Жексенбі, 24 Қараша 2024
Болған оқиға 5890 1 пікір 14 Маусым, 2018 сағат 08:04

Абайдың Масғұты секілді бәріміз жындануға тиіспіз...

Халық арасында: «Мұсылман болу – әсте-әсте, кәпір болу – бір пәсте», - деген сөз бар. Діннен хабарым онша мәз болмағандықтан, бұл ұлағаттың тереңіне бойлай алмаймын. Есесіне, осыған ұқсас «Депутат болу – әсте-әсте, эколог болу – бір пәсте» дейтін өз тәмсілім бар. Бұл тәмсіл – өз басымнан кешкен оқиғалар сараптамасының жемісі. Тәмсілдің туындауына сайлау науқанының тікелей қатысы бар.

Ол кезде аймақ басшысы (Қызылорда облысы) Мұхтар Құл-Мұхаммед болатын. Парламент депутаттығына үміткер ретінде «Руханият» партиясынан облыстық білім басқармасындағы басшымыздың бірі тіркелген. Мен еліміздің бас партиясы «Нұр Отанның» мүшесі болғандықтан, еш уайым-қайғысыз жайыма қарап жүргенмін. Қай түлен түрткенін қайдам, әлде тағдырдың тартуы ма, сол бір тарихи сәтте жолым түсіп, аудандық білім бөлімінің бір елеусіздеу бұрышындағы есікті ашып кеп қалғанмын. О, Құдая, тоба! Тар бөлмеде еңсесі кеткен екі қызметкер аһылап-үһілеп отыр екен. Екеуі де таныс!

Қайғы жамылып отырған азаматтардың қайғысын жеңілдеткіп кеп:

- Аяулы азаматтар, қайғыларыңызға ортақпын! – дедім даусымды көтеріңкі түрде дірілдете.

Алайда мұным бекер-ақ болды. Әлгі қайғыдан қан жұтып отырған екеуінің бұл дауыстан шошығаны сонша – бір-біріне тығыла түсті. Бейне өткен ғасырдың басындағы қызыл жендет тұтқындағалы келген секілді.

Бұл көрініс мені, тіпті, айран-асыр қылды. Өзім де қорқайын дедім. «Келмеске кеткен қызыл империя қайта оралды ма екен?!». Жауап күтіп, состиып әлі тұрмын. Ешқайсысы бастарын көтерер емес.

- О-у, сендерге не болған?! Сайлауда саяси төңкеріс болғаннан сау ма?!.

Даусымды енді таныды-ау! Бастарын әнтек көтеріп алысты. Иә-иә, таныды. Таныда да, «үһ!» деп демдерін бір-бір алысты. Зорлана жымиысты. Бірақ тілдерін жұтып алғандай әлі үнсіз. Тек алдыма бір тілдей қағазды тастай салуға ғана дәрмендері жетті.

Бұл әрекеттері тұла бойымды мұздата түсті. «Мыналардың репеттері жаман ғой! Шынымен де, саяси төңкеріс болғаннан сау ма?!».

Кенет әлгі тілдей қағаздағы әсем келіншектің суретіне көзім түсіп, қадала қалдым. «Ой, мынау біздің облыстағы бастығымыз ғой!».

Ойымды әлгілер жазбай таныды.

- Иә-иә, бұл – облыстағы басшымыздың бірі. «Руханият» партиясынан парламент депутаттығына үміткер ретінде тіркеліпті.

- Тіркелсе ше?!

Екеуі күмілжіп төмен қарады.

- Тіркелгенде... енді осы бастығымызды насихаттауды бізге тапсырып отыр...

«Е-е, жағдайларың енді түсінікті болды! Әйтеуір, адам аман екен-ау!».

- Тапсырса, орындау керек! Аманатқа қиянат жасауға болмайды!.. Қаза жоқ жерде, аза тұтып отырған өздерің екен ғой!

Мұны естігенде, екеуінің еңсесі тіпті түсіп кетті.

- Оның дұрыс қой... Бірақ, біздер «Нұр Отанның» мүшелеріміз ғой!.. «Руханиятты» насихаттаймыз деп сорлап қалмаймыз ба?!.

- Сорлап қалмайсыңдар!

Осыншама сенімді дауыс еңсесі кеткен екеудің бастарын еріксіз жоғары көтертті. Үміттерін оятты.

- Қалайша?!.

- Сендер Ұлы Абайдың «Масғұт» поэмасын оқымаған екенсіңдер!

