Енді ешқандай байқауға қатыспаймын деп шештім
Қазақтың ән өнерінде Әміре Қашаубаевтың шоқтығы қалай биік болса, бүгінде әншінің атындағы байқаудың да орны осы дәстүрлі ән саласының ең биік шыңы болып тұр. 1980 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан (2-3 жылда бір рет) осы байқауға қатысып, лауреат атанған әнші оны өзіне берілген мәртебе деп білсе керек. Биыл мамырдың 26-сы мен 29-ы аралығында Астанадағы Президенттік Мәдениет орталығында өткен Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің VІІ республикалық байқауында және осының алдында ғана 14-15 мамырда Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында өткен Н.Тілендиев атындағы халықаралық әншілер мен күйшілер байқауында да бірінші орынды иеленген әнші, бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ерлан Рысқалиды сұхбатқа тартуды жөн көрдік.
Қазақтың ән өнерінде Әміре Қашаубаевтың шоқтығы қалай биік болса, бүгінде әншінің атындағы байқаудың да орны осы дәстүрлі ән саласының ең биік шыңы болып тұр. 1980 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан (2-3 жылда бір рет) осы байқауға қатысып, лауреат атанған әнші оны өзіне берілген мәртебе деп білсе керек. Биыл мамырдың 26-сы мен 29-ы аралығында Астанадағы Президенттік Мәдениет орталығында өткен Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің VІІ республикалық байқауында және осының алдында ғана 14-15 мамырда Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында өткен Н.Тілендиев атындағы халықаралық әншілер мен күйшілер байқауында да бірінші орынды иеленген әнші, бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ерлан Рысқалиды сұхбатқа тартуды жөн көрдік.
– Ерлан, бір айда қос бірдей қуанышқа кенеліп, екі үлкен байқаудан да бірінші жүлде алғаныңыз құтты болсын! Бұл сіздің әншілік жолдағы алғашқы байқауыңыз емес, сондықтан сіз жүлдеге қол жеткізудің қалтарыс, құпияларына біраз қанықсыз дей аламыз. Қалай ойлайсыз, бұл жолы бабыңыз жеңді ме, бағыңыз шапты ма?
– Негізі, «дәстүрлі әншінің ең басты ерекшелігі неде?» дегенде, мен «оның қыннан суырғанда көздеген жерін қиып түсетін қанжардай, үнемі бабында жүруі» дер едім. Нағыз әнші тіпті шырт ұйқыда жатқанда оятып «ән салшы» деп қолқа салса да, кез-келген әнді шырқай жөнелуге тиіс. Сонда ғана ол қандай байқау, қандай бәсеке болсын, сыннан сүрінбей өте алады. Алайда баппен қатар, бағың да жанбаса болмайды. Шыны керек, қанша рет байқауға қатысып жүрсем де, осы жолғы Әміре Қашаубаев байқауына барардағыдай болмаған шығар?!. Неге десеңіз, жолға шығарда тамағымның бастырмасы ұстап, даусым шықпай қалды. «Ал енді не істедім?» деп абыржыдым, себебі өзім дауыстың жарысына бара жатырмын, ал дауысым ән айтпақ түгілі, сөйлеуге әрең шығып тұр. Сонда да болса, Аллаға сыйынып, тәуекел деп Астанаға аттандым. Бес уақыт намаздың бәрінде Жаратушыдан тек әнді абыроймен айтып шығуды нәсіп етуін тіледім. Байқаудың бірінші күні бабымда болмадым. Ал екінші және үшінші күндері ғайыптан бір күш бойыма біткендей, даусым ашылып, әнді ерекше шабытпен айттым. Сосын бір таңғалғаным, «тек Алладан тілеген құстай ұшады» дегенге осы жолы көзім әбден жетті. Бүгінде менің репертуарымдағы өзімнің сүйіп орындайтын әрі кейінгі әншілердің бұл әнді менің орындауыммен өлшейтін – Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы». Байқаудың үшінші кезеңінің басты шарты – Әміре атамыздың ән қорындағы 12 әнінің бірін жеребе арқылы таңдап, соны орындау болатын. Мен сол кезде осы «Ақ сисаның» келуін тіледім. Шынында жеребеде «Ақ сиса» шыққанда, өз көзіме өзім сенер-сенбесімді білмей қалдым.
