Жексенбі, 24 Қараша 2024
Деп жатыр 6317 23 пікір 18 Маусым, 2018 сағат 15:45

Хан Кененің  басы басты мәселе ме?

Кейінгі  уақытта әлеуметтік  желілерде де, қарапайым жұрттың  арасында да Хан Кененің басын Ресейден алып келсек, қазақтың рухы көтеріліп, абыройы  асқақтап, мерейі үстем болады деген лепірме жиі айтылатын болды. Алған, алмағанымызды қайдам, әйтеуір Ресейден тәуелсіздік алдық деп ұлардай шулаған (әлі де сөйтіп жүрміз) 1991 жылдан кейін Тайқазан туралы да осындай желдірме, көптірме сөздер баспасөз бетін жайлап алды. Елімізге Тайқазанның қайтып келгеніне табаны күректей 27 жыл толды. Еңсесі  көтерілген, өз елінде ең болмаса тілін төрге шығарған Қазақстанды, не министрді, не облыс әкімін көрсем шыққыр көзім шығып-ақ кетсін!

Осыдан бірнеше  жыл бұрын Ресейдің  Премьер-министрі Дмитрий Медведевтен  Кенесары Қасымовтың бас сүйегін қайтару мәселесін қозғап едік. Медведев оған жүре жауап берді. Орындалған ешнәрсе жоқ. Шынымды айтайын сол Кенекемнің басы Эрмитажда жатыр дегенге де өз басымда күмән көп.

Әнебір кезде Абылайдың мәйіті деп тапқанымыз әлде жас баланың, әлде бойы шарғалау бір қатынның қаңқасы болып шықты. Ертең Ресей  «қоймадыңдар ғой, міне, Кенесарының бас сүйегі» деп әлдебіреудің басын беріп жіберуі әбден мүмкін. Өткен жылы Кейкі батырдың бас  сүйегі деп бір бас сүйекті әкелдік. Содан бері де бұл елде иненің жасуындай өзгеріс болған жоқ. Оның есесіне бұтын, емшегін ашып, темекісін бұрқыратып жүретін қыздармен емес орамал тартқан қыздармен күресіп, мектепке кіргізбей жатырмыз.

Кейде әлгіндей жалған ұраншылдыққа, пайдасы жоқ дауды даулап ұлтшыл, көсем боп көрінуге тырысатын, сөйте тұра немерелеріне соның бәрін орысшалап айтып отыратынына қарап қазақтың ұлттық санасы, ұлттық ар-намысы оянудың орнына бұл халық әлдебір беймәлім тіршілік иесіне айналып бара ма деп те үрейленеміз. Сөзімізден  дауа, ісімізден  бәтуа кетіп бара  жатқан, қарны тоқтығына мәз, той-тойлап, әнші еместерді әнші деп, теледидардағы сайқымазақтардың бет-аузын қисаңдатып, көзін жыпылықтатқанына ішегіміз қатқанша күлетін, ойсыз, мұңсыз тобыр екенімізге көзіміз жеткендей. Біз қазір ешқандай қазақ мәселесінің, әсіресе тіл мәселесін бұратола шешуді қойып, даңғаза  даңғыртпен кемшілігіміздің бәрін жасырып бір-бірімізді, аяғын жерге тигізбей мақтауды ғана күн тәртібіне қойған ел сияқтымыз. Өзін-өзі жоятын ұлт әуелі тап осылай мақтаншақ ұлтқа айналады. Сосын құрып бітеді.

Жерін жаттың табанына таптатпау, үкісі бұлғаңдаған бұрау бел, қиғаш көз бойжеткенінің басқаға білегін ұстатпау, жер байлығын төгіп шашпау, ұлттық тағлым-тәрбиені сақтау арқылы ұрпақ тәрбиелеу бабаларымыздың  мәрттік мінезі, берік ұстанған жолы еді. Өтірік намысқой, өтірік ұлтшылдар баж етсе баж етсін бірақ бүгінгі қазақ соның бәрінен жұрдай боп айрылғаны рас. Және осының бәрін зар еңіреп отырып айтсаң да түсінетін, оянайық, сілкінейік дейтін қазақ қалмай барады.

Қазақта мемлекет, әскер, астана деген болған жоқ, бәрін бүгін ғана бір адам істеді, төбеміз көкке жетуге жақын қалды деп есі дұрыс, дені сау адам айтпайды. Біз яғни, қазақ ел басына нендей зобалаң туса да біреуге жалға жер беріп, Қытай мен Ресейден миллиардтап қарыз алып көрген емес едік. Өйткені, соның бәрі ертеңгі ұрпағымызды Қытай мен Ресейдің құлдығына түсіретінін білгенбіз. Біз күні кешеге шейін хан, сұлтандарының өзі ақырып сөйлейтін ақынды, аталы сөзін айтатын ақсақалды тыңдаған, сәбиі ата-ана силаған, ел басқаратын адамды тектілігіне қарап таңдаған халық едік. Бүгін соның  бәрінен жұрдай болған, үш тілде сөйлегеніне мақтанып, қазақша білмейтініне арланбайтын, әр руы мен тайпасы пәленбай ғасыр бұрын сүйегі қурап қалған бір-бір батырды айтып мақтанатын дарақы, даңғой, лепірме, желбуаз мақтаншақ ұлтқа айналдық. Өйткені, 27 жыл бойына қазақтың ұлттық санасын, ұлттық намысын, жер-суы, байлығы қайда кетіп жатқанын ойламайтын ол аз болса интернационалмыз, көпұлттымыз деп еліретін, ұл-қыздарын дәл бүгінгідей дүбәра ұлтқа айналдыру саясаты баспасөз арқылы да, орысша самбырлаған түрлі телеарналар арқылы да өте қызу, өте пәрменді жүргізілді...

Біз бұл жерде егер Кенесарының басы Эрмитажда жатқаны рас болса, оны әкелмейік деп отырған жоқпыз. Әкел. Жерле. Тағы да ұлан-асыр той жасап, ат шаптыр, ұраншыл, бәйге алғыш өлеңшілерге бәйге жарияла! Сосын бұл да тәуелсіздігіміздің және әлдебір үлкен кісінің көрегендігінің арқасы деп баспасөзді шулат. Әсіресе, әруағыңнан айналайын Кенекемнің кімге қарсы, қай елдің қорлық-зорлығына қарсы күрескенін ашығырақ айт. Путинмен телефон арқылы сөйлескенде соны айт. Тек 27 жылдан бері қысы-жазы, күндіз-түні толассыз, сан жетпес қаражат шашып өткізіп жатқан қисапсыз той-томалақтың, іс-шара атаулының бәрі ең басты ең бір күйіп тұрған мәселелерден қазақ ұлтының назарын басқа жаққа аударып отырудың тағы бір үлкен  тәсілі сияқты. Аш бөрідей жабылсаңдар да айтар сөз осы.

Мырзан Кенжебай, ақын

ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

                                                                       

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578