Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3284 0 пікір 16 Ақпан, 2011 сағат 21:55

Дос Көшім. Сайлау сабақтары

Биік бір ағаштың басында қарға отыр дейді. Аузында тістеп алғаны ірімшігі бар екен. Жақын жерде жүрген бір түлкі оны көріп қалып, жетіп келіпті де: - Қарға, қарға, кандай әдемісің, қаурысындарың қандай құлпырып тұр.., - деп мақтай бастапты. Алайда, қарға үндемей отыра беріпті. Түлкі де қоймай: - Қарға, қарға, сені әнші дейді ғой. Жақсылап бір сайрап жіберші. Үніңді тыңдап, рахаттанып қалайық! - дейді. Қарға да Крыловты оқыған болуы керек, аузын ашпайды. Түлкі олай жүріп, бұлай жүріп, бір уақытта «таптым, таптым!» деп, ағаштың асытына жетіп келіпті де: - Қарға, қарға! Ертең сайлау болады. Барып, дауыс бересің бе? - депті. Ашуланып отырған қарға: - Жоқ! - деп қарқ етіпті. Ірімшік салп етіп түсіпті де, түлкі оны қағып алып, мәз болып жөніне кетіпті. Қарға ойланып біраз отырыпты да: - «Йә» десем де, ірімшік түсіп кетеді екен ғой, - деп өзін- өзі жұбатыпты.

Қазақ елінде сан қырынан сынға ұшырағын, бірақ көрінеу көзге көрініп тұрған кемшіліктері билік тарапынан ешқашан мойындалмайтын, демек оны түзетуге деген ынтасы да болмайтын, халықтың толық сенімінен кеткен демократиялық бір құрылым бар. Оның аты - сайлау жүйесі.

Биік бір ағаштың басында қарға отыр дейді. Аузында тістеп алғаны ірімшігі бар екен. Жақын жерде жүрген бір түлкі оны көріп қалып, жетіп келіпті де: - Қарға, қарға, кандай әдемісің, қаурысындарың қандай құлпырып тұр.., - деп мақтай бастапты. Алайда, қарға үндемей отыра беріпті. Түлкі де қоймай: - Қарға, қарға, сені әнші дейді ғой. Жақсылап бір сайрап жіберші. Үніңді тыңдап, рахаттанып қалайық! - дейді. Қарға да Крыловты оқыған болуы керек, аузын ашпайды. Түлкі олай жүріп, бұлай жүріп, бір уақытта «таптым, таптым!» деп, ағаштың асытына жетіп келіпті де: - Қарға, қарға! Ертең сайлау болады. Барып, дауыс бересің бе? - депті. Ашуланып отырған қарға: - Жоқ! - деп қарқ етіпті. Ірімшік салп етіп түсіпті де, түлкі оны қағып алып, мәз болып жөніне кетіпті. Қарға ойланып біраз отырыпты да: - «Йә» десем де, ірімшік түсіп кетеді екен ғой, - деп өзін- өзі жұбатыпты.

Қазақ елінде сан қырынан сынға ұшырағын, бірақ көрінеу көзге көрініп тұрған кемшіліктері билік тарапынан ешқашан мойындалмайтын, демек оны түзетуге деген ынтасы да болмайтын, халықтың толық сенімінен кеткен демократиялық бір құрылым бар. Оның аты - сайлау жүйесі.

Сайлау жүріп жатқан уақытта және сайлаудан соң оны сынаудан жалықпаймыз, ал сайлау дүрмегі біткеннен соң, үмітсіз шайтан деген деп, келесі сайлауға  көз тігеміз. Билікке де обал жоқ, «сайлау кезінде кейбір кемшіліктер болды, бірақ олар дауыс беру нәтижесіне ешқандай әсер еткен жоқ» деп, «шындығын» айтады, ал сол «нәтижеге» разы еместер дабыл қағып, халықаралық ұйымдарға жүгініп, соттасып, біраз ырың-жырың болып қалады. Осы сценаридің әрбір сайлау үшін қайталанатындығы соншалықты, бәріміз жалғы бастаған сияқтымыз. Сондықтан болар, Тунис пен Египет сияқты елдер сайлау институтының орнына АЛАҢ институтын пайдалануға көшті. Ойлап қарасаңыздар, адам құқығы мен еркіндігіне негізделген бұл жиындар да демократиялық әрекетке, демек демократиялық институтқа жатады...