Таңданыстары күшейген екеу бір-біріне қарасты да, иықтарын қиқаң еткізді.

Оқымағандардың алдында мерейім үстем бола бастаған менің рухым биіктей түсті.

- Айтпақшы, «Рухания» партиясы – ұрғашылар партиясы дейді ғой!

- Дені ұрғашылар болғанымен, араларында еркектері де бар ғой!.. Басшысы – Алтыншаш Жағанова...

- Басым көпшілігі ұрғашы болғаны, демек, ұрғашылар партиясы!

Мұндай өктемдікке екеуі де мойынұсынғандай үнсіз қалды.

- Олай болса, тыңдаңдар! – дедім өзімнің данышпандығыма сенімді түрде. – Ұлы Абайдың «Масғұт» поэмасында өзін ұрыдан құтқарған шал Масғұтқа үш түрлі жеміс ұсынады. «Ағын жесең, ақылың асқан болады; сарысын жесең, бай боласың; қызылын жесең, ұрғашы біткен қамқоршың болады», - депті. Масғұт қызылын таңдап, адамзаттың жартысының құрметіне бөленгісі келген. Өйткені, жұрттың алдында асқан ақылды болудың пайдасынан зияны көп болатын көрінеді. Асқан байлық та түбі опа бермейді екен. Сөйтіп, адамзаттың жартысы – ұрғашылардың қолдауына сүйеніп, бақытты болу жолын таңдапты.

Ендеше, мен де ұрғашылардың құрметіне бөленіп, бақытты болуды қалаймын.

Мұндай данышпандықты естігенде, әлгі еңсесі кеткен екеу рухтанып, қуанғандарынан көздері жайнап: «Ендеше, сен-ақ бақытты бола ғой!» дегендей алдыма әлгіндегідей бір бума тілдей қағазды тастай салды.

- Мынау не?!

- Бұл – «ұрғашылар» партиясының үгіт-насихат плакаттары.

Тілдей қағаздарды көргенде, неге екені белгісіз, мені тағы да түлен түртті. Еріксіз күлкіге ерік бердім.

- Хе-хе-хе!.. Мынау ма?!.

- Иә-ә! – деді еңсесін енді көтерген екеу қипақтап. «Құтырғаннан – құтылған!» дегендей, қағаздардан құтылғандарына қуана.

Сол сәтте бір қабырғаны толайым жаба ілулі тұрған «Нұр Отан» партиясының плакатына көзім түсе кеткені. Алып плакаттың бетіндегі адамдар маған сұқ саусақтарын шошайтып: «Байқа!» деп мысқылдап тұрғандай әсер берді.

Менің Жаратқан ием сыйлаған тағы бір қыршаңқы мінезім – әлдінің әлсізге күлгеніне төзбеу. Оның үстіне, «Масғұт» поэмасындағы қызыл жемістің құдіретіне арқа сүйеп, адаспай тұрғаныма аса сенімді едім.

Көп ұзамай, «Руханият» партиясының тілдей плакаттарын құшақтай көшеде алшаңдай басып келемін. Ойым – қаланың қақ ортасындаңы алаңқайға «Руханият» партиясының плакаттарын ілу! Іліп жатырмын. Мені танығандар қатты таңырқауда.

- Ой-бай-ау! Мына пәтшағар кезінде «Азат» қозғалысы жетекшілерінің бірі еді. Енді ұрғашылардың партиясын жарылқап қалыпты ғой!..

- Бұл кейін «Нұр Отанның» қатарына да қабылданған еді!..

- Жә-жә, қойыңдар енді! Мен білемін, ол – ұлтының жанашыры! Бәрін қойып, енді «Руханият» партиясының ұлттық рухын көтергелі жүрген шығар?!

Мен іштей мыналардың ақымақтығына күліп қоямын. Шамасы, бұлар да «Масғұт» поэмасын оқымаған-ау! «Менің ұрғашылардың қолдауына ие болып, адамзаттың жартысының сенімі арқылы болашақ парламенттің төрінде маңқиып отыратынымды бұл өңкей шуылдақтар қайдан білсін!».

Осыны ойлағанда, болашаққа деген сенімімнің артқаны сонша – енді бір сәт өзімді ермек таба алмай еріккен депутаттарша ұстап, Мұқағалиша өлең оқып, айғайға баса бастадым.

Әйелдер-ай!

Әйелдер!

Қандайсың?

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың...

Қаладағы насихатымды аяқтап боп, ауылға қарай аяңдай бастадым. Өз ауылымнан дауыс ала алатыныма нық сенімді болғандықтан, «шеруді» көрші ауылдан бастағанды жөн көрдім.

