Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2338 0 пікір 21 Ақпан, 2011 сағат 23:00

Мұхтар Шерім. Еврокресло

Ойбо-ой... Есіме түссе, ет жегендей емес, есек мініп келе жатып, тоңқалаң аса құлағандай боламын...  Бір күні кешке мәшинемді гаражға кіргізіп жатқа­нымда, төрт жігіт мұрныма бірдеңені иіскетті де, ирелеңдеген мені «Джип­теріне» артып жатқаны іртік-іртік есімде, арғы жағы жым-жырт...

Көзімді қисайтып ашсам, айдалада, қалың қар үстінде жатырмын. Төрт жігіт төбемнен төңкеріле төніп тұр екен. Қолдарында бір-бірден тапанша... «Е-е, бұлар бандылар болды ғой! Қалалық салық комитеті бастығының орынбасары бұларға неге керек болды екен? Бандылардан салық алмаушы едік...» деп ойлап үлгердім.

- Орныңыздан тұрыңыз, мансапқұмар, креслоқұмар мырза...- деп өтінді қара көзілдірікті жігіт ағасы тым сыпайы сөйлеп.

- Сендер кімсіңдер? Қай жердемін?-дедім мен моторы май жейтін ма­шина­дай дірілдеп.

- Бетпақдаладасыз.

- Не керек сендерге?

- Еврокреслоны сынақтан өткізейік деп едік,- деді еңгезердей бірі сағыз шай­нап.

- Полиция! Омо-он!-деп айқайладым.

Ойбо-ой... Есіме түссе, ет жегендей емес, есек мініп келе жатып, тоңқалаң аса құлағандай боламын...  Бір күні кешке мәшинемді гаражға кіргізіп жатқа­нымда, төрт жігіт мұрныма бірдеңені иіскетті де, ирелеңдеген мені «Джип­теріне» артып жатқаны іртік-іртік есімде, арғы жағы жым-жырт...

Көзімді қисайтып ашсам, айдалада, қалың қар үстінде жатырмын. Төрт жігіт төбемнен төңкеріле төніп тұр екен. Қолдарында бір-бірден тапанша... «Е-е, бұлар бандылар болды ғой! Қалалық салық комитеті бастығының орынбасары бұларға неге керек болды екен? Бандылардан салық алмаушы едік...» деп ойлап үлгердім.

- Орныңыздан тұрыңыз, мансапқұмар, креслоқұмар мырза...- деп өтінді қара көзілдірікті жігіт ағасы тым сыпайы сөйлеп.

- Сендер кімсіңдер? Қай жердемін?-дедім мен моторы май жейтін ма­шина­дай дірілдеп.

- Бетпақдаладасыз.

- Не керек сендерге?

- Еврокреслоны сынақтан өткізейік деп едік,- деді еңгезердей бірі сағыз шай­нап.

- Полиция! Омо-он!-деп айқайладым.

- Бетпақдалада қаңғып жүрген қандай полиция? Одан да, креслоға отырыңызшы,--деп өте сыпайы, сызыла сөйледі тағы бірі. Жан-жағыма жалақтап, екі көзім алақтап, айналаны көзіммен шолып өттім де, тұра қаштым. Көз алдыма кабинетім, жұмса-ақ, «кожанный» креслом, «Кофе ішесіз бе?» деп сызылып тұрған хатшы қыз елестеп, еңіреп жыладым. Ботадай боздап, жо-жоқ, айқайлап жылап келемін! Қызметімнің рахатын көрместен, қайдағы бір бандиттердің қолынан өліп кететін болдым-ау! «Бырқ» еткізе сіңбіріп қойып, сұңқылдай жылаймын... Арт жағыма қарауға қорқамын... Атып тастайтын шығар? Әне, қазір атады... Міне, қазір атады... Хош бол, менің маймыл бастығым! Сенің орныңа қонжиятын күнім қараң қалды! Сені өлтіруге тапсырыс беріп едім, енді өзім өлейін деп жатырмын! Мен білсем, осының бәрі сенің әрекетің!