Қазақ жеріне де кезектен тыс тағы бір сайлау келе жатыр. Сондықтан осы сайлауға, сайлау науқанына қатысты, оның кемшіліктерін дұрыстауға бағытталған пікірлерімді қысқаша алдарыңызға ұсынғым келіп отыр. Ашық айтайын, мақсатым екеу ғана: біріншісі - егер осы ойлар сайлауды өткізетін, не сайлау заңын дұрыстайтын жандардың көзіне түссе, келешек сайлаудың әділетті өтуіне мүмкіндік тудырады ма деген үміт, екіншісі - біздің сайлауымызда қандай кемшіліктер, не арнайы дайындалған әділетсіз тәсілдердің бар екендігін қарапайым сайлаушылар біліп, түсінуіне ықпал ету.

Тағы да қайталап айтамын, менің пікірлерім - бүгінгі өткізілмек сайлауға, соған қатысты мәселелерге ғана арналады.

1. Кандидаттардан қазақ тілінен емтихан алу мәселесі. Бұл мәселеге екі жақты пікір қалыптасқан сияқты. Оппозициялық саяси күштер: «бұл - біздерді сайлауға қатыстырмас үшін жасалған әділетсіз тәсіл» десе, ұлтшыл азаматтардың көпшілігі (іштерінен болса да): «өздерің де сол керек, мемлекеттік тілді терең меңгермеген азаматтардың алды кесілудің басы осы шығар» деп, қолдауға бас бұрды. Осы арқылы билік сайлауға дейін-ақ қазақ тілді азаматтар мен оппозициялық күштердің арасына көзге көрінбейтін сына қаққан сияқты. Бір жағынан заңды көрінгенмен, бұл талаптың жүзеге асырылуында бір кәкірдің бары анық. Әрине, мен болашақ Президенттің қазақ тілін (барлық елдердің Конституциясында мемлекеттік тілдің статусы белгілі бір тілге беріледі де, содан кейінгі қолданыстардың бәрінде «мемлекеттік тіл» деген сөз тіркесі алынып тасталынып, сол статусқа ие болған тілдің атауы қолданылады. Демек, мемлекеттік тіл - қазақ тілі болса, барлық жерде «мемлекеттік тіл» деген сөз тіркесінің орнына «қазақ тілі» деген сөз тіркесі жазылуы шарт. Сондықтан да кандидаттар «қазақ тілінен» емтихан тапсырады) терең меңгеруін қолдайтын жанмын (сонымен бірге президент мырзалар «терең меңгерген» қазақ тілін барлық жерде қолданса ғой!), алайда тілді филология ғылымының кандидаты не докторы деңгейінде білуді талап ету - артық та сияқты. Халықты сөзбен арбап алатын, жез таңдай шешендердің тыныс белгілері мен орфографиядан бірнеше қате жіберуі әбден мүмкін Ал егер ондай қатаң талап қойылатын болса, қазіргі президенттің де сайлауға түсіп отырғанын ескере отырып; а) емтихан кезінде қандай нақты талаптардың болатындығы (қанша орфографиялық қате, қанша тыныс белгісінен қате, қанша стилистикалық қатеге қандай бағлар қойылатыныдығы) халыққа жариялануы керек деп ойлаймын; ә) емтихан алынған уақытта, комиссиямен қатар әрбір кандидаттың сенімді өкілі және тәуелсіз бақылаушы қатысып отыруын қамтамасыз ету керек; б) кандидаттардың емтихан кезінде жазған шығармасы бұқаралық ақпарат беттерінде жариялануы шарт; г) ауызша емтихандардың қабылдануы бейнетаспаға түсірілуі шарт және қажет деген жағдайда теледидар арқылы көрсетілуі де керек. Бұл талаптардың барлығы - емтихан алатын комиссия мен орталық сайлау комиссиясының жұмысының әділетті екендігін дәлелдеуге бағытталған іс-әрекеттер. Демек мен бұл жерде сайлауды жүргізушілердің ақтығы мен пәкітігін ойлап отырмын. Сайлаудың ең басты принципі - ашықтық пен жариялылық екендігін естен шығармайық. Айтпақшы, бейнетаспаға түсіру мүмкіндігі сайлау заңында да көрсетілген. Осы талаптар жүзеге асқан уақытта ғана бүгінгі дау-дамайлар өзінен-өзі тоқтайды. Ал бұл талаптар жүзеге аспаған уақытта, сайлауға саясаткерлер емес, қазақ тілінің мамандары ғана қатысуы мүмкін...