Менің бағыма, ауылдық клубта «Нұр Отан» партиясы насихатталып жатыр екен. Адам-қара клубтың аузы-мұрнынан шыға толыпты. Сахнада сатылай қаз-қатар тізілген кілең әп-әдемі қыз-келіншектер. Шамасы, шенділер отқа да, суға да айдай беретін, көнбіс мұғалім халқы-ау! Ортада бір кісі, сірә, басшылары болуы керек, қолын әрі-бері сілтей команда беріп тұр.

- Нұр-О-тан! Нұр-сұл-тан! Қа-зақ-ыс-тан!

Әлгі адам ұрандап болған соң, ізін ала үш қатар сатылай орналасқан әдемі қыз-келіншектер басшыларының ұранын қайталай клубты басына көтереді. Осылайша қайталай береді. Қайталай береді...

Мен «Руханият» партиясының насихатшысы ретінде, әрі мына сәтті тиімді пайдаланып қалу мақсатында есебін тауып, сахнадағы адамдардың ту сыртына өтіп, білдіртпей тұра қалып, ұран салар оңтайлы сәтті күтіп тұрмын.

Біркелкі әдемі киінген әйелдердің майлы жері еркек атаулы еліктіріп әкетердей! Оның үстіне, тырыстырып кигендерін айтсаңызшы!.. Еріксіз өлең оқығың кеп кетеді екен!

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қандайсың?!

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай,

Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!

Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,

Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай!..

Иә, Мұқағалидай ақиық ақынды  тебіренткен «әйәйлар» көздің жауын алып, бейне есірткіге еліккен адамдай біртіндеп есімді де жоғалта бастадым. Сол сәтте түйсігімдегі ар оты жарқ еткен жай оғындай санамды сілкіліп өтті.

«Ой-бай-ау! Бәти-ау, мынауың не тұрыс?!. Есірткіге еліккендей! Қараптан-қарап кәйіп ұстағанша, «Руханиятты» насихаттамайсың ба?!».

Санамды селт еткізген ішкі дүние даусы сахнадағы жағдайды болжатпастан, үш қатар сатылай тізіліп тұрған «әйәйлардың» арт жағынан күтпеген жерден еріксіз секіртіп: «Руханият!» - деп баж еткізді. «Құланның қасынуына – мылтықтың атылуы» демекші, «Руханият!» деп баж етуім, «Нұр Отан!»-нан кейін ұрандауға тиіс «Нұрсұлтан!»-ның «Нұр»-ын ғана айтуға үлгіртіп, «сұлтан»-ын айтқызуға мұрша бермей, оның орнына «Руханият!» қосақтала кетіпті. Сонда ұран «Нұр Отан!», «Нұр-Руханият!» боп аяқ асты түрленіпті. Ол-ол ма, «Руханият!» деп бажылдауым аз болғандай, ұранның соңын ала, неге екені белгісіз, «ният!», «ният!» деп соңғы буынды екі рет қайталап, бір қайырып тастаппын. Ал, керек болса! Қорытындысында ұраным: «Нұр-Руханият!», «ният!», «ният!» боп шыға келіпті.

Белгісіз тылсым күштің әсерінен осыншама қуатты ұранды дүниеге әкеліп, талайлардың алдын орап кеткен дарыныма таңданып үлгіре алмадым. Ғаламат тылсым күштің әсерінен шыққан саяси ұранның қуаттылығы сол – сахнадағы үш қатар сатылай орналасқан «әйәйлардың» үстіме қарай шыңғыра құлағандары есімде қалмапты. Өкінішке орай, қанша салмақты көтере алмай шалқамнан түстім. Қырсыққанда, есімді енді жиып үлгірем дегенше, қолағаштай мұрным бір «әйәйдің» екі тауының ортасындағы «шұңқырына» кептелді де қалды. Не әрі, не бері бұрылуға дәрмен жоқ, жан ұшыра тыпырлаймын кеп, тыпырлаймын кеп! Аллергиясы бар сорлы мұрынның да «жыны» қоза бастады. Тұншығып барамын. Осы сәтте!... О, Құдая, тоба! Көрсетпегенің әлі алда екен ғой! Кенет әлгі «шұқырдан» «жанартау» атқылап, «лавасы» төгіле кетпесі бар ма?!

«Ойбай!» деуге де шамам келмеді. Ар жағы есімде жоқ. Шамасы, өліп қалсам керек!

