Kazakh Invest пен Қостанай облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Астанада Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев өңірдің инвестициялық тартымдылығын жақсарту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға сәйкес, Қостанай облысының әкімдігі шикізаттық базаның, жер ресурстарының, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу және т.б. тәрізді критерийлерді ескере отырып инвестициялар салуды талап ететін басты жобалар тізімін жасайды. Kazakh Invest өз кезегінде жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеумен және тартумен айналысады.
Тараптар инвесторлардың өтініштерін жылдам қарастыру, оларға қолдау көрсету және «бір терезе» қағидасы бойынша қызметтер көрсету, инвестициялық жобаларға бірлескен мониторинг жүргізу және IRM (Investors Relationship Management) ақпараттық-мониторингтік жүйесіне келіп түсетін инвесторлардың сұрақтарын шешу туралы келісімге келді.
Бұдан өзге, Астанадағы жұмыс кеңесі барысында шетелдік инвесторлар қатысатын жобалар жандандырылған.
Аталмыш кезеңдегі Қостанай облысының инвестициялық жобалары тізімі жалпы сомасы 146,1 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жобадан тұрады, олардың ішінде 80% астамы — шетелдік инвестициялар.
«Біз 60-қа жуық жаңа инвесторларды анықтадық, енді аталған жобаларды орналастыру, жайғастыру үшін облыс әкімдіктерімен белсенді жұмысты бастаймыз», — деп атап өтті Kazakh Invest басшысы Сапарбек Тұяқбаев.
С. Тұяқбаевтың айтуынша, Қостанай облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалынған, Kazakh Invest барлық сұрақтар бойынша қолдау көрсетеді. Қазірдің өзінде өңірлік жобалар бойынша нақты шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізу туралы келісімдерге қол жеткізілген. Жыл басынан бері Kazakh Invest өкілдері инвестиция салу үшін неғұрлым тартымды 11 елдің ірі компанияларымен келіссөздер жүргізеді.
«Біз Қостанай облысы аумағында ірі зәкірлік жобаларды жүзеге асыру үшін Kazakh Invest-пен бірге ынтымақтаса жұмыс атқарамыз. Қазіргі таңда өңірде 400 га индустриалдық аймақтың құрылысы салынуда. Ең алғашқылардың бірі болып инвестициясының жалпы көлемі $1,1 млрд құрайтын СМС қытай компаниясы және «Аллюр компаниялар тобы» автомобиль кластерін дамыту бойынша жобасы орналасатын болады. Бұл туралы келісімге Елбасымыздың жуырдағы Қытайға сапары барысында қол жеткізілді», — деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
Айта кету керек, Қостанай облысының әкімдігі өңірдің инвестициялық жобалары мен аумақтары, сондай-ақ қолжетімді инфрақұрылымның және пайдалы қазбалар туралы ақпараттан тұратын интерактивті инвестициялық карта енгізді. Картадағы барлық ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сайтта қол жетімді. Өңірде қолдау көрсетуге және әлеуетті инвесторлардың өңірдегі проблемалық мәселелерін және жүйелік кедергілерді қарастыруға арналған Инвесторларды тарту бойынша кеңес қызмет атқарады.