2. Мерзімінен бұрын сайлауды тағайындау мәселесі. Мерзімінен бұрын сайлау тағайындап, біздің Президентіміз «сайлауға көп ақша кетеді, оны қойып референдум жасайық» дегендердің аузына су құйды деп білемін. Сайлауды екі жыл бұрын өткізу ...сайлауға кететін қаржыны кезексіз көбейтіп жіберетінін дәлелдеу артық болар деп ойлаймын. Меніңше, сайлау болмасын дегендерге - олардың барлығы дерлік биліктің көтерген бастамасын қолдауға дайын тұратын адамдар - енді сайлауға бойкот жариялайтын саяси күштің жағына шығудан басқа амалдары қалмаған сияқты. Саяси мәдениеті қалыптасқан елдерде саяси бастама көтерген азаматтар өздерінің көзқарастарын өзгертпейді. Ең әрі кеткенде, «біз келіспейміз, бірақ Конституциялық Кеңеске қарсы тұра алмаймыз» деп, ауыздарын жабады. Егер «референдумнан басқа жол жоқ» деген ұран көтердің бе, ертеңіне, «мерзімінен бұрын сайлау тағайындау - асқан ақылдылықтың белгісі!» деген ұранды көтеруге болмайды. Ол Президенттің ақылдылығының белгісі болар, ал сенің ақымақтықтығыңның нақты көрінісі ғана болып шығады.

Меніңше, қазіргі кезеңде сайлауды мерзімінен бұрын тағайындаудың ешқандай саяси қажеттілігі жоқ болатын. Демек, Конституциядағы сайлауды мерзімінен бұрын тағайындау туралы бапқа, «сол мәселені көтерушілер кезектен тыс сайлау жасаудың нақты қажеттілігін қоғамның алдында дәлелдеген жағдайда» деген сияқты жолдарды қосу қажет. Егер ондай сөздер болмаса, кез келген президент өзіне ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙДА мерзімінен бұрын президенттік сайлауды тағайындай салады.

«Сайлау әділетсіз өтті» деген айқайды көп естиміз, бірақ көпшілігіміз «әділетті сайлаудың талаптарын» білмейтін сияқтымыз. Бұл мақалада «Әділетті сайлаудың» барлық талаптарын талдап жату артық болар, бірақ тақырыпқа байланысты кейбір талаптарды айтып өтуге тура келеді. Солардың біреуі - «сайлаудың заңда көрсетілген мерзімде, белгілі бір мерзім өткеннен соң» ғана болуы. Демек, сайлаудың мерзімінен кеш өткізілуі де, мерзімінен бұрын өткізілуі де - оны әділетсіз деп тануға себеп болады. Сайлаудың мезгілінен бұрын өткізілуі арқылы саяси партиялардың 4-5 жылға құрған жоспарларының жүзеге асырылмауына нақты әсер етуге болады. (Ең қызығы,  сайлауға түсемін деп, жұмыртқадан қорғануға тура келген «Алға» ДВК тіркелмеген партияның жетекшісі В. Козловтың «мен сайлау өзінің белгіленген мерзімінде болады, демек сол уақытқа дейін қазақ тілін үйреніп алатын едім, енді маған ондай уақыт қалдырмады» деп сайлауға түсуден бас тартуында үлкен шындық бар).   Демек, ешқандай саяси қажеттіліктен тумаған мерзімінен бұрын болатын сайлау - алдын ала-ақ өзінің жағымсыз бағасын алады.