«О, Жаратқан ием! Мынаның қасында дозағыңның оты да түк емес екен!.. О-о, бір жұтым таза ауа, қадіріңді енді түсіндім!..».

Бұл – менің клиникалық өлім кезіндегі ойым!

Көзімді ашып алсам, айналаның бәрі аппақ ақ желеңділер! Мені қолдан дем алдырып жатыр екен.

- Есін жиды! Есін жиды! – деп, бәрі мені бейне бір о дүниенің құрметті өкілі ретінде қарсы алғандай, ду қол шапалақтап жіберді.

- Ойпырым-ай! Ғылымға белгісіз мұндай да улану болады екен-ау! – десті кейбірі таңырқап.

Мұны естігенде, жыным ұстады. Іштей: «Әйәйдің «екі тауыны» ортасындағы «шұқырға» мұрныңды бір тығып алсаң, көрер ем!.. Ғалым болмақ түгілі, данышпаң болсаң да, бір жұтым таза ауа жолында қолыңды төбеңе қойып, ел кезіп, қаңғып кетер едің-ау! Егер тірі қалсаң, әрине!..» - деймін ызаланып.

Ауруханадан шыққаннан кейін ішкі дүниемде бір өзгеріс барын анық сезіне бастадым. Бет-аузым жара-жара болған күйі, терең бір дем алып ап:

- Уа, халайық! Мен нағыз эколог болдым!.. Пах, шіркін, бір жұтым таза ауаның қадірін-ай!.. – дей беретін болдым кез келгенге қараптан-қарап.

Бұл, жанайқайымды басына іс түспегендер қайдан түсінсін! Басқаға балап, күледі.

- «Сайлау-сайлау» деп жүріп, мынауың ақыр аяғы Мэлс Елеусізовтің «Жасылдар» партиясына өтіп кеткеннен сау ма?!

- «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» демекші, түріне бір қарамай ма, бет-аузы жара-жара болып...

- Өзі бірдеңеден қатты ұшынған-ау! Мінезінде де үлкен өзгеріс бар...

Мен мұндай пікірлерге ашулана қоймаймын. Өйткені, еліміздің бас экологі Мэлс Елеусізовтің жан дүниесін енді түсінгендеймін. Мен де енді алдағы уақытта нағыз эколог ретінде, таза ауа үшін ешбір сайлаудан қорықпай, түсе беремін! Тіпті, жайшылықта да бір жұтым таза ауаның қадірін насихаттай беремін. Керек болса, баспасөз арқылы да, теледидар арқылы да!..

Сол мақсатпен бір күні нағыз эколог ретінде теледидарды қосып кеп қалғанмын. Мәссаған! Экранда бір тыр жалаңаш әп-әдемі қыз ән салып, би билеп жүр екен. Бір кезде «зеңбірегін» тура маған қаратып, «өлген жерің осы жер» деп, көздей бастағаны. Мынаны көргенде, есімнің шыққаны сонша – қапелімде есікті таба алмай, терезеден шыға, бет алды безе жөнелдім.

Жан екпін қанша жүгіргенім белгісіз, әйтеуір, ұшып келеді екенмін. Бір кезде есім ауып кетсе керек, сүрініп барып құлағанымда ғана есім қайта кірді. Айдалада бір өзім жүрген сияқтымын. Әлденені айғайлап айтып, дәлелдегім-ақ келеді.

«Уа, қайран қазағым, не боп кетті өзі?! «Қызға қырық үйден тыю» деген қайда?!».

Біреу сол сәтте өлең оқығандай болды. Құлақ түріп, тыңдай қалдым.

... Әйелдерді еркектерден көп дейді,

Ойбай,

Ойбай!..

Бола берсін көп мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді...

Ұққаным, Мұқағали ақынмен айтысып келеді екенмін.

- Әйелдердің еркектерден көп екені рас. Алайда сол әдемі әйәйларың соңғы кезде кез келген жерде «зеңбіректерін» сайлап, кез келген адамға кезенетін болды-ау! Бұлай жалғасып кете берсе, мұндай «рухани террористер» елімізді рухани жұтаңдыққа ұрындырып, ұлтымызды жан дүние экологиялық апатына ұшыратары сөзсіз. «Қыз дегеніміз – ұлтымыздың ар-ождан безбені» деген сөз қайда қалады сонда?!