Олар мені тірідей ұстап алды. Ұрған жоқ. Кешірім сұрап, бірі мойнымдағы галстугыммен мұрнымды сүртіп, бірі үстімді қаққыштап, айдалада тұрған креслоға отырғызды.

- Бұл не?-деп сұрадым шірене түсіп. Қанша дегенмен креслоның аты кресло, кәдімгідей рух береді екен.

- Еврокресло,- деді қара көзілдірікті жігіт.

- Болса қайтейін?

- Айдалада кресло үстінде отырған қандай екен?

- Жынды адам сияқты ...

Ол қолындағы дистанциялық басқару пультіндегі бір түймені басып қалып еді, еврокреслосы құрғыр дірілдей жөнелді! Тістерім сақылдап, аузым ашылып жабылып, ішім солқ-солқ етіп, етпетімнен құладым. Сол құлаған күйі еңбектей қашып бара жатыр едім, алдыма біреуі талтайып тұра қалды.

- Қайда?-деп сұрады сосын.

- Бастық шақырып жатыр...

- Оны тапсырыспен өлтірмек болып едіңіз ғой?

-Кім айтты? Мансап үшін кісі өлтіруден тайынбайтын адам деп ойлауға ұялмайсың ба?

- Отырыңыз...

- Қайда?

- Еврокреслоға. Еврокреслоға отырғаным сол, орнымнан атып тұрдым!

- Ойбай!

- Немене ойбай?

- Құйрығыма бірдеңе кіріп кетті!

Орындыққа қарасам, үшкір-үшкір жіңішке темірлер шығып тұр екен.

- Отырыңыз,- деп бұйырды анау.

- Рахмет, осылай тұрған жақсы...

Олар мені күштеп отырғызды. Бір кезде еврокреслосы құрғырдың асты қызып кеп берсін! Құйрығым қайнап кеткендей болды. Әрең шыдап отырмын.

- Қалай?-деп сұрады  бетінде тыртығы бар бірі.

- Ж-жақсы, жаным кіріп отырмын...

- Тұрыңыз...

Тұра бергенім сол, креслоның арқа сүйенер тұсынан бірдеңе сорайып шық­ты да, артымнан бір тепті. Есім ауып, құлап қалдым. Аналар тырқылдап күліп жатыр.

- Жігіттер, мені жіберіңдер... Ертең жиналыс... Кәсіпкер туыстарың, достар­ың­ның заңсыз әрекеттері болса да, тексерткізбеймін, қанша ақша берсе де, алмаймын...

- Еврокресло маде ин шина!-деп күлді бірі: -бірақ Жапонияда жасалған, Қы­тай­да құрастырылған. Қалай, ұнады ма?

- Керемет екен!

Сол екен, олар мені тағы да еврокреслоға отырғызды. Бір кезде екі жағынан пружина қолдар шыға келді де, бірі шапалақпен салып қалды.

- Неге ұрасыз?-деп қалдым байқамай. Радио дауыс шықты:

- Сенде патриоттық сезімнің жоқтығы үшін!

- Мен патриотпын!  Елімнің президенті Назарбаевты жақсы көремін!

Тағы да шапалақ сарт  ете қалды...

-Президентті жақсы көрсең, кәсіпкерлерді  аптасына алты рет неге тексере бересің?

Тағы да шапалақ сарт  ете қалды...

- Сен парақорсың! Ақшаның, креслоның құлысың!

- Қалай, ұнады ма?-деп сұрады сағыз шайнап тұрғаны.

- Ұнамаса да ұнады...

- Онда сізге сатамыз.

- А-алмаймын...

- Онда сыразым атамыз...

- Кешіріңіздер, сатып аламын! Қанша?

- Немене қанша?

- Бағасы...

- Бір миллион доллар!

Есеңгіреп етпетімнен түстім. Есімді жисам, гаражымның ішінде екенмін. Еврокреслоның үстінде отырмын... Сырғып түстім де, аяғымды еппен басып, тұра қаштым! Кресло көрсем, аллергиям ұстайды...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408