3. Сайлауға берілетін үгіт-насихат науқаны туралы. Әділ сайлаудың тағы бір мызғымас талабы, бұзылмас шарты - сайлауға түскен үміткерлерге сайлау науқанын толық жүргізуге мүмкіншілік беру болып табылады. Бұл - сол елдің территориясына, инфраструктурасына, жолдарының сапасына, т.б. жағдайларға сай белгіленеді. Бұл шарттың басты мақсаты - үміткерлердің электораттың басым көпшілігімен кездесіп, оларға өздерінің бағдарламасын түсіндіруге жететін уақыт бөлу. Егер жер көлемі мен халқының (сайлаушылардың) санына қарай Қырғыз еліндегі президент сайлауына бір ай уақыт жеткілікті болса, пәленше Франция сыйып кететін қазақ жерін бір айда айналып шығып, 14 облыс пен 200 ауданға кездесу өткізу мүмкін емес екенін дәлелдеу артық болар. Оған Алматы мен Астанадағы сайлаушыларды, теледидардағы кездесулер мен пікіржарыстарын қосыңыз. Үміткерлер вокзалдан төбелерін көрсетіп кетпесін десеңіз, әрбір облыс орталығына 2-3 күн (бұл өте аз уақыт!) бөлу керек. Келіп-кетуді есептесеңіз, әр облысқа 5 күн кетеді екен, демек қазіргі заң бойынша беріліп отырған 28 күнде,  Президентке үміткер мырзалар 4-5 облысты аралап үлгіреді. Ең қызығы, шайтан қуып келе жатқандай, сайлау науқанын өткізуге осындай суперқысқа мерзімді белгілеуге қандай себептер болғанын да ешкім де айтып, дәлелдеп бере алмайды. Ұмытпасам, 1999 жылғы президенттік сайлауда Серікболсын Әбділдин ағамыз 6-7 облысты ғана аралап, сайлаушылармен кездесіп үлгірді. Меніңше, қазақ жеріндегі сайлаудың таза, әділетті өтуінің бір шарты болып табылатын үгіт-насихат кезеңіне, кем дегенде, 2,5 ай уақыт бөлінуі қажет.

4. Теледидардағы үміткерлердің арасындағы айтыс туралы. Ғылым мен техника жетілген сайын сайлау жүйесіне де сан түрлі тәсілдер, жаңалықтар ене бастады. Техниканың дамуы дауыс беру жүйесін де, үміткерлердің жарысын да жаңа бір биікке көтерді деуге болады. Бұрынғы сайлау науқандарында үміткерлердің сайлушылармен тікелей кездесуі немесе бағдарламасының халықтың арасында таралуы - үгіт-насихат жұмысының негізгі тәсілі болып саналса, қазіргі кезеңде, бірінші орынға теледидар шықты. Бірнеше үміткердің миллиондаған сайлаушылардың алдында қатар тұрып, өздерінің артықшылықтарын көрсетуге күш салуы, сөз жарысына, пікір жарысына түсуі - таңдауды жеңілдетіп, кімнің кім екендігін анық көрсетті. Сондықтан да, қазіргі өркениетті елдерде теледидардағы үміткерлер айтысы сайлаудың ең басты, шешуші құралына айналды. Қазақ елінде де Орталық сайлау комиссиясы осындай «айтыс жарыстарын» өткізе бастады. Әрине, олардың ұйымдастырылуы мен жүргізілуінде әлі де көптеген кемшіліктер бар. Таза айтыстан көрі саяси астары бар ойынға да ұқсап кететін жерлері бар екендігі көзге түсіп тұрады. Алайда көш жүре түзеледі деп есетейік. Бұл жердегі менің айтайын деп отырғаным - бұл айтысқа үміткерлердің барлығының қатысуының міндеттілігі. Неге екендігін қайдам, өткен сайлауларда қазіргі Президент телеайтыстан бас тартты. Мүмкін, онсыз да жеңіп шығамын деген өзіне-өзінің сенімділігі ме, әлде кейбір мәселелер жөнінде оппоненттерімнен әлсіз екендігім көрініп қалмасын деген сақтық па, ол жағын білмеймін. Бірақ өз басым бұл қадамнан «мен басқалардан ерекше адаммын, сендермен қатар отырып сөз таластыру мен үшін ұят нәрсе» деген тәкаппарлықты ғана көрдім. Телеайтыстардың - бірнеше адамның арасындағы пікіржарыс ғана емес, сол елдегі үміткерлердің теңдігінің, сыпайылығы мен мәдениетінің  белгісі болып табылатынын ұмытпауымыз қажет. Егер одан да терең қарасақ, бұл - сол елдің демократиясының деңгейі болып табылады. Бұл жерде сайлау туралы заңға толықтыру енгізіп, барлық үміткерлердің телеайтысқа қатысуын міндеттеуге де болады, сонымен қатар, егер пікір жарысына қатысу - саяси мәдениеттіліктің белгісі болса, адами тұрғыда қабылдап, жазылмаған заңға айналдыру да өз қолымызда.