- Ай, аңғалым-ай! Табиғаттың экологиялық апатына да, жан дүниенің экологиялық апатына да ұрындыратын еркектер де, әйелдер де емес. Ол – өздерің құрған қоғамның «жемісі»! «Ел боламын десең, экраныңды түзе» демекші, Батыстың идеологиясы – либерализмге елігіп, тыр жалаңаштықты, анайылықты, дөрекілікті, имансыздықты кеңінен насихаттаушыларға тез арада тыйым салып, ұлттық құндылықтарымызды заманға сай қайта жаңғыртуды қолға алсақ, қанымыз қазақ – Ұлы Дала перзентіміз ғой, лезде бәрі жөнге келеді деп есептеймін. Айтпақшы, «Масғұт» поэмасын толық оқымағаның көрініп-ақ тұр. Поэманы аяғына дейін оқы. Мүмкін, қоғамдағы келеңсіздіктердің жауабын табарсың. Ойыңа ойың қосылар.

Санамдағы Мұқаңның бұл пікірі мені, шынында да, қатты ойлантып тастады. Көп ұзатпай, ақиық ақынның айтқанын бұлжытпай, Ұлы Абайдың «Масғұт» поэмасын толық оқып шықтым. Оқыдым да ойға қалдым. Көп ойландым. Ойдың тұңғиығына сүңгідім.

Поэманың жалғасы былайша өрбиді екен.

«Қыдыр атаның қызыл жемісін жеп, адамзаттың тең жартысы – ұрғашылардың махаббатына бөленген Масғұт, көп ұзамай, патшалықтың уәзірі дәрежесіне дейін көтеріледі. Бір күні түсінде Қыдыр ата аян беріп: «Жақында жауын жауады. Оның суын ішкендер масайып, не істеп, не қойғандарына есеп бермей, біраз нәрсені бүлдіреді. Сондықтан, халқыңа осыны айтып түсіндір. Жауын суына ұрынбасын!»-дейді. Халифа мен Масғұт Қыдыр атаның ақылын тыңдап, таза судан мол қып жинап алады. Алайда көпшілік бұл екеуінің айтқанын қылмай, жауын тиген суларды пайдаланып, әбден масаяды. Бұлардың ақылын тыңдамай, тіпті: «Мына екеуі жынданған екен!» - деп өлтірмекші де болады. Ақыры, көптің қаһарынан қорқып, бұлар да жауын тиген судан ішіп, елереді. Мұны көрген көпшілік: «Е-е, мыналар да өзіміз сияқты нағыз адамдар екен!» - деп жөндеріне кетеді».

Міне, менің «Масғұт» поэмасын толық оқығандағы түсінгенім.

Поэмада Ұлы Абай ойын сабақтай келе:

«Көптің бәрі осындай, мисал етсең,

Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.

Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,

Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең», - деп қорытындылайды.

Расында да, бұл ғибрат – ауыл-аймаққа немесе бүтіндей бір мемлекетке ғана тән емес, түсінгенге бұл – бүкіл адамзатқа ортақ құндылық! Айталық, барша әлем халқын «көп» деп алсақ, адамзатқа ортақ небір ғұламалар сол көптің ықпалында коммунистік, фашистік, либералистік идеологияны басынан өткерді. «Көп айтты деп алданып, аңдамай көп сөзімен жүріп кетіп, көп нәрседен ғапіл боп, бос қалды». Бұл турасында, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді», - дей келе, бүгінгі таңда ұлттық идеологиядан туындайтын реализм мен прагматизм жолымен жүруді нұсқайды.

Бұл – біздің Ұлы Дала перзенттерінің ұлы даналығы! Қай кезеңде өмір сүргендеріне қарамастан, ұлты үшін ой-пікірлері бір арнаға тоғысып тұрғандары – таңғаларлық, әрі қуанарлық! Демек, біз ұлыларымыз жол көрсетіп кеткен, жол көрсетіп отырған ұлы жолмен жүруіміз қажет!

Ұлы мақсат жүзеге асу үшін, белгілі бір адамның иығына барша жүкті артып қойып, сырттай сынап отыруға мүлде болмайды. Тәуелсіздіктің туын биіктете түсу үшін, әр қазақтың жүрегінің төрінде ұлтына деген сүйіспеншілік, ұлтына қызмет ету құлшысынысы алаулап тұруы керек!...

Иә-ә!.. «Айқайлай-айқайлай әнші боласың» демекші, соңғы кезде ойлана-ойлана ойшыл боп кеткенімді өзім де қатты сезінудемін.

«Қыдыр атаның қызыл жемісін жеу үшін де, алдымен азғантай болса да ақылыңның болғаны жөн-ау!... Болмаса, ұрғашынікін осы иіскегенің иіскеген-ау!» деген ой ұшқыны да соның бір белгісі болар!

