Қытай азаматтары біздің елге визасыз кіре алады екен деген ақпарат жалған
Соңғы 2-3 күннен бері әлеуметтік желіде Қазақстан мен Қытай арасында визасыз байланыс орнатылады деген қауесет тарады. Тіпті, Қытай елшілігі алдында ұзын-сонар кезекте тұрған қытайлардың бейнежазбасы пайда болды.
Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жауап берді. Жауап бергенде де - екі ел арасындағы визасыз қарым-қатынас орнату туралы ақпараттың жалған екені айтылды.
"Қазақстан Қытаймен арада визасыз режім енгізу туралы ешқандай келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Қытай азаматтары біздің елге визасыз кіре алады екен деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жалған ақпарат. Тіпті провокациялық ақпарат", - деді СІМ.
Дегенмен, Сыртқы істер министрлігі транзит арқылы ұшып бара жатқан Қытай азаматтарына әуежайда визасыз болу уақытын 24 сағаттан 72 сағатқа дейін ұзарту жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын растады.
Яғни, Қазақстан мен Қытай өзара келіссөздер жүргізіп жатыр. Ол бойынша - Қытайдың Халықаралық әуежайлары үшін, транзит арқылы ұшатындарға Қазақстан аумағында визасыз болу уақытын 24 сағаттан 72 сағатқа дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазақстандықтар үшін жекелеген виза түрлерін беру мәселесі де қамтылған.
Abai.kz