5. Сайлау комиссияларын туралы. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өткізілген әрбір сайлау сайын соққының ауыры бейшара сайлау комиссияларына түседі. Бұл түсінікті де. Үміткер болып тіркелген әр партия, әр кандидат сайлау заңын еріксіз мойындаған болып табылады. («Егер заңның әділетсіз екенін білсең, сайлауға түсіп не жының бар, сайлау аяқталғаннан соң, заң - әділетсіз!» деп не жының бар...). Демек барлық кінә - сайлау комиссиясында отырған жандардың үлесіне тиеді. Оларды да түсінуге болады, бір жағынан таза сайлау өткізуі керек, екінші жағынан әкімшіліктің нақты тапсырмасы, қатаң бақылауы тағы бар. Әрине, әлемдік тәжірибеде осындай жағдайдан шығудың сан түрлі жолдары бар (шығамын дегендерге...). Біріншіден, егер мемлекет әділ сайлау өткізуге мүдделі болса, сайлау заңын бұзғандарға аса қатаң жаза белгілеп, сан түрлі қулық сұмдықты ойлап тапқандарды темір тормен тоқтатады. Әлі есімде, менің: «Сендер таза сайлау өткізуге қалай қол жеткіздіңдер?» деген сұрағыма Украинаның тәуелсіз бақылаушыларының басшысы А.Попов: «Алғаш рет 1998 жылы сайлау заңын бұзған сайлау комиссияларының 17 төрағасы сотқа тартылып, түрмеден бір-ақ шыққанда, сайлау комиссияларының жұмысы заңдылықтың шеңберіне түсті» деп жауап берді. Біздегі дауыс беру кезінде қолға түскен сайлау комиссиясының басшысына қолданған ең қатаң жаза ...сайлау комиссиясы төрағалығынан босату болды.

Меніңше, біздегі сайлау комиссиясын жасақтау жүйесіне үлкен өзгерістер енгізу керек. (Партиялардың өкілдерін сайлау комиссиясының құрамына кіргізу ниеті дұрыс болатын, бірақ оның жүзеге асырылуы ешқандай сын көтермейді). Біріншіден, сайлау комиссияларының мүшелері етіп тек мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін адамдарды алуды тоқтату қажет. Осы мәселені 2000 жылдары өткен бір отырыстарда көтергенімде, белгілі бір депутат: «Досеке, жұмыссыздар тек қана көшені сыпырудан басқаны білмейді» дегені бар. Сонда маған: «Кешіріңіз,  мен де жұмыссызбын. Қазір республикадағы сайлау заңын дұрыстайтын мемлекеттік комиссияның мүшесімін» деп жауап беруге тура келді. Шынында да, көптеген елдерде сайлауды төменгі деңгейде жүргізетіндер (округтік, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері) - зейнеткерлер мен студенттер, жұмыссыздар, қоғамдық ұйымның мүшелері. Біздің елімізде 18 000 қоғамдық ұйым бар екендігін ескерсек, бұл жұмысқа кімдерді табамыз деп бас ауыртудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Екіншіден, сайлау комиссияларына сол сайлауға түскен адамның өкілдері мүше болып енуі шарт. Бұл - көптеген елдерде бар, талай сыннан өткен тәсілдердің бірі. Айтып өткендей, біздерде де осының көмескі бір көрінісі бар, ендігі міндет осы мәселені нақтылау ғана. Үшіншіден, сайлау комиссиясының төрағасын сол сайлау комиссияларының мүшелері жеребе арқылы белгілеуі қажет. Сонда ғана әкімшілік пен сайлау комиссияларының арасындағы бармақ басты, көз қысты қулық-сұмдық азаяды. Сонымен бірге дауыс беру кезіндегі жасалған заң бұзушылықтардың барлығы адам құқығы мен еркіндігіне қарсы (дауыс беру, сайлауға қатысу - адам құығы мен еркінідігінің сақталуына жататын мәселе) жасалған қылмыс ретінде қылмыстық кодекстен орын алуы да кезек күттірмейтін мәселе.