«Солай де!» демекші, ой тұңғиығына сүңгігенім сонша – кенеттен данышпандығым да арта түскендей! Оны әр тараптан ой қозғап, сөз жарыстырғанда, ешкімге де дес бермей, тіпті теледидар экранынан жиі-жиі көрінетін кейбір атақты сөзуарлардың өзі де «бастан құлақ садаға» деп құйындата қашатындарынан да байқап жүрмін.

Тағы бір таңданатыным – біршама уақыттан бері менің ойшылдық қасиетіме бас иіп, аса тәнті боп жүргендердің дені ақ желеңді абзал жандар екендігінде! Олардың менің өте терең мағыналы пәлсапамды тамсана тыңдап, ұйып отырып: «Мына түсініксіздік жайлаған қоғамда талайдың ой түбіне жетем деп, өз түбіне жетіп жатқаны-ай!» - деп жаңылтпашқа бергісіз бірдеңелерді айтып, бастарын еріксіз шайқай беретіндері – тіпті, қызық!

«Жаңылтпаш» демекші, соңғы уақытта әдебиет саласына да, оның ішінде халық ауыз әдебиетіне де тың жаңалықтар әкеліп, сөз өнерінің ілгерілеуіне де қомақты үлес қоспақпын. Соның бірі – әдебиетте бұрын-соңды кездеспеген «мемуар бата»! Оның ең бір ерекшелігі – өз өміріңнен алған тәліміңді өзгелерге ұсыну!

Менің «мемуар батам» кейде былайша өрбиді.

О, Құдайым, кәріңнен сақта!

Сайлаудың кей сәтінен сақта!

Осырақ қатынның пәтінен сақта!..

Осылай кете береді. Кете береді...

Батам қабыл болды ма, қайдам?! Әйтеуір, «Руханият» пен «Әділет» партиясы бас қосыпты. Екі жарты, бір бүтін дегендей... Оған да шүкір! Бұл туралы да саяси батам бар...

Жалпы, еңбегім еш кетпеген екен. Кеше халықтар көсемі Иосиф Сталиннің өзі арнайы келіп, сұхбаттасып, арқамнан қағып, мақтап кетті.

-Сен нағыз демократсың! Экология мәселесін де дұрыс көтеріп жүрсің! Қол-аяғың байлаулы болғанымен, парламенттердегідей тілің байлаулы емес! Еркінсің! Сөз бостандығың бар! Нағыз эколог деп сендейлерді айтады! – деді әр сөзін ұранға бергісіз етіп.

Оны: «Хайл!» - деп асықтай мұрты бар біреу оң қолын алға созған күйі, қолдай кетті.

Бірақ, елімізде қолға алынып жатқан үш тұғырлы тілде сөйлемеген оның тілін түсіне қойған жоқ. Есесіне, айналамда «Депутат болу – әсте-әсте, эколог болу – бір сәтте» дейтін пәлсапамды барынша түсінетін «ұлы адамдардың» көптігіне шүкіршілік етемін.

Менің мұндай терең тәмсілге толы ғылыми еңбектерім өте көп! Пайдаланам деушілер болса, әлгі мекеменің ортадағы палатасында қақ төрде қара желеңнің ұзын жеңдерімен белін мықтап шаңдып тастаған тақыр бас адамды көрсең, ол әр он минут сайын шірене:

-Паһ, шіркін, бір жұтым таза ауаның қадірін-ай!-деп алып, артынша терең бір дем алса, сол – тура мына эколог көкең!

Түбі, бір жұтым таза ауаны қадірлейтін мекемені тауып, қадіріне жеттім-ау! Ендігі арманым – мына арсыз қоғамнан бір қасық таза ардан жасалған дәріні ішіп, рухани қуаттану, көп айтты деп – алданбау», ұлтыма қалтықсыз қызмет ету. Тағы бір арманым – ұлтына қасірет әкелген Арал экологиялық апат аймағының жеңілдіктерін алып атстауды мақсат етіп жүрген депутатқа әйәйлардың «жанартауынан» бір иіскету. Егер ол арманым іске асса, Құдай біледі, әлгі депутат: «Арал экологиялық апат аймағына қоса, Семей атом полигоны аймағына да «экологиялық апат аймағы» деп жариялауды ұсынып, жанталаса бақыратынына мен кепіл!

Нұрбай  Жүсіп, Арал  ауданы

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627