Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақмылтық 6844 3 пікір 6 Маусым, 2018 сағат 16:38

Барып тұрып бетіне айтамын

 

(әзіл-сыр)

Мен ешқандай короліңнен де, патшаңнан да, президентіңнен де қорықпай, бетіне айтатын адаммын. Және оның үстіне уайымшылдығым тағы бар. Әнебір кезде ел ішінде Нұрекең президенттік тағын тастап, біреуге тапсырып кетпекші екен дегенді естігенде екі-үш күн сарыуайымға салынып, қызуым көтеріліп ауырып та қалдым. Сөйтіп жүргенде жоғарыдағылармен тығыз байланыстағы бір танысым келіп:

- Құдай берді! Ақ түйенің қарны жарылды! Аспанды басқан бұлт ашылды, сен де еңсеңді көтер,-демесі бар ма?!

- Не болды, айтсаңшы тезірек!

- Елбасымыз орнынан кетпейтін болыпты. Оны айтасың-ау, көзім тірісінде бұл орыннан кетпеймін депті. Тіпті, 2050 жылға шейін отыра беремін депті, –дейді ол жүрегі жарыла қуанып. Сөйтеді де бетімнен қайта-қайта сүйеді. Менің де қуанышымда шек жоқ. Ауруымды ұмытып, 6 баламмен әйелім екеумізді қосқанда 8 адам тұратын бір бөлмелі жекешелендірген жатақханамның ағаш еденін дүрсілдете тепкілеп билей беріппін. Кенет әлдебір суық ой миымды солқ еткізіп соғып өткенде басым кеудеме түсіп сылқ етіп отыра кеттім. Досым: «Не болды, не болды?»,-деп сасқалақтап жүріп бетіме мұздай су сепкенде барып есімді жидым. Сонда айтқаным мынау болды:

- Досым! Мен олай-бұлай бола кетсем мынаны есіңе сақта! Біздің Елбасымыз Мемлекеттік Әнұранымызды марқұм Жұмекен Нәжімеденов екеуі қатар отырып жазып шыққан үлкен ақын адам. Ал нағыз ақын сезімге берілгіш, кейде қайдағы жоқты қойып қалып айта салатын, жаны нәзік адам. Елбасымыз да сондай, кейде уәдені үйіп-төгіп беріп-беріп тастай береді де онысы орындалған-орындалмағанымен ісі болмай келесі бір жоба, жоспар, ұсыныс, бірнеше қадам дегендерді бастай жөнеледі. Егер сол әдетіне басып  президенттіктен кетемін деп тағы  бір рет айта қалса мен не істейтінімді айтайын ба?

– Ал, айтшы!

– Егер Елбасымыз орнынан кетемін дегенін естісем, сол бойда егер ол жұмыста отырса кабинетіне, ал үйінде тамақ ішіп отырған болса, үйіне кіріп барамын да әуелі орысша, «Здравствуйте», сосын ағылшынша «Хэллоу», сосын ең соңында «Ассалаумуалейкум!» деп үш тілде амандасып аламын. Сосын ол кісінің бетіне тура қарап тұрып былай деймін: Құрметті Елбасы! Бүгін мен өте бір суық хабар естідім. Сен президенттіктен кетемін депсің. Сен дегеніме кешір, өйткені, біз Алладан тілек тілегенде Оған да «Ей, Алла! Сен ең ұлықсың» деп бастаймыз ғой. Ал енді әлгі президенттіктен кетемін, жасым келді, орнымды  енді 26 жылдан бері орыс тілінің шаңына да ілесе алмай құр сүлдері келе жатқан қазақ тілін шын  мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеретін, ел-жер байлығын инвестиция дегенді желеу етіп кім көрінгенге беріп қоймайтын, Ресейдің зымырандарын Қазақстанда сынауға немесе осында жаруға жол бермейтін, іс қағаздарын көршілес республикалардағыдай тек мемлекеттік тілде (қазақ тілінде) жүргізетін, өзінің де,  үкіметтің де, парламенттің де, кеңес, мәслихат, мәжіліс сияқты жиындарын тек қазақ тілінде өткізетін, бірнәрсе істемек болса Путинге жалтақтамай, нағыз азат ел саясатын жүргізетін, қысқасы осынау қазақ елінің иесі қазақ қана дейтін, ең әуелі ата-бабасы осы ел, осы жер үшін қаны мен терін ғасырлар бойы қатар төккен қазақ халқының жағдайын ойлайтын, тілі, иманы, тәрбиесі нағыз қазақ баласына  беріп кетемін десең онда келісемін, –деймін. Өйтпейтін болсаң, екеуміз басқаша сөйлесетін боламыз. Бірақ сен әзір кетпе. Осыдан кетемін деп тағы бір ауыз сөз аузыңнан шығатын болса бар ғой, елді митингіге көтеремін. «До свидания», «Гуд бай», «Жолыққанша» деп үш тілде қоштасып есікті тарс жауып шығып кетемін. Мен әлгінде айттым ғой, кім-кімнің де бетіне тура айтамын деп.  Ал ол кісі әділ сөзді, не нәрсені де бетке айтқанды жақсы көреді. Өзі де көбіне қазақтарға қарап жекіріп батыл айтады. Қане, мен сияқты батыр болсаңдар, біреуің айтып көріңдерші Міне, досым! Мен олай-бұлай боп кетсем осы айтқандарымды есіңе сақта, - дедім де қайтадан әлдебір қалың ұйқыға кеттім. Бұл ұйқыдан 2050 жылға шейін ояна қоюым да екіталай-ау. До свидания! Гуд Бай! Сау болыңдар, казахи, kazakhs, қазақтар!

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572