6. Дауыстарды есептеу мәселесі. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, сайлаудағы даудың басы да, аяғы да - дауыстарды есептеуден шығады. Бірде, бақылаушылардың учаскеге кірген әрбір адамның төбесінен түртіп, санап шыққан есебі мен дауыс беретін жәшіктің ішінен шыққан бюлетеньдер тура келмей, таң қалдырса, енді бірде, «мынау - пәленшеге берілген дауыстар» деп жеке жинаған бюлетеньдерді ашып қалсаңыз, басқа адамның аты-жөні шығып, жағаңызды ұстайсыз. Сайлау учаскесінің төрағасы цирктегі сиқыршының рөлін атқарады да, ал бақылаушылар соның көрсеткен фокустарының сырын ашып, қолынан ұстап алмақ болған балаларды еске түсіреді. Әрқашан «қолдың ептілігі, көздің қырағылығын» жеңетіні де түсінікті. Меніңше, дауыстарды есептеу кезінде өздерінің ақтығы мен пәктігін көрсету - сайлау комиссияларының мүшелерінің өздеріне керек. Бұл жөнінде, алысқа бармай-ақ, көрші Қырғыз мемлекетінен-ақ үлгі алуға болады. Олардағы дауыстарды есептеу тәртібі анық да қарапайым шешілген: Сайлау жәшігіндегі барлық бюлетеньдерді үстелдің үстіне бір төбе етіп, жинап қойғаннан соң, сайлау комиссиясының төрағасы қасына екі бақылаушыны шақырып алып, әрбір бюлетеньді оларға көрсетіп, кімге дауыс берілгенін дауыстап айтады. Бақылаушылар ол бюлетеньдегі кімнің қасына белгі салынғанын өз көздерімен көреді. Сонымен  қатар қабырғаға сайлауға қатысып отырған үміткерлердің аттары жазылған үлкен плакат ілінеді де, қолына қалам ұстаған сайлау комиссиясының бір мүшесі әрбір бюлетень ашылып, белгі соғылған үміткердің аты-жөні хабарланған соң, сол  үміткердің қасына белгі қояды. Оны да сайлау учаскесіндегі барлық адамдар көріп отырады. Сайлау комиссиясының қасында тұрған бақылаушылар, мезгіл-мезгіл ауысып та тұрады. Ең соңында, дауыстарды есептеу аяқталғаннан соң, барлығы қабырғадығы плакаттың қасына келіп, әрбір үміткерге берілген дауыстардың жалпы сандарын шығарады, оны қасына жазып қояды. Бұл плакат - бақылаушыларға арналған хаттаманың рөлін атқарады.  Әрине, бұрынғы есептеуге қарағанда бұндай тәсіл бір-екі сағаттай уақытты көбірек алуы мүмкін, бірақ дауыстарды есептеудегі ашықтық пен жариялылық толық сақталып, үміткерлердің сенімді өкілдері мен бақылаушылардың жұмыстарын жеңілдетеді. Ең бастысы, сайлауды жүргізушілер халықтың алдында да, құдайдың алдында да өздерінің ақтығын көрсетеді. Ал олардың ақтығы - сайлаудың таза өтуінің көрінісі.

Дауыстарды есептеу мәселесіндегі тағы бір шешімін таппай жүрген (біздің еліміз үшін) мәселе - қателік болғанда, немесе дауыстардың дұрыс саналуына леген сенімсіздік болған жағдайда сол дауыстарды (бюлетеньдерді) қайта санау болып табылады. Өз басым, бес жыл бойы қазақ жеріндегі сан түрлі деңгейдегі сайлауларды бақылауды жүзеге асыра отырып, бюлетеньдердің қайта саналғанын көрген емеспін. Соттың шешімімен облыстық мәсихаттың сайлауындағы (Түркістан ауданында) бюлетеньдердің қайта саналғаны туралы бір ғана хабарды естігенім бар. Ал басқа елдердегі сайлауларда ондай жағдайлар жиі болап тұратынын жақсы білемін. Бірде, АҚШ-тағы Конгреске сенаторлар сайлау кезінде Филадельфия қаласындағы бір сайлау учаскесіне барғанымызда, үлкен залдың ішінде мыңдаған бюлетеньдерді жайып қойып, қолдарына қалам алып, бірдемені санап жүрген адамдарды көрдім. Менің сұрағыма сайлау комиссиясы мүшелерінің бірі: «бұлар жеңіліп қалған кандидаттың сенімді өкілдері, біздің учаскедегі дауыстардың саналуына сенімсіздік білдіргеннен соң, бюлетеньдерді қолдарына бердік. Тексеріп, көздерін жеткізсін» деді. Ең қызығы, қастарында олардың жұмыстарын бақылап тұрған не полицияны, не сайлау комиссиясының адамдарын көрген жоқпын. Меніңше, сенімсіздік туған жағдайда, дауыс берген бюлетеньдерді қайта санауға, тексеруге толық мүмкіндік жасалуы керек. Сайлауға деген сенім сонда ғана қалыптасады.

Биылғы кезектен тыс президенттік сайлаудың алдында, Орталық сайлау комиссиясы, күтпеген жерден, электрондық дауыс беру жүйесін  алып тастады. Бұл, сөзсіз, - дұрыс шешім және электорат үшін жақсы жаңалық. Ал «күтпеген жерден» дегенім - осы АИС «Сайлау» жүйесі пайда болысымен оның кемшіліктері, дауыс берудің ашықтығы мен  жариялылығын қамтамасыз ете алмайтындығын сан мәртебе айтылған болатын. Менің өзім 2004 жылы Венада, 2005 Варшавадағы ЕҚЫҰ-ның сайлауға арналған жиындарында Қазақстандағы электронды дауыс беруді тоқтату қажеттігі туралы бірнеше баяндама жасаған болатынмын. Венадағы отырыста Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының өкілдері бұл жүйені өмірде теңдесі жоқ, техникалық жаңалық ретінде таныстырып, қорғап шығуға күш салғаны да есімде. Енді сол азаматтардың бұндай шешім қабылдауы - шын мәнінде, мен күтпеген мәселе. Мүмкін, электрондық дауыс беру жүйесіне халықтың сенімсіздік танытқанына олардың да көздері жеткен болар, ал мүмкін, сол уақытта оысндай жүйенің қажеттілігі де болған болар.. Осы жүйені ендіруге арналған жүздеген миллион доллардың босқа ысырап болғанына да жанымыз ашиды. Бірақ, әңгіме онда да емес. Қателікті мойындап, қажетті өзгерістерді дер кезінде енгізе білудің өзі - ерлік. Мектептегі оқушы алғаш жазу жазғанда сан рет өшіріп, қайта жазып, қиналатынын жақсы білеміз. 70 жыл тоталитарлық  жүйеде өмір сүріп, 20 жыл авторитарлық кезеңге аялдап, енді ғана демократиялық құрылымдарды құруға кіріскен Қазақ елі үшін әрбір демократия құрылымы - біз көрмеген жаңа әріп сияқты. «Осылай жазып қойып едік, енді не істейміз?» деп жалтақтап отыратын уақыт келмеске кетті. Кімге жалтақтаймыз? (Құдайға шүкір, баяғыдағыдай Мәскеу де, Орталық та жоқ). Демек заңдардың олқы тұстарын сол уақытта жөндеп, өмірге ендіріп отыру - өзіміздің қолымызда.  Тек қана ниет керек....

«Абай-ақпарат»

Редакциядан:

Дос Көшім - саясаткер. 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесіне кандидат. 1999-2005 жылдардың арасында Қазақстандағы сайлау барысын бақылайтын Тәуелсіз бақылаушылардың Республикалық Жүйесін құрушы және сол ұйымның Президенті. 2000-2003 жылдардағы «ҚР Сайлау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Мемлекеттік комиссияның мүшесі. Халықаралық бақылаушы ретінде АҚШ, Грузия, Әзірбайжан, Тәжікстан, т.б. елдердегі сайлаудың барысын бақылаған. 2004 жылғы Қырғыз республикасындағы сайлауды бақылауда Европа тәуелсіз бақылаушылары миссиясының басшысы қызметін атқарған.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475