайыздан аспайды. Бұл нені көрсетеді? Біріншіден, қазақша жазатын адамдардың аздығын, көбісі бұрынғы дәстүр бойынша орысша жазады. Неге? Себебі орысша деректер де, кітаптар да көп. Қазақша жазғанның өзінде орысшадан аударады. Мәскеуден жазылған дайын диссертацияны алып келеді де, соны өзінің атына аударатындар баршылық. Қазір енді мұның барлығын сала министрлігі қатты қадағалауда. Тіпті көшірілген не болмаса бір жерінен мін табылса, еңбек жоққа шығарылады. Қатаң бақылап отырмыз дегенмен де, көшіріп жазу әлі тыйылған жоқ. Бұл үшін не істеу керек? Әрине, біріншіден, эксперттік кеңестің рөлін күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ жабық рецензияларды қатаңдатуды ойластыруымыз тиіс.
Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ тілінің ғылым тілінде қолданылуы әлсіз. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі әлі жаңа ғылыми кеңістікке икемделе алмай жатыр. Бұл – қазақ тілінің тілдік қорының кедейлігінен емес, соны бүгінгі күні пайдалану деңгейіміздің төмендігінен. Қазір ғылымға жаңадан келген толқын қазақ тіліне көп бейімділеу болғанымен, сол жас ғалымдарымыздың ғылыми жетекшілері, ғылыми диссертацияларға баға беретін сарапшылар кеңес заманында білім алғандықтан, көбіне-көп диссертациялардың қорғалуы орыс тілінде өткенін қалайды. Сонымен бірге ғылымда дөрекілеу айтсақ, ұрлық көп. Мысалы, орыс тілінен көшіріп алу байқалып тұрады. Сондықтан бұл тақырыпта әлі де терең ой қозғауға болады. Оның объективтік себептері әлі де болса қазақ тілінің ғылыми кеңістікке енуінің күрделілігін көрсетсе, екінші жағынан, қазақ тілін пайдаланатын ғалымдардың аздығы да байқалады. Сондықтан қазақ тілі қаншалықты бай бола тұрса да, ол соншалықты сандықта жатқан алтын сияқты, бірақ ол алтыннан біз түрліше тартымды бұйымдар жасай алмай отырмыз.
Дайындаған Серік ЖҰМАБАЕВ
«Алаш айнасы» газеті 9 маусым 2009 жыл