– Шынында да, қызық әрі таңғаларлық жағдай болған екен. Ал енді жалпы орындаушылыққа келсек, бойдағы дарынмен қатар, қазақта үлкен адамдардан бата алу, белгілі әншілерді ұстаз тұтып, солардың тілегін есту деген де бар ғой. Кімдерді ұстаз тұтып, кімнен бата алған едіңіз?
– Жезтаңдай әнші, марқұм Жәнібек Кәрменов 1989 жылы Шұбартау өңірін аралап ән айтқан еді. Осы сапарында Жәнібек ағамыз біздің үйде қонақ болған. Ал Жәкеңмен Семей өңіріне белгілі әнші – әкем Рысқали екеуі жақсы араласқан. Сонда төрде ән салып отырған Жәнібек ағаға гүл шоғын ұсынғанымда ол кісі маған «айналайын, менің өнердегі жолымды саған берсін» деп маңдайымнан иіскеп, батасын берген. Сонан соң мені әншілікке баулыған ұстазым Санақ Әбеуов те батасын берді. Содан 2005 жылы консерваторияны бітіріп жатқан кезіміз Елбасымыздың Алматыға арнайы сапарына тура келіп ол кісінің алдына ән айту бақытына ие болғанымыз бар. Халық әні «Ғайни» мен Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» айтып бола беріп ем, Нұрсұлтан ағамыз қолымды қысып: «Айналайын, Ерлан балам, сенен бұйырса үлкен әнші шыққалы тұр, қазірдің өзінде қарқының жаман емес, – деді де бір кезде, – «қазақта ас асату деген бар» деп, алдында тұрған құртты өз қолымен алып, аузыма салды. Бүгінде бір биіктерге жетуімнің себебі әуелі Алла, сонан соң осындай игі жақсылардың бата-тілегінің арқасы шығар.
– Жалпы, бір жетістікке жеткенде, биікті бағындырғанда адам өз-өзіне есеп беріп, белгілі бір ойға тоқтайды ғой. Бір айда екі жеңіске жеткеннен кейін сіз не түйдіңіз?
– Мен осыдан кейін байқауға қатыспаймын деп шештім. Неге? Себебі осы Әміре Қашаубаев пен Жүсіпбек Елебеков – біздің адастырмас темірқазығымыз. Дүйім дәстүрлі әншілер осы екі атамыздың ән айту үрдісіне сүйенеді. Сондықтан осы екі байқауда орын алған әншінің арманы жоқ. Мен өзім 2002 жылы бірінші курс оқып жүргенімде Әміре Қашаубаев атындағы байқауға қатысып, бірінші турдан өтпей, құлап қалғам. Бірақ сол құлағаным қайта маған қамшы болды, «қайткенде де мен бұған қайта қатысып, қалайда орын аламын» деп өз-өзіме серт бергем. Сол сертімді орындаған соң, мен осымен тоқталамын, тек мүмкіндік болса басқа мемлекеттерде өтетін байқауларға ғана еліміздің атын шығару мақсатында қатысармын деп шешіп отырмын.
– Осы байқаулардың көп болуы, жүйелі түрде өтуі дәстүрлі әннің дамуына алғышарт бола ала ма?
– Дәстүрлі өнер қазір Құдайға шүкір, жақсы қарқында дамып келе жатыр. Оған осындай түрлі байқаулардың ұйымдастырылуы да көрсеткіш бола алады. Әлі де болса Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Мәдениет Ешекеев, сондай-ақ биыл 60 жылдық мерейтойы өтіп жатқан Жәнібек Кәрменов атындағы жеке-жеке байқаулар ұйымдастырылса, артықтық етпес еді. Олай дейтінім, бізде дәстүрлі әннен қол үзіп қалған, мүлдем орыстанып кеткен де өңірлер бар. Мысалы, кезінде мықты тұлғаларды, Біржан, Ақан секілді ән алыптарын берген Көкше елі, кешегі Сегіз сері, Нияз серілер жүрген Қостанай, Қызылжар өңірлерінде бүгінде домбыраға таңырқай, тосырқай қарайтын ұрпақ өмір сүріп жатқанын ойлағанда, көңілге қаяу түсіп, көзге жас келеді. Осындай игі шараларды енді сол өңірлерде өткізу керек деп ойлаймын. Сонда ғана осы аймақтарда дәстүрлі орта бой көтереді деп білемін.
Әңгімелескен Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті 9 маусым 2